Турағұл мырза

Турағұл мырза

Турағұл мырза
ашық дереккөзі
476
Турағұл мырза! Ол осындай құрметке әбден лайық­­ты тұлға. Оның өмір жо­лы, тауқыметті тағ­­дыры – Абай мен Алаш деген бөлін­бес, бір-біріне мағына мен мән үстемелеп отыратын рух киесін жалғаған үміт жібі. Абайды қазақ ақыны ретінде һәм ұлтымыздың асыл текті перзенті райында шетсіз-шексіз сүйген Алаш арыстарымен ояну дәуірінде, ұлттық ұлы бұлқыныс туған шуақты мезетте ат үстінде жүрген Турағұл әке аманатын орындаған, фәни ғұмырдың қызығын көре алмай арманда кеткен Әбіш (Әбдірахман), Мағаш (Мағауия), Ақылбай ағаларының көзіндей ел-жұртына қорған болған ер еді. Турағұл 1875 жылы туған. Жасы­нан білгір әкенің тәрбиесімен даналыққа үйір, есті сөзді ұғуға бейіл. Домбыра, скрипка сияқты музыкалық аспаптарда шебер ойнаған кәнігі өнер адамы. Алаш қайраткері Турағұлдың көзін көрген замандастары оның адамгершілігі ерен, кесек бол­мысты азамат болғанын жазады. Мы­салы, «Турағұл сөзге шешен, майда тілді, биязы сөйлейтін өте қабілетті болған. Абайдың сүйікті әйелі Әйгерімнен туған тұңғыш ұлы. Мен өз басым осы күнге дейін ер адамда Турағұлдай сымбаттыны көргем жоқ. Мен көргенде ол кісі ұзын бой­лы, денелі, қызыл шырайлы, қою қара сақалды, қара мұртты, өте сымбат­ты кісі. Үлкендерден естігенім шешесіне тарт­қан деуші еді», – деп жазған  Нияз­бек Алдажаров ақсақал. Парасатты, шын зиялы Турағұл. Турағұл ел мүддесі таразыға түс­кен бұлыңғыр шақта саяси істер­ге де қатысқан. 1917 жылғы 5-13 желтоқ­санда өткен Екінші жалпықазақ сиезіне делегат ретінде шақырылған. «Алаш» пар­тиясының Семей қаласындағы бөлі­мінің мүшесі. Алаш Орда үкіметінің аты­нан Түркістан қазақтарымен келіс­сөз жүргізу мақсатындағы Сырдария сие­зі­не қатысқан. Бұл сиезде ол Бақты­керей Құлманұлы, Міржақып Дулатұлы сынды арыстармен қатар қазақ мәселе­сін шешіскен. Жүсіпбек пен Мұхтарға де­меу көрсетіп, «Абай» журналын шы­ғарыс­қан. 1922 жылы Әлихан Бөкейхан, Мір­жақып Дулатұлымен қатар түрмеге қа­ма­лып, төрт ай абақтыда отырған. 1927 жылдың күзінде қайта тұтқын­далған. 1928 жылғы 19 қарашадағы Семей округтік комиссиясының қаулысымен бай, феодал ретінде айдалған. Құнанбай қажының тұқымы және Алаш Орданың мүшесі деп айыпталған. Ниязбек Алда­жаров ақсақалдың естелігіне назар аударсақ, Тұраш Құнанбай сияқты адамның немересі және Алашорданы жақ­тады деп, 1928 жылы небары отыз алты қараның мүлкімен кәмпіскеленіп, Қостанайға жер аударылған. Тұраштың абайтану ғылымына қосқан қомақты зор үлесі – «Әкем Абай туралы» естелігі. Бұл есте­ліктің тарихи да, әдеби де мән-мағынасы өте кең. Біртуар Абайды толық тануға, оның мінез-болмысын, шығармашылық кредосы мен психологиясын, жеке зертханасын тануға мүмкіндік беретін ғылыми сөз. Академик Мұхтар Әуезовтің жеке өтінішімен жазылған бұл естелік совет заманында бір-екі рет қана жария­ланып, кейіннен ғылыми айналымнан қа­лыс қалса да, Абай туралы үлкен ро­ман-эпопея жазған жазушыға молынан қызмет еткені шындық. Асылында, Тұраштың естелігі ар­қылы ақын өлеңдерінің жазылу тарихы, шығу себебін анық білеміз. Екін­шіден, естелікте әр өлеңнің шағын тари­хынан бөлек жазылған орны немесе жы­лы анық айтылған. Сосын ең қымбат сөз – Абайдың жұмыс графигі, кісіні қабылдауы туралы мәселелер. Осы сөз арқылы әрқайсымыздың жүрегімізге жол тапқан ақыл-ой иесінің қандай адам болғанын ойша сипаттай аламыз. Көз алдымызға анық сұлбалы Абай бей­несі елестейтіні сөзсіз. Алаш туы көтерілген кезеңде қа­зақ оқығандарымен бірігіп ру­хани өмірге белсене араласты. Сол жыл­дары ол бұқараға әдеби аудармашы ре­тін­де кеңінен танылған болатын. Абай­дың Тұрашы Максим Горькийдің «Чел­каш» әңгімесін алғаш рет қазақшалаған («Таң» журналы, 1924 жыл, №3-4). Со­сын, А.Неверовтің «Мен өмірге жерікпін» (Мәскеу, 1927), Джек Лондонның «Бала­ның ерлігі» (1927), Б.Прустың «Әнтек қы­ран» әңгімесін тәржімалаған. Соны­мен қатар әр жылдары А.Бельцер­дің «Қол­дағы малдардың, құстардың құрт ауруы болмағы жайы» (1926), С.Пири­долиннің «Мал шаруасының наси­хат­тары» (1926), Г.Сперанскийдің «Балалы әйел не білу керек?» (1927) кітаптарын ау­дарыпты. Аудармашы Турағұлдың кітабына ұлт көсемі, рухани құндылық­тары­мыздың жөн-жобасын даярлаған  Мәскеудегі үй қамақта отырған бас идео­лог Әлихан Бөкейхан рецензия жаз­ған. 1927 жылғы «әйел теңдігі» жур­налы­ның №6 санында жарық көрген рецен­зияға қарайық: «Ұсақ жануарлар жұқ­палы ауруды таратады». Қазақшалаған Абайдың Турағұлы. Басқан Мәскеу, 1927 жыл. Қазақта төрден орын алған, бас, жая, жамбасты жеген жұқпалы ауру, оба, шума, қарын да қайталама сүзек, безгек, құрт ауруы, қан сүйек, теңге, қотыр, осылардың бәрі бит, бүрге, қандала, шыбын, маса арқылы бірден-бірге жұғады. Білім – аурудың бәрі микробтан болады деп тапты. Микроб – аспапсыз көзге көрінбейтін жәндік. Бір тамшы суда әлденеше жүз мыңдап микроб болады. Микробтың көлемін осыдан байқа. Микроб қанда, ішекте миллион­дап өсіп, у жасап, уымен өзі жайлаған жән­дікті уатады да ауру осыдан болады. Бұл кітапшада бит, бүрге, қандала, шы­бын, маса қайда өсіп-өнеді, қайы­сысы  қан­дай аурудың даяшысы, қайткенде адам жаудан құтылатыны жазылған»,  – деп жазады. «Қыр баласы» әдеби есімімен жазған сын пікірінде Алаш серкесі Абайдың баласын зор бағалайды. «Тұраш қазақтың тұрмысының тамырын ұстай білетін, қазақтың қолынан келетін айла-амалды жазған. Кітаптың тілі түсінікті, жеңіл жазылған. Оқудағы балалар, хат білетін әйелдер бұл кітапты оқыса, ар­тық іс болады» деп жазуы соның нақты дәлелі. Әдеби білігі мен тоқығаны көп аза­мат Д.Лондонның «Мартин Иден» романын аударған, бірақ қолжаз­басы сақталмаған. Алаш арысы Нәзір Төреқұлұлы басқарған Мәскеудегі «Кіндік» баспасының тұрақты авторы болған ол бұдан бөлек тағы басқа әдеби туындыларды аударып жазған да болуы мүмкін. Ол сталиндік биліктің қанды қызыл құрығына ілінбегенде көп еңбек етер ме еді? Әсіресе, әкесі Абай туралы, оның ақындығы туралы жүйелі сөз, ғылыми бәсі бөлек ойларын жазатыны анық еді. Қуғынның сойылын тартып, аза­бын көрген Тұраш отбасымен Шым­кентке де айдалған. Оның ең соңғы тұра­ғы сол – Шымкент екен. 1934 жыл­ғы 6 наурызда Турағұл ер дүниемен қош­тасқан-ды. Оның сүйегі Шымкент­тегі қорғасын зауытының астында қал­ған екен. Сайып келгенде, Турағұл – Абай мен Алаш деген үлкен тарихи оқиға­ның тірегі, дәнекері. Ту көтерген ер дәргейінде азаттық идеясын бар жан-тәнімен қолдаған, Алаш руханияты мен ғылымы, әдебиеті жолында қолына қалам ұстап, жүрек сөзін қағаз бетіне түсірген мәдениет қайраткері.  

Елдос ТОҚТАРБАЙ

 

Серіктес жаңалықтары