222
Еуропа індеттің екінші толқынына дайындалуда
Еуропа індеттің екінші толқынына дайындалуда
Кейбір елдерде инфекция жұқтырғандар саны қайта көбейіп кеткендіктен, Еуропа коронавирустың екінші толқынына дайындалып жатыр, яғни шектеу шаралары қайта енгізілуі мүмкін, – деп хабарлайды Лондоннан ТАСС агенттігі.
Бұл туралы The Guardian газеті хабарлады. Бельгия үкіметі 17 мен 23 шілде аралығында инфекцияға шалдыққандар саны 163-тен 279-ға дейін, 71%-ға артқандықтан, елде қатаң карантин ережесі енгізілуі мүмкін екенін ескертті.
«Егер біз коронавирустың таралуын тежей алмасақ, бұл ұжымдық сәтсіздік болады», – деді Бельгия премьер-министрі Софи Вильмес ұлттық қауіпсіздік кеңесі отырысының қорытындысы бойынша.
Сонымен қатар ол азаматтарды мүмкіндігінше үйден жұмыс істеуге шақырды.
Испанияның Каталония аймағы 10 күн ішінде COVID-19 жағдайы тұрақталмаса қайтадан шектеу шараларын енгізуі мүмкін. Бұл өңірде инфекция клуб пен барда демалушылар арасында, сондай-ақ жеміс-жидек пен көкөніс жинайтын маусымдық жұмысшылар арасында тарағаны анықталды.
Кейінгі екі аптада Каталонияда 8 мыңға жуық вирус жұқтыру оқиғасы тіркелді, Испанияда бұл көрсеткіш 16 мыңға жетті. Осыған байланысты өңір билігі барлық түнгі клубтарды жауып, Барселона мен Лерида барларына түнгі «комменданттық сағат» енгізді.
Францияның денсаулық сақтау министрі Оливье Веран вирус жастар арасында кең тарап жатқандықтан, сақ болуға шақырды.
Ал Германия қоғамдық денсаулық сақтау консультативтік органы кейінгі бірнеше аптада сырқаттанғандар санының артып кеткеніне алаңдап отырғанын жеткізді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Еуропа өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге The Daily Telegraph газетіне берген сұхбатында Еуропа елдері коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындалып, денсаулық сақтау жүйесін нығайтып, медициналық мекемелердің, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті және қарқынды терапия бөлімшелерінің әлеуетін арттыру керек екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, күзде құрлық коронавирустың екінші толқынымен күресіп, оған маусымдық тұмау мен қызылша қосылуы мүмкін.