1715
Кәкітай – Абай жоқшысы
Кәкітай – Абай жоқшысы
Абайтану ғылымының бастауында тұрған аса қадірлі есімдердің бірегейі – Кәкітай Ысқақұлы. Ұлттық ойлау жүйеміздің төлбасы ретінде танылған, бүткіл әлем халқы ұлтымыздың маңдайына біткен біртуар әрі қайталанбас тұлғасы санайтын хәкім Абайдың немере інісі. 1909 жылы Петербордағы Ілия Бораганскийдің баспаханасынан басылып шыққан ақынның алғашқы кітабын құрастырып, әзірлеген, жинаққа ақынның өмірі мен әдеби қызметі турасында алғы сөз жазған азамат. Асылында, Кәкітай – данышпан ақынның немере інісі ғана емес, өзінің кіндігінен өнген төл перзентіндей аса жақын әрі ғұламаның шын ынта-шынтасы, пейілі ауған ер еді.
Абай мұрасына жоқшы болған Кәкітай туралы Әрхам Ысқақов: «Абай Кәкітайды он жасында өзі бала ғып қолына алып, содан жиырма төрт жыл бойы қасында ұстап, тәлім-тәрбие берді деп бұрын жазылған еді. Абайдың өз баласы Ақылбай жасынан үлкен әке-шешесінің қарауында болып жатбауыр болып өсті. Екінші ұлы Ғабдырахманды жасынан орыс школына жіберіп оқытып, ғылым жолына салды. Мағауия жасынан науқастау болып жүріп-тұруға жарамсыз жігіт болды. Ендігі Абайдың алыс-жақыны, дос-жарына, айтыс-тартысына жұмсайтын адамы, керегіне жаратқан баласы Кәкітай болды», – деп жазады естелігінде. Яғни, Кәкітай ақынның жанында жүрген, оның көп ақыл-кеңесін естіген, түрлі мәслихат, жиындарда келелі ойын, шешендігін тыңдап, жадына тоқыған жан. Абайдың мінезі, болмысы, уайымы мен арманы, сенімі мен үміті бәрі-бәрі оған аян, белгілі болатын.
Тағы да Әрхам Ысқақовтың естелігіне жүгінсек, «Онымен қабат Абайдың бір бет қағазға жазып тастап яки ауызша айтқан өлеңдеріне, қара сөздеріне Кәкітай иелік жасап жинап, сақтап отыратын болған», – дегені сол ойымызды шындыққа жанастырады. Абай мұрасының мұрагері, жинаушысы һәм насихатшысы. Және ол соңғы демі қалғанша Абай мұрасына, Абай сөзіне үлкен жауапкершілікпен қарап өткен.
1904 жылғы 23 маусымда Абай дүниеден өтіп, ғұмыр-уақыты соғуын тоқтатты. Ел абдырап, өлім үстіне өлім, қайғы үстіне қайғы жамалып, мамыражай тірліктен мән кеткен шақта, иесіз қалған ел-жұртқа аға болып, қожа райында жөн көрсетіп, тізгінді алған осы – Кәкітай Ысқақұлы. «Абай, Ақылбай, Мағауия төрт айдың ішінде өліп, оларға қараған он шақты ауыл басшысыз, панасыз қалған соң бұрыннан сол ауылдардың өз адамы болған Кәкітай мал мен жанға иелік жасады. Батаоқырын, келімді-кетімді көп қонағын, жас бала, жесір әйелдерін, көрші-қолаңдарына басшылық етті. Кемшілік-таршылық көрсетпеді», – деп мән-жайдың тарихын шынайы дерекпен көзкөрген Әрхам осылай жазған-ды.
Кәкітайдың ақын мұрасын жинап, кітап қылып шығарудағы ісі – ұлт тарихындағы айрықша мәні зор оқиға. Абайдай асылдың қазыналы сөзін қазаққа жеткізу – баспасы жоқ, өнер мен мәдениет дамымаған замандағы ең бір қиын, қияметі мол шаруа еді.
Ер Кәкітай өмірден өткенде Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан қайғырып, «Қазақ» газетіне мүнаһиб (некролог) мақала жазып, оның ұлт руханиятына қосқан үлесін жоғары бағалаған болатын. Әлекең Кәкітайды: «Кәкітайдың әкесі Ысқақ – ақын Абайдың інісі. Кәкітайды жасынан сүйіп, Абай қасына ертіп баулыған. Абай қасында жүріп, школ көрмей Кәкітай орысша оқу, жазу білген. Абай білетін Европа писателдерімен Кәкітай да таныс, оқыған еді. Ыждаһат-талап арқасында ұста болған, орысша топта сөйлеуге ұйалмайтын сөз білетін еді», – деп сипаттап, оның білімге деген құлшынысы мен өзін-өзі жетілдірген талабын ерекше атайды.
Кәкітайға, Турағұлға хәкімнің кітабын шығарып, оқырманға таратайық деген ұсынысты ең алғаш айтқан – Әлихан Бөкейхан болатын. Талассыз ақиқат. Тарих өзі дәлелдеген шындық. Бұл туралы Әлекеңнің өзі де жазған. Сол дерекке көз жүгіртсек: «1904 жылы Абай марқұмның өлеңін кітап қылып басыңдар деп, балаларына хат жаздым. 1905-ншы апрел айағында Кәкітай Абайдың жазба кітабын алып, Омбыдағы маған келді. 1905-ншы жылы жазғытұрғы сайасат ісі не екенін біздің «Қазақты» оқушылар білер. Кәкітай біздің үйде бірер жұма жатты. Абай, Пушкин, Лермонтов сөздерін бірге оқып, мәз-мейрам болдық», – дейді. Міне, осылай Алаштың бір тұлғасы өзіне дейін өмір сүрген қазақтың бір кең маңдайлы ұлының тағдырына сәуле түсіріп, оның рухани өмірін ұзақ қылуға себепкер болған-ды. Әлихан жаққан сол сәуле – бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның рухани ұстанымына айналып, жас мемлекетті алға бастап келеді. Ал Әлихан тұғырға шығарған Абай тұлғасы – кең байтақ қазақ елінің территориясынан шығып, әлемдік деңгейге көтерілген. Абай тұлғасы сол Пушкин, Гете, Данте биігінде тұр!
Абайдың алғашқы кітабын шығару ісі тура үш жылға созылыпты. 1906 жылы Кәкітай Әлиханмен кеңесіп, бағыт-бағдар алған соң, ауылға келіп, бөлек киіз үй тіктіріп, Мүрсейіт молда Бікеұлын алдырып, «Сен мына біз жинаған Абай өлеңдерін реттеп жаз», – деп тапсырма берген. Сосын Семейден Омбыға, Омбыдан Қазанға, Қазаннан Петерборға барып, ақырында Петербор баспаханасымен келісім жасап, еліне келген. Мүрсейіт жазған қолжазбаны жіті қарап, баспаханаға салады. Баспахана туралап, реттеп алғашқы сүйінші данасын (сигнальный) Семейге салып, корректурасын қараңдар деп бұйырады. Семейден Әнияр Молдабай баласы күтіп алып, Кәкітайға жеткізеді. 1909 жылы осылай шыққан екен бұл кітап.
Әрхамның естелігінде: «Абайдың өмірбаянын қысқаша ғып Кәкітайдың өзі жазған. Соған қарап, Кәкітай Абайдың өмірінен білетіні аз деп ойлап қалуға болмайды. Жиырма төрт жыл Абайдың жанында болған барлық қызық-шыжығын бірге көрген Кәкітай Абай өмірі туралы көлемді еңбек жазған еді. 1919 жылы Совет өкіметінен қашқан «Колчактың» әскерлері Кәкітайдың клетіндегі үш абдыра жинаған кітабын, жазған еңбегін және Абайдың көп материалдарын өртеп жібереді. Сондықтан Абай өмірі туралы жазғандары жарық көрмей жоғалды», – деп жазылған. Задында, Колчак әскері бұл қазынаға тиіспегенде, Кәкітайдың мұрасы аман-есен сақталып, бүгінге жетер болса, біз сөзсіз Абай туралы тың деректермен танысып, ақын тұлғасын жаңаша пайымдайтын едік.
Академик Мұхтар Әуезов Кәкітай жазған Абай туралы мақаланы ерекше бағалап, ақынның өмірбаянын жазуға тигізген септігі зор деп айтқан. Мәселен, «Қай ақынды болса да ең мол танытатын баспаға шығу болғандықтан, алдымен революциядан бұрын Абайды баспа жүзінде танытқан еңбекке тоқталайық. Бұл жөнде қазақтың мәдениет тарихына, Абай мұрасына ерекше еңбек сіңірген, Абай өзі тәрбиелеп, баулыған жас жұртшылықтың көрнекті өкілі болған – Кәкітай Ысқақұлының еңбегін айрықша айту керек», – деп жазған. Жазушы М.Әуезов Кәкітайдың мақаласын да, тұңғыш жинақты шығарудағы ісін де жоғары бағалайды, бірақ оның ақын өлеңдерін өз ойына қарай жіктеп, тақырыбына, мазмұнына орай бөлгенін құптамайды және жинаққа енбей қалған өлеңдері турасында шын пікірін қосқан. Абайдың сыни бағытта жазған өлеңдері, әсіресе, өзінің туған-туыстары мен жақындарының кейбір әрекеттерін сынап жазған ащы өлеңдерін Кәкітай ағайын-туыс арасына сызат түспесін деген ниетпен жинаққа кіргізбеген.
Кәкітайдың Абай туралы жазған мақаласы ақынды танудың алғашқы сатысы десе болады. Абайдың арғы аталары, түп тамыры, әкесі Құнанбай қажының мінезі, өмір жолы, ақынның нағашы туыстары, олардың шыққан тегі мен ортасы, ақынның өскен ортасы мен балалық, жігіттік кезеңі, үйленуі, оқуы-тоқуы, ізденісі, қыр өміріне араласқан қоғамдық істері, таланты мен шығармашылыққа деген көзқарасы, адамгершілік қасиеттері жан-жақты ашып жазылған. Яғни, Кәкітай тікелей өз көзімен көргенін, естіп-білгенін бүкпесіз жазып шыққан. Кәкітайдың деректі тарихи мақаласы ақынды танып, білмек болған басқа да оқығандарға мол пайдасын тигізген. Сөздің шынын айтар болсақ, 1909 жылдан кейінгі әр жылдары шыққан жинақта Абай өмірбаяны осы Кәкітай жазған деректер пайдаланылып, берілген.
Кәкітай мырза да Алаш қозғалысын қос қолдап қолдаған, азаттық пен теңдік үшін күрескен асылдарға демеу болған азамат. Әлихан Бөкейхан І Мемлекеттік Думаға депутат ретінде Семей облысы бойынша сайлауға түскенде осы Кәкітай арысты қолдап, дауыс жинаған болатын. Абай әкесіне арналған барлық іс-шараның бел ортасында жүріп еді. 1915 жылы 47 жасында опат болды.
Кәкітайдың арманы Абай әкесінің сөзін халыққа жеткізу болған. Бүгінде сол аңсар-арман орындалып, тәуелсіз елдің тұғырына айналды.
Елдос ТОҚТАРБАЙ