«Еңбек» бағдарламасы: 102 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасты

«Еңбек» бағдарламасы: 102 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасты

«Еңбек» бағдарламасы: 102 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасты
ашық дереккөзі
«Еңбек» мемлекет бағдарламасымен 102,6 мың адам тұрақты жұмыс тапты. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. «Биылғы жылдың 6 айында 283 мың адам Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына тартылды. Сол арқылы 217,6 мың адам жұмысқа орналастырылса, оның ішінде 102,6 мың адам тұрақты жұмысқа тұрды. 118 мыңнан астам адам субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтылды, оның ішінде 15 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 14 мың адам жастар практикасына, 89 мың адам қоғамдық жұмыстарға орналастырылды», делінген хабарламада. Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру мақсатында 1 шілдеде жұмыс күші артық оңтүстік өңірлерден 3019 адам, яғни 853 отбасы қоныс аударды. 2020 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша қысқа мерзімді оқу курстарына 7,2 адам жіберілді, оның ішінде 342 адам оқуды аяқтап, 148 адам жұмысқа орналастырылды. «Жалпы, жыл соңына дейін бұл шарамен 18,8 мың азаматты қамту жоспарланып отыр», делінген хабарламада. Мемлекеттік бағдарлама аясында жыл басынан бері жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін 17,6 млрд теңге сомасына 3 931 шағын несие берілді, оның ішінде 4 165 жұмыс орнын ашқан ауылдық кәсіпкерлерге 14,6 млрд теңгеге 3 687 шағын несие берілді. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту аясында микрокредиттеуді 2020 жылға дейін қаржыландыру көлемі 54,2 млрд теңгені құрайды, оның 79,9%-ы (43,3 млрд теңге) ауылдық жерлерге және 20,1%-ы (10,9 млрд теңге) қалаларға келеді. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысушыларға жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін 200 АЕК мөлшерінде 24 мыңнан астам мемлекеттік грант беріледі. 1 шілдеге дейін 10,8 мың грант бөлініп үлгерді. Бұдан тыс, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 30 мың адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылады.