258
Брексит: Кэмерон кетсе, Мэй келер...
Брексит: Кэмерон кетсе, Мэй келер...
Брекситтің қысқа мерзімдегі салдарының бірі – бүгіннен бастап Ұлыбританияны жаңа премьер-министр басқаратын болды. Атышулы референдум өткен соң үш аптаның ішінде Консерваторлар партиясы өз ішінде сайлау өткізуге дайындалып, болашақ басшы болатын үміткерлерді сарапқа салды, ақыры көп дабыра-шудан соң Тереза Мэйді таңдады.
ПРЕМЬЕР БОЛУ ҚИЫН БА?
23 маусымда Еуропалық одақтан шығу туралы референдумда дауыс берген британдықтар Брекситті таңдаған болатын. Іле-шала Дэвид Кэмерон премьерліктен бас тартатынын мәлімдеді. Бір жағынан, Кэмерон өз ұстанымын қорғап, саяси беделге ие болса, екінші жағынан «Ұлыбританияны Еуропалық одақтан айырған» саясаткер ретінде сын садағына тап болды. Былтыр өткен парламенттік сайлаудан кейін екінші рет премьер-министрлікке сайланған Дэвид Кэмерон бір жылдан соң бұл қызметтен кететінін әсте білген жоқ, әрине. Бірақ уәдесін орындап, референдум өткізген соң, қызметтік лауазымынан өз еркімен бас тартты. Кэмеронның бұл ісі саяси ұстанымына беріктігін танытса керек, себебі үкімет басында қала берсе, ол Брюссельмен Одақтан шығу туралы келіссөздер жүргізуге мәжбүр болатын. Ал Кэмерон үшін бұл өзі отырған бұтақты өзі кескенмен тең, ол «Ұлыбритания үшін Еуропалық одақта қалған дұрыс еді» деген пікірінен референдум өткен соң да тайған емес. Жалпы, британдық саясаткерлер үшін қызметтік лауазымнан гөрі жеке абыройы мен көзқарас-ұстанымы қадірлі сияқты. «Қызмет – қолдың кірі» дегенді Кэмерон ғана емес, оның Брексит бойынша басты қарсыласы Борис Джонсон да құптайтын сияқты. Референдумнан соң жаңа премьер-министр таңдау қажеттігі туғанда, көптеген сарапшылар бұл қызметке енді Борис Джонсонды лайық деп санаған. Ол – Лондонның бұрынғы мэрі әрі Консерваторлар партиясының мүшесі. Брекситті қолдаған топтың көшбасшыларының бірі болды. Бірақ жеме-жемге келгенде, Борис Джонсон да премьер-министрліктен өз еркімен бас тартты. Ол журналистердің алдында сөйлеген сөзінде «Еуроодақтан шыққан Ұлыбританияны жарқын болашаққа апаратын жаңа көшбасшы керек», – дей келе, «Ол адам –мен емес», – деді. Осыдан соң «Ұлыбританияны енді кім басқаруға лайық?» деп консерваторлардың біраз басы қатқаны да рас. Ақыры, таңдау екі әйел саясаткерге түсті: Тереза Мэй және Андреа Ледсом. Бірақ Ледсом шешуші сәтте додадан шығып, Тереза Мэй Консерваторлар партиясының жетекшісі болып шыға келді.ДЕМОКРАТИЯ САБАҚТАРЫ
Британдықтардың жартысына жуығы, яғни, 48 пайызы Еуроодақтың құрамында қалуды қолдайды. Референдум өте салысымен, оның қорытындысына риза болмаған тұрғындар екінші референдум өткізуді сұрап, https://petition.parliament.uk/petitions/131215/ сайтында петиция жариялаған болатын. Үш аптаның ішінде бұл петицияға 4,1 миллион адам қол қойған. BBC жаңалықтар қызметінің жазуынша, енді бұл мәселе 5 қыркүйекте Британ парламентінде талқыға салынуы тиіс. Ал Петициялар комитеті Парламентте талқылаулар өтсе де, екінші референдум болмайды деген мәлімдеме таратты. Британ үкіметі петицияға қол қойған әрбір тұрғынға хат жолдап, «Бұл – бір буын ұрпақтың ғұмырында бір-ақ рет қабылданатын шешім, сондықтан ол шешімге құрметпен қарауымыз керек» деп, «артқа қайтар жол жоқ» екенін түсіндірді. Осылайша, өткен референдум «Иә» деп дауыс берген 17,4 миллион британдықты «Жоқ» деген жауапты таңдаған 16,1 миллион отандасына қарсы қойды. «Әрбір дауыс маңызды» деген ұранды бетке ұстаса да, қарсы жақтың қарасы қалың екені ойландырмай қоймайды. Бірақ британдықтар бір ғана азаматтық үннің барша қоғам тағдырын өзгерте алатынына бек сенеді. Мұны демократияның көрінісі деп біледі. Сондықтан да британдық саясаткерлердің дені Брексит референдумын «шынайы демократияның жемісі» деп санайды. Әйткенмен, Брексит Еуроодақты ғана емес, Британияның өзін екіұдай жағдайда қалдырды: қоғамдық пікір әлі екіге жарылған күйде. Саяси бағыт, экономикалық даму мен ел болашағының тағдыры бұлыңғыр. Кэмеронның кетуді тездеткені де содан болса керек. Ұлыбритания аумалы-төкпелі кезеңде жаңа басшыға мұқтаж. Ол – Тереза Мэй ханым.ТЕРЕЗА МЭЙ КІМ?
Дэвид Кэмерон британ билігінде қалыптасқан саяси дәстүрге сай Букингем сарайына барып, өзінің қызметтен кететіні жөнінде ресми мәлімдеме жасады. Королеваның батасын алған соң, Кэмерон «экс» статусына ие болып, ал Даунинг көшесі, 10-үйге жаңа премьер көшіп кіреді. Британдық билік иелерінің ауысуы осылайша қалыптасқан дәстүрге сай, ың-шыңсыз әрі тез жүзеге асады. Сонымен, сәрсенбінің сәтінде Даунинг көшесі 10-үйге келіп кірген Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі Тереза Мэй кім? Ол – Маргарэт Тэтчерден кейінгі екінші әйел премьер-министр. 59 жастағы Тереза Мэй бұған дейін алты жыл ішкі істер министрі, ал 2010-2012 жылдары әйелдер және теңдік жөніндегі министр болған. Консерваторлар партиясының белді мүшесі әрі экс-премьер Кэмеронның оң қолы. Оксфорд университетінің түлегі, география саласының маманы. Англикандық сенімді ұстанады. Мэй ханым Ангела Меркель сияқты діни қызметкердің қызы, жас күнінде қатаң діни тәрбие алған. Соның салдары болар, оның салық декларациясы жарияланғанда, қайырымдылық істерге көп қаражат жұмсайтыны белгілі болды. Қауымдастар палатасының депутаты болғанда, Иракқа әскер кіргізуді қолдап дауыс бергені оның халықаралық саясаттағы ұстанымынан хабар береді. Оның үстіне, сол кезден бері ол Ұлыбританияның Еуроодақпен интеграцияны тереңдетуіне барынша қарсы екенін көрсетіп келеді. Әсіресе, миграция мәселесінде Ұлыбританияның есік-терезесін қымтап ұстағанды жөн көреді. «The Guardian» газетінің жазуынша, Мэй ханымның партияласы Кен Кларк оны «өте қиын әйел» деп сипаттаған. Мұндай мәлімдеме Мэйді састырған жоқ, ол іле-шала Парламенттің отырысында: «Менің қандай қиын екенімді көп ұзамай Еурокомиссия төрағасы Жан-Колд Юнкер жақсы білетін болады», – деп сөзден ұтты. Әріптестері Мэйді өз айтқанынан қайтпайтын, өз ойын бүкпей, ашық айтатын әрі сөзінен таймайтын саясаткер ретінде біледі.СОРОСҚА НЕ КЕРЕК?
Осы орайда, америкалық қаржыгер Джордж Сорос мұхиттың ар жағынан үн қатып, Брекситтің салдары туралы ой бөлісті. 8 шілдеде «Project Syndicate» жобасы аясында жарияланған мақаласында ол: «Британдық референдумға дейін Еуропаның ең үлкен бас ауруы – миграциялық дағдарыс болса, дәл осы дағдарыс одан да ауқымдырақ проблемаға – Брекситке себеп болды» деп жазады. Бірақ Сорос мырза референдумнан кейінгі жағдайдың, яғни, фунт бағамының құлдырап, саясат пен экономикада дағдарудың белгілері көріне бастағанын және Брекситке наразылардың петиция жариялап, екінші референдум өткізуді талап етуін жақсылыққа жориды. Оның айтуынша, осы жағдайды Еуропа одағын сақтап қалу үшін пайдалану керек. «Еуропа басшылары Еуропалық одақ шыңырау құздың ернеуінде тұрғанын түсінулері керек. Бірін-бірі айыптаудың орнына олар бірігіп, төтенше шараларды қолдауы керек», – дейді ол. «Төтенше шаралар» оның түсінігінде мыналар: еуро аймағына кірмеген Одақ мүшелерінің мүддесін қорғау, Одақтың несиелік мүмкіндіктерін пайдалану, сыртқы жаулардан қорғану және босқындар мәселесін қайта қарау. Осы орайда, «сыртқы жаулардан қорғану» дегенде, Соростың Ресейді меңзеп тұрғанын түсіну қиын емес, себебі ол: «Украина – Еуроодақтың ең маңызды активі, ендеше Еуроодақ Украинаға іс жүзінде елеулі қолдау білдіруі керек» деген пікір айтады. Шамасы, Джордж Сорос еуропалық саясаткерлерге «саяси ликбез» өткізуді өз міндеті ретінде қарастыратын сияқты, бұған дейін ол кәрі құрлықтағы миграциялық дағдарысты шешу үшін не істеу керектігі жөнінде өз ақылын айтқан болатын. Бірақ еуропалықтар оған құлақ аспайды, шамасы. Ал Соростың айтқанын тыңдамаса, қаржыгердің сөзімен айтқанда, «Еуроодақтың басқа мүшелері британдықтардың өнегесін қайталауы мүмкін». Брекситке қарсы болғанына қарамастан, Тереза Мэй оны жүзеге асыруды өз мойнына алып отыр. Қоғамдық пікір екіге жарылып, Еуроодақтан іргесі ажыраған соң, алда не күтіп тұрғанын білмей дағдарған Ұлыбританияда қиын-қыстау күндері әйел саясаткер ешкімнен, ештеңеден қаймықпастан, ел билігінің божысын өз қолына алды. Сол баяғы «темір ханым» заманын еске түсіреді...Гүлбиғаш ОМАР
Ұлыбритания