726
Қадыхан Манайұлы: Өнердің арқасында атажұртпен қауыштым
Қадыхан Манайұлы: Өнердің арқасында атажұртпен қауыштым
Дәстүрлі әнші Қадыхан Манайұлы – Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында туған. 2019 жылғы «Қазақстан» ұлттық арнасы ұйымдастырған «Мен қазақпын» мегажобасының финалисі. Басқа да көптеген ән байқауларының жүлдегері. Қазір Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан аудандық Мәдениет үйінің қызметкері және Өскемен қалалық филармониясының әншісі.
Atajurt жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысына жасаған сапар барысында қандасымыз Қадыхан Манайұлымен кездесіп, әңгімеге тартқан едік.
– Адамның есімі өз тағдырына да әсер етеді деп жатады. «Қадыхан» деген есім қазақ арасында сирек кездеседі. Қандай мағына береді?
– Иә, есімімнің мағынасы жайлы көп адам сұрап жатады. Менен кейін Надыхан деген інім бар. Қадыхан, Надыхан деген есімдерімізді атамыз Құран сүрелерінен алып қойыпты. «Қадыхан, Надыхан» сөздері – тұяғынан от шашқан тұлпар деген мағына береді екен. Содан да шығар, бала жастан жылқы құмар болып өстім. Сәйгүлік баптап, аламанға ат қосып тұрамын. Атбегілік өнерді мен әкемнен үйрендім.
– Атажұртқа қашан, қалай келдіңіз?
– Мені атажұртқа әкелген – өнер. Құдай берген бойдағы азды-көпті өнердің арқасында ел мен елдің арасын жалғап жүрміз. Қазақ еліне таныстырған да, табыстырған да – өнер. Қазақ болып туған соң атажұртын аңсамайтын қазақ жоқ. Біздің аталарымыз да атажұртқа жетуді армандап кетті. Мен – атажұртқа аман жеткен аталарымның арманымын.
Майра Ілиясова апайдың шақыртуымен мұнда біраз концерттерге келіп жүрдім. «Алтын домбыра», «Күміс көмей, жезтаңдай» секілді кештерге қатыстым. Менің Қазақстанға келгеніме төрт жыл болды. Негізінен, Шығыс өңіріне көп шақырту алыппын. Осы өңірдің белді азаматтары «елге кел» деп шақыртқан соң, Өскемен қаласына келдім. Өскемен – Бай-Өлкенің өкпе тұсы. Арада шекара бар демесең тиіп тұр. Екеуі де бір Өр Алтайдың екі бөктері. Нені аңсасаң, соған жетесің дейді. Ниет түзу болса адам жетеді екен. Аңсаған атажұртқа да жеттік. Өсіп-өркендеп, ортамызды тауып, бұл жақтан да ұстаз тауып, білім алып, өнерімді шыңдап, өмір-тіршілігімізді де жалғастырып жатырмыз.
(Әнші әңгімесін осы жерден үзіп, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған әйгілі композитор Тұрсынғазы Рахимовтың «Нені аңсаймын» әнін орындап берді).
Туған өлке, туған жұрт, сені аңсаймын,
Heгe аңсаймын, білмеймін, неге аңсаймын
Ұл де, мейлің, адасқан құл де, мейлің,
Сені аңсаймын, туған ел, онан сайын!
– Жаңа бір сөзіңізде «ұстаз таптым» деп қалдыңыз. Соған орай бір сұрақ қойғым келіп отыр. Әр өнерпаз өнер жолына түскенде белгілі бір адамды үлгі тұтып, соған еліктейтіні бар ғой. Сіздің ұстазыңыз қазақ әнінің дарабозы Қайрат Байбосыновтың шәкірті, арғы-бергі қазаққа белгілі әнші Шерікбай Ұнатұлы деп естиміз. Бірақ өмірден ерте өтіп кетті. Ұстазыңыз жайлы айтыңызшы.
– Өмірде де, өнерде де үлгі болған, бағыт берген ұстаздарым көп. Қазір де шәкіртпін. Өнерде болдым-толдым деуге келмейді. Менің алғашқы ұстазым әкем болды. Ол кісі де сегіз қырлы, бір сырлы сал-сері адам еді. Сол әкемнің той-томалақта ән айтуы, айтысатыны, домбыра шертетіні, құсбегілігі, атбегілігі – бәрі мен үшін өнеге болды.
Ал нағыз өнерге баулыған ұстазым белгілі әнші Шерікбай Ұнатұлы. Бүгінгі қазақтың бас әншісі Қайрат Байбосыновтан оқып, табиғат берген өнерін шыңдап келген кезі болса керек. Шерікбай әнші біздің әулетке күйеу болып келді. Өзінің құдалық тойында Шекең өзі ән салды. Бұл не деген керемет дауыс! Күн күркірегендей, нөсер сіркірегендей, таудан өзен құлап аққандай төгіледі екен. Тойға келген жұрттың бәрі қайран қалды. Ол кезде мен кішкентай баламын. Өзім де той-томалақта былдыр-шылдыр ән айтып жүретінмін. Маған қатты әсер етті. Шекең болғым келді.
Айта берсек, ол кісі туралы естеліктер көп. Ғұмыры аз болған соң ба, Алла Тағала бәрін асығыс дайындап бергендей. Тіптен өмірден өтер жылдары әншілігімен қатар актерлік өнері де шарықтай түсті. Отырған жері думан-той еді. Шекең дастарқанға жиылған алқа-қотан отырысты қыран-топан күлкіге көміп жіберетін. Сондай қасиетті адам еді. Көп әнді сол кісіден үйрендім. Бірақ амал қанша, енді ақыл тоқтатып, өнерді тереңірек түсінетін кезде ортамыздан кетіп қалды.
Осы жаққа келгеннен кейін Шығыс өңірінің дауылпаз әншісі Әділ Тұрғанбаев ағамыздан тәлім алдым. Күні бүгінге дейін сол кісінің шәкіртімін. Біз Қайрат Байбосыновты тыңдап өскен ұрпақпыз. «Қыз Жібек» фильмінен Қайрат ағаның даусын естіп, арқамызға қанат біткендей рухтанушы едік. Қазақ ән өнерінің асқар шыңы, ұстазымның ұстазы Қайрат аға Байбосынов биыл 70 жасқа толып отыр. Өнер айнасы, көп жастарды әнге құмар қылған дарабоз. Сол Қайрат ағадан Шерікбай ұстазымның үйреніп, айтып отыратын әндерінің бірі «Гәкку» болатын.
(Әңгімеміздің осы тұсына келгенде әншіден ұстаздарынан үйренген «Гәкку» әнін орындап беруін сұрадық).
– Өскемен қаласы – төртке бөлінген Алтай топырағының бір пұшпағы. Алтайдағы түркі халықтарының тарихы да сан қилы. Алайда сол тарих ұрпаққа ән-күй болып жетті. Бірақ қазір Алтай-Тарбағатай және Алтай-Қобда дәстүрлі ән мектебінің насихаты да, орындаушылары да аз екені рас. Бұған өзіңіз қаншалықты үлес қосып жүрсіз?
– Алтай-Тарбағатай және Алтай-Қобда өңірі ежелден ән мен күйге бай топырақ. Соның ішінде өзім бала кезден тыңдап өскен Бай-Өлке қазақтарының небір ғажап әндері қазір ұмыт бола бастады. Бұл ретте күй зерттеушілер өте тыңғылықты жұмыс істеді. Белгілі күйші, композитор Қабыкей Ақмерұлы, күйші, өнер зерттеушісі Мүсайып Құсайынұлы қатарлы аталарымыз Алтай-Қобда қазақтарының күй мұрасын еркеше жауапкершілікпен бүгінгі дәуірге жеткізді. Әрбір күйдің аңызы, нотасы және күйтабақ аудионұсқасымен қоса кітап қылып шығарды. Қазақстаннан да көптеген күй зерттеушілер Алтай-Қобда өңірінен күй жинақтады. Соның бірі – дәулескер күйші, өнер зерттеушісі марқұм Базаралы Мүптекеев болатын.
Ал Алтай-Қобда қазақтарының ән өнері осындай деңгейде зерттеліп, насихатталды деу қиын. Кеңес кезінде Қабыкей Ақмерұлы, Мүсайып Құсайынұлының жинақтауымен «Моңғолия қазақтарының халық әні» деген үлкен жасыл кітап шықты. Қателеспесем, ішінде 500-ге жуық ән болды. Бұл тек халық әндері ғана. Ал ел ішінде жекелеген авторлық әндер қаншама? Міне, осы әндердің (көбінің) орындаушысы қазір жоқ. Тек кітапта мәтін және нота күйінде ғана тұр. Қазіргі оқып жатқан жас әншілер осындай ән мұраларын зерттеп, қайтадан халыққа жеткізсе ғой деген арманым бар. Өзім де қал-қадерімше сол бала күнімде дала мектебінен үйренген әндерді орындап, насихаттап жүрмін. Қазір сіздерге атақты «Ағажай Алтай» әнін ұстазым Шерікбай Ұнатұлынан үйренген нұсқасын орындап берейін.
(«Ағажай Алтай» әні – күллі Алтай тауларының баурайын мекен еткен түркі халықтарының мұңлы тағдыры мен ерлік тарихынан сыр шертетін ән. Алтай өңірінің әнұранына айналған «Ағажай Алтай» әнінің бұрын-соңды естімеген өзгеше бір нұсқасын тауып, тыңдарманмен қауыштыру осы сапарымызда тапқан олжамыз болды).
– Бай-Өлкедегі өнерпаздардың ортасынан өсіп шықтыңыз. Жалпы, сол жақтағы дәстүрлі әншілер жайында қысқаша айта кетсеңіз. Көбі баритон дауысты болып келетін сияқты?
– Иә. Негізі сол жердің топырағынан болуы керек, моңғолдың әншілерінің де көбі бас-баритон және баритон болып келеді. Жіңішке дауысты тенорлар аз. Сол да әсер ете ме, расында баян-өлгейлік дәстүрлі әншілердің көбі бас-баритон және баритон дауысты. Ертеректе Жанатхан, Далабай деген әншілер болыпты. Одан кейін Ресейді мойындатқан моңғолдың атақты Цэвэгжавын Пүрэвдорж деген опера әншісі болған, сол кісінің шәкірті болып, тәлімін алған Қанат Әпшүкірұлы деген әнші ағамыз болды. Қанат ағамыз Бай-Өлке қазақ драма театрында және мұғалімдер коллежднде бокалдан сабақ берді. Ал одан кейін Көгершін Ілиясұлы, Нұрбат Ибатұлы, Шерікбай Ұнатұлы, Жанатбек Қалқабайұлы, Қадыхан Манайұлы және Өзгеріс Шерікбайұлы бар бәріміз осы бас-баритон және баритон дауысты әншілерміз. Сонымен қатар, бас дауысты опера әншісі Еркін Жанайхан да Бай-Өлке топырағында туған әнші. Басқа да айта берсек жақсы әншілер бар. Бірақ бізде қазақтың дәстүрлі классикалық өнерін оқыған кәсіби өнерпаз аз. Көбі табиғи таланттар. Негізінен әр салаға кәсіби білім қажет екені сөзсіз. Ал шетелдердегі қазақтың ән-күй өнерін сақтап қалу үшін еліміздегі өнер университеттері мен колледждерде арнайы грантпен өнерлі жастарды көбірек оқыту қажет деп ойлаймын.
– Қазір немен айналысып жүрсіз?
– Жаратқан кәсіпті өнерден берген соң, соны жалғастырып келемін. Бала кезден өмірімді өнермен байланыстырып алғандықтан ба, өнерден сәл қол үзіп қалсам, жан сақтай алмай қалатындай боп тұрады.
Өскеменде өзі әнші, өзі айтыскер ақын үш рет мәслихат депутатына сайланған Нұртай Тілеужан деген ағамыз осында шақырды. Қазір Ұлан аудандық мәдениет үйінде қызметтемін және облыстық «Алтай-Ертіс» концертінің (бұрынғы филармония) әншісімін. Осындай екі жерде қызмет атқарып жүрмін.