Бар жақсылық – балаларға

Бар жақсылық – балаларға

Бар жақсылық – балаларға
ашық дереккөзі
354
Елбасының тапсырмасы бойынша «Бақытты отбасы» жобасы аясында өткен жылдың ақпан айында «Nur Otan» партиясы жанынан Бала құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес құрылып, еліміздің 17 өңірі мен партияның 230 аумақтық өкілдігінде өз жұмысын бастады. Бұл бала құқығын қорғаудағы жаңа бетбұрыс болды. Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары-ақ бұрынғы кеңестік елдер кеңіс­тігінде алғашқылардың бірі болып Балалар құ­қықтары туралы конвенцияны ра­ти­фи­кациялады. Содан бері балалар құ­қы­ғына қа­тысты 15 құжат ратификацияланған. Мем­лекет балаларды қорғау ісіне, жетім жә­не ата-анасының қарауынсыз қалған­дар­дың құқығын қорғауға баса мән беріп ке­леді. Жыл басында әйелдер мен балалар құ­қығын қорғау бойынша өткізілген рес­пуб­ликалық кеңесте «Nur Otan» партиясы Төра­ғасының Бірінші орынбасары Бауыр­жан Байбек: «Бала құқығы туралы кон­вен­цияны іске асыру бірнеше ұрпақ өміріне оң әсерін тигізді. Нәтижесінде, бала өлімі бес есе азайды. Білім беру, соның ішінде мек­теп­ке дейінгі біліммен қамту соңғы 5 жыл­да 13,6 пайызға ұлғайып, 95,2 пайызды құра­ды. Елімізде балалардың құқықтарын іс­ке асыру үшін құқықтық база құрылды, оны жетілдіру жалғасын табуда», – деді. Елімізде жылдан-жылға бала құқығын қор­ғау жүйесі жетіліп келеді. Партия жа­ны­нан құрылған республикалық кеңес бала­лардың құқығын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында біршама жұмыс атқарды. Кеңес тө­рағасының орынбасары, «Балалар құқы­ғын қорғау» қоғамдық қорының құрыл­тай­шысы Динара Закиева кеңес жұмысын жүр­гізуде ең алдымен баланың ең бірінші қажеттіліктерін назарға алатынын айтқан болатын. – Қазіргі таңда балалардың 11 пайызы қиын жағдайда өмір сүреді. Жетім және қамқоршысыз қалған балаларға жағдай жасау біздің басымдығымызға айналуы тиіс», –  деді ол. Статистикаға жүгінсек, еліміздегі бала­лардың жалпы саны шамамен 6 мил­лионға жуық, оның  28 мыңдайы жетім және ата-анасының қарауынсыз қалғандар. Соңғы 7-8 жыл шамасында балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілер саны 40 пайызға азайған.  Тәрбиеленушілер санының азаюына және балалардың өз отбасына оралуына бай­ланысты елімізде 50 балалар үйі қайта ұйым­дастырылып, кейбірі  жабылды. Балалар үйі тәрбиеленушілерінің қо­ғамға бейімделуі, өз еркімен нағыз адам өмірінің өзіндік үлгісін құруы маңызды. Әсіресе, балалар үйлерінде тәрбиеленуі аяқталған соң оларды тұрғын үймен қам­тамасыз ету мәселесі өте өзекті. Хақымыз «Жер­дегі бір жетім қуанса, көктегі жетпіс жеті періште той тойлайды» деген. «Жетім көрсең жебей жүр» қағидасын басшылыққа алған Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес бұл мәселені де күн тәртібінен түсірмей келеді. Нәтижесінде, «Ба­қытты отбасы» жобасы аясында балалар үйінің 1 000-нан аса түлегі тұрғын үймен қам­тамасыз етілді. Сонымен қатар 2 000 жетім балаға білім беру бойынша жинақтау са­лымы ашылды. Арыс қаласында жарылыс болғанда партия жанындағы Балалар құқығын қор­ғау жөніндегі республикалық кеңестің мамандары апат болған аймаққа келіп, ата-аналар және балалармен жұмыс істегені де ел есінде. Кеңестің мобильді штабы аймақ­тардан келген гуманитарлық көмекті жинап, таратумен айналысты. Кеңес жұмы­сының барысында «Ниет» қоғамдық қоры 2 400 баланы киім-кешекпен қамтамасыз еткен болатын. Сонымен қатар зардап шек­кен балаларға психологиялық көмек көр­сетілді. Жалпы, осыған дейін елімізде 270 мыңға жуық отбасы құқықтық, психо­ло­гиялық көмек алған. Отбасын қолдауды жақсарту, бала­лар­дың құқығын қорғау жөніндегі жүйелік шараларды әзірлеу және оны жүзеге асыру мақсатында құрылған кеңестің жұмыс тобы партияның, мемлекеттің күш-жігерін жұмылдыратын бірегей алаңға айналды. Мемлекеттік органдармен қатар жергілікті әкімдіктердің жедел жұмысының және әр бағытта қабылданған ұтқыр әрі ұтымды шешімдердің арқасында кеңес жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Түркістан облысында «Қамқорлық» жо­басы аясында партия мүшелерінің ара­сынан 900 отбасыға кураторлар тағайын­далды. Аудан, ауылдық округ әкімдері, кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметшілер белгіленген отбасыларға үнемі материалдық көмек көрсетуге, балаларды емдеуге, тәрбиелеуге, жұмысқа орналасуға көмектесуге міндеттелді. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін отбасыларға көмек ретінде 1 миллиард теңге бөлінген. Ал Қостанай облысында балалар мен ата-аналар кез келген уақытта психоло­гиялық көмек алатын бірегей фронт-кеңсе ашылды. Сонымен қатар Ақтау, Тараз қалаларында көпбалалы аналарға арналған арнайы орталық ашылды. Сондай-ақ әр аймақта бір уақытта балалардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты іс-шаралар жүргізілуде. Қиын жағдайға тап болған отбасыларды анық­тау, себебін білу, салдарын жою, ана мен бала құқығын қорғаудағы мақсат  – бо­лашақ ұрпақты заманға сай білімді де білікті етіп қалыптастыру. Бұл міндетті ат­қаруда әрбір ата-ананың, қоғамдық ұйым­дар мен жеке тұлғалардың да атқарар жұ­мысы аз емес.

Серіктес жаңалықтары