9 Шілде, 18:18 449 0 Руханият Túrkistan Gazeti

Парасат пайымы

Бақсақ, тарихи тұлға Ясауидің екі шәкіртінің бірі Сопы Мұхаммед әл-Қауғани өмір сүрген, беріде Икрам ишан, Сейіл сопы, Бәйіт пен Текебай қалпенің жамбасы тиген Балтакөл елі сырбаз Сырдың жағасына қоныс тепкен. Сол замандарда білімнің үл­кен ордасы, исламның ұйыған ортасының бірі осы жер болғаны анық. Бүгінгі ұрпақтан білімділер неге көп шығып жүр десек, о бастан қаланған білім ордасы екен. Осы Балтакөлдің текті топырағында өскен Икрам Адырбекұлының да тегін емесі тамырына тартқан­нан деп ойлаймын.

Айда аяқ, жылда жілік жоқ деген зы­мыраған заман ғой. Бейнеттен зей­нет көріп, ақсақалдық беделің ағайынға басу, төрт көзі топқа төрелік ету тө­бе­лі­гің тұғырлы болса ғой, содан асқан ба­қыт жоқ. Ақиқаты сол, заманына жақсаң, адамына жағасың. Көптен бері көңілде жүрген бір ойды тарқатудың да кезегі келеді екен. Абзал тұтар ағамыз жа­сы жетпіске жетсе де, жігерлі, ұлт, ел үшін жанын садақа етер саңлақтың бірі. Ағамызды 2004 жылдың сәуір айында Қызылорда облысына әкім болып келгеннен бері білемін. Бұған дейін ға­лым жауапты қызметтерде, елші ретінде танылған болса біздің аймақта тек ұйымдастырушылық, іскерлік қабілеті емес, жанашыр, тәлімгер болмысы бізге бағдар болды.

Ел басқару стилі қайталанбас тәлім, іс-әрекеті баршамызға үлгі десем, артық айт­қандық емес. Артық кетіп, әдептен ат­тамайтын, мысы басып тұратын ай­рықша адам. Тапсырманы бергенде әс­кери адамдардай нақпа-нақ айтады. Кек сақтамайды, тазалықты жаны сүйетін, көше бойында шашылып жатқан қо­қысты көрсе тіксініп қалатын және оны ретке келтіргенше жаны тынбайтын, қай істі бастаса да аяғына жеткізбей да­мыл бермейтін нағыз жанашыр кісі бол­ды. Қолы да, ойы да таза, пара­сат­тылығы үстем дипломат адаммен жұ­мыс істеу әрі жауапты, әрі қызық еді. Жауап­тылығы – күн-түн демей елге ете­не қызмет етуге шақырды. Қызық де­ге­нім – өміріме азық болатындай ақы­­лын алдым, ал оның кеңесімен ке­леше­гіме кемел көзқарас қалыптастыр­дым.

Тағылымы мол ағамыз облысқа әкім боп келген кезде «ПетроҚазақстан» ком­­паниясының Қызылорда фи­лиа­лының директоры едім. Жаңа басшы бол­ған соң көреген жұрттың көзқарасы жақ­­сылық пен жамандықты безбендеп отырады. Ә дегеннен Икрам Адыр­бек­ұлы жастарды қолдауды қолға алды. Кадр саясатында жариялылықты ұста­нып, білікті жастарды қызметке тарта бас­тады. Мұндай әділдік өзгеге өнеге, көп­ке кемел ой орнықтырды. Ел үлкен сыншы ғой, әділ басшының әрекетіне сүй­сініп, тамаша бастамаларына баян­ды баға беріп жатты. Сол кісіге ұқсауға тырысқан, жақсының жауһар жолын жалғауға тамаша жастар легі бой көр­сетті. Ақылман ағаға қарап, ізетті іні өсе­ді деген осы шығар.

2005 жылдың тамыз айы. Облыс әкі­мінің келісімімен Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары қызметіне та­ғайындалдым. Сондағы ол кісінің айт­қа­ны жадымнан шықпайды.

– Мемлекеттік қызмет – халықтың қыз­метшісі. Ал халыққа қызмет көрсе-ту – ең жауапты іс. Қол мен ар таза бол­­сын, былық болған жерден береке ке­теді. Халық – қазы, еңбек – таразы. Ел­дің наласына іліккен жақсылыққа апар­майды, – дегені әлі есімде. Біз Икрам Адырбекұлының сенімін ақтауға тырыстық.

Малайзия, Индонезия, Филиппин, Балтық елдері секілді өркениеті өскен мем­лекеттерде елші болған, даму дең­гейді биіктен бағамдайтын ділмар кісі емес пе? Салынып жатқан ғимараттар­дың кескін-келбетіне қатты мән бере­тін. «Адамның көзі дем алатындай әсер ту­ғызу керек. Түс таңдағанда эсте­ти­калық талғам қажет, бұған мұқият бол­ған абзал» дегені бар. Шынында, сөзі сал­мақты, ойы орынды еді.

Әрине, есесі қайтпас еңбек жоқ. Қай мәселе болсын, қиюын тапса қайырымы бар. Уақыт озған сайын адамның дүние­танымы да өзгере береді. Халық қызмет­шісі болған соң елдік мәселе бірінші кезекке қойылады.

Қызылорда үшін жылудың жыры өте өзекті еді. Қыс түссе қызу қарбалас бас­талады. Тозығы жеткен «Оңтүстік» жылу орталығының жайы дегбірді қа­шырады. Апатты жағдайдағы қазандық­тар жамап-жасқағанмен сыр беріп, жиі бұзылады. Бұдан хабардар болған Икрам Адырбекұлы өзі басында жүріп, ескінің орнына италиялық жаңа қазан­дықтар алдырды. Сол қазандықтарға он алты жыл өтті, әліге дейін қаланың қа­же­тін өтеп тұр, халық игілігін көріп келеді.

«Кәделі нәрсе кемдік етпейді» деген тәмсілдің түйіні тереңде жатыр. Сондай қат мәселенің түйінін шешкен тұлға­ның бірегейі Икрам Адырбеков бола­тын. Ол не десеңіз, ілеспе газды игеріп, тұрмысқа пайдалану еді. Жасыратыны жоқ, облыс орталығының әлеуметтік жағдайын басқа қалалармен салыс­тыруға келмейтін, мұнайдың үстінде отырып, мол мүмкіндігін пайдалану кемшін екенін кеш ұққандай едік. Аймақ басшысының араласуымен 2005 жылы Қызылорда қаласына газ келді. Ел мәре-сәре. Газдың үйге кіруі үлкен жаңа­лық қана емес, бұл экологиялық жағынан тиімділігі орасан тұғын. Біріншіден, отын іздеп сабылмайтын, ағаш, сексеуіл, жыңғыл шауып, әуре бол­майтын жағдайға жеткізді. Екін­­шіден, табиғатты түлетуге жол ашты. Үшіншіден, тазалақ сақталады, ауаны ластамайды. Төртіншіден, мұнай ком­па­нияларымен келіскен түрде газ бағасы республикадағы ең арзан аймақ­қа айналды. Бұл газ жылу орталығын­дағы бу қазандықтарын да едәуір шы­ғыннан құтқарды. Бұрын мазут пен көмір жағылды. Ал мазут өте қымбат. Осылай Икрам Адырбекұлы игілікті істі кеңінен жүргізді. Сөйтіп қаланың жетпіс пайызы газбен қамтылды.

Майталман кісінің маңайында жүріп, үйренгенім де, білгенім де аз бол­мады. Ол кісімен бір сәт  дидар­ласуд­ың өзі бір кітап оқып тауысумен тең. Ке­реметі сол, жағымды әңгіме жан дүниені семіртіп, көкжиекке көз салуға жетелейді. Сондықтан мен ол кісінің әрбір қанатты, құйқалы сөздеріне құлақ асып отырдым. Мінезі тұйық, біртоға, артық сөз шығын етпейтін, біреудің сыртынан ғайбат айтуды білмейтін, ашылмаған сандық секілді құпия кісі болып тұрып, қабақпен-ақ қияндағы қиялыңды қанаттандырып жібереді. Тағы бір ерекше қасиеті –жағымпаздық пиғылдан жат, көптің ортақ ойын қозғайтын халықшылдығы.

Сол кездегі Үкімет басшысы Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Қызылорда қаласына келгенде оны тозығы жеткен Титов қыстағына апарды. Әдетте, жо­ғары шенді лауазым иелерін жаңа ғи­мараттың тұсаукесеріне немесе көрікті орындарды көрсетуге алып барамыз. Ал бұл жерде үйреншікті әдістен тыс ба­ғытқа бұрып, қыстақтың қиын жағ­дайын көрсетті. Жертөлесі жарым белден қалдық су басқан көне үйлердің көріксіз көрінісіне қаныққан Үкімет басшысы қаланың инфрақұрылымын дамытуға республикадан көмек жасауға ықпал етті.

Икрам Адырбекұлы  өзімен бірге Сыр еліне серпіліс әкелді. Мектеп салу­ды, көше құрылысын қолға алды. Қор­қыт ата көшесі түгелдей жаңаша жаң­ғыр­ды. Мұның қаржысын қалай тапты де­сеңізші, дипломат кісі емес пе, қа­ла­дағы ірі мұнай компаниясы – «Қаз­Гермұнай» серіктестігінен төрт милиард теңгені бюджет қазынасына  түсірткізіп, әлеуметтік салаға бағыттады. Өте көп қар­жы, оны игеру үшін күн-түн демей жұ­мыс істей жүріп, қаланың  инф­ра­құры­лымын жаңғырттық, мәдениет, бі­лім ошақтары күрделі жөндеуден өтті. Осындайда қазақ өлеңінің хас шебері Қас­ым Аманжоловтың  «Не деген ба­қыт­ты едің келер ұрпақ» дегені еске тү­сіп, ол татымды тіршілік, жайлы өмір сый­лаған сүйегі асыл  саңлақ ағаларға ар­налғандай көрінеді.

Есті естелік естен сірә шыға ма, бір қы­зық оқиға ойға оралады. Оның ха­лық­тың арыз-шағымын аяқсыз қал­дыр­майтын әдеті бар. Соған уақыт тауып, етене танысады. Сосын мәселенің шешу жолын қарастырады. Сондай шаруаның бірі мынау:

Бірде «Мерей» шағын ауданының бір топ тұрғындарынан шағым түсіпті. Шағымның бас-аяғы тозығы жеткен көп­қабатты үйге жөндеу жүргізуді сұраған. Әсіресе, жылу мен су жүйесіне. Енді бұған көмектеспек ойда.

– «Мерей» мөлтек ауданы үшін екі жүз миллион ақша қараймыз, – дейді білікті басшымыз.

– Бұл заңсыз. Үй жеке меншікте. Әр­кім өзі жөндеу жүргізуі керек, – дей­міз біз.

– Елдің жағдайы белгілі ғой. Біз кө­мек­теспесек, кім қол ұшын созады? – деді Икрам Адырбекұлы.

Қажетті қаржыны арнайы құрылған әлеуметтік қордан шешіп берді. Әңгіме осы жерден тоқтады.  Біз іске кірістік. Әрбір пәтерге жылу жүргізіп, су жүйесін қостық. Былайша айтқанда, тұрғын үйге толық жаңғырту жұмысы жүрді. Дәл осындай қанша шаруа атқарылды. Өзі де тыным таппай, заматында іс ба­сына келіп, жұмыстың жайын көзбен кө­реді. Арасында «Жұмыстың жаманы жоқ, жаман ісші бар» дегенді де қозғап қоя­ды. Мұнысы қайратты қайрап, ру­хани дем бергені еді.

Бұл кісінің көпшілдігі бір бөлек. Шиеліде бірнеше шаруашылықты бас­қар­ған, іскер Константин Васильевич Хван дейтін абыройлы ардагер болды. Қазақшаға судай, ұлттық дәстүрді де бір кісідей білетін жан-жақты адам. Сол ар­дагермен Икрам Адырбекұлы өте сый­лас еді. Әңгімесі жарасып, бір-бірі­нің көңілін дөп басатын үндестігі өзін­ше бір әлем.

Константин Васильевич қайтыс бол­ғанда Икрам Адырбекұлы  Қытайда елші еді. Көз көрген, құрметі ерекше ардагердің қазасына байланысты маған те­лефон соғып: «Нұрлыбек, қадірлі ақ­сақалдың дүниеден озғанын естіп отыр­мын. Мен бара алмаймын, жұ­мыстың жайы белгілі ғой. Сенен өтініш бол­сын, сол кісіні соңғы сапарына құр­метпен шығарып салсаңыз. Елге еңбегі сіңген ерлеріміз қай құрметке де лайық қой», – деді.

Мына аманатты орындау – маған па­рыз. Солай жасалды да. Шиелі ауда­ны­ның өркендеуіне ерекше атсалысқан ардақты ақсақалды аудан орталы­ғын­дағы Мәдениет үйінен қадірлеп шыға­рып салдық. Ал Икрам Адырбекұлы көп уақыт өтпей астанаға іссапармен келіп, әйеліне, балаларына көңіл хошын біл­дірді. Міне, осының өзінен ақылман аға­ның адалдығын аңғарамын.

Жалпыға жаттығы жоқ жақсы адам­ның қайда жүрсе де, мейлі қыз­метте, мейлі зейнетте болсын, оның жарқын жо­лы, зиялы орны, адами бейнесі, бек­зат болмысы көңілден кетпейді, жүре­к­те жатталады. Қанатының астында жүрген ізбасары ретінде інілік ізетімнен мен де жаңылмаймын. Өйткені ондай  кісі сон­дай құрметке лайық, артында өшпес із қал­дырған абзал ағамыз бүгінде жет­пістің биігінде.

 

Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ,

Қызылорда қаласының әкімі

Соңғы жаңалықтар