50352
АҚШ-тағы хоккей клубының бас бапкері: Еліміздің ұлттық құрамасын жаттықтырып, ескі жүйені өзгерткім келеді
АҚШ-тағы хоккей клубының бас бапкері: Еліміздің ұлттық құрамасын жаттықтырып, ескі жүйені өзгерткім келеді
Әйелдер арасындағы ұлттық хоккей лигасында (National Women’s Hockey League) өнер көрсетіп жүрген тұңғыш қазақ қызы Бұлбұл Қартаңбай арада бір жыл өтер-өтпес уақытта кезекті жетістікке қол жеткізді. Бұдан былай ол Нью-Джерси штатының «Метрополитен Риветерс» командасының намысын қорғаумен қатар, аталған штатта жаттығатын «Принстон Тайгер Лиллс» жасөспірімдер командасының бас бапкері қызметін атқарады. Болашақта ойыншы мен бас бапкердің қызметін қатар алып жүруге белін бекем буып отырған Бұлбұлмен арнайы хабарласып, әңгімелескен едік.
– Бұлбұл, бас бапкер қызметіне тағайындалуыңызбен құттықтаймыз! Қазақстан хоккей тарихында тұңғыш рет америкалық клуб сапына ойыншы ретінде қосылғаныңыз күні кеше еді. Бүгінде бұл елдегі жасөспірімдер командасының бас бапкері атанып жатырсыз. Бұған қалай қол жеткіздіңіз?
– Рақмет! Бұл жетістікке жетудің анау айтқандай құпиясы жоқ, барлығы жұмыс істеуіңе байланысты. Мен бұл елге келген соң, тек хоккей ойнаумен шектеліп қалмай, ағылшын тілін жетілдіре түстім, бапкерлер курсына бардым, еріктілікпен айналыстым, яғни балалар жаттықтыратын бапкерлерге өздігімнен көмектесіп жүрдім. Мұнымды байқаған өз командамдағы бір бапкерім осы вакансияны ұсынып, «Балалармен жұмыс істеуде тәжірибең бар, бар да бағыңды сынап көр!» деп ұсыныс айтты. Содан қазіргі пандемия жағдайына байланысты алдымен телефонмен, кейін бейнеқоңырау арқылы сұхбаттасудан өтіп, нәтижесінде осы қызметке мені лайықты деп таныды.
– Кәсіби ойыншы мен бас бапкер ісін қатар алып жүру қиынға соқпай ма?
– Әлбетте, оңай болмайын деп тұр. Десек те, екеуін қатар алып жүруге барымды саламын. Оның үстіне мені жұмысқа қабылдар кезде жаңа басшылық «Сенің кәсіби ойыншы екеніңді білеміз, сыртта өтетін ойындарыңнан қалдырмаймыз, орныңа адам табамыз» деп түсіністік танытты. Бұған қоса мен жоқта командаға бас-көз болатын екі көмекшім бар. Сондықтан үшеулеп, қол астымызда жаттығатын қыздардың әлеуетін жоғарылату үшін тырысып-бағамыз деп ойлаймын. Тағы бір айта кетерлік жайт, бас бапкер болсаң, мұнда балалармен тек мұзда ғана жұмыс істеп қоймайсың, мұздан тыс та атқарар шаруалар жетерлік. Мәселен, құжаттармен жұмыс істеу керек, ойын жоспарын сызасың, сонымен қатар, кімді қай позицияға қою керек екенін қағазға түсіріп, анализ жасайсың. Бастапқыда қиын көрінгенімен, «көз қорқақ, қол батыр» деп бел шеше кірісіп кеттім.
– Бала кезіңізден бокс, күрес түрлері, футбол және регби секілді спорт түрлеріне қызыққаныңызға қарағанда, ерлермен күш сынасқан сізге ұнайтын секілді. Ал хоккей спорты несімен қызықтырды?
– Дөп түстіңіз, маған ерлермен күш сынасқан, жарысқан ұнайды. Жалпы, мен Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Көгершін ауылында дүниеге келдім. Төртінші сыныпқа дейін әжемнің қолында өстім. Әжемнің қолында өстім дегеннен-ақ ұға беріңіз, ерке әрі шолжаң болып өстім. Бала кезімнен спортқа әуес болдым. Өзіңіз айтқандай, бокс, күрес түрлерімен шұғылдандым. Ерлерге тән бұл спортқа қызығу себебім, ауылда қыз балалар айналысатын спорт түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік болмады. Сосын бесінші сынып оқып жүргенімде Алматы маңындағы Талғар қаласында тұратын анама көшіп келдім. Анам мектепте мұғалім болып жұмыс істейтіндіктен, үйге бірге қайту үшін оны босқа күтіп отырғанша, сол аралықта алаңға барып балалармен футбол ойнайтынмын. Осылай футбол ойнап жүрген кезде мені бір бапкер байқап қалып, қыздар командасында өнер көрсетуге шақырды. Сосын спортқа ерекше ден қойып жүргенімді байқаған үй ішім жетінші сыныптың басында Алматыдағы дарынды балаларға арналған спорт мектебіне жетектеп әкелді. Мұнда қыздарға футбол үйрететін сабақтар жоқ болып шықты, сосын оқытушы бапкер «Командалық ойыннан бізде тек әйелдер хоккейі деген спорт бар, тапсырып көр» деді. Ол уақытта мен бұл спорт түрінен мүлде хабарым жоқ болатын. Тек роликте сырғанауды білетінмін. Сосын әлгі бапкер аяқпен қимылдай алатынымды байқап, тексеріп, оқуға қабылдады. Сөйтіп, мектептің «Жұлдыз» командасында, сосын Қазақстан жасөспірімдер ұлттық құрамасында, кейіннен ересектер арасындағы Қазақстан құрамасына қабылдандым.
– Осы аралықта ұлттық құрама сапында жүрсеңіз де, хоккейден екі жылға қол үзіп, регби спортымен кәсіби түрде шұғылданыпсыз. Бұл қалай болғаны?
– Ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп жүргенде бапкерлер алты ойыншыны, соның ішінде мені қаржылық қиындықтарға бола команда құрамынан алып тастады. Сөйтіп, спорттан қол үзбеу мақсатында екі жылдай регби ойнадым. Сосын ұлттық құрамаға қайта шақырды, әрі сол уақытта 2013 жылы Нұр-Сұлтанда «Барыс» хоккей клубына қарасты «Томирис» қыздар командасы құрылып жатқан болатын, соған шақырту алдым. Сөйтіп, осында бес жылдай өнер көрсеттім.
– «Томирис» қыздар клубында табысты өнер көрсетіп жүрген жеріңізден Канадаға қалай аттандыңыз?
– Америкалық клубтар жыл сайынғы өтетін драфты кезінде әлемнің әр бұрышынан ойыншылар таңдап алады. Сөйтіп 2017 жылы «Бостон Блэйдз» командасының таңдауы маған түсіп, өз құрамында өнер көрсетуге шақырды. Алайда визалық мәселелерге байланысты, бұл мүмкіндікті мүлт жіберіп алдым. Сосын таныстарым «Канадаға виза беріп қалар, сол елдің командаларын қарап көр» деп ұсыныс айтты. Айтқандай-ақ, құжаттар тапсырып, бағымды сынап көргенде «Калгари Койотс» атты канадалық командадан шақырту келіп, мұнда бір жыл ойнадым. Сосын өткен жылдың жазында Әйелдер арасындағы ұлттық хоккей лигасында (National
Women’s Hockey League) өнер көрсету мақсатымды іске асырамын деп жүріп, Миннесота, Буффало және Нью-Джерси қаласы командаларының жаттығу лагеріне шақырылдым, нәтижесінде Нью-Джерсидегі «Метрополитен Риветерс» командасын таңдадым. Осында өнер көрсетіп жүргеніме бір жылдай уақыт болды. Өкінішке қарай, өткен маусымда тек үш ай ойнадым, себебі желтоқсан айының соңында жол апатына ұшырадым. Дәрігерлер ми шайқалуы деген диагноз қойды. Сөйтіп екі айдай тым жарық әрі тым шулы жерге баруға болмайтындықтан, спорттан қол үзіп қалуға тура келді. Десек те, керекті ем-дом қабылдап, мамыр айының басында сапқа қайта оралдым. Оның үстіне қазіргі таңда түгел команда демалыста, кезекті маусым қазан айынан басталады. Осылайша, қазіргі таңда ойыншыдан гөрі, бапкерлік қызметке көбірек мән беріп жатырмын.
– Өзіңіз бапкерлік ететін «Принстон Тайгер Лиллс» командасының құрамымен танысып үлгердіңіз бе?
– Қазіргі жағдайға байланысты бетпе-бет әлі кездеспедік, десек те электронды пошта арқылы ғана байланыстамыз. Мәселен, қазіргі таңда ата-аналарға келісімшарттарын қарастыруға жіберіп қойдым. Жалпы, «Принстон Тайгер Лиллс» командасы – 13-14 жас аралығындағы қыз балалардан құралған команда. МАWHA лигасында өнер көрсетеді. Алдымен өз аймағының жеңімпазы атанған команда штаттық, ары қарай республикалық жарыстарға қатысып, өз мықтыларын анықтауы керек.
– Америкада хоккей әлдеқайда дамыған спорт түрі екені жалпыға мәлім. Көпшілік клуб басшылығының хоккейге ерте жастан араласқан америкалық маманды тағайындамай, дәл сізді таңдауын үлкен жетістікке балап отыр. Сізді таңдауға не себеп болды деп ойлайсыз?
– Жалпы, америкалықтарға барлығы қызықты. Олар Қазақстандағы хоккей ойнаудың стилін сұрайды. Сонымен қатар Канададағы тәжірибеме де қызығады. Бұған қоса ұлттық құрама сапында өнер көрсеткенімнен де хабардар. Олар мұның барлығына ерекше ден қояды, себебі әр елдегі жаттықтыру тәсілдері әртүрлі. Оның үстіне балалармен жұмыс істеу тәжірибем бар. Осының барлығы әсер еткен болуы керек.
– Жаттықтыру тәсілдері демекші, бір сұхбатыңызда Америкада бапкерлер жылы көзбен қараса, Қазақстандағы мамандардың қаталдау, ұрысып тастайтынын айтыпсыз. Тағы қандай өзгешеліктерді байқадыңыз?
– Иә, мұнда ойыншы бірдеңені дұрыс істемей жатса, «Не істеп жатырсың?» деп айқайлай алмайсың. Қасына сырғанап барып, ақырындап түсіндіруің керек. Ал егер ойыншы тіпті тыңдамаса еш айқайсыз үйіне қайтарасың. Десек те, бұл маған онша ұнамайды. Себебі бапкердің үш немесе төрт мәрте айтқанын ұқпайтын кездер көп кездеседі. Былтыр балалармен жұмыс істегенде «Мен сәл қаталдаумын, сондықтан ренжімеңдер» деп алдын ала айтқаным бар. Бір көрсеттім, екі көрсеттім, дұрыс істемейді, сосын «Егер дұрыс істемейтін болсаңдар, жаттығуды аяқтап, үйлеріңе қайта беріңдер» деген едім, бірден барлығын түсіне кетіп, жаттығуды ерекше қарқынмен бастады. Сыпайы болу керек, десек те шектен тыс сыпайы болсаң, уақытың текке кетеді. Жаттығу тәсілдеріне келсек, шынымды айтсам күн сайын жаңа жаттығулар жасаймын. Мейлі, залда, мұзда және алаңда болсын, бапкерлер күн сайын бір жаңашылдық қосып отыруға тырысады. Процеске жаңа жаттығулар кіріктіріледі. Ал біздің елде мұндай деп айта алмаймын. Бізде ескі, Кеңес заманынан қалған әдістемемен жаттықтырады. Бір орында тұрып қалдық. Бізде мектеп ашылғалы жиырма бес жылдай уақыттан бері бір бапкер жаттықтыратын кездер де бар. Сосын бізде расымен тым қаталдау, ойыншылар жаттығу кезінде артық сөз сөйлеуге, жаттығудан тыс күлуге болмайды. Ал мұнда барлығы позитивті жүреді. Қазақстанда да дәл осылай жасағым келеді. Мен жоғарыда айтқан ескі мектепті ысырып, барлығын жаңаша істегім келеді. Қазақстандағы әйелдер хоккейіне жаңа леп әкелгім келеді. Америкада тәжірибе жинақтап, хоккей ойнайтын жастан асқан соң, мұндағы көргенім мен білгенімнің түгелін хоккейге қызығатын сіңлілеріме арнағым келеді. Жалпылама айтсам, елдегі бұл спортқа қатыстының түгелін басынан аяғына дейін түзесем деймін.
– Демек, сізді алдағы уақытта хоккейден әйелдер құрамасының бас бапкері қызметінен көріп қалуымыз мүмкін шығар?
– Мені мұндай мәртебелі қызметке шақырып жатса, ерекше қуанар едім. Себебі өзім ұлттық құраманың тынысымен таныспын. Барлығын жақсы білемін. Мәселен, мұнда ойыншыларды «Хоккей анатомиясы» атты кітап бойынша әзірлейді. Мұндағы маманданған бапкерлердің біреуі сырғанауды, енді біреуі шайба лақтыруды үйретсе, келесі біреуі ережелерді үйретеді. Мұны үйрену барысында «біздің елдегі ойыншылар да мұның барлығын көрсе ғой» деп армандап кетемін. Сол себепті осындай мамандардың басын біріктіріп, ұлттық құрамада кіл мықтыларды әзірлеп шығаратындай деңгейде барымды салып, жұмыс істер едім.
Сұхбаттасқан
Әлия ІЗТІЛЕУ