Дәрігер тапшы, дәрі қат

Дәрігер тапшы, дәрі қат

Дәрігер тапшы, дәрі қат
ашық дереккөзі
528
Коронавирус әл бермей барады. Қатерлі вирустың кесірінен өрши түскен пневмо­ния дерті де талайды қыспаққа алды. Қабынған өкпесіне дауа таба алмай, келместің кемесіне мініп кеткендер күрт көбейді. Ауруханаларда орын, дәріханаларда дәрі қат. Ұшақтар, қалаара­лық таксилер осы күні жолаушы емес, дәрі та­сымалдап жүр. Жақынының жанына араша болу үшін дәрі-дәрмек іздеп сенделгендер ша­рықтаған бағаға шамырқанар күйде емес. Тапқанына қуанады. Таппағандар дәріха­на­ларды қойып, қоймаларды жағалап жүр. Ел ішін­де эпидемиологиялық ахуалдың ушық­қанына сырттағылар да қанығып үлгерді. The New York Times соңғы екі аптада Қазақстан ко­ро­навирус инфекциясының таралуы бойынша әлемде көш бастап тұрғанын хабарлады.  

Ресми һәм бейресми статистика

Еліміздің індет жұқтырғандар саны­ның өсімі жөнінен әлемде алдыңғы орын­ға шығу себебін Денсаулық сақтау ми­нистрі Алексей Цой түсіндірді. Ми­нистр­дің айтуынша, статистиканың күрт кө­беюіне науқастарды тіркеу әдісінің өзгеруі себеп. «Иә, мұндай мониторингті түрлі ұйым­дар жүргізеді. Өзім де таныстарымнан Қазақстан қызыл таңбамен белгіленіп, «елімізде өсім жоғары» делінген шамамен 100 сурет алдым. Мұқият оқысаңыздар, ең алдымен ағылшын тілінде жарияланған бұл ақпаратта соңғы 2 аптадағы өсім жайын­да айтылған. Өздеріңіз білесіздер, біз қазіргі уақытта симптомы бар және си­мптомсыз науқастарды қосып, бәрін бірге санайтын болдық. Өйткені симп­томсыз екеніне қарамастан, ол пациент вирус таратушы саналады және олар айрықша назар аударуды қажет етеді. Сондықтан аталған әдісті өзгертудің нә­тижесінде вирус жұқтырған пациенттердің саны статистикаға салғанда цифрлық тұр­ғыда өзгеріске ұшырады», – деді ми­нистр Орталық коммуникациялар қыз­метінде өткен брифинг барысында. Алексей Цойдың сөзінше, қазіргі уақытта елімізде күн сайын орта есеппен 1,5 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталып, тұрақты статистика сақталып тұр. Яғни, министр соңғы екі аптаның ішінде елімізде індет жұқтырғандар санының күрт артып кеткенін жоққа шығарып отыр. Алайда дәрігерлер қатерлі індетке шалдыққандар саны ресми статистикадан 4-5 есе көп деген пікірде. Медицина ғылымдарының кандидаты, невролог-дәрігер Қайырғали Көнеев ауру­ханаға бармай, өз бетінше емделіп жат­қандардың тым көп екенін алға тартады. «Ауырғандар саны өте көп. Көбі сы­нама жасатпай-ақ, үйде бір немесе екі апта жатып, өз бетінше емделді. Олар ресми статистикаға кірмеген. Сондықтан мен симп­томды, симптомсыз ауырған адам­дардың санын 150-170 мыңға жетті деп санаймын. Коронавирус емін-еркін тарап кетті», – дейді дәрігер. Қайырғали Көнеевтің айтуынша, соң­ғы уақытта пневмонияға шалдыққан­дар­дың тест нәтижесінен коронавирус анық­тала бермейді. Министрлік ресми ста­тистикаға ПТР-тестілеу растаған жағ­дай­ларды ғана енгізетіні белгілі. Алайда дәрігер дәл қазіргі уақытта COVID-19-дан басқа өкпенің қабынуына апарып соғатын инфекция жоқ деген пікірде.  Мұны еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрі­гері Айжан Есмағамбетова да мойын­дады. «ПТР-тестілеу кезінде пневмониямен ауырған адамдардың нәтижесі соңғы уақытта коронавирус жоқ деп көрсетіп жүр. Бұл заңды, себебі коронавирус инфек­циясы адамның жоғарғы тыныс алу жолдарынан төменгі тыныс алу жолына өтіп кеткен кезде тест вирусты таба алмай­ды», – дейді А.Есмағамбетова. Қазақстанда өткен жылдың алғашқы жартыжылдығында пневмониядан 1 780 адам, ал 2020 жылдың алты айында 1 772 адам қаза тапқан. Бір қарағанда, корона­вирус пандемиясы тіркелмеген уақыт пен пандемия басталған уақытта көз жұмған адамдардың статистикасында айтарлық­тай айырмашылық жоқ. Алайда дәрігерлер­дің алаңдаушылығын тудырып отырған жайт – биылғы 1 772 өлімнің 628-і маусым айында тіркелген. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2020 жылы пневмониямен ауырғандар саны өткен жылмен салыс­тырғанда 55 пайызға артып, 98 646-ға жетті. Өткен айда өкпе дертіне шалдығу­дың 32 724 жағдайы тіркелген. Өткен жыл­дың дәл осы уақытында бұл көрсеткіш 7 964 адамды құраған. Пневмониямен ауыр­ғандар күрт артқандықтан, министр­лік өткен аптада өз хаттамасына «корона­вирус болуы мүмкін» деген түсінік енгізді. Бұдан былай пневмонияға шалдыққан­дарға COVID-19-ға  қарсы ем жүргізіледі.

Дәрі-дәрмек тапшылығын тудырған кім?

Ел ауруханаларында орын қат болған­дықтан, инфекциялық төсек-орындарға тек сырқаты ауырлар ғана жатқы­зыла­тын­дықтан, коронавирус белгісі бар на­у­қастар осы күні тест тапсыруға да, емхана жа­ғалауға да құлықсыз. Бірі таныс дәрігерінің, енді бірі індеттен айыққан туған-туы­сының ақыл-кеңесіне құлақ түріп, өзін-өзі емдеуде. Алайда соңғы апталарда дәріха­налардан басқаны былай қойғанда, дене қызуын түсіретін дәрілердің өзін табу қиын. Бұрындары кез келген дәріханадан табылатын парацетамол, аспирин секілді дәрілер қазір қасқалдақтың қанындай қат. Вирусқа қарсы препараттар іздеп сабылған жұрт сағаттап дәріхана алдында кезек кү­ту­де. Табылған күннің өзінде бағасы әдет­те­гіден 2-3, кейбір жерде тіпті 10 есе шарық­тап кеткен. Елімізде індет алғаш тарала бастаған шақта жұртты бетпер­денің тапшылығы мен қымбаттығы қалай сенделтсе, кесірлі кесел өршіген бүгінгі күні дәрінің жетіспеушілігі һәм бағасының шарықтауы жығылғанға жұдырық болып тұр. Бұл мәселе Мемлекет басшысының құла­ғына жетіп, өткен аптаның соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке дәрі-дәрмектердің негізсіз қымбаттауына жол бергендерді жазалауды тапсырды. «Аза­маттарымыздың дәріханалардағы аса қажетті дәрі-дәрмектердің негізсіз қым­баттауына байланысты шағымдары орын­ды. Пандемия кезінде бұған жол беруге бол­майды. Үкімет пен құқық қорғау ор­гандарына аталған мәселені реттеу тап­сы­рылды. Кінәлілер жауапқа тартылады», – деді Президент. Мемлекет басшысының тапсырмасы­нан кейін баспасөз мәслихатын өткізген вице-премьер Ералы Тоғжанов дәрі-дәрмек тапшылығының тууына не себеп болғанын түсіндірді. «Бүгінде халықты толғандырған маңыз­ды мәселе – дәріханаларды дәр-дәр­мекпен қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта бірқатар себепке байланысты дәріхана­ларда дәрі тапшылығы шынымен байқа­лып отыр. Біріншіден, адамдар дәрі-дәр­мекті жаппай сатып алуынан халық та­рапынан сұраныс жоғары болып тұр. Кей азаматтарымыз ондап, тіпті одан да көп орама парацетамол мен өзге де дәрілерді бірден сатып алады», – деді Е.Тоғжанов. Үкімет басшысы орынбасарының дерегінше, Алматы қаласында мамыр айын­да 1 айдың ішінде небары 50 мың парацетамол орамасы сатылса, қазіргі уақытта 1 тәуліктің ішінде ғана 100 мың парацетамол орамасы сатылып кеткен. Дәл осындай жағдай дене қызуын өлшей­тін аспапқа да қатысты болып отыр. Айта­лық, Алматыда 1 жылдың ішінде 100 мың қызу өлшегіш сатылатын болса, қазіргі уақытта дәл осындай көлем бір аптаның ішінде сатылған. «Екіншіден, алақол бәсекелестік бар. Яғни, алыпсатарлар дәрі-дәрмекті көтерме сатып алған. Осыған байланысты құзырет­ті құқық қорғау органдарына дәрі-дәрмек препараттарының шекті бағасының өсуіне жол бермеу жөнінде тапсырма берілді. Анық­талған барлық фактілер бойынша заң­намамен бекітілген тәртіппен жауап­кершіліке тарту шаралары қабылданады», – деді вице-премьер. Апта басында Ішкі істер министрлігі дәрі-дәрмектердің бағасын қымбаттату фактілерін анықтау бойынша рейдтер өткізді. Рейд барысында дәрі-дәрмектерді жаппай сатып алуды ұйымдастырған адам­дар анықталды. Олар дәрі-дәрмектің ж­а­санды тапшылығын тудырып, кейін дәрілерді нақты құнынан бірнеше есе қымбат бағаға қайта сатқан. Мұндай де­рек­тер еліміздің барлық өңірінде анық­талды. Мәселен, ІІМ мәліметінше, Нұр-Сұлтан қала­сында полицейлер қорғаныс құрал­дарын заңсыз сатудың жолын кесті. Жер­гілікті тұрғыннан медициналық маскалар, комбинезондар, термометрлер, медици­налық көзілдіріктер мен антисептикалық құралдар тәркіленді.  Сондай-ақ интернет арқылы хабарландыру беріп, парацетамол, ингавирин», цефтриаксон», азитромицин  сияқты аса қажетті дәрі-дәрмектерді заң­сыз сатқан әйел адам ұсталды. Елор­дадағы сауда, ойын-сауық орталықтарының бірі­нің тұрағында оның автокөлігінен аталған дәрілік препараттары бар екі қорап та­былды. Ал Шымкент қаласында «Левомак» медициналық препаратын 12 000 теңгеге сатқан жергілікті тұрғын полицияға жеткізілді. Ол дәрі бағасын өз бағасынан 6 есе қымбатқа сатқан. Дәріханада про­ви­зор болып жұмыс істейтін Шымкент қа­ласының тағы бір тұрғыны «Дексаметазон-Аджио» препаратының әр ампуласын  5 000 теңгеден сатқан, негізгі бағасы – 600 теңге. Ал Түркістан облысында ер адам ас­корбин қышқылын 5 000 теңгеден сат­қан, оның негізгі бағасы – 250 теңге. Осы­ған ұқсас фактілер Алматы қаласында, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жам­был, Батыс Қазақстан облыстарында анықталып отыр. Рейдтің алғашқы күнінде полиция учаскелеріне 21 адам жеткізілген. Бұдан былай көтерме сауда қойма­ларын­дағы дәрі-дәрмек қоры, бағасы тек­сері­ліп, препарат бағасының көтерілуіне жол бермеу үшін дәріханаларды аралап тексеретін арнайы мониторинг топтары жұмыс істейтін болады. Үкімет халықты қа­жетті дәрі-дәрмекпен уақытылы қам­тамасыз етуге уәде берді. «Қазақстанда 8 мыңнан астам дәріхана бар. Отандық өндіріс есебінен олардың бар­­лығын 30 пайыз деңгейінде қамта­масыз етіп отырмыз. Қалғаны сырттан импорт есебінен әкелінеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, нарықты қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін Үкімет тарапынан бірқатар шаралар қабылданады. Атап айтқанда, бір тәулік ішінде дәрілік зат­тарды әкелуге біржолғы рұқсат беруге өті­нім қаралуда. Дәрі-дәрмекті серти­фикаттау және сертификат берудің жедел­де­тілген рәсімдері қолданылды», – деді Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов. Сондай-ақ вице-премьер Қазақстан ауруханалары коронавирус инфекциясын емдеу үшін қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамта­масыз етілгенін атап өтті. «Қазіргі уақытта мекемелерде 17 700 адамның жат­қанын ескере отырып, болашақта кепілдік болуы үшін 27 мың пациентке дейін дәрі­лік затпен қамтамасыз етілді. Мұнымен тоқталып отырған жоқпыз. Ары қарай да нақты шаралар қабылданып отыр. Дәрі-дәрмекті қосымша сатып алу 59 мың пациентке дейін ұлғайтылады», – деді ол.

Қажыған дәрігер, деміккен медицина

Жарайды, дәрі мәселесі шешілді делік. Жаны қысылып, дертіне дауа іздегендерге сол дәрілерді тағайындайтын маман­дар­дың тапшылығы қалай шешілмек? Онсыз да ақ халаттыларға зәру болып отырған ел ауруханалары кесірлі кесел өршігелі тіпті тығырыққа тірелді. Медицина мамандарының көбі індет жұқтырған. Рес­публика бойынша коронавирусқа шал­дыққандардың 11,5 пайызы – медици­на қызметкерлері. Олардың 492-сінен пнев­мония анықталған. Індет таралғалы Қа­зақстанда қатерлі вирустан 18 дәрігер көз жұмған. Ал қаншама айдан бері алғы шеп­те жүргендер шамадан тыс жүктеме­ден, жақыны үшін жағадан алуға даяр тұратын тұрғындардың қысымынан қажыған. Өңірлерде жұмысқа шығудан бас тартқан ақ халаттылардың қатары артып, олардың орнын толтыру үшін денсаулық сақтау басқармалары медицина универси­тет­терінің студенттерін даярлықтан өткізіп, індетті емдеу ісіне жұмылдыруға мәжбүр. Алматыда да коронавируспен күресуге дәрігерлер жетіспей жатыр. Бұл туралы Қо­ғамдық денсаулық сақтау басқарма­сы­ның басшысы Камалжан Надыров мәлім­деді. Ол өзінің Facebook парақшасы­на ақ халаты абзал жандарға үндеу тастап, ін­дет­пен күресу үшін дәрігерлер мен ерік­тілерді ауруханалар мен call-орталық­тарда жұмыс істеуге шақырды. «Бүгінде медицина қызметкерлерінің санын арттыру, кадрлық құрамды көбейту мәселелері  бірінші орында тұр. Қазіргі уа­қытта дәрігерлерге, провизорлы және жұқ­палы аурулар ауруханасында қызмет ететін орта және кіші медицина қызмет­кер­леріне, зертхана мамандары мен ерік­тілерге зәру болып отырмыз. Барша ақ халатты абзал жандарды пандемияны жеңіп шығуға атсалысуға, індетке қарсы тұру­ға шақырамыз», – деді басқарма бас­шысы. 1,5 мың тұрғыны індет жұқтырған Ақмола облысында да медицина маман­дары­ның тапшылығы ең өзекті мәселеге айналды. Облыста қауіпті індет тарағанға дейін де 500-ге жуық дәрігер тапшы бол­ған. Ал емдеу мекемелеріндегі дәрігер­лер­дің бірінен соң бірі коронавирус инфек­циясын жұқтыруы тағы 120 медицина қызметкерінің жетіспеушілігін туындатып отыр. Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасы осылай деп мәлімдеме жасады. Ведомствоның мәліметінше, соңғы уа­қытта қос өкпесі бірдей қабынған ақ ха­лат­­тылардың қатары артқан. Дәрігер тап­шылығы сезілгені соншалық, өткен аптада WhatsАpp әлеуметтік желісінде «Көкшетау қалалық көпсалалы ауруха­на­сына дәрігерлер қажет» деген мәтінде ха­барлама тараған. «Коронавирус инфекциясымен ба­рын­ша күресетін уақыт жетті. Біздің ауру­ха­наға дәрігерлер шұғыл түрде қажет болып жатыр. Әсіресе эпидемиолог, анестезиолог, реа­ниматолог және жұқпалы аурулар дәрі­герлеріне аса мұқтажбыз. Бізге кез келген мамандықтағы дәрігерлер қажет», – дейді Көкшетау қалалық көпсалалы аурухана­сының бас дәрігері Нариман Сыздықов. Әзірге көңілге медеу қыларымыз – елі­міз­дегі коронавируспен күрес жұмыс­тары­на көмектесу үшін Ресейден арнайы келген 32 маман. Олардың арасында вирусо­лог­тар, эпидемиологтар, анестезиологтар, ревматологтар мен пульмонолог және басқа да бейінді бағыттардағы дәрігерлер бар. Рсейлік мамандар қазақстандық дә­рігерлерге індетпен күресуде консуль­тациялық және практикалық көмек көр­сетпек. Алайда олардың шектеулі ғана уа­қыт­қа келгені түсінікті. Өздеріне жүк­телген міндетті атқарып, жөндеріне кетеді. Кесірлі кеселден тынысы тарылып, діңкесі құрыған отандық медицинаны аяқтан тік тұрғызу, ұлтты сауықтыру өзге емес, өз мамандарымыздың ерік-жігеріне, күш-қуа­тына, білім-білігіне тәуелді екені та­лассыз. Жаһанның жарты миллионнан астам тұрғынын қынадай қырған індет қазаққа ауыз салғанда ғана қауіпті сезіндік. Етек-жеңімізді ертерек жинап, бар-жоғымызды мез­гілінде түгендесек, бүгінгідей сергелдең­ге түспес пе едік, кім білсін?!.

Серіктес жаңалықтары