590
Әбубәкір Қайран, ақын. Кітаби кісілік, кінәмшіл кәнизәк
Әбубәкір Қайран, ақын. Кітаби кісілік, кінәмшіл кәнизәк
Ақ арман!
Асыл арман!
Асқақ арман!
Ылғи бір әдемі де әуезді эпитеттермен құшақтасып, қолтықтасып жүретін осы бір аяулы сөзді (ұғымды) қарадан қарап аяйсың. Мүмкін, бұл пенде атаулының сонау бір сәби кезіндегі таңғы шықтай мөлдір сезімдерімен қоштаса алмауынан немесе таңдайына салған тәттісін жұтып жіберуге қимаған балаға ұқсап, әлгі бір уылжыған сезімді ұзақ талмаудан туындайтын аяушылық шығар. Әлде бұл сезім Арманға деген аяушылық емес, пенденің өзін-өзі мүсіркеуінен, едел-жедел есейіп кеткендігіне деген өкініш-өкпесінен пайда болған бірдеңе болар?
Адамның жүрек қабында жаратылған Арман атты сол бір нәрестенің тумай туа шөге беретініне, ана омырауынан алыстамай жатып, сүт иісі анқыған сүйкімді қалпында пейіш жаққа періште боп... ұшып кететініне не себеп екен деп таңырқайсың.
Арман кейде көзге түспес, қолға ұстатпас, бейнелеп айтуға келмейтін әлдебір құдіретті күш сияқты болып та елестейді.
Кейде армандаудың өзі адам әлсіздігінің бір көрінісі іспеттес.
Біз, көбінесе, Арман ұғымын мақсат-мұратпен шатастырып ала береміз. Оның мұңдылау музыкасы мен жалынан ұстатпас ұшқырлығына мән бергіміз келмейді. Дұрысы, мән беріп жатуға қолымыз тимейді.
Малдың төлі, құстың балапаны... қандай сүйкімді. Ал адамның баласы ше? Ол бәрінен артық, бірақ бәрінен әлжуаз. Оның артықшылығы сол – адам баласы сәбиліктен өтіп, балалыққа жеткеннен кейін-ақ, сол арманның сәйгүлігіне тақым басады. Оның ой қиялының ұшқырлығын ешбір зымыранмен теңестіруге болмас, сірә! Қазақтың ақ көңіл, адал адамдарды «бала мінезді» деп бейнелейтіні де бекер емес. Бала мінезділік – жүздің бірінің ғана бойына бітетін қасиет. Бала – нағыз адам. Бірақ ол – тым әлсіз. Ол – арман қанатында ғана мықты, батыр, ер. Ол, шындығында, туа сала тәуелді және ғұмыр бойы...
Осы бір тәуелділік адам баласын арманнан алыстатады, балалық базарын табанға таптап өтеді. Адам баласы аңырып аз тұрады да... енді ... арманға емес, ақылға жүгінеді. Арманнан алыстау адамдықтан шегіну секілді ақылға мойынсыну, кісілікке жүгіну іспеттес. Көптеген тағдыры «қызық» адамдар, әсіресе, өнер адамдары осы шекараның арғы-бергі жағында айналсоқтап жүріп алса керек. Сондықтан да бір білгіштер «олардың бір ноқаты кем болады» деп сәуегейсуге құмар.
Сөйтіп, адам баласы есейе келе кісілік, кіділік, кірпияздық сияқты әлем-жәлем бір әлемнің қақпасынан сығалай бастайтын көрінеді. Сығалайтын да жөні бар: бұл бейтаныс әлемнің балалық базарынан, адамдық аралынан қандай ерекшеліктері бар екен, бұндағылар қалай киініп, қалай ішінеді екен сияқты күдік-күмәндар, құпиялар жетерлік.
Қарап тұрса, кісілік патшалығының кімді де болсын қызықтыратын әлеміш-әшекейі көп сияқты. Кірмесіне қоймайды, бармасына болмайды.
Кісілік өмір де, кісілік туралы әңгіме жыр да осы арадан басталады.
Қазақта: «кісімсімей отыр», «кісіліктен қалыпты», «кісі баласы», «кісі малы» сияқты сөз тіркестері бар. Бұлардың қай қайсысы да ішке таратқаннан гөрі сыртқа тепкенге жақын тұспалдар.
«Кісідегінің кілті аспанда» болатынын да Алаш жұрты дәл топшылаған. Сонда «кісі» дегеніміз кім болды? Баяғыда үлкен адамдар өздерінің жақсы көрген адамдары туралы айтқанда: «кісілікті кісі еді» деп, еске алысып отыратын. Бұл тараптан қарағанда, адамдығын жоғалтпай, арын саудаламай, жұртқа «жұқсыз» атанбай жүрген тәуір адамдарды «кісі» деп, оның үстіне «кісілікті кісі» деп мадақтауға болады екен. Бұл, әрине, ескіден қалса да ескірмейтін ұғым.
Ал біздің бүгінгі «кісілік» туралы, «кісі» туралы ұғымымыз қандай? Осы тұста ойланып-ақ қаламыз: «Ойпырмай, осы кісі деп жүргендерім кісілікті ме?» деп. Әсіресе, «жақынын жамандыққа қимайтын», көңілге қарағыш қазақ үшін өзін-өзі «кісі емеспін» деп кінәраттау – тозақ отына домалап түскенмен бірдей нәрсе. Өкінішке қарай, бұл – бір сәттік қана қысылыс. Пенде байғұс өзін ақтауға келгенде, өлермен адвокат... Тіпті, ең аяғында «елдің бәрі сөйтеді ғоймен» жан сауғалап қалғансиды.
Расында, біз кімбіз осы?
«Біз әлі де болса өзіміздің ұлттық бет-бейнемізді толық қалыптастыра алмаған халықпыз» деседі кейбір сауаттылар. Ол рас. Бірақ ұлттық бет-бейнені танудың алдында «кісілік келбет» деген тағы бір кедергінің тұрғанын аңғармай айтады олар. Біз, өйткені, ұлттың жеке адамдардан құралатынын ылғи ұмытып кетеміз. Біз, өйткені, әрбір адамды кісілік қабілетінен емес, сапалық (сыртқы) белгілерінен-ақ ажыратып алуға үйренгенбіз. «Генерал – генерал, майор-майор» деген сияқты.
Қазақ халқында «кісілік келбет» көріністерінің өзгеріске ұшырай бастаған уақыты «оқыған азаматтардың» ел ішіне ендеп, дендеп кірген кезінен бастау алса керек. Қарапайым халықтың көзіне «оқыған азамат» қалайда «кісілікті кісі» болып елестеген де тұрған. Тіпті, кейінгі кезге дейін, Кеңес заманы дәуірлеп тұрған шақта да кейбір адамдар келіндерінің өзін «дипломды» және «дипломсыз» деп, біріншісін жақтап, екіншісін жасқап отыратын. Бұл үрдіс, өкінішке қарай, әлі де бар. «Оқығанның аты – оқыған».
Енді осыдан кейін біз қазақ халқының бүгінгі бет-бейнесін оқығандардан, яғни «кітап кеміргендерден» іздемей, кімнен, қайдан іздейміз? Оқығандардың бүгінгі атауы – интеллигенция. Ең өкініштісі, біздің интеллигенция қатарындағы азаматтарымыздың көпшілігі «интеллект» деген ұғымның түпкі мәнін түсіне бермейтін болып тұр. Немесе түсінсе де түсінгісі келмейді. Себебі «интеллект» жүгі – ауыр жүк. Аристотельді арабша түсіндірген Әбу Насыр әл-Фарабидің айтуынша: «Интеллект деген сөзді түрлі мағынада қолдануға болады. Ең бастысы, қарапайым сөзде – адам жөнінде айтқан кезде қолданылады».
Ал енді қазіргі кезде көдедей көп оқығандардың бәрін парасатты дей аламыз ба? Таразыға тарта қалсаңыз, парасаттылар жағының шошаң етіп, шоршып түсері анық. Әрине, бұл – кісі баласы көргісі келмейтін шындық. Дегенмен, бұл тұста парасатсыз адамның «парасаттымын» деп ойлайтынын естен шығармау керек шығар. Сіз де олардың көзіне шұқып, «сен – парасатсызсың» деп кіжіңдей алмайсыз. Ең қиыны «сен – интеллигент емессің» деп те айтуға қақыңыз жоқ. Өйткені сіз мұсылмандардың калама деп аталатын догмалық діни ілімінің жақтаушылары – муттакалимдерге «интеллект» сөзінің мәнін түсіндірген Әбу Насыр емессіз ғой.
«Балта сілтенгенше, дөңбектің жал табатыны». Сол сияқты қай жағынан келсеңіз де қайқайып шыға келіп, сулаған сабындай сытылғыш біздің интеллигенцияның көпшілігінің «куәлігі қойнында, Құраны мойнында» тұрады. Заңдылық шарттарына, заман ағымына икемделгіш, иліккіш келеді. Осыдан кейін қандай дау-дамайыңыз болмақ. Және бұндай «интеллигенттердің» кітабилығынан кісілігі, кісілігінен кінәмшілдігі білініп тұратыны бар.
Біздің кейбір интеллегенция өкілдері де түрік сұлтаны Сүлейменнің сарайындағы мүттәйім кәнизәктардай кінәмшіл, өздерінің ішкі құпия сырларына тым бекем, тым тәсілқой.
Олардың бір-бірімен пәтуәгершілігі, өздерінің адамгершілік категориясымен тұспалдас. Әлгі бір кәнизактардай бір-бірін ыммен ұғысады. Өйткені сырлары да, мұңдары да ортақ.
Интеллигенциямыздың бұл түрі халық педагогикасынан қанып ішпегенімен, қажетті қағидалардың бәрін кітаптан алып, кепкен ындындарын сусындатқан болуы керек.
Тоқаш Бердияров марқұмның:
Колбадан туған балдай
Кітаптан шыққан шығарсың, – деген өлең жолдарында төтешіл туралық бар. Колбада жасалған баланың ата-анасы – ғылым, яғни кітап.
Бұл жерде кітап жарықтықтың титтей де кінәсі жоқ. Мәселе – оқымыстылықтың мақсат-мұратында, адал, арамдығында.
Бүгінгі таңда «кітаби кісілердің» көпшілігі – қала адамдары. Ал қала дегеніміз қан базарға айналып болған. Сатылмайтын, саудаланбайтын ештеңе қалмағаны тағы рас.
Осы тұста Мағжан Жұмабаевтың қаладан, оқудан қайтып келе жатқан жас кейіпкерінің сөзі еріксіз еске оралады. Ол қала адамдарын былай бейнелейді:
Әйелдері ұятсыз,
Күнді сүйгіш, тұрақсыз,
Қылмыңдасар, керілер.
Жүздерінің қаны жоқ,
Еркектері – «перілер».
Оларда отты жүрек жоқ,
Тамақтан басқа тілек жоқ,
Қорсылдаған «доңыздар» ...
Мағжан заманындағы «перілер» мен «доңыздардың» біздің заманымызға келіп жеткен шөбере-шөпшектерді көбеймесе азаймаған болар, сірә. Олармен өзіміз де күнде бетпе-бет келіп, бас изесіп өтетініміз, кей-кейде табақтас та болып қалатынымыз бар. Бірақ, кітаби сиқыр – бір бетқап, ештеңені елетпейді, сездірмейді. Оны жұлып тастауға біздің қол әлі дәрменсіз. Пәледен қашқан машайыққа ұқсап, тек жүрсең – тоқ жүретініңді ойлап отырғаның.
Әңгімеміздің басында Арман деген аяулы сезімімізге аяушылық білдіргеніміз сияқты, ақын-жазушы деген азапкер ағайындарға да ат басын бұра кететін адами кісілік болсашы, шіркін. Қалай болғанда қалам ұстап үйренген қол әлденені шимайлағысы келеді де тұрады емес пе? Сондай шақта «кітаптан шыққан кісілерді» кітапқа қайтадан неге кіргізіп жібермеске» деп, тісіңді шақыр-шұқыр қайрайсың. Расында, заманның жаңа кейіпкерлері (жаңа қазақтар деген сияқты) жасалмай жатыр-ау әдебиетімізде. Әрине, бұған ешім кінәлі емес, әр нәрсенің өз уақыты болады да. Менің шамалауымша, ендігі әдебиетіміздің әңгімесі «кітаби кісілердің» төңірегінде болатын шығар.
Мезгіл түндігін жұлқып ашатын тарихи оқиғалардың болмай қалмайтыны сияқты, әр дәуір әдебиетінің де өзіне тән бет-бағдарын танытатын табиғи туындылардың өмірге келетініне ешкімнің шәгі жоқ. Біз қазір жаңа дәуірдің бас кезеңінде тұрмыз. Бұған әлі ат қойылып, айдар тағылып үлгерген жоқ. Дегенмен, қазіргі адам психологиясындағы, ұлт табиғатындағы ұлан-асыр өзгерістерді тек сырттай ғана тамашалаушы ретінде немесе сырттай сөгіп, сыбаушы ретінде ғана қолымызды артымызға ұстап, сенделіңкіреп кеткен жоқпыз ба, қалай? Олай болмаған күнде, қоғам ырқын, адам құлқын тамыршыдай дәл басып, көзге елестетіп, көңілге қонақтататын жаңа тұрпатты көркем шығармалардың шеті көрініп қалса керек еді. Мен бұл жерде жазушылар жазбай жатыр, ақындар жырламай жатыр деген ойдан аулақпын, бәріміздің де өткелсіз өзеннің жағасында тоқыраңқырап тұрғанымызды тұспалдап жеткізсем деген ой ғой. Мынау лайланып аққан тұнжыр ағысқа «а, құдайлап» ат қойып кетуге дәтіміз бармай-ақ тұрғаны рас. Мұның ең басты себебі, бәріміз тосын тосқауылға – жаңа адамдарға (кейіпкерлерге) тап болып тұрмыз. Олармен араласып-құраласуға, ішкі жан дүниесіне кіріп, тергеп-тексеруге әл-дәрменіміз жетер емес. Бұлар тұрмақ, бағанадан бері әңгімелеп отырған, өзіміз күнде көріп жүрген «кітаби кісілердің» де шындықтары мен сұмдықтарын толық әшкерелеп болған жоқпыз. Сондықтан... не істеу керек? Ең бастысы, ұлт мүддесін ойлағансып ұрандай бергеннен гөрі кісілік келбет, адами рух туралы да біраз бас қатырып қоюымыз керек шығар.
Әбубәкір Қайран,
ақын, халықаралық «Алаш»
сыйлығының лауреаты