Айнұр Тәбілтай: Квота жылдың басында таусылып қалады (видео)

Айнұр Тәбілтай: Квота жылдың басында таусылып қалады (видео)

Айнұр Тәбілтай: Квота жылдың басында таусылып қалады (видео)
ашық дереккөзі
466
Жақында газетіміздің Atajurt жобасы аясында қандастар көп қоныстанған Семей қаласына арнайы іссапармен барып, шетелден көшіп келген ағайынның тұрмыс-тіршілігімен танысып қайттық. Сапар барысында Дүниежүзі қазақтарының қауым­дастығы және «Отандастар қорының» Семей қаласы бойынша сарапшы операторы Айнұр Тәбілтайқызын әңгімеге тартып, қандастарға байланысты кейбір түйінді мәселенің жай-жапсарына үңілген едік. – Қандастар сіздерге қандай мә­селемен көбірек келеді? – Бізге көбіне құжаттандыру мә­се­лесімен келеді. Мысалы, оралман куә­лігін алу, ықтиярхат алу одан кейін аза­маттық алу секілді мәселеде қан­дас­тар Дүниежүзі қазақтарның қауым­дас­тығы және «Отандастар қорының» ақ­параттық көмегіне көбірек жүгінеді. Шет­елдан алғаш келген қандастар елдің заң­дарымен толық таныс емес. Сон­дық­тан әуелі қалай құжат алудың тәртібі түсіндіріледі. Қандастардың құжат­та­рын­да қателік кететін себебі, олар бұл жақтағы кейбір заңды білмейтіндіктен туындайды. Ал бізде қай құжатты қалай толтыру қажет болса, барлығының үлгісі дайын. Мысалы ЖСН алу қажет болса, Салық комитетінің талаптары, ықтиярхат алу үшін қандай сауалнама тол­­тыру керек, барлық үлгілері бар. Өмір­баянды қалай жазу керек, қай жер­ге қандай ақпарат жазу керек бәрін заң­ға сай дұрыс толтыруына көмекте­семіз. Кейде шетелден қандастар хабар­ла­сады. «Қазақстанға көшіп барайық деп едік. Ол жаққа барып, дұрыс құжаттану үшін қандай құжаттар алып баруымыз қажет?» дейді. Оларға алдын ала түсін­діру жұмыстарын жүргіземіз. – Алайда естуімізше Семейде құжаттары дұрыс емес қандас­тар әлі де бар көрінеді... – Қазір Семей қаласында осы құжат­тану мәселесімен жүрген қандастарымыз бар. Соның бірі – Шәкәрім атындағы мем­лекеттік университетінің 5-курс сту­денті Арманбек Жанат деген азамат. Ол Моңғолиядан келген қандасымыз. Ар­манбек оқуын бітірген соң, елде қа­лып, жұмыс істегісі келеді. Алайда Ар­ман­бекке ондай мүмкіндік бола ма, бол­май ма әлі белгісіз. Өйткені оған ықтиярхат алу үшін талап етілетін жеті анықтаманың бірі – медициналық анықтама берілмей отыр. Кезінде мамандар зерттей келе, заң талабындағы бұл бабты алып тастау ке­рек деп заң шығарушы органдарға өтініш білдірген. 2020 жылғы жаңадан өзгертулер мен толықтырулар енгізілген заңда бұл мәселе қарастырылған болуы керек деген үміттеміз. Одан кейін Өзбекстанан көшіп кел­ген Гүлнар Исаеваның отбасы 2015 жыл­дан бері әлі азаматтық ала алмай жүр. Азаматтық ала алмауының себебі Қа­зақстан көші-қон заңы бойынша Өзбек­станнан көшіп келетін ағайынға талап етілетін «шығу парағы» болмаған­дық­тан.  Ал Өзбекстан тарапы бұл анық­таманы әлі бермей отырған көрінеді. – Шығыста қандастарға неге квота жетпей қалады? – Себебі Шығысқа келетіндер саны көп, ал оған Үкіметтен берілетін квота са­ны аз. 2020 жылғы Шығыс Қазақстан облысына бөлінген өңірлік квота қаң­тар, ақпан айларында игеріліп қойды. Наурыз, сәуірде тапсырған қандастар квотасын ала алмай жүр. Жалпы, қалған 10 айда келетін қандастарға квота жоқ десе де болады. Бұл мәселенің мән-жайын облыстан сұрап көргенімізде, қосымша квотаға өтініш жібердік деген. Бірақ осыған дейін қосымша сұранысқа жауап беру болған жоқ. Менің ойымша қо­сымша квота болмайтын да шығар. Сон­дықтан Шығыс Қазақстан облысына жыл басында квота мол бөлінуі қажет. – Бұл мәселеге «Отандастар қоры» көмектесе ала ма? – «Отандастр қоры» қандастардың кө­шіп келуіне көмектескенімен, нақты кво­та бөліп береді деп ойламаймын. 2019 жылы Павлодар облысына «Отан­дас­тар қоры» өз қаражатымен 25 отба­сын шетелден көшіріп әкелді. Алайда квота мемлекет тарапынан берілген бо­латын. – Шаруашылықпен айна­лыс­қысы келетіндер «жер ала алмай жатырмыз» деп жиі хабарласады екен. Оны қалай шешуге болады деп ойлайсыз? – Жер алып, еңбек істегісі келетін қан­дастар көп. Өкінішке қарай, жердің көбінің иесі бар. Иен жер жоқ. Ал  былай қара­саңыз, ол жерлердің көбі қазір бос жатыр. Ешқандай пайдаға асырылып жат­қан жоқ. Жаңа көшіп келген қан­дас­тар сол жерлерді көріп, бос екен деп әкім­шіліктен сұрайды. Әкімшілік ол жер­дің иесі барын айтады. Қаншама азамат шаруа істеп кетейін десе, осы жер­дің мәселесі тұсау болып отыр. Қаншама жерді иелігіне алып алған. Бірақ игермейді. Не пайдасын көрмейді, не өзгеге пайдасын көрсетпейді. Мы­салы, Бесқарағай ауданы, Дмитриевка ауылында тұратын Тайыр Оразай деген азамат бар. Ауыл шаруашылығына несие алып, мал өсіргісі келеді. Өкінішке қа­рай, жер жоқ. Тағы да Әділнұр Сәмен­бет­ұлы деген азамат бар. Міне, осы кі­сі­лер­дің мәселесі сол – жерді пайдалану. Мал өсіргісі келеді, көкөніс еккісі келеді. Бірақ қолдарында жер жоқ. Мемлекет қазір бұл мәселемен айналысып жатыр дейді. – Елге келіп, еңбегін сіңіріп жат­қан талантты, білімді қан­дас­тарымыз да бар  шығар? – Әрине. Қуандық Биболат, Секей Жан­бота – Шәкәрім атындағы Мем­лекеттік университеттің аға оқытушысы. Се­мей қаласында білім-ғылым сала­сында ұзақ жыл бойы еңбек етіп келеді. Одан бөлек біршама кәсіпкер азаматтар бар. Соның бірі – Мәукен Өтежан деген атымтай жомарт азамат. Үлкен құрылыс компаниясы бар. Шетелден жаңа көшіп келген, құжаты реттеле қоймаған қан­дастарды сол кісіге жібереміз. Ол кісі қан­дастарға уақытша болсын жұмыс тауып беріп, көмектесіп тұрады. Басқа да мәдени-рухани салада елеулі еңбек етіп жүрген азаматтар көп. – Семейге келген қандастар­дың жұмыспен қамтылуы қа­лай? – Жұмыспен қамту орталығымен ты­ғыз байланыстамыз. Біз жіберген қан­дастарға барынша жұмыс тауып беруге олар да көмектеседі. Бірақ бір-екі ке­дергі бар үнемі қандастардың алды­нан шыға беретін. Ол, әсіресе тіл мә­селесі. Кейбір шетелден келген ағайын­дар орыс тілінен қиналады. Одан кейін Қытай және Ауғанстан сияқты елдерден келген ағайындардың кириллицамен жазу және оқу мәселесі тағы бар. Тіптен ондай адамдарға сатушы болып істеудің өзі қиын. Біз, міне осындай адамдарға кириллицамен жазуды да оқытамыз. – Баспанамен қамтылу мә­се­лесі қалай шешілуде? – Нақты Семей қаласының өзіне кел­сек, баспана мәселесі шешілмейді. Квота бойынша да бір жылға үйдің ақы­сын төлеп отырады. Жоғарыда жұмыс­пен қамту туралы айттық қой. Мысалы ауылдық, аудандық жерлерден де жұмыс тауып береді. Міне, осы арқылы баспана мәселесін бірге шешуге болады. Ауыл­дық, аудандық жерлерде баспана мәсе­лесі шешіледі.

Серіктес жаңалықтары