Елді шошытатын «эмошылар»

Елді шошытатын «эмошылар»

Елді шошытатын «эмошылар»
ашық дереккөзі
1726
Жастары жүректі де жігерлі, білімді де саналы, мәдениетті де тәрбиелі елдің болашағы қашан да жарқын. Қазақ халқының жастардың тәлім-тәрбиесіне баса мән беретіні сондықтан. Бүгінде жастардың батыс мәдениетіне деген қызығушылығының артуы қоғамды алаңдатып отырған жайт екені жасырын емес. Қазіргі таңда жастардың Еуропа мәдениетіне (субмәдениетке) деген қызығушылығы артып келеді. Әсіресе, жасөспірімдер, студенттер қатарының қызығушылығы басым. Субмәдениет қоғам мәдениетінің бір бөлігі болғандықтан, жастар арасындағы субмәдениетті олардың өздері қалыптастырады. АҚШ зерттеушілерінің пайымдауынша, «субмәдениет» ұғымы адамдардың, әсіресе, жастардың белгілі бір салаға еліктеушілігінің (фанатизм), табынушылығының немесе күйзеліске түскенде ермек қылған хоббиінің салдарынан пайда болған. Мұндай бейресми топтан тұратын батыс мәдениеттерінің өкілдері өздерін ерекше адамдармыз деп есептеп, қоғамнан оқшауланғанды қалайды. Олардың өмірдегі ұстанымдары, киім үлгілері, түсініктері, араласатын ортасы қарапайым қала тұрғындарынан әлдеқайда өзгеше. Мұндай еліктеушіліктің пайда болу тарихы сонау 1950 жылдан бастау алады. Алғашында жастар арасында жаңа киім үлгілері, жаңа би түрлері, стиль деген ұғымдар пайда болды. Яғни, батысқа еліктеу, батыс музыкасына – джаз, рокенролл жанрларына деген қызығушылық қалыптасты. Одан кейін 60-80 жылдар аралығында жастардың батысқа рухани қызығушылығы оянып, классикалық үлгідегі музыкаға еліктеу, фанат болу деген ұғымдармен таныса бастады. Дәл осы кезеңде есірткі, ішімдік, марихуанаға деген қызығушылық белең алды. Ал 1970-1986 жылдары кеңестік қоғам нағыз еліктеу кезеңіне бет бұрды. «Металлистер», «хиппилер», «эмошылар» сынды қоғамдық топтар шықты. ХХ ғасырдың 30-жылдары Америка Құрама Штаттарында пайда болған байкерлер өздерін «Түн періштелері», «Түнгі қасқырлар» секілді лақап аттармен атайды. Киім үлгілері рокерлер стиліне өте ұқсас. Байкерлердің негізгі қызметтері – түнгі клубтарды шарлап, кең трассаларда мотоциклмен жүру. ХХ ғасырдың 60-жылдары Сан-Францискода құрылған хиппи батыс мәдениеті – жастар арасында пайда болған мәдениеттердің ең алғашқысы. Оның мақсаты қоғамда болып жатқан күнделікті құбылыстарға, қалыпты жағдайларға қарсы шығу. Бұл мәдениеттің өкілдері үнемі шулы жиындарда, көңілді отырыстарда жүреді. Тағы бір батыс мәдениетінің түрі – готика. ХХ ғасырдың 70- жылдары панктермен қатар пайда болған. Олардың ерекшелігі – киім үлгілерінде. Готикалардың киім үлгілерінде египеттік, христиандық, кельттік сегізжұлдызды белгілер бар. Қара түсті киімдер киіп, тырнақтары мен шаштарын да қара түске бояп, бет-әлпеттерін аппақ гриммен бояуды өздерінің имидждеріне айналдырған. Күнделікті қоғам өмірінен, әлеуметтік қалыпты құбылыстардан түңілген, саяси оқиғаларға наразы, «болашақ жоқ» деген көзқарасты ұстанушы адамдардан құрылған топ – панк мәдениетінің өкілдері. Алғаш ХХ ғасырдың 70-жылдары Англиядағы экономикалық дағдарыс кезінде пайда болған. Панктердің шаш үлгілері де ерекше. Олар төбе шаштарын ұзын қылып тігінен қатырып қояды. Лас, жыртық киімдерді кигенді ұнатады. Мінез-құлықтары есерсоқ, қоғамда өздерін ерекше көрсетуді ойлайды. Сондықтан әрдайым жанжал шығаруға құмар. Панктер Кеңес Одағына 70-жылдардың соңында жетті. Алғаш панктерге еліктеген рок-музыканттар қатарында музыкант Андрей Панов пен әнші Виктор Цой болды. Кейінгі жылдары Қазақстан жастарының арасында да белең алған эмошылар деген топ бар. Эмо «эмоционалды» деген сөзден алынған. Эмоционалды музыка тыңдағанды ұнататын топ. Қазіргі күнде музыканың бұл түрі: эмо-рок, кибер-эмо, панк-эмо, эмо-вайоленс, скримо, френч-эмокор хардкор-сан-диего болып бөлінеді. Эмошы жастар тек эмоционалды музыка тыңдауға ғана әуес емес. Олар өміріндегі барлық оқиғаларға эмоционалды тұрғыдан қарайды. Сонымен қатар, эмошылар қайғылы өлең оқығанды ұнатады. Олардың киім үлгілері қара түс пен күлгін түстің үйлесімділігінен тұрады. Арнайы топтарға бірікпейтін, индивидуалды түрде компьютер қолданушы программистер қатарына жататын хакерлер де субмәдениет түріне жатады. Хакерлердің мақсаты – бөтен сайттарды бұзып кіру, оларға вирус енгізу. Алғаш хакерлер 1988 жылы электронды әлемге шықты. Граффити итальян тілінде «сызылған» деген мағынаны білдіреді. Алғаш 1960 жылы көше мәдениетінің бір саласы ретінде АҚШ-та пайда болды.Үлкен кеңістікке белгілі бір сызулар, суреттер, бейнелер салумен айналысатын топ. Олар ішкі толғанысын, ішкі сезімін бейнелей отырып, қоғамға әсер ете аламыз деген түсінікте. Сондықтан, метроларға, үй қабырғаларына, асфальтты жерге маркер, арнайы тушьтар арқылы түрлі суреттер салады. Оларды көше суретшілері деп те атайды. Әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор А.Н.Тесленко Қазақстандағы жастар арасында батыс мәдениетке деген қызығушылық жөнінде зерттеу жүргізген. Өзінің ғаламтордағы жеке сайтына жарияланған сұхбатында ғалым Қазақстан жастарының ондай топтарға қызығушылығының төмен екендігін айтады. Қазақ жастарының арасындағы еліктеушілік экономикалық не саяси емес, мәдени тұрғыдан жүзеге асатындығын айтқан. Қазақстан жастарына батыс мәдениет ұғымы таныс болғанымен, оған түбегейлі бетбұрыс жоқ. Алайда қазіргі дәуір – қарқынды даму дәуірі, жаһандану кезеңі. Осы жаһандану дәуіріндегі түрлі дүниежүзілік дамулар, үрдістер, ағымдар, ұғымдар мен түсініктер бүгінгі жастарды теріс жолға салып жіберуіне жол бермеу керек.  

Жансая ЕСБОЛАТҚЫЗЫ,

Абылайхан атындағы Халықаралық

қатынастар және әлем тілдері

университетінің 2-курс студенті

Серіктес жаңалықтары