343
Толғауы тоқсан "Қазпошта"
Толғауы тоқсан "Қазпошта"
Есімізді білгелі жұрт үстінен арыз айту тоқтамай келе жатқан мекеменің бірі − пошта қызметі. Әрине, кеңестік дәуірде бүкіл елге хат-хабар, телеграмма, газет-журнал, сәлем-сауқат жеткізетін, зейнеткерлердің зейнетақысын беретін, тағы басқа көптеген қызметті бір өзі атқарған бұл мекемеде ол кезде тәртіп қатал болатын. Бірақ соның өзінде пошта қызметкерлерінің кінәсінен сәлемдеме, газет-журналдар кейде иесіне жетпей, жоғалып кетіп жататын.
Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін бұл мекеме де ұлттық реңк алып, «Қазпошта» ұлттық операторы деген атқа ие болып, қызмет көрсете бастаған. Бұрынғысынша, ел орталығымен шалғай елді мекендерді байланыстырып, елішілік алыс-берісті жолға қойған «Қазпошта» басында жақсы қызмет көрсетті. Еліміздегі барлық елді мекендерінде бөлімшелері бар, қызметкерлерінің саны да көп алып мекеме ана бір жылдары мемлекеттік идеологиялық, экономикалық жағынан біртұтастығы жолында зор еңбек сіңірді десе болады. Өйткені өткен ғасырдың соңғы онжылдығы тұсында қаулап өскен ұлттық баспасөзді бүкіл елге жеткізіп беріп, ел тағдырына қатысты тарихи шешімдермен, түрлі жаңалықтармен таныстырып отырған да сол пошта қызметі еді.
Кезінде түрлі төлемдер пошта арқылы жасалып, телефон байланысы да осы пошта мекемелеріне қарайтын. Бірақ уақыт өте келе телефон байланысы өз алдына отау тігіп, елде түрлі банктер көбейген шақта пошта қызметінің өрісі тарыла түсті. Енді адамдар байланыс мәселесінде «Қазақтелеком» мекемесіне жүгініп, түрлі төлемдерді банк арқылы жасайтын болды. Дегенмен шалғай елді мекендерде зейнетақы, жәрдемақыларды беру, газет-журналдарды, түрлі сәлем-сауқатты жеткізу «Қазпоштаның» қолында қалды. Сол сияқты қалалық жерлерде де көптеген қызмет түрлері әлі күнге «Қазпоштаның» қолында.
Міне, осыған қарап еліміздегі пошта қызметінің әлі де өз күшінде екенін білуге болады. Алайда соңғы жылдарда орталықтан шығатын газет-журналдардың шалғайдағы аудан-ауылдарға жетпей қалатыны жайында мәселе жиі көтеріледі. Пошта қызметінің осындай олқылығының кесірінен мерзімді баспасөз құралдары өз оқырмандарымыздан айырылып жатырмыз деп жиі дабыл қағады. Бірақ бәрібір мәселенің түбегейлі шешіліп кеткенін естімейсің.
Елімізде бірен-саран облыс көлеміндегі жекеменшік газет-журналдар болмаса, түгелге жуығының тасымалы осы мекеменің қолында. Газет-журналдарға жазылу түгелдей осында жүргізіледі. Сондықтан газет-журналдарға жазылымнан түскен ақша да «Қазпоштада» сақталады. Оны иелері пайдалану үшін де поштаның шарттарына көнуге мәжбүр. Мәселен, жазылым кезінде пошта редакция белгілеген газет-журнал бағасына өз тасымалының бағасын қосып, каталогқа салады. Сосын жыл басында пошта газетке жазылымнан түскен жалпы қаражаттың 30 пайызын ғана редакцияға өткізіп береді. Оның үстіне бір жылдық тасымалының ақысын да алып алады. Сосын газет-журналдар ай сайын өздерінің басылымының таралып жатқаны жайында есеп тапсырған соң ғана пошта олардың ақшасын бөліп беріп отырады. Міне, баспасөзден түсетін қаражатқа осылай монополия жасап отырған «Қазпошта» тарату мәселесіне келгенде салақтық танытатыны ыңғайсыз-ақ. Тіпті, қалалық жерлерде болмаса, шалғай елді мекендерде ұлттық басылымдарға жазылу маусымында халыққа жеткілікті дәрежеде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізбейді.
Басқасын былай қойғанда, өзім біраз жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Turkistan газетінде пошта қызметіне байланысты талай рет оқырмандарымыз тарапынан реніштер естіген кезіміз болды. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын Сарыағаш қаласында тұратын Б.Ұ. деген жазылушымызға жыл басында екі ай газет бармаған. Бір емес, екі емес, сегіз нөмірі. Сосын оған газетке жазылған түбіртегіңді алып, поштаға барып талап ету керегін айттық. Тек содан кейін ғана газетті үйге жеткізіп беретін пошта қызметкері зыр жүгіріп жүріп, әрең түгелдеп беріпті (басында газет шықпай жатқан шығар деп те сылтау айтқан көрінеді). Бірақ сол оқырманымыз жыл соңына дейін бәрібір ара-арасында газетіміздің кейбір сандарын ала алмағанын айтты. Өзімізден басқаларды туралы айтсақ, «Қазақ газеттері» серіктестігіне кіретін, балаларға арналған «Ұлан» газетінің қызметкерлері де мұндай жағдай жиі болатынын айтып, жазып жүр.
Жыл сайын отандық және ресейлік мерзімді БАҚ-тың каталогын жасап, бірнеше мың газет-журналға жазылым ұйымдастыратын «Қазпошта» АҚ мекемесі биыл да сол дәстүрін жалғастыратыны сөзсіз. Бірақ ендігі жағында олар жұмыстарын қалай үйлестіреді, бұрынғы қалпын сақтап қала ала ма деген сауал көлденеңдейді. Мұны тегіннен-тегін айтып отырғанымыз жоқ, өйткені алдағы кезде «Қазпошта» АҚ-ның иесі өзгеріп, соған сай жұмысы да өзгеруі мүмкін. Өйткені «Қазпошта» ұлттық операторы сатылғалы жатқан көрінеді.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің мәлімдеуінше, Қазақстандағы пошта қызметінің ұлттық операторы «Қазпошта» АҚ сатылымға қойылыпты. Ол мәселе Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысында шешілген.
«Келесі компания − «Қазпошта». Осы жылдардың ішінде қор компанияға 28 млрд теңге инвестиция бағыттады. Шалғай аудандардағы желілерінде 8 млрд теңге шығыны бар. Жыл сайын республикалық бюджеттен бөлінетін субсидия көлемі – 4,2 млрд теңге. Сондықтан кеңесшілер оны сатуды ұсынады.
Әрине, бұл жұмыстар да оңай емес. Дегенмен мақұлданған жағдайда біз оны барынша табысты жүзеге асыра аламыз деп ойлаймын, –деді бұл жайында «Самұрық-Қазына» қорының Басқарма төрағасы.
Орталық пен шалғайдағы елді мекендерді байланыстырып, халыққа қызмет көрсетіп отырған «Қазпошта» АҚ секілді үлкен компанияны сатып алғалы отырған инвесторлар да бар екен. Дегенмен оны сатып алғандар қалай басқарады, оның қызметінің тиімділігін қалай арттырады, қандай жаңалық енгізеді, мәселе сонда.
Кезінде Алматының энергия өндіру және тасымалдау саласын сатып алып, ешқандай жаңарту жұмыстарын жүргізбей, тек халықтан алатын төлемді бірнеше есеге көтергеннен басқа түк істемей, елді қанаған «Трактебель» компаниясы сияқты, алдағы уақытта «Қазпоштаны» иелейтіндер де газет-журналдарды тасымалдағанының ақысын көтеріп, онсыз да қаржылық жағдайы мәз емес ұлттық баспасөзге салмақ салатын болса, оның зардабы ауыр болатыны белгілі. Демек, еліміздің мерзімді баспасөзінің, оның ішінде қазақтілді басылымдардың болашағы «Қазпошта» болашағының қандай болатынына байланысты болып тұр деген сөз...
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ