Алтын Орданың соңғы күні

Алтын Орданың соңғы күні

Алтын Орданың соңғы күні
ашық дереккөзі
Алтын Орда – XIII-XV ға­сырларда Еуразия құр­лығының басым бөлі­гінде, Ертіс өзені мен Дунай өзе­нінің аралығында өмір сүріп, одан кейін осы аралықта құрыл­ған бірнеше мем­лекеттердің, ондаған халықтар мен этнос­тардың этникалық тарихына ерекше ықпал жа­саған им­пе­риялық деңгейдегі мемлекеттік құрылым болды. Тарихшылар тарихи үдерістерді зерттеуде жүйелілік қағидасын қол­дана отыра, шартты түрде оны үш кезеңге, үш сатыға бө­ліп қарастырады. Оларға ны­санның пайда болуы мен қа­лыптасуы, одан кейін кү­шею мен нығаюы және ыды­рауы мен күйреу үдерістері жа­­тады. Өз кезегінде үш ке­зең­нің әрқайсысы өз ішінде оқиғалардың дамуына қарай тағы да бірнеше кіші кезең­дер­ге бөлінеді. 260 жылдық та­рихы бар Алтын Орда та­ри­хынан біз осындай үлкен ке­зеңдер мен олардың ішін­дегі кіші кезеңдерді көреміз. Жошы ұлысының құрылуы мен қалыптасуы және күшею үде­рістері – 1225-1359 жыл­дар аралығында болса, ал он­дағы ыдыраушылық үде­ріс­тер мен күйреуі 1360-1502 жылдары болады. Өте ұзаққа созылған соңғы кезеңнің өзі өз ішінде бірнеше кіші ке­зең­дерге – 20 жылға созыл­ған «дүр­белең» жылдар, 15 жыл­дық «қайта өрлеу», 24 жыл­дық «арпалыс» немесе «тақ үшін талас» жылдары мен ыды­раудың тереңдеу үдерісі жә­не толық күйреуі секілді ке­зеңдерге бөлінеді. Біз тө­менде Алтын Орда тари­хын­дағы соңғы екі кезеңге тоқ­та­лып, ыдыраудың тереңдеуі мен күйреу үдерістерін қа­рас­тыра отыра, Еуразиялық алып мемлекеттің соңғы кү­нін анықтап көрсетуге күш са­ламыз. 1395-1396 жылдардағы Әмір Темірдің Алтын Ор­даға жасаған екінші жорығы мен тонаушылықтарының қан­дай ауыр болғаны белгілі. Та­рих­шылар мұны «Алтын Орданың омыртқасы үзілді» деп бағалайды. Осы жорық­тан кейін Алтын Орда тари­хында жаңа дәуір – ұзаққа со­зылған ыдыраушылық дәуірі басталады. Бұл дәуірдің ал­ғашқы кезеңі 24-25 жылға со­зылып, Алтын Орданың сая­си сахнасына жаңа тұл­ға­ларды – Едіге биді, тұқай­те­мірлік Құтлық Темір ханды, Тас Темір ханды, Шәдібек хан­ды, Орыс ханның ұлы Қойыршақ ханды (болашақ қазақ ханы Жәнібек ханның атасы), Тоқтамыс ханның ұл­дары – Жалаладдинді, Жа­пар­бердіні, Кебекті, Кәрім­бердіні, Қадырбердіні және тағы басқа тұлғаларды шыға­ра­ды. Бұл тұлғалар ыдырау үдерісінің алғашқы кезеңінде же­келеген ұлыстарда хан бо­лып, ширек ғасыр бойы ор­талық билікті иелену үшін аяу­сыз күрестер жүргізеді. Сон­дай-ақ орталық биліктің әлсіреуі мен ондағы саяси тұрақ­сыздықтар бұрынғы ұлыс­тарды – Қырымды, Қа­жы­тарханды, Бұлғарды, Сібір­ді, Маңғыт және Өзбек ұлыстарын оқшауландыра тү­седі. Үміткерлер осы ұлыс­тарда хан болып сайланып, орталық билікке ұмтылады. Атақты Едіге бидің тарихи тұлғалық болмысы осы ке­зең­де айқын көрініп, ол «дүр­белең жылдар» кезеңін­дегі Мамай би секілді билікке айт­қанын екі етпейтін хан­дарды отырғызу арқылы ор­та­лық билікті сақтап қалмақ бо­лады. 1405 жылға дейін Тоқ­­тамыс ханның өзімен, одан кейін оның ұлдарымен күресіп, ақыры, 1419-1420 жы­­лы, 63 жасында Тоқтамыс хан ұлы Қадырберді ханмен Жайық өзені бойында өткен ашық шайқаста нағыз ерлер­ше қаза табады. Едіге бидің қазасынан кейін Алтын Ордадағы саяси дағ­да­рыс одан әрі өршіп, келесі ширек ғасырда шы­тынап тұрған ыдысты қатты жерге ұрып сындыр­ғандай, бірнеше дербес хандықтарға бөлініп кетеді. Алтын Орда тарихындағы 1420 жылдар аралығы өте ауыр болса, ғы­лыми жағынан өте күрделі кезеңдер қа­тарына жатады. Осы жылдары тұқай­темір­лік, әрі Тоқтамыс ханның аталас туы­сы Ұлық Мұхаммед хан, Қойыршақ ханның ұлы Барақ хан және тағы бір тұқайтемірлік үміткер Хұдайдад хандар саяси күрестің отын одан әрі қыздырады. Олардың соңғылары Сарай тағын иелен­генімен онда ұзақ отыра алмайды. Ақыры, 1425 жылы Еділ өзенінің батыс жағында Ұлық Мұхаммед хан тақты ие­леніп, өз атынан ақша шығара бастайды. Алтын Орда тарихының көрнекті зерттеушісі М.Сафаргалиев осы жылдардағы күрес барысын былайша тұжырымдайды: «Ұлық Мұхаммедтің билікке келуімен іс жүзінде Жошы ұлысының тек эконо­микалық жағынан емес, сонымен бірге саяси жағы­нан байланысы үзілген дербес екі бөлікке бөлінуі аяқталды. Еділдің баты­сын­да уақытша Ұлық Мұхаммед, шығы­сында – Шибан мен Орда Ежен ұрпақ­тарының билігі орнады». Осы жылдардағы оқиғалар барысы ауыз әдебиетінде де көрініс беріп, халық әндерінде «Арғы жағы Еділдің, бергі жағы...» деп айтыла бастайды. Еділдің бергі жағында немесе шығыс бөлігінде 1420 жылдары күрес тоқтамайды. 1421 жылы Едіге бидің ұлдарының бірі Мансұр би шибанилық сұлтан Қажы Мұхаммедті Сібірде хан сайлатып, өзі би болады. Оған қарсы Барақ ханның күрескені тарихтан белгілі. 1428 жылы Барақ хан оның қолынан қаза табады. Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында Алаша батыр, әрі би, әрі әулие бастаған жергілікті әмірлер мен бектер 17 жастағы шибанилық Әбілқайыр сұлтанды хан сайлайды. Өз кезегінде ол алдымен туысы Сібірдегі Қажы Мұхаммед ханды жеңіп, бытыраңқы Шибан ұлысын біріктіреді, сосын барып бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында билік құру үшін күрестер жүргізеді. Ол 1469 жылы қайтыс болады да, бұл аумақтағы билік Керей мен Жәнібек хандар бастаған ордаежендік әулеттің қолына көшеді. Ал Еділдің арғы жағындағы немесе батыс бөлігіндегі саяси жағдайға келсек, осы кездегі ресми хан Ұлық Мұхам­медтің әр күні күреспен өтті деуге болады. Оның басты қарсыласы – тұқайтемірлік әулеттің тағы бір өкілі, Едіге заманындағы Алтын Орда ханы болған Темір Құтлық ханның немересі Кіші Мұхаммед хан еді. Оған Едігенің ұлдары Ғази мен Наурыз билер және Қажытархандық бектер қолдау көрсетеді. 1428 жылы Қос Мұхаммед хан арасындағы күрес басталып кетеді. Күреске жергілікті басқа тайпа бектері де белсене араласып, олар да билікке өз үміткерлерін араластырады. Сондай үміткердің бірі – Тоқтамыс ханның немересі Сейіт Ахмет хан болатын. Оны 1433 жылы Қырымда қоңы­рат тайпасының бегі Айдар таққа отырғызады. Міне, осы үш тұлға әрқайсысы өзде­рін қолдаған ру-тайпа бектері­мен күрес отын одан әрі жалғастырады. Күрес тағдырын хандарды қолдаған жергілікті билер мен бектердің бағыты мен ұстаным­дары шешеді. Ақыры, Едігенің ұлы, ноғай биі Наурыз­дың көмегімен 1437 жылы тақ кіші Мұхаммед ханның қолына өтеді. Осы­лайша, Сарайдағы Ұлық Мұхаммед хан­ның билігі 12 жылға созылып, көзі тірі кезінде үлкен тақтан айырылады. Жеңілген ол біраз уақыттан кейін Бұлғар ұлысына барып, Қазан шаҺарын иеленеді. Сөйтіп, 1438 жылы Қазан хандығының негізін қа­лайды. Осы кезден бастап кейбір деректерде және соларға негізделген зерттеулерде Алтын Орда атауының орнына Үлкен Орда термині қолданыла бастайды. Бұл дегеніміз Алтын Орданың өз тарихындағы соңғы кезеңге, яғни күйреу кезеңіне көшкенін білдірсе керек. Көп ұзамай Алтын Ордадағы бай ұлыс болып саналатын Қырым да бөлі­ніп шығып, өз дербестігін жариялайды. Сонау 1395 жылы Қырым бектері тұқай­темірлік Тас Темірді хан сайласа, 1426 жы­лы қырымдықтар оның ұлы Дәулетбердіні тағы хан көтереді. Дәулетберді хан 1427 жылы аз уақытқа болса да Ұлық Мұхаммед ханнан Қажытарханды тартып алып, ақша шығарып үлгереді. Көп ұзамай ол тарт­ыс­тардың бірінің құрбанына айналады. Жоғарыда айтқанымыздай, қоңырат бек­тері Тоқтамыстың немересі Сейіт Ахмет ханға тақты ұсынады, бірақ ол жергілікті билермен тіл табыса алмай тақтан түсірі­леді. 1441 жылы бірнеше жылғы үзіліс­терден соң тұқайтемірлік әулеттің өкілі, Тас Темір ханның немересі, Гиясаддиннің ұлы Хажы Керейді тағы да Қырым бектері Литва княздігінен шақыртып, хан сай­лайды. Содан бері 1783 жылға дейін Қырым билігі осы әулеттің қолында қалады. Ал Сейіт Ахмет хан болса 1455 жылға дейін Төменгі Еділ мен Днепр аралығында көшіп-қонып жүріп, өзін Алтын Орданың тікелей мұрагерімін деп санайды. Едігенің өлімінен кейін оның ұлдары құрыла бастаған жеке хандықтарда беклербек қызметтерін атқарса, 1440 жыл­дары кіші ұл Нұраддин Еділ мен Жайық ара­лығында Маңғыт ұлысы тайпаларын қай­та қосып, ұлысты Ноғай Ордасына айналдырады. Осылайша, XV ғасырдың 30-40-жыл­дары Алтын Ордадағы саяси дағдарыс өз мәресіне жетіп, империяны ыдыратып тынады. Оның аумағында дербес Қырым, Қазан хандықтары мен Ноғай Ордасы, Сейіт Ахмет хан Ордасы секілді мемлекеттер пайда болады. Ал орталық бөлікте Алтын Орданың мұрагері болып қалған иелік тарихта Үлкен Орда хандығы деп аталады. 1437 жылы Алтын Орда та­ғына келген кіші Мұхаммед ханды тарих­шылар Алтын Орданың соңғы ханы деп есептейді. Сонымен қатар оны Үлкен Орданың алғашқы ханы деуге болады. Сөйтіп, 1440 жылдардан бастап Алтын Орда тарихындағы соңғы кезең – Үлкен Орданың күйреу кезеңі басталады. Кіші Мұхаммед хан Үлкен Ордада 1437-1459 жылдары билік құрды. Бұл жылдары Еділдің арғы жағында пайда болған хандықтар халықаралық қатынас­тарда мойындалып, өз мүдделеріне сай сыртқы саясат жүргізе бастайды. Қырым хандығы түрік сұлтанымен, Мәскеу княз­дігімен жақсы саяси қатынастар орнатса, Үлкен Орда Литва княздігімен одақтасады. Ал Сейіт Ахмет хан болса, тонаушылық жо­рықтар арқылы барлық көршілерімен жауласады. Әр хандықтың билеушілері енді орталық билікті иеленуден гөрі, өз шекараларын көршілер есебінен кеңейтуді мақсат етеді. Өйткені бұрынғы экономи­калық байланыстар мен сауда жолдарының бұзылуы оларды жаңа жерлерді иеленуге итермелейді. 1455 жылы Қырым ханы Хажы Керей мен Сейіт Ахмет хан арасындағы күресте Қырым ханы толық жеңіске жетіп, зор беделге ие болады. Хажы Керей хан өзін Алтын Орданың иесі ретінде санайды. 1459 жылы Кіші Мұхаммед хан қайтыс болып, артында Махмұт және Ахмет атты ұлдары қалады. Алғашында үлкен ұл Мах­мұт хан тақты иеленсе, 1465 жылы одан Ахмет хан билікті тартып алады. Ал Мах­мұт болса, өз жақтастарымен қашып, Қа­жы­тарханды басып алады да, жеке Қа­жытархан (Астрахан) хандығының негізін қалайды. Осылайша, Үлкен Орданың оңтүс­тік бөлігі одан бөлініп кетеді. Үлкен Орданың билеушісі Ахмет хан – ­зерттеушілердің пікірінше Мәскеу княздары саяси жағынан тәуелді болған Үл­кен Орданың соңғы билеушісі. Оның би­лігі тұсында Үлкен Орда біршама нығая­ды. Маңғыт биі, Үлкен Ордада беклербек лауазымын атқарған Темір би арқылы ол Ноғай Ордасымен жақсы қаты­нас орнатып, Оқас бидің бір қызына үйле­неді. 1470-1471 жылдары Ахмат ханның Шығыс Дешті Қыпшақтағы саясаты нәтижелі болып, Хорезм аймағына оның үстемдігі орнатылады. Астрахан билеушісі Махмұт ханның ұлы Қасым хан оған бағы­ныштылығын білдіреді. Сөйтіп, Ахмет ханның Алтын Орданы қалпына келтіру жолындағы алғашқы саясаты сәтті жүзеге аса бастайды. Бірақ та оның осы бағыттағы мақ­­са­тына жетуіне Қырым хандығы кедергі жасады. Сол себепті де 1470 жыл­дардың ортасынан бастап Қырым ісімен айналысады. Алғашында Қырым мен Үлкен Орда арасындағы қарым-қатынас бақта­ластық сипатта жүрсе, осы жылдардан бастап ашық жаулық сипатқа ие болады. Алғашында Ахмет ханның саясаты жемісті басталады. 1475 жылы Қырым ханы Меңлі Герей ханға туған бауырлары қарсы бас көтеріп, тақтан қуады да, оның орнына ағасы Нұрдәулет отырады. Көп ұзамай олардың арасында да жанжал басталып, күре­суші жақтың бірі Ахмет ханды көмекке шақырады. Сөйтіп, 1477 жылы Үлкен Ор­даның көмегімен қажытархандық Махмұт ханның ұлы Жәнібек хан Қырым тағын иеленеді. Еділдің арғы жағындағы ірі саяси күш – Қырымда өз адамын отырғызу ар­қылы негізгі мақсаты – Алтын Орданы қал­пына келтіргендей болады. Бірақ оқиғалар барысы тез өрбіп, түрік сұлта­нының көмегімен Меңлі Герей хан 1478 жылы Жәнібек ханды қуып, тақты қай­тарып алады. Мұндай оқиғалардан кейін Қырым ханы Меңлі Герей хан Ахмет ханды өзінің негізгі жауы ретінде санайды. 1470 жылдардың ортасында күшейе бастаған Үлкен Ордаға қарсы Мәскеу мен Қырым арасында одақтастық қалыптасады. Ол екі жаққа да тиімді болады. Нәтижесінде, Қырым да, Мәскеу де осы одақтастықтың арқасында анағұрлым өз мәртебелерін сақтап қоймай, одан әрі нығайтады. Тіпті, Қырым ханы Мәскеу князін бұрынғыдай, тәуелді «құлым» деп санамай, жазған хаттарында оны туыс «бауырым» деп атай­ды. Мәскеу князі үшін бұл өте психоло­гиялық және идеологиялық жеңіс болады. Ахмет ханның батыстағы келесі бір саясаты – Мәскеу княздігінің Үлкен Ордаға тәуелділігін қалпына келтіру еді. Ол 1472 жылы Мәскеуге сәтсіз жорық ұйымдас­тырған болатын. Ахмет ханның Қырымды алғаннан кейінгі Мәскеуге жіберген елшісіне III Иван тарапынан құрмет көр­сетілсе, Қырымнан айырылғаннан кейінгі хан жарлығы елші көзінше жыртылады. Бұл Мәскеудің бұдан былай Үлкен Ордаға салық төлемейтінін, тәуелді болмайтынын білдіреді. Оның ақыры 1480 жылғы Ахмет ханның Орыс жеріне жорық жасауына алып келеді. Угра өзені бойындағы үш айлық «текетірес» Ахмет ханға ешқандай пайда әкелмеді, керісінше қорғаныста болған Мәскеу ешбір ұрыссыз жеңімпаз болды. 1480 жылғы жорық қорытын­дысының Мәскеу үшін маңызы қандай зор болса, Үлкен Орда үшін зияны дәл сондай болды. 1481 жылы қаңтарда Ахмет хан қар­с­ыласы Ибақ ханның қолынан қаза табады. Жалпы, салыстырмалы түрде айт­сақ, Ахмат хан тұсындағы Үлкен Орданың біршама күшеюін сөнер алдын­дағы оттың соңғы рет лап етуімен теңе­тіру­ге болады. Ахмет ханның көп ұлдарының ішін­де Мұртаза, Сейіт Ахмет және Шейх Ахмет атты ұлдары әкелерінің жолын жалғастырды. 1481 жылы Шейх Ахметті жергілікті тайпа бектері хан сайласа, 1485 жылы Сейіт Ахмет, ал 1486 жылы Мұртаза өздерін хан етіп жариялайды. Сөйтіп, Үлкен Орда аумағында бір-біріне бағынбайтын үш хандық қалыптасады. Үш хан кейде бірлесіп, кейде араздасып жүреді. Дегенмен де, негізгі хан болып Шейх Ахмет хан саналды және ол тарихта Үлкен Орданың соңғы билеушісі болып есептеледі. Үлкен Орда тарихындағы соңғы онжылдық кезең Қырым ханды­ғымен жүргізген саясатпен байланысты. 1490 жылдары үш ханның әрқайсысы кей­де жеке, кейде бірігіп, бірнеше рет Қырымға жорықтар ұйымдастырады. Тіпті, дипло­матиялық қулықтарға да барады. Олардың жорықтары біршама сәтті болғанымен, толық мақсатына жетпейді. 1490 жылдардың ортасында ағайынды хандар арасында алауыздық болып, тіпті Шейх Ахмет хан тақтан айырылады. Бірақ көп ұзамай таққа қайта оралады. Бұл жағ­дай оның беделін одан әрі төмендетіп жі­бере­ді. Ол енді түпкі мақсатына жету үшін дипломатиялық жолды таңдап, 1497-1498 жылдары бірнеше рет Литва княздігіне елші аттандырады. Алғашқы елшіліктер сәтсіз аяқталса, соңғысын Литва князі тіпті қа­был­дамайды да. Осылайша, Шейх Ахмет хан­ның жағдайы мүлде нашарлап кетеді. 1500 жыл Үлкен Орда халқы үшін өте қиын жыл болды. Көшпелі ру-тайпалар үшін ең маңызды шұрайлы жайылымдық жерлердің аздығы жаңа жерлерге көшуге итермелейді. Шейх Ахмет ханға бағыныш­ты жекелеген рулар біртіндеп оны қалды­рып кете бастайды. Көшкендердің көпшілігі Қырымды паналайды. Көшкендер ішінде Үлкен Орданың белгілі танымал тұлғалары да болды. Ал Қырым ханы болса оларды қуана қарсы алып отырды. 1500-1501 жылдың қысында Шейх Ахмет хан Қырымға шабуыл жасауды ойластырады. Мақсаты Днепрдің төменгі бойы мен Днестр аралығындағы жайылым­ды жерлерді иелену болатын. Оның үндеуіне тек бауыры Сейіт Ахмет хан ғана қосылады, ал қалған бауырлары мен өзге жақ­тастары бас тартады. Қырым ханы болса одан хабардар болып, әскер жиып, қарсы тұрады. Екі жақ әскері Дон өзені бойында кездеседі. Осы кезде үлке­н­ордалықтар жағында болмашы жағдайға бай­ланысты екі хан арасында кикілжің болып, Сейіт Ахмет хан өз ұлысымен кейін көшіп кетеді. Ал Қырым ханына уәде бойынша Мәскеуден он мыңдық әскер келмейді. Сан жағынан Үлкен Орда әскері көп болатын. Меңлі Герей хан болса, әскердің азық-түлігінің таусылғанын желеу етіп, кейін шегінеді. Бұл текетірестің нәти­жесінде Шейх Ахмет хан өз дегеніне жетеді. Үлкен Орданың Қырымға жақын келіп қыстауы ол үшін өте қауіпті еді. Сол себепті де Қырым ханы өзіне төніп тұрған қатерден құтылу үшін келесі жылғы шешуші шайқасқа мықтап дайындалады. Шайқас қарсаңында Қырым жағында Осман империясы, Қазан хандығы, Мәскеу княздігі және Молдова болса, Үлкен Орданың бұрынғы одақтастары – Литва княздігі, Ноғай Ордасы және Қажытархан хандығы бұл жолы бейтараптық танытады. Басқаша айтқанда, өз заманында атағымен бүкіл әлемді тітіренткен Алтын Орданың тікелей мұрагері – Үлкен Орда өз тарихы­ның соңғы айлары мен күндерінде ешкімге керексіз боп, жалғыз қалады. Шейх Ахмет хан Сула өзенінің Днепрге құятын жерінде бекініс салдырып, ордасын сонда орнатады және Қырым әскерін сонда күтеді. Екі хан да қарсыластар жағында не болып жатқаны­нан жасырын түрде хабардар болып тұрды. Әсіресе, Меңлі Герей хан қарсыласының әр демін біліп тұрды деуге болады. Өйткені қыстың қатты суығына тоңып, ашыға бастаған Үлкен Орданың көптеген рулары толығымен Қырымға ағылып жатқан еді. Тіпті, осы жылы қыста Шейх Ахмет ханның көп әйелдерінің бірі өз жақтастарымен Қырымға қоныс аударады. Бұл жағдай Шейх Ахмет ханды қалай әлсіретсе, Меңлі Герей ханды дәл солай күшейтеді. Екі жақ арасындағы шешуші оқиға 1502 жылдың маусым айында өтеді. Оқиға барысы былайша өрбиді. 1502 жылдың 14 сәуірінде Меңлі Керей хан Кефеде түрік сұлтанының ұлы Мехмедпен кездесіп, Қырық Ерге қайтып оралады. Ол 27 сәуір күні, яғни оразадан он күн өткен­нен кейін жорыққа аттануды жоспарлайды. Бірақ Мәскеу елшілігінің келуіне байла­ныс­ты кешігіп, 3 мамырда ғана атқа отырады. Қырымды артқа қалдырып, Самара өзені бойында (қазіргі Днипро, бұрынғы Днепропетровск қаласы маңы) бірнеше күн аялдайды. Үлкен Ордадан Қырымға қарай қоныс аударғандардың айтуынша, Шейх Ахмет ханның Ордасынан Перекопке дейін 9-15 күндік жол екенін естиді. Самара бойы­нан Қырым ханы Мәскеу князі III.Иванға елшілік арқылы хат жазып, онда өзіне көмекке 20-25 маусымға дейін қарулы атқыштар отрядын жіберуді сұрайды. 1502 жылдың маусым айының алғашқы жартысында екі жақ тарапынан қандай оқиғалардың болғаны жөнінде ешқандай деректерде айтылмайды. Мүмкін, шайқасқа дейін Үлкен Орда тайпаларының Қырымға іш тартып тұрғанын байқаған Шейх Ахмет хан ашық майданға шығудан бас тартқан шығар. Мүмкін, тағы да ханның ең сенімді адамдары қырымдықтар жағына шығып кеткен шығар. Не болмаса, шайқас өтіп, қырым әскері толық жеңіске жеткен де шығар. Қалай болғанда да, Алтын Орданың туын құлатып, оны тарихтың көшіне қалдырған бұл оқиға жөнінде әзірге нақты жазба дерек мәліметтері табылғанға дейін біз осындай пікірлерде боламыз. Меңлі Герей ханға мәскеулік әскери күштің көмегі қажет болмай қала­ды. 15 маусымда Меңлі Герей хан одақ­тасы Мәскеу князіне қарсыласы Шейх Ахмет ханды жеңгені жөніндегі қуанышты ха­барын баяндайды. Онда ол былай деп жа­зады: «А се Менли – Гиреева грамота. Мен­ли-Гиреево слова. Великому князю Ивану, брату моему, много поклонъ. Слава богу, Шихъ-Ахметя недруга нашего, розогонивъ, орду его и весъ его улусы Богъ в наши руки далъ». Сөйтіп, бұл күн, яғни 15 маусым нақты айтқанда Үлкен Орданың, ал жалпы алғанда, Алтын Орданың толығымен күйреген күні болып есептеледі. Осылайша, 260 жыл бойы Еуразия аумағындағы ең қуатты мемлекет­тер­дің бірі болып, ондағы халықтар мен мемлекеттердің тарихына зор ықпал жаса­ған Алтын Орданың қалай күйрегені жө­нінде бір ғана сөйлеммен айтылады. Ал Шейх Ахмет хан болса, өзінің се­німді 300 адамымен қашып Қажы­тар­ханға барады. Біраз уақыттан кейін онымен тіл табыса алмай, сол маңды уақыт­ша мекендейді. Мәскеумен, Литвамен одақ­тасуға талпыныстар жасайды. Бірақ ол нә­тиже бермейді. Ноғайлармен одақтасып, Қажытарханды басып алуға жасаған әрекеті сәтсіз аяқталады. 1504 жылы түрік сұлта­нына хат жазып, өзіне қоныс сұрайды, бі­рақ одан қолдау таппайды. Ақыры, ол 1505 жылы Киевке барады, сонда тұтқын­далып, Литва княздігіне жіберіледі. Ұлы князьдің сарайында құрметті қонақ ретінде ұста­лады. Литва тұтқындағы ханды Қырым­ға қарсы саясат үшін ұзақ ұстап, тек 1527 жылы ғана саяси жағдайлар өзгергеннен кейін босатады. Ол Қажытарханға келіп, өзін қолдаушылардың арқасында таққа келеді, бірақ келесі жылы, яғни 1528 жылы о дүниелік болып кетеді. Алтын Орданың соңғы ханының өмірі осылай аяқталады. Жеңіске жеткен Меңлі Герей хан болса, өзіне «Ұлы хан», «Атақты хақан», «Әлем әміршісі» деген бірнеше титулдарды қосып алады. Сондай-ақ өзінің одақтастарына жазған хаттарында «Екі құрлықтың әміршісі және екі теңіздің хақаны» деп жазады. Енді жоғарыда айтыл­ған барлық ойларымызды түйіндей келе, мынадай тұжырымдар жасаймыз. Екі жарым ғасырдан астам тарихы бар Алтын Орда өзінің ыдырау ке­зеңін­де бірнеше жеке хандықтарға бөлініп, оның мұрагері ретінде қалған Үлкен Орда тағы да 70 жылдай өмір сүреді. Оның би­леушілерінің мақсаты Алтын Орданы қалпына келтіру болады. Бірақ қалыптасқан жаңа саяси жағдайлар оған мүмкіндік бер­мейді, керісінше, Қырым, Қазан хан­дықтарының билеушілері біріктіруші рөлін иеленуге ұмтылып, өзара күрестер одан әрі жанданады. Күрестер барысында хандардың мықтылығы оларды қолдаушы ру-тайпа билері мен бектеріне тікелей тәуелді болды. Алтын Орданың ең күшейген кезеңінде оның барлық тұрғындары жал­пылама өзбек этноқауымдастығы болып саналса, ал ыдырау кезеңінде жекелеген аймақтарда ұлттық бірегейлік, ұлттық сана-сезімдер қалыптаса бастайды да, ол қайта бірігуге жол бермейді. Өз кезегінде ол ұлттық сипаттағы мемлекеттердің қалып­тасуына әкеледі. Хандықтар арасындағы өзара күрестерге басқа себептерімен қатар осы себептер жатады. Үлкен Орда тарихы отандық тарих­намада өте аз зерттелген тақырыпқа жатады. Оны қарастыру арқылы Қазақ хандығының тарихымен байланысты тұс­тарын кездестіреміз, сол арқылы отандық тарихтың кейбір мәселелерін дұрыс түсіндіруге мүмкіндіктер ала аламыз. Соңында айтарымыз, 1502 жылдың 15 маусымы – Алтын Орда тарихын­дағы қаралы күн, оның тарих көшінде қал­ған күні болып саналады. Оны еске алу арқылы біз «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген атадан қалған асыл сөзді есте ұстауы­мыз керек.

 Берекет КӘРІБАЕВ,

ҰҒА корреспондент-мүшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы