Тағы да туризм туралы

Тағы да туризм туралы

Тағы да туризм туралы
ашық дереккөзі
Әне-міне дегенше, жаздың алғашқы айын орталадық. Әдетте жыл сайын осындай кезде демалыс орнын іздеген халықта есеп болмайтын. Ал биыл туризм басқаша тыныстайтын секілді. Пандемияға дейін туризм әлем­дік экономикада аса жылдам дамып келе жатқан саланың бірі бола­тын. Пан­демия кезінде бұл сала дағда­рыс­қа ұшырап, шығынға батты. Мәселен, Еуропаның халықаралық туризм секторы 407 миллиард АҚШ доллар кірістен айырылып, осы саладағы 27 миллионнан астам адам жұмыссыз қалды. Бұл күнде әлемге әйгілі туристік орын­дардың 96 пайызы жабылған. Ал дүниежүзілік туризм ұйымы сая­хатшылардың саны 80 пайызға дейін азаятынын айтты. Туризм са­ласында миллиондаған адам жұ­мыс­сыз қалды, табыс көзінен айырылды. Әлемдегі бұл ахуал Қазақстанды да айналып өтпеді. Карантин шектеулерінің енгі­зілуіне байланысты шағын және орта бизнесті қолдау шаралары негі­зінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев туризм қызметі субъек­тіле­ріне көмектесуді тапсырған болатын. Сондай-ақ ішкі туризмді қолдау негізінде 14 жас­қа дейінгі балалар Қа­зақстан ішінде ұшақпен тегін ұшу­ға мүмкіндік алды. Мәдениет және спорт ми­нистрлігі Туризм ин­дустрия­сы комитетінің төрағасы Дас­тан Рысбековтің айтуынша, ата-аналарымен бірге ел ішінде сая­хат­тайтын 14 жасқа дейінгі және 14 жасқа толған балалар ұшақпен тегін қа­тынай алады. Мұндай жеңілдік тек қа­зақстандықтарға қатысты. Ко­ми­теттің мұндай шешімі, әсіресе бала­лары­мен бірге демалысқа баратын ата-аналарға әжептәуір жеңілдік бол­мақ. 2020 жылғы 17 сәуірден бастап Үкі­мет Қазақ­стан­ға виза арқылы ғана кіре алатын 50-ден астам елді бе­кітті. Моңғолия, Қырғыз Респуб­ли­касы, Өзбек­станда Қазақстан се­кілді визалық режим жоқ. Тек қазір карантин кезінде шетелдік турис­тер­ге кіруге шектеу бар. Визалық ре­жим­ге қоса індетке байла­нысты жа­рия­ланған шектеу шаралары онсыз да ақ­сап тұрған туризм саласы үшін жы­ғылғанға жұды­рық болғаны анық. Бірақ бір нәрсе анық – қа­зақ­стан­дық туристердің биыл елімізде де­малғаннан өзге амалы жоқ. Мамандар халықтың үй жағ­дайын­да көп уақыт отыруы туризм­нің дамуына оң әсерін тигізуі мүмкін деп болжап отыр. Шетелге шыға алмайтын қазақ­стандықтар ішкі ту­ризмді дамытуға үлес қосады. Одан бөлек, той бизнесінің тоқтауы да қазақстандық отбасылардың біраз шы­ғынын азайтқаны даусыз. Былай қа­расаңыз, тойдан үнемдеген қаржысын жаздық демалысқа жұм­сау – ақылға қонымды іс. Алайда тең­ге бағамының өзгеруі мен екі айға жуық уақыт табыс көзінен айырылу тұрғындарды дема­лысқа кететін шығындарды қысқартуға мәж­бүр етуі де мүмкін. Өйткені біздің елде демалу бұрыннан қым­бат. Содан болар, «Ішкі туризмнің сапасына неге көңі­ліңіз толмайды?» деген сұраққа әлі күнге дейін «бағасы қымбат» деген жауап береміз. Бура­байда демал­ғаннан Анталияға бар­ған арзанға түседі деушілер де бар. Бұл сөздің де жаны бар. Отандық де­малыс орындарына шамамен 7-10 күн­ге кем де­генде 250-350 мың теңге жұмсайсыз. Бару-келу ұшақ билетін алдын ала алсаңыз, осы сомаға түрік елінде де демала аласыз. Ал елімізде демалушыларға ұсы­нылатын қызмет түрлерінің сапасы жолға қойыл­­ма­ғанын ескерсек, отандастарымыздың шетел асып демалуын түсінуге бола­тындай. Kazakh Tourism ұлттық компа­ниясы АҚ басқарма төрағасы Өркен Бисақаевтың айтуынша, Щучинск-Бурабай курорттық аймағында үш жұл­дызды қонақ үйде таңғы ас қам­тылған стандартты нөмірде жазғы кезде демалу құны бір ересек адамға 10 мың теңгеден 30 мың теңге ара­лығында. Сарыағаш курорттық аймағында стандартты нөмірде тұру баға­сы 11-15 мың аралығында болса, Ала­көл жағалауында пан­сионы то­лыққанды демалыс базаларында бір нөмір­дің құны 10-12 мың теңге ара­лығында. Жалпы, жоғарыда аталған орта­ша бағалардан екі есе арзан немесе үш есе қымбат демалыс орындарын да табуға болады. Бұл туристің қа­лауы мен қалтасына бай­ланысты нәр­се. Десе де, елімізде шипажайлар ара­сында сауатты бә­се­келестіктің болмауы бағаның шарықтауына алып келіп отыр. Маусымдық кезең­де 2-3 ай ғана жұмыс істеп, 1 жылдың пайдасын тапқысы келетін кә­сіп­­кер­лер де кездеседі. Мұндай жағдайда кәсіпкер мен қарапайым халыққа инвесторлар көмекке келуі тиіс. Қоғам белсенділері тарапынан да жыл сайын отан­дық туризмді да­мыту бойынша ұсыныстар ай­тылады. Тіпті, кезінде жол бойындағы әжет­ханалар үлкен әңгіме болған еді. Сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы елімізде неміс технологиясымен мың дәретхана салына­тынын, оған қажетті қаржы есептеліп жатқанын және 2025 жылға қарай елімізде бұл мәселе толы­ғы­мен шешілетінін айт­қан болатын. Автожолдар бойы­на санитарлық тораптарды орнатып қою­мен іс біт­пей­ді, бұл ары қарай оның тазалығы мен жөндеу жұмыс­­тарын да өз деңгейінде жалғастыру керек деген сөз. Реті келгенде айта кетуіміз керек, елі­мізде туризмді тұралататын тағы бір кедергі бар. Ол – жол сапасы. Әсі­ресе, Алакөлге барар жолдың жырын айтып шағымданатындар көп. «Жол азабын тарқан білер» деген­дей, демалыстың рахатынан машақа­тының көп екенін ең алды­мен қарапайым халық сезінеді. Десе де, көп ұзамай жол мәселесі де өз шешімін табар деген үміт басым.   Әсел КЕРІМБАЙ, кәсіпкер:

 Алакөлдің демалыс маусымы – 45-ақ күн

 width= – Алакөлдегі «Шипа су» демалыс үйі биыл туристерге ұсынатын қызмет құнына 1 000 теңге қостық. Олай етпеске болмады, карантиннен соң азық-түлік бағасы өсіп кетті. Қызмет құнын көтермесек, өз шығынымызды ақтай алмаймыз. Біздегі демалыс құны 1 адамға 3 мезгіл тамағын қосып есептегенде 5-13 мың теңге ара­лығында. Мұндай ақшаға сіз үлкен қалада жүріп 3 рет тамақтана алмайсыз. Ал біз осы сомадан қызметкерлердің жалақысын төлеп, келушілерді 3 мезгіл тамақтандырып, қызмет көрсетіп, көңіл көтеру шараларын жасауымыз керек. Елімізде туризмнің тұралауына бірнеше себеп бар. Бірінші кезекте бізді шетелмен салыстырады. Мәселен, сервистің жоғары түрі Түркияда, Таиландта, Египетте бар, Қазақстанда жоқ деп жатады. Бірақ 1878 жылы АҚШ үкіметі Түркияға инвестор болып, алғашқы туристік қызмет көрсету мамандарын даярлайтын оқу орнын салғанда, біз жоңғарлармен соғысып, киіз үйде тұрып жатқанымызды еске алмайды. Бұл жағдай түріктерге мемлекеттік деңгейде үлкен инфрақұрылым алып келгендіктен, олардың қызмет көрсету контингенті бүкіл әлемді қамтиды. Екіншіден, Алакөл еліміз бойынша жағажайлық демалыстар ішінде көшбасшысы болғанымен, біз аз ғана топқа қызмет көрсетеміз.  Қазақстанмен қатар Ресейдің аздаған туристерін қабылдаймыз. Өйткені Алакөлдің шетелдегі жарнамасы аз, ал Қазақстанда тіпті Алакөлді әлі білмейтіндер бар. Үшіншіден, бізде ең басты мәселе – маусым өте қысқа, бар болғаны 45-ақ күн. Ары кетсе 2 ай өндіре жұмыс істейміз, қалған уақытта бірен-саран адам келеді. Біздің жақтың жазы ыстық, қысы суық келеді. Сол себепті әр жыл сайын жаңадан бизнес ашқандай дайындық жұмыстары жүреді. Өйткені әдемі жасап қойған ғимараттарыңыз қыста желден, суықтан тоз-тозы шығады. Маусым басталғанға дейін қайтадан жөндеуге тура келеді. Бұл – қосымша шығын. Сонымен қатар екі-ақ ай маусымдық уақытқа кәсіби, біліктілігі жоғары мамандар жұмыс істеуге келмейді. Ешқандай маман екі айлық жұмысқа бола өзінің он ай бойы істеген тұрақты жұмысын тастап кетпейді. Келген күннің өзінде, аспандағы бағаны сұрайды. Кез келген турист қай жерде демалатынын өзі шешеді. Бірақ бір нәрсе анық. Қазақстандық турист шетелде демалса, ол сол елді дамытады, экономикасына инвестиция салады және сол халықты байытады. Алакөлдің шығыс бөлігі жаз маусымында 50 мың адам жұмыс қамтамасыз етіп отыр. Осылайша, әрбір турист Алакөлге келу арқылы 50 мың адамның жыл бойы дұрыс өмір сүріп, өзін-өзі асырауына көмектесіп отыр.   Динара БОЛАТ, журналист, психолог, блогер:

Біздің елде қонақүй таңдау мүмкіндігі аз

 width= – Жақында Көлсай, Қайыңдыға барып қайттым. Қарасаң сұлулығына көзің тояды. Табиғаты көркем, барып көруге тұрарлық жер. Көлсай туризмінің қарқынды дамығанына 3-4 жылдың шамасы болды. Бұл жерлерге шетелден жабайы саяхатты ұнататын туристер келеді екен. Туристерді Алматыдан шығатын арнайы туроператорлар апаратынын көріп қуанып қалдым. Одан бөлек сол аймақтағы халық жол талғамайтын көлікпен отбасымен, достарымен жиналып, табиғат аясына саяхатқа шығады екен. Бұл да туризм мәдениетінің дамып келе жатқанын көрсетеді. Қайыңды мен Көлсай маңындағы Қарабұлақ, Саты ауылдарының жергілікті тұрғындары туристерге қызмет көрсетіп отыр. Ауыл тұрғындары туристерге жатар орынға өздерінің баспанасын ұсынады және тамағын дайындап береді. Дегенмен қызмет көрсету сапасы мен туристерге жасалып жатқан жағдай төмендеу. Мен өз елімізде ылғи барған жерімде «Мені қалай қарсы алады екен?» деп шетелдік саяхатшының көзімен қараймын. Себебі мен де шетелге саяхаттағанда ұнайтын жерін байқап, ұнамайтын жерін сынап жүремін. Сол секілді шетелдік туристердің көзімен қарап, көрші Өзбекстанмен, таулы аймақтағы Грузиямен салыстыра отырып, Қайыңды мен Көлсайдың айналасындағы жағдайдың төмендеу екенін байқадым. Саты мен Қарабұлаққа дейін жол бар, ар жағына жету қиын екен. Дегенмен тұрғындар туристерді ары қарай УАЗ көліктеріне салып алып немесе атқа мінгізіп тасып жатыр. Жергілікті халық үшін бұл да кәсіптің бір түрі. Бірақ шетелдік туристер тұрмақ, қазақтың өзі жағдайды, жайлылықты жақсы көреді. Сондықтан бұл жерлерге әлі де біраз өзгерістер керек.