Түркі бірлігінің алтын арқауы
Түркі бірлігінің алтын арқауы
Тұтас түркі әлемін түгендер болсақ, ол өте кең аумақты алып жатыр. Көне дәуірдегі көшпенділер тұсында олар бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болды. Түркі тектес тайпалар негізінде талай мықты хандықтар, империялар өмір сүрді. Отырықшылық мәдениетке көшіп, елдердің шекарасы белгіленген кезеңдерден бастап түркі тайпалары бір-бірінен алшақтай бастады. Кешегі кеңестік билік тұсында олардың бас қосуына тіптен де мүмкіндік болмады. Кеңестік жүйе ыдыраған соң ғана туысқан халықтардың рухани-мәдени байланысы арта түсті. Осы кезеңде түркі әлемі басшыларының бір үстел басына жиналып, ортақ мәселені талқылауына Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесі өлшеусіз. Елбасының осынау еңбегін бағалаған түркітілдес ел басшылары оған түркі әлемінің Жоғары орденін табыстаған болатын. Салтанатты марапаттау шарасы өткен жылы қазан айында Әзербайжан астанасы Баку қаласындағы «Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің мәжілісі» кезінде болды. Сонымен қатар осы жиында Нұрсұлтан Назарбаевқа «Түркі кеңесінің Құрметті Төрағасы» мәртебесін де берді. Туысқан түркі халықтары Қазақстанды байырғы атажұрты деп есептейді. Қазақ хандарының бас ордасы болған Түркістан қаласына облыс мәртебесі берілгеніне де 1 жылдан асты. Түркістан – түркі халықтарының алтын бесігі. «Қасиетті Түркістанға деген мақтаныш сезімі әр қазақтың жүрегінде ұялаған. Түркістан тек бізге ғана емес, күллі түрік жұртшылығына қасиетті әрі қадірлі мекен. Халқымызда «Мәдинада Мұхаммед, Түркістанда Ясауи» деген сөз бар. Осындай сан алуан факторлар Түркістанды тұтас тұран даласының, түбі бір түркі жұртының рухани орталығына айналдырды. Былтыр түркі мемлекеттері Түркістан қаласын түрік әлемінің мәдени астанасы деп жариялады. Осыған орай мұнда ТҮРКСОЙДЫҢ қолдауымен 40-тан астам іс-шара өткізілді. Түркі әлемінің мәдени орталығы деп танылды. Осының барлығы Түркістанды облыс орталығы деп жариялауымызға себеп болды», – деген болатын Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысының ашылу салтанатында. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі әлемі арасындағы бірлікті нығайта түсу жолындағы еңбегі жөнінде туысқан түркі ғалымдары мен ТҮРКСОЙ Бас хатшысының пікірі төмендегідей.
Дүйсен ҚАСЕЙІНОВ, Түркі мәдениеті және өнерін дамыту халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы:
Түгел түркінің қадірлісі
– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – түркітілдес елдердің мемлекет басшыларының да, қарапайым халқының да арасында әбден танымал болған, мойындалған, түркі әлемінде елдің бәрі ерекше жақсы көретін тұлға. Кезінде Түркияның 11-президенті Абдуллах Гүлдің «Тұтас түркі әлемінің дана ақсақалы» деген бір ауыз сөзі, қазір ол кісіге деген құрмет пен мәртебенің синониміне айналды. Елбасы сонау тәуелсіздік жылдарының бас кезеңінен бастап-ақ, бауырлас түркітілдес халықтардың мәдени байланыстарына басымдық берді. Соның арқасында түркі халықтары арасындағы алғашқы халықаралық ұйым – ТҮРКСОЙ ұйымы 1993 жылы, еліміз енді ғана бодандық бұғауынан босап жатқанда құрылып, қызметіне кірісті. Кейіннен Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен ТҮРКСОЙ-ға серіктес ұйымдар – ТүркПА,Түрік кеңесі, Түркі академиясы, Түркі мұрасы және мәдениеті қоры сияқты түркітілдес елдердің интеграциялық ұйымдары да құрылды. Бүгінде аталған ұйымдардың үйлесімді қызметінің арқасында түбі бір түркі елдері арасындағы саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік байланыстар жоғары деңгейге жетті. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымына Бас хатшы болып қызметке келгелі ол кісінің біздің ұйымға деген ерекше ықыласына, қуатты қолдауына бірнеше рет куә болдым. Тіпті, осы қызметке келуіме де Елбасының тікелей тапсырмасының себеп болғанын айтуға тиіспін. Біздің ұйымдағы кейбір ірі жобалар мен игі дәстүрлердің қалыптасуына да ол кісінің септігі тиді. Мәселен, Елбасы Н.Назарбаев 2009 жылғы Түркияға жасаған ресми сапары аясында Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының штаб-пәтеріне арнайы келіп, ұйым жұмысымен танысты. Осыдан кейін түркітілдес елдердің мемлекет басшыларының ТҮРКСОЙ-ға келуі бір жарасымды дәстүрге айналды. Штаб-пәтерге келген осы сапарында ол халықаралық ұйым туралы «ТҮРКСОЙ – түркі халықтарының ЮНЕСКО-сына айналуы қажет» деген дуалы сөз айтып, біздің биік межемізді де белгілеп берді. Кейін біз ЮНЕСКО ұйымымен ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойып, әлемдік аренада бірлескен бірнеше жобаны іске асырдық. Соның арқасында ұйымның танымалдығы, халықаралық беделі артып, әлемнің түкпір-түкпірінен тиімді жаңа жобалар туралы ұсыныстар алдық. Елбасының «ТҮРКСОЙ – түркі халықтарының ЮНЕСКО-сы» деген сөзі ұйымның екінші атауына айналды. Бұл тіркес қазір түркі әлеміндегі саясаткерлердің, журналистердің, өнерпаздардың сүйікті сөзтіркесі болып, қолданысқа еніп кетті. Сондай-ақ қазіргі кезде халықаралық ұйымның ең танымал жобаларының біріне айналған «Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы ең бірінші рет 2012 жылы Астана қаласында аталып өтті. Ірі жобаның алғашқы рет Астанада өткізілуін де Елбасы ұсынып еді. Құдайға шүкір, қазір бұл жоба ТҮРКСОЙ-дың ең сәтті жобасына айналды. Астанадан кейін 2017 жылы Түркістан қаласы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» болып жарияланып, көп ұзамай көне қала облыс орталығына айналды. Мен тек ТҮРКСОЙ ұйымына қатысты бір-екі мысалды ғана айтып отырмын. Әйтпесе, ол кісінің бауырлас түркі халықтарының мәдени байланыстарының дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Түркітілдес мемлекеттер басшыларының қабылдаған шешіміне сәйкес, түркі әлемі елдерін дамытуға қосқан зор үлесі үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің (Түркі кеңесі) ғұмыр бойғы құрметті төрағасы мәртебесінің берілуі Елбасының түркі әлеміндегі талассыз танымалдығы мен биік беделінің арқасы деп білем. Сердар ЙЫЛМАЗ, Мугла Сыткы Кочман университеті Саясат және халықаралық қатынастар бөлімінің мүшесі, PhD докторы:
Түркі әлемінің ақсақалы
– Батыстағы Балқан түбегінен бастап Шығыстағы Тұнық мұхитқа дейін, Солтүстік Мұзды теңізден бастап Тибетке дейінгі 11,2 млн шаршы шақырым аймақ түркі халықтарының мекені екені айқын. Патшалық Ресей мен Кеңес Одағының қысымымен көп жыл бойы өздерінің жеке ұлттық құндылықтарын сақтаған түркі халықтары 1991 жылы тәуелсіздігін жариялап, бірге әрекет жасау жолдарын іздей бастады. «Біз ұзақ жылдар бойы біреудің қоластында өмір сүріп келгенбіз, енді біз олай өмір сүргіміз келмейді» деп айтқан және Түркі халықтарының тең әрі егемен ел ретінде қалыптасуын қалаған Нұрсұлтан Назарбаев, бүгінгі күнге дейін құрылған және барлық түркі халықтарының назарын аударатын маңызды ұйымдарды құруда бастама көтерді. Түркі болмысын, тілін, тарихы мен салт-дәстүрін білетін, білімді, зерттеуші ретінде Нұрсұлтан Назарбаев ТҮРКСОЙ, ТҮРКПА, Түркі кеңесі және Түрік академиясын құруда тікелей жауапты тұлға болды. Қарабақты Армения басып алғанда Әзербайжанды қолдады. Ол Орталық Азиядағы түркі мемлекеттері арасындағы шекаралық мәселелерді қақтығыссыз шешуге атсалысты. 1991 жылдан бері Түркі әлемімен байланысты нығайтуда бірлік пен ынтымақтастықтың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Назарбаев «біз ірі мемлекеттер үшін шикізат көзі боламыз немесе күш біріктіріп, әлемдік аренада маңызды рөл атқарамыз» деп Орталық Азия мемлекеттерінің одағын құруды ұсынды. Түркі мемлекеттерінің күштерін біріктірген кезде ғана әлемдік саясатта басшылық ететініне сеніммен қараған. Расында Н.Назарбаев Түркі әлемін жақындастыруда көрсеткен орасан қызметтері үшін түркі әлемінің «Ақсақалы» атанған. 2018 жылы жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында түркі болмысы, тілі мен тарихы қаншалықты терең және құнды екенін тілге тиек ете отырып, Назарбаев бұл құндылықтарымызға ие болып, келер ұрпақтарды тәрбиелеуге кеңес берді. Назарбаев айтқандарын теория жүзінде қалдырмай, керісінше іс жүзінде жүзеге асырды. Мәселен, Азия және Жібек жолы өркениетінің ортасында «Астана» атты заманауи әрі әсем қала құрды. Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы деп атады. Ол түркі мемлекеттерінің арасында ортақ тілге ие болу үшін кириллицадан латын әліпбиіне ауыстыруды қолдады. Назарбаев Қазақстан Парламент Мәжілісінде қазақша сөйлеуді талап етті. Сонымен қатар өткен ғасырдағы түркі әлемінің ең ірі тұлғасы Мұстафа Кемал Ататүріктің мүсінін Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласында орнатты. Тек қана түркі мемлекеттері арасында ғана емес, аймақтық және жаһандық оқиғаларды да бейбіт жолмен шешуге атсалысты (Астана процесі, Түркия мен Ресей арасындағы ұшақ дағдарысы). Назарбаев өзінің жан-жақты саясатымен аймақтық және жаһандық бейбітшілікті негізге ала отырып, түркі әлемінің Ақсақалы екенін көрсетті. Түркі мемлекеттері басшыларының арасында түркі болмысына жақын және «түркілік болмысын ұрпағымызға және әлемге үйретейік» деген Н.Назарбаев, түркі мемлекеттері арасындағы мәдени және экономикалық байланыстардың жеткіліксіз екенін білдіруде. Ол үшін әрбір түркі халқы жауапкершілікті өз мойнына алуы керек екенін тілге тиек етті. Көптеген Түркі мемлекет басшылары айтқандарын іске асырмады, ал Нұрсұлтан Әбішұлы нақты жобаларға қадам басты. Түркі мемлекеттері қиын жағдайға тап болғанда, ол бейжай қарамай, мәселемен жақын танысу үшін сол аймақтарға барды. 15 шілдедегі Түркияда орын алған төңкеріс әрекетінен кейін Түркияға алғашқы болып барған лидер Назарбаев болды. «Түркияның жауы – біздің жауымыз», – деп айтқан Н.Назарбаев Түркия мен басқа да түркі мемлекеттерімен бірге екенін көрсетті. Егер сіз түркі әлемінде жауапты, өз салт-дәстүріне, түркі болмысына және тарихына шынайы берілген тұлға іздесеңіз, Нұрсұлтан Назарбаев сіз іздеген көшбасшы. Нергис БИРАЙ, Памуккале университетінің докторы, профессор:
Еңбегі ерен
– Назарбаев түркітілдес мемлекет басшыларының ішіндегі ең үлкен көшбасшы болды. Стратегиялық және бейбіт шешімдері арқылы, әсіресе түрік республикаларымен берік қатынас орнатты. Оның «Ғасырлар тоғысында» атты еңбегінде нақты, ұқыпты және шебер жол картасы жатыр. Оның бұл жұмыстан қаншалықты дана екенін де түсінеміз. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ол Қазақстан азаматтарының тарихи және ұлттық санасын ояту мен нығайтуды ғана мақсат еткен жоқ. Сонымен қатар ол бүкіл түрік әлемінің оянуын жеделдетуге бағытталған. Біздің түрік болмысымыз, тарихымыз, шығу тегі мен мәдениетімізді қорғау арқылы жаңа ұрпақ тәрбиелеуіміз керек деп баса айтты. Назарбаев Ататүріктің түрік мемлекеттері ең қиын күндерде де бір күн тәуелсіздікке қол жеткізеді деп болжағанын, бұл көрегендіктің мысалы екенін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев өз аймағында да, әлемде де бейбітшілікті насихаттайтын және түрік әлемін жақындастыратын саясат жүргізді. Назарбаев нақты, ұқыпты және байсалды ұлттық сыртқы саясат жүргізді, әрі түрік әлемімен ынтымақтастықты нығайтты. Осылайша, түркі өркениетін әлемге танытуға жол ашты. Осы зерттеулерді жоғары деңгейде және тәртіппен жүргізу үшін барлық түркітілдес мемлекеттер, Парламенттік Ассамблея, Ақсақалдар кеңесі және түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңестерін құру үшін бірігіп, осы келісімдерге қол қойды. Ақылды көшбасшы өз сөзінде еуразиялық идеалға негізделген әлемдік түркілерді біріктіру идеалын таратуға ниетті екенін мәлімдеді. Осы бағыттағы Қазақстан мен басқа да түркі елдері байланыстарының ТҮРКСОЙ Халықаралық Түрік мәдениеті ұйымы, Экономика және ынтымақтастық кеңесі құрылды. Содан кейін Түрк кенеши құрылды және түрік әлемінде жалпы тарихты білетін Халықаралық Түрік академиясы құрылды. Түрік әлемінің инженерлер мен сәулетшілер одағы сияқты халықаралық институттар мен ұйымдар инженерлік, сәулет және урбанизм саласында бірлесіп әрекет ете отырып құрылды. Түрік әлемінің ынтымағындағы маңызды қадамдардың бірі – әліпби мәселесі. Бұл мәселе 20 жыл бойы әлі толық шешімін таппай келе жатқан. Бұл жөніндегі ғалымдардың алғашқы бас қосуы 1991 жылы қараша айының 18-20 күндері Стамбұлда Мармара университетінде болды. Осы жиналыста нақты шешімдер қабылданды. Жиналысқа Әзербайжан, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Түркіменстан және Түркияның тіл саласындағы 28 ғалымы қатысты. Ғалымдар бүкіл түркілердің 34 таңбадан тұратын латын негізінде ортақ алфавитке көшу керегін айтты. Сондай-ақ оның 34 таңбалық үлгісі қабылданды. Елбасы Н.Назарбаев 2000 жылы 14 желтоқсанда Қазақстанның латын алфавитіне көшу мәселесіне қатысты өз пікірін білдіріп, өте мұқият дайындықтан соң латын алфавитіне көшу керегін айтты. Н.Назарбаев Қазақстанның барлық түрік халықтарының қасиетті ата-баба мекені екенін, қазақтардың кең даласынан әлемнің көптеген аймағына тараған түрік тайпаларының басқа елдер мен аймақтардың тарихи процестеріне маңызды үлес қосқанын айтты. Түрік кеңесінің «пікірлерінің атасы» болған Назарбаев 1992 жылдан бері он бес рет өткізіліп келе жатқан Түрік президенттерінің саммитіне қатысып, Түркі кеңесінің көптеген жобаларында бастамашы болды. Назарбаевтың түрік әлеміне қосқан үлесі жауапсыз қалмады. Ол «Түркі кеңесінің құрметті президенті» атанды. Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі әлеміне көбірек үлес қосатынын білеміз, оған ұзақ сау өмір тілейміз.