Қосшыда 11 жастағы баладан коронавирус табылды

Қосшыда 11 жастағы баладан коронавирус табылды

Қосшыда 11 жастағы баладан коронавирус табылды
ашық дереккөзі
Елорда маңындағы Қосшы кентінде 11 жастағы ұл баладан коронавирус инфекциясы табылды, – деп хабарлады COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram-дағы парақшасы. 7 маусымдағы мәлімет бойынша, Ақмола облысында коронавирус инфекциясының белгісімен 1 адам тіркелген. «Ол Нұр-Сұлтан қаласындағы індет ошағындағы науқастың жақын туысымен қарым-қатынаста болған. Провизорлық стационарға оқшауланғаннан кейін жетінші күні алынған бақылау тесті бұл науқастың коронавирусты жұқтырғанын көрсетті. Целиноград ауданының Қосшы ауылында тұратын, 2009 жылы туған ұл бала бекітілген клиникалық хаттамаға сәйкес емделу үшін Көкшетау қаласының Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансеріне жатқызылады», – делінген хабарламада. Індет ошағы болған Нұр-Сұлтан қаласындағы және Қосшы ауылындағы үйде инфекцияға қарсы шаралар жасалды. Науқаспен жақын байланыста болған адамдарды анықтау бойынша санитарлық-эпидемиологиялық тексеру қолға алынған. Ақмола облысында коронавирус инфекциясымен жалпы 176 адам тіркелген, олардың ішінде 141-і жазылып шыққан.