Дүкен Мәсімханұлы: Қандастар Отанға, Отан қандастарға мұқтаж

Дүкен Мәсімханұлы: Қандастар Отанға, Отан қандастарға мұқтаж

Дүкен Мәсімханұлы: Қандастар Отанға, Отан қандастарға мұқтаж
ашық дереккөзі
1055
Елімізге танымал шы­ғыс­танушы, қытайтану­шы ғалым Дүкен Мәсім­ханұ­лы Шығыстану  институтына директор болып тағайын­дал­ды. Бұған дейін Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жанын­дағы қытайтану институты­ның директоры қызметін атқарып келген ғалымның отандық ғылымға қос­қан үлесі қомақты. Дүкен Мәсім­ханұлы Қытай Халық Республи­ка­сын­дағы қазақ­тар мекен ететін Шыңжаң өлкесінде өмірге келген. Ол Қазақ­стан Тәуелсіздік алған жылдары тарихи Отанына оралған. Біз ғалым­ға хабарласып тарихи көштің мән-маңызы және шығыстану, қытай­тану саласына қатысты әңгіме өрбіткен едік.  – Қазақстан Тәуелсіздік алған соң Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлем қазақтарын атажұрт­қа шақырды. Соның нәтижесінде елге ел қосылды. Жалпы, Назарбаевтың әлем қазақтарын біріктірудегі ролі қан­дай? – Өткен отыз жылда тәуелсіз қазақ елін құру, қалыптастыру және нығайту жолында  Тұңғыш Президент, Елбасы Н.Назарбаев табысты атқарып шыққан аса ауқымды істерінің қатарынан біз мына үш мәселені ерекше бөліп атаған болар едік. Оның біріншісі – көршілес мемлекеттермен шекара шебімізді бейбіт жағдайда, дипломатиялық жолмен шегендеп беруі болса, екіншісі – елордамызды Алматыдан Арқа төсіндегі Ақмолаға ауыстырып, аз жылда айшықты қала тұрғызумен бірге, елі­міз­дің солтүстік өңіріне ұлттық рух дарытуы. Ал үшіншісі – алыс-жақын шетелдерден бір мил­лионнан астам қандас бауырларымызды атамекеннің құшағына оралтуы. Әрине, тәуелсіз елді қалыптастырудың қат-қабат қиындықтарымен арпалыса жүріп жүзеге асырылған осынау үш игіліктің қай-қайсысы да халқымыздың «ғасырлық жетіс­ті­гі» деп айтуға лайықты. Алайда тағдырдың теперішімен әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылып кеткен қандастарымызды Қазақ­станға жинай бастауымыз саяси-стра­тегиялық тұрғыдан да, патриоттық тұрғыдан да еш­қашан маңызын жоймайтын тарихи ұлы істердің бірі болып қалатыны – басы ашық ақи­қат. 1991 жылғы 16 желтоқсан күні Алаш бала­сының ғасырлар бойы аңсаған асқақ арманы орындалып, тәуелсіз ел атандық. Ол кезде республикамызда мемлекет атын иеленіп отырған титулды халықтың үлес сал­мағы небәрі 40 пайыздың маңайында ғана еді. Осындай жағдайда «әлемдік қауым­дас­тық» атты ұлы айдынға жаңа шыққан қазақ елі ке­месін ақ жал толқындар қайда апарып соғуы мүмкін, тосын соққан дауыл­дарға төтеп бере алар ма екен деген сұрақтар қай-қайсы­мызды да мазалағаны рас. Елдің тағдыры мен болашағына қатысты осынау күрмеуі күрделі мәселені жедел шешу­дің бір жолы шетелдерде тұратын қандас бауырларымызды мүмкіндігінше елге оралтып, сол арқылы ортамызды толтырып, жыртығы­мызды бүтіндеу еді. Н.Назарбаев осыны ерте аңғарып қана қойған жоқ, іске де жедел кірісті. Тіпті, Елбасының бұл бағыттағы қадамы республикамыз тәуелсіздік алмай тұрып-ақ басталып кеткені де жұртшылықтың жадынан шыға қоймаған болар. Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың қыр­күйек айында Қазақстан Республика­сының Президенті ретінде Түркияға ресми сапармен барды. Сапар барысында Стамбұл қаласында қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесіп, оларды елге көшіріп алуға уәде берді. Бұл оқиға сол кезде тек Түркиядағы ғана емес, сонымен бірге шетте жүрген күллі қазақ диас­порасы өкілдерінің жүрегіне үміт отын жағып, болашаққа деген сенімін оятты. Осы кездесуде қазақ диаспорасының өкілдері Елбасыға кезінде Ауғанстаннан ауып барып, Пәкістан, Иран, Сауд Арабиясы және Түркияда босқын ретінде тұрып жатқан қазақ бауырларымызды бірінші кезекте елге қай­таруға қол ұшын беру туралы өтініш білдірген болатын. Президент осы өтінішті бірден қабыл алып, тәуелсіздігіміз жария бол­ғаннан кейінгі аз уақыт ішінде Қазақ­станнан арнайы әуе көлігін жіберіп, аталған мемлекеттерде босқын  деген статуспен жүрген бауырларымызды атамекенге алдыртты. Бір кездері тағдыр тәлкегіне түсіп, Ауған­станнан пана таппай, бөтен ел, жат жұрт ара­сында азып-тозып жүрген сол бауырларымыз бүгінде Қазақстанның әр-әр жерінде өсіп-өніп, еңбек етіп, туған халқымен бірге бақыт­ты болашағының бесігін тербетуде. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялады. Содан тура 15 күннен кейін Елбасымыз шетелдерге хабар тарататын «Шалқар» радиосы арқылы сөз сөй­леп, алыста жүрген ағайындарға ақ тілегін жолдады. Азат ел, тәуелсіз мемлекет басшы­сы­ның үні қандай асқақ, сөздері қандай жалынды еді десеңізші! Әуе толқынынан саң­қыл­дай шыққан бұл тілекті өз құлағымен естіген қазақ баласының қуанышында шек болмады. Президенттің әсіресе: «Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған сіздерді кешегі күнге дейін «Ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба?» деген сұрақ­тың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында Қазақстан Үкіметі арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!», – деген сөздерін толқымай тыңдау мүмкін емес еді. Әрине, айтылған сөз ақиқатқа айналса ғана құнды. Елбасымыздың сөйлеген сөздері мен айтылған ойларының бәрі біртіндеп жүзеге аса бастады. 1992 жылғы қыркүйекте сол кездегі астанамыз Алматы қаласында тұң­ғыш Президентіміздің тікелей бастамасымен Дүниежүзі қазақтарының  бірінші құрылтайы ша­қырылды. Ғасырлар бойы жат жерде жүр­ген қазақ диаспорасы өкілдерінің бастары атамекенде қосылып, бір-бірімен жылап кө­ріс­ті. Мұндағы жергілікті жұрт та жеті ата­сы тіріліп келгендей қуанды. Шетелден келген бауырлардың ұшақтан түсе салысымен әуе­жай­дың топырағына аунап, қара жерді құ­шырлана сүйгенін көргенде жүрегі тебіренбеген жан қалмады. Осы құрылтайда Дүние­жүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Оның төрағасы болып Елбасымыз Н.Назарбаев бір- ауыздан сайланды. Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрыл­тайы өткен соң, көп ұзамай, Қазақстан Президенті 1992 жылғы қарашада Иран Прези­денті­нің арнайы шақыруымен осы елге тұң­ғыш рет ресми сапармен барды. Сапар кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы Иранның сол кездегі президенті Әли Акбар Хашеми Рафсанжани мыр­замен сондағы қазақтардың тағдыры ту­ралы арнайы әңгімелесіп, ағайынның өз қа­лауы бойынша атажұртына еркін көшуі ту­ралы келісімге келді. Бұл да, әсіресе жастары пар­сыланып кетуге бейім тұрған Ирандағы қа­зақ диаспорасы үшін теңдесі жоқ қуаныш еді. Басқаны былай қойғанда, бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған Ресей, Өзбек­стан, Қарақалпақстан, Түркіменстан, Тәжік­стан, Қырғыз Республикасы т.б. республика­лар­дағы қазақтарды атамекенге оралтудың заңдық тетіктерін жасаудың өзі оңайға түскен жоқ. Дегенмен Елбасы бұл елдерде өмір сүріп жатқан ағайындарды елге оралту мәселесін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аталған мемлекеттердің басшыларымен жеке-жеке сөйлесіп, келісімге келу арқылы оңтайлы шешіп берді. Соның арқасында, әсіресе Өзбек­стандағы қандастар Отанға кедергісіз оралуға толық мүмкіндік алды. Азаттықтың алғашқы кезеңінде алыстағы ағайындарды елге оралту үшін Қытай елімен келісімге келудің қиындығы көптің көңілін күпті қылған күрделі мәселенің бірі болғаны жасырын емес. Алайда Елбасы ҚХР-дың сол кездегі төрағасы Цзянь Цзэминмен ауызекі келісіп, «бөлініп-жарылған отбасылардың қоныс аударуына» рұқсатын алды. Қытай еліне жасаған кезекті бір сапарында Нұрсұлтан Әбішұлы ондағы ағайындардың хал-жағ­дайын білу мақсатымен Құлжа қала­сына дейін барып, қандастармен кездесіп, тұр­мыс-тіршіліктерін көзімен көріп қайтқан болатын. Осындай қадамдардың арқасында Қытайда өмір сүріп жатқан қандастар арасын­дағы атажұртқа ораламын деушілердің көшіне кең жол ашылды. Қазірге дейін қазақ елінде Дүниежүзі қа­зақ­тарының бес құрылтайы өтті. Нақтырақ айтқанда, бұл бес-алты жыл сайын бір құрыл­тай өтіп тұрды деген сөз. Соның бәріне де Елбасының өзі қатысып, шетелдердегі қазақ диаспорасының мұң-мұқтажын, көші-қонға қатысты түйткілді мәселелерін мұқият тың­дап, құзырлы сала басшыларына мәселені тездетіп шешу жөнінде нақты тапсырма беріп отырды.  –Шетте тұратын отандастарын көші­ріп алып жатқан санаулы елдің бірі – Қа­зақ­стан. Осы уақытқа дейін тарихи Отанына 1 миллионның үстіндегі қазақ кө­шіп келіпті. Шетелден келген қазақ ре­тін­де көші-қон істеріне көңіліңіз тола ма? – Иә, бүгінде қазақ елі – қомақты қаражат бөліп, қандастарын еліне шақырып отырған санаулы ғана мемлекеттің бірі. Соның арқа­сын­да өткен ширек ғасыр ішінде 300 мыңға жуық отбасы атажұртқа оралды. Бұл – бұрын­нан керегесі кең, бүгінде өзгелермен терезесі тең тәуелсіз еліміздің халқы 1 миллионнан астам жаңа қандастарымызбен толықты деген сөз. Айтқанға аз секілді көрінгенімен, бұл біздің еліміз үшін үлкен бір облыстың немесе оншақты ауданның халқына шамалас келетін қомақты сан екені сөзсіз. «Елге ел қосылса – құт!» дейді қазақ дана­лы­ғы. Шеттен келген бауырларымызбен бірге елге мәдени-рухани құндылықтарымыз да оралып, ұлттық мәдениетіміздің дамуында тың тыныс, жаңа өріс пайда болғанын мақта­ныш­пен айтуға тиіспіз. Сол арқылы қаймағы бұзылмаған шұрайлы тіліміз мен бай әдеби мұра­мыз, діни сенім-нанымымыз бен халық­тық салт-дәстүрлеріміз, ұлттық қолөнер туын­ды­ларымыз, атамекенде ұмыт қалып бара жатқан көптеген ән-күйлеріміз бен билеріміз соңғы жиырма бес жылдың ауқымында отан­дық мәдениетімізге жаңа қазына болып қосылып, одан әрі байи түсті. Атажұртқа оралған ағайындардың арасында бүгінде елімізде кәсіпкерлікпен табысты ай­налысып, ғылымымыз бен білімімізді, мәдениетіміз бен өнерімізді дамытуға белсене атсалысып жүрген айтулы тұлғаларымыз қаншама?! Бір ғана әдебиет саласын алсақ, көші-қон саясатының арқасында қазақ қаламгерлерінің қатары жүздеген талантты ақын-жазушы­лар­мен толықты. Елге оралған қандас қаламгерлер әдебиетімізге тың тыныс, жаңа леп ала келді. Олардың қаламынан туған шығармалар отан­дық оқырманның жүрегіне жол тауып, сүйіс­пен­шілігіне бөленіп үлгерді. Сондай-ақ қазақ қисса-дастандарының ондаған томы, ағартушы ақындар – Ақыт қажы Үлімжіұлының, Көдек Маралбайұлының, Әсет Найманбайұлының, Таңжарық Жолды­ұлы­­ның шығармалары, XV ғасырда өмір сүр­ген әйгілі қазақ шипагері Өтейбойдақ Тілеуқа­былұлының «Шипагерлік баян» атты ме­дициналық еңбегі, Қажығұмар Шабданұ­лы­ның 6 томдық «Қылмыс» романы атажұртта жарық көріп, руханиятымыздың көкжиегін кеңейте түсті. Бұл арада әлемнің түкпір-түкпірінен елге оралып жатқан бұлбұл көмей, жезтаңдай әншілердің бәрін тізбелеп жатпай-ақ қоялық. Бір ғана Майра Мұхамедқызының өзі Қазақ­стан­ның ән өнері мен музыка мәдение­тін әлемдік жаңа белеске көтеруге қаншалықты үлес қосып жүргенін айтсақ та жеткілікті. Ұлттық би өнеріміз де тәуелсіздік жылдарында өзінің жаңаша даму арнасын тапты. Бұл салада Шұғыла Сапарғалиқызы алып келген би мектебінің өзіндік орны бар екені әмбеге аян. Ал ұлттық дәстүрлі би өнерінің жауһары болып саналатын «Қара жорға»  бүгінде той-жиындарда халқымыздың жанына шаттық нұрын сыйлайтын ортақ игілігімізге айналды. Таэквондо – бүгінде елімізде қанатын кеңге жайып, тез өркендеп келе жатқан спорт­тың бір түрі. Оның қазақ топырағында тамыр жаюы Мұстафа Өзтүріктің есімімен тікелей байланысты. Ал боксшыларымыз Бақыт Сәр­сек­баев пен Қанат Ислам әлемдік ең мәрте­белі бокс бәсекелерінде ел абыройын асқақ­та­тып, көк туымызды биікте желбіретті. Тәуелсіздік жылдарында әлемнің әр түк­пі­рінен еліміздің білім мен ғылым саласына келіп қосылған ұлағатты ұстаз, білікті ғалым бауырларымыз да емес. Осынау іске өлшеусіз үлес қосқан Халифа Алтай, Зардыхан Қинаят­ұ­лы, Мініс Әбілтай, Қаржаубай Сартқожа, Нәби­жан Мұхаметхан, Ислам Жеменей, Дүкен Мәсімханұлы, Нәпіл Бәзілханұлы, Жанымхан Ошан т.б. ғалымдардың есімдерін құрметпен айту ләзім. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бас­тап бұлардың әрқайсысы өз саласы бойынша жас мамандар даярлау мен ғылыми зерттеулер жүргізу ісін қатар өрістетіп, отандық шығыс­тану және тарих ғылымдарын жаңа белеске көтеруге лайықты үлес қосты. Олардың қатарында қазіргі және ежелгі моңғол, қытай, парсы және шағатай тілдерін жақсы меңгерген білікті мамандар бар. Осындай ғалымдар мен педагогтардың елге оралуының арқасында отандық ғылымның көкжиегі кеңи түсті. Елге оралған қандастарымыз «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шығыстың көне мұрағаттарындағы қазақ халқы мен Қазақстан тарихына қатысты құн­ды деректерді ғылыми тұрғыдан жүйелеп, ана тілімізге аударуға атсалысты. Сондай-ақ олар­дың қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін ашуға ықпал ететін ғылыми еңбектері оқыр­ман­­мен табысып, елімізде азат ой-сана мен жаңа тарихи көзқарастың қалыптасуына сеп­тігін тигізуде. Бұған істің көзін білетін мың­даған тәжірибелі малшылар мен диқан­дарды, жаратылыстану саласының ғалымдары мен дәрі­гер­лерді, әскери қызметшілер мен инженер-құрылысшыларды, ІТ және сандық-тех­нология мамандарын, тағы басқаларды қос­саңыз, ұлт ретіндегі ортақ олжамыздың қан­шалықты қомақты екеніне көзіміз айқын жетеді. Елге елдің қосылып, құтқа айналғанының кө­рінісі осы болса керек. Елбасымыздың көші-қон және демография саласындағы салиқалы саясатының, шетелдердегі қазақ диаспорасына қатысты ерен еңбегінің арқасында осылайша өлгеніміз тірілді, өшкеніміз жанды, ортамыз толды, ойдағымыз болды деп нық сенім­мен айта аламыз. – Әлемнің 40-қа жуық елінде шашылып жатқан тағы да 5 миллионнан артық қа­зақ бар көрінеді. Сіздің ойыңызша, олар­ды көшіріп алу мүмкін бе? Болмаса шет­тегі қазақты тарихи Отанына шақы­ру­дың жеңіл жолы қайсы? – Шамамен қазақ баласының үштен бірі әлі де болса жат елдерде өмір сүріп жатқаны жасырын емес. Олардың бір бөлігі ирредента, ал екінші бөлігі диаспора болып саналады. Ирре­дента деп өздерінің ежелгі атамекенінде тарихи өмір сүріп келе жатқан, бірақ біртұтас ұлттан ата қонысымен бірге бөлініп қалған бөлігін айтады. Тарихтан белгілі болғанындай, қазақтардың бірқатар жерлері шекаралардың өзгеруі, отаршыл басқыншылық сияқты оқи­ға­лардың салдарынан өзге елдердің құрамына еніп кеткені белгілі. Ал диаспоралар бір ұлт өкілдерінің өз елінен екінші бір елге ерікті-еріксіз қоныс аударып, өзге халықпен бірге тұруы болып табылады. Осы тұрғыдан келгенде Қытайдағы, Ресейдегі, Өзбекстандағы, Моңғолиядағы қандас­та­ры­мыз тұтастай ирредента болып саналады. Оның үстіне шетелдегі қандастарымыздың шамамен 90 пайыздан астамы осы аталған төрт мемлекетте өмір сүріп отыр. Қалғандары Түркия, Иран және Еуропа елдерінде тіршілік етуде. Ал енді шетелдегі ағайындардың көші-қон мәселесіне келетін болсақ, Қазақстанға бұған дейін көшіп келгендердің басым бөлігін сол ирреденталар құрап отыр. Бұдан былай да атамекенге көшкісі келетіндер негізінен сол ирреденталардың арасынан табылады. Ал Түркия, Иран және Еуропа елдеріндегі ағайын­дардың Отанға оралғысы келетіндері тәуел­сіз­діктің алғашқы жылдарында-ақ келіп алды. Ал қалғандары қозғала қоймайды-ау. Өйткені «сананы тұрмыс билейді» дейтін жосық бар ғой, сол сөздің жаны бар. Еуропа­дағы жанға жайлы тұрмысты, өркениетті өмірді көбісі қи­майды. Оны айтасыз, біздің еліміздегі тұр­ғы­лықты ағайындардың өзі Қазақстанды тас­тап Батыс және Еуропа елдеріне көшіп кетіп жатқан жоқ па?! Сондықтан ол жақтағы аға­йындарды «неге көшіп келмейсің?» деп кінә­лауға болмайды. Ал енді тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қандастар көші негізінен Өзбекстан, Қытай, Моңғолия елдерінен ағылып келіп еді. Өкінішке қарай, 2010 жылдардан кейін шеттен келетін ағайындар көші мүлде саябырлап қал­ды. Оған себеп сол жылдарда Қазақстан Үкі­меті көші-қонға мараторий жариялады, одан кейін көші-қон заңына өзгерістер енгізіп, бе­рілетін квотаны қысқартты, азаматтық алу­ды қиындатты. Тек 2014 жылғы Украина­дағы «Қырым оқиғасынан» кейін ғана қазақ билігі дереу іске кірісіп, шетелден келетін ағайындар көшін жандандыруға ұмтылғаны­мен, оның ке­шенді механизмдері уақытылы жасақ­тал­май, көш жанданбаған күйі тоқы­рау­ға ұшы­­рады. Ал енді сырттан келетін қазақ көші қайтсе жанданады деген мәселеге келетін болсақ, «Отандастар қоры» берген ресми мәліметтерге қарағанда, дәл қазірдің өзінде шетелдерде өмір сүріп жатқан ағайындардың арасынан 1,5 миллион қандасымыз Отанға оралуға ниет білдіріп отырған көрінеді. Алайда біз осы ағайындарды елге әкеліп, бауырымызға басуға дайынбыз ба?! Мәселе осында. Оларды елге әкелеміз дейді екенбіз, ендеше олардың өмір сүруіне қажетті тіршіліктің ең қарапайым шарт-жағдайын жасап беруіміз керек. Ол қандай шарт-жағдай? Бірінші, құжаттандыру­ды (ықтиярхат, азаматтық) жеңілдету керек. Екінші, қандастар арасындағы қарапайым егінші-малшыларды мемлекет еліміздің сол­түс­тік өңірлеріне әкеліп егістік және жайы­лым­дық жермен тегін қамтамасыз ету керек. Үшінші, зиялы қауым өкілдеріне, өнер, мәде­ниет қайраткерлеріне қала-қалашықтар­дан салынып жатқан «арендалық тұрғын үйлер­ден» жартылай несиемен болса да баспана беру керек. Төртіншіден, зейнет жасындағы қандастардың еңбек өтіліне қарай лайықты зейнетақы тағайындау керек. Бесіншіден, көшіп келген ағайындарға тек Қазақстан аза­мат­тығын алғаннан кейін ғана кісі басына жет­кілікті мөлшерде бір реттік жәрдемақы беру керек. Міне, осы бес түрлі тармақ бойынша Үкімет кешенді бағдарлама дайындап іске кіріссе, сырттан келетін қазақ көші қайта жан­данады деп толық сеніммен айта аламын. Әсіресе, ҚХР билігінің соңғы екі-үш жылдан бергі Шынжаңда жүргізген саясаты салдарынан ондағы ағайындардың ішіндегі Қазақстан­ға көшкісі келетіндер санының күрт өскені жасырын емес. Шеттен келетін қазақ көші туралы айта бастасаң болды, кейбір керітартпа ағайындар «соның не қажеті бар?!» деп кірпіше жиырыла қалады. Мен жоғарыда Украинадағы «Қырым оқиғасын» жайдан-жай еске алып отырған жоқпын. Дәл қазір шетелдегі қандастар ұр­пақ­тарының тағдыры мен болашағы үшін Қазақ­стан­ға мұқтаж, ал Қазақстан болса тәуел­сіз­дік­тің тағдыры мен болашағы үшін демо­гра­­фия­лық өсімге, елде қандастардың көбеюі­не мұқтаж. Замана беталысы, уақыт тынысы, еліміздің тағдыры мен болашағы бізден осыны талап етіп отыр. Мұны ел болып  түсінетін уақыт жетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­­тың: «Дүниежүзіндегі қандастарымыз­дың басын туған жерде біріктіру – біздің қа­сиет­­­ті парызымыз», – деген сөзінің астарында осын­дай ұлы мақсаттар жатқаны анық. Мен Алаштың аспанына азаттық таңы атқан күннің ертеңінде-ақ Отаныма алып-ұшып жеткен қазақпын! Отандағы өткен осы  отыз жылым тұтастай туған халқымның көз алдында өтіп келеді. 1993-2000 жылдар аралығында көрмеген қиындығымыз қалмады.  Бірақ «көппен көр­ген ұлы той», қандай қиындық болса да осын­дағы ағайындармен бірге көрдік.  Отыз жыл бойы табан аудармай еліміздің жетекші ЖОО-да ұстаздық етіп, қытайтанушы мамандар даяр­лау жұмысымен айналыса жүріп, еліміздегі қы­тайтану ғылымының қалыптасуы мен дамуына бір кісілік үлесімізді қосып келеміз.  Соны­мен бірге, елге оралған күннен бүгінге дейін еліміздің билік бұтақтарын, қарапайым ха­лықты, зиялы қауымды Қытай туралы ғы­лы­ми-танымдық ақпараттармен қамтама­сыз етіп, қытайдың экономикалық және демо­гра­фия­лық экспансиясынан сақтану туралы тынбай айтып та, жазып та келеміз.  Бұл сала­дағы азды-көпті еңбегімізді осындағы ел-жұрт, зиялы қауым, билік басындағы азаматтар өте жақсы біледі әрі лайықты бағалап та жатыр. Отанға оралған отыз жылда әдебиі бар, ғы­лыми-зерттеуі бар, көркем аудармасы бар, оқу­лықтары бар, жалпы отыздан астам кітабы­мыз жарық көрді.  Оның бәрі қалың қазақ жұртының, жас ұрпақтың білім-білігі үшін, пайым-парасаты үшін лайықты қызмет етіп келеді. – Өткен жылы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жанынан «Қытайтану ғылыми институты» ашылған екен. Осы уақытқа дейін сол институттың директоры қызметін атқар­дыңыз. Осы аптада шығыстану инс­титутына директор болып тағайын­дал­ғаныңызды естіп отырмыз. Жаңа қыз­мет­те де елге береріңіз мол болсын. Осы орай­да қытайтану саласында атқарылып жат­қан жұмыстар жайлы әңгімелеп бер­се­ңіз.    – Жалпы, бір мемлекеттің өзге мемлекеттерді зерттеп отыруы – өркениетті елдерде ежелден қалыптасқан үрдіс. Бірақ бұл үрдістің мақсаты мен міндеті заманның ауысып, уа­қыт­тың жаңалануымен өзгеріп отыратыны да жасырын емес. Қазақстан үшін, қытайтану ғылымы саяси-стратегиялық тұрғыдан да, ел­тану ғылымы ретінде де қажет. Қажет бол­ған­да жай қажет емес, өте қажет. Себебі бүгінгі ҚХР біздің еліміздің халықаралық байла­ныс­та­ғы сенімді әріптесі, дос ел, тату көршісі дей­­міз. Ендеше көршімен, доспен тату болу үшін де оны әбден, жан-жақты танып-білуіміз керек. Егер қытай халқының менталитетін, рес­ми Пекиннің ішкі-сыртқы саясатын, ел ішін­дегі барлық жағдайды жақсы білетін болсақ, Қытай билігінің күнделікті тірлігін қалт жібермей назар аударып отыратын болсақ, жалпы өзімізге келер кез келген зиян мен қауіп-қатерге, сыйласып отырып-ақ жол бермеуге болады. Бұл – бір. Екіншіден, қазақ пен қытай – жер жаралып, су аққаннан бері Азия құрлығының шығысы мен кіндік тұсын қа­тар мекендеп келе жатқан халықтар. Тарих­тағы аумалы-төкпелі замандардың кесірінен тарихымыз бен мәдениетімізге қатысты жаз­ба­лар өзімізде сақталмай қалды. Осы ақтаң­дақ­тардың орнын да қытайтану ғылымының кө­мегі­мен толтыруға болады. Қысқасы, біз «Қытайдың жан саны көп екен, экономикасы мен әскери қуаты өте мықты екен, бізге күн­дер­дің күнінде осы елден қауіп төнуі мүм­кін» деп басқа бір жаққа көшіп кете алмаймыз ғой. Ендеше, біз әрі ұлттық қауіпсіздігіміз үшін, әрі ол елмен тату көршілік, сенімді дос­тық қарым-қатынасты сақтау үшін қытайтану ғы­лы­мын жандандыруымыз керек. Қытайдың 22 өлке, 5 автономиялық өлке­сі­нің бәрінде Гуманитарлық ғылымдар академиясы бар. Сол академиялардың бәрінде Орта Азия елдерін зерттеу институттары жұ­мыс іс­тейді. Бұған көптеген өлке-қалалар­да­ғы Мем­­ле­кеттік қауіпсіздік комитетінің, сондай-ақ ЖОО жанындағы Орта Азия елдерін зерт­тей­тін ақпараттық-талдау орталықтарын қо­сы­­ңыз. Олардың кейбіреуі ҚХР құрылған кезде бірге құрылған. Ондағы әрбір институт пен ор­талықта кем дегенде 10-20 қызметкер жұ­мыс істейді. Президент Қ.Тоқаевтың жол-жорығымен, университет ректоры, академик Е.Сыдықтың қолдауымен жаңа ашылып жатқан Қытайтану институтының мойнына жүктеліп отырған мін­деттер мен мақсаттарының ауқымын осы­дан-ақ шамалай беруге болады. Атам қазақ «еш­тен кеш жақсы», «жоқтан бар жақсы» деген ғой. Алдағы уақытта институт ҚХР ішкі-сырт­қы саясатының басты бағыт-бағдарын, Ресми Пе­киннің Шығыс және Оңтүстік Азия елдерімен, Тайванмен, Батыс әлемімен, Түркі әле­мі­мен, Ислам әлемімен, Орта Азия елдерімен (оның ішінде, әсіресе қазақ елімен) қарым-қа­ты­насын зерттеуге көбірек ден қоятын болады. Сонымен бірге аталған институт ҚХР-ның өз ішіндегі этносаралық, дінаралық, эконо­ми­ка­лық, саяси-әлеуметтік мәселелері мен жалпы беталысы туралы да ғылыми болжам жасап, өзіміздің билік бұтақтары мен жалпы оқыр­манға ұсынып отыратын болады. Бұдан тыс, Қытай мұрағаттарындағы ежелгі қазақ (түркі) тариxы мен мәдениетіне қатысты де­рек­терді жинақтап шығару, әйгілі қытай ға­лым­­дарының ежелгі қазақ (түркі) тариxы мен мәдениетіне қатысты зерттеулерін, сонымен бірге қытай xалқының (xань зу) менталитеті мен таным-талғамын қазақ оқырмандарына таныстыру мақсатында қытай әдебиетінің таңдаулы үлгі­ле­рін қазақ тіліне аударып шығару да институт жұмы­сының негізгі бағыттарының бірі. Сондай-ақ инс­титут елі­міз­дің салалық министрліктері мен ұлт­тық ком­панияларынан және жеке тұлғалардан ар­найы тапсырыс қабылдай отырып, оларды уа­қы­тылы, сапалы орындап беру де жоспарымызда бар. –  Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан

Бейбіт ТОҚТАРБАЙ

Серіктес жаңалықтары