2048
Әнұран мәтініне зер салсақ...
Әнұран мәтініне зер салсақ...
Мемлекеттік рәміздер – қай елдің болса да, ең басты қасиетті құндылығы. Сондықтан болар, Тұңғыш Президент – Елбасы өз сөзінде: «Біз Тәуелсіздігіміздің нышандарын көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Еліміздің әрбір азаматы Қазақстанның Туын, Елтаңбасы мен Әнұранын ерекше құрметтеуге міндетті. Өйткені олар – халқымыздың мақтанышы, біздің ең киелі құндылығымыз», – деп айтқан болатын.
Биыл мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына 28 жыл толғалы тұр. 2009-2010 жылдарда республикалық газет беттерінде «Әнұран мәтініне зер салсақ...» тақырыбына материалдар жарияланып, онда Әнұран мәтінінде қазақ тілінде қалыптасқан пунктуациялық талаптар ескерілмей, бірнеше тыныс белгілерінің қате қойылғаны және кейбірінің тиісті орнына дұрыс қойылмағаны жайында жазылған болатын.
Қазіргі уақытта елімізде төтенше жағдайға байланысты «Ана тілі» газетіндегі көтерілген тақырыпты қайта жаңғырта отырып, осы мәселеге оралып, бір нақты шешімге келтірілсе деймін.
Осы тақырып бойынша алдымен Білім және ғылым министрлігінің А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына хабарласқан болатынбыз.
–«Гимн» – көне гректің тілінен енген (ὕμνος – «біреуді немесе бір нәрсені мадақтап айтылатын өлең») сөз. Бұл сөз әу баста діни жөн-жоралғы үшін қолданылған. Кейіннен бұл сөздің мағыналық ауқымы кеңейіп, әр ел өзінің әнұранын «гимн» деп аталды. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін Қазақстанда да «гимн» сөзі қолданылып келді.
Қазақстан Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясы (бұдан әрі – Мемтерминком) «Гимн» сөзінің қазақ тіліндегі баламасы ретінде «Гимн» сөзін бекітті (гимн – гимн (1971-1981), Государственный Гимн – Мемлекеттік Гимн (1971-1981).
Егемендік алған соң бұл сөздің мағынасы терең зерттеліп, «Гимн» сөзінің орнына «Әнұран» деген атау қолданыла бастады. Мемтерминкомның шешімі бойынша 1992 жылы «Гимн» сөзінің қазақ тіліндегі баламасы ретінде «Әнұран» сөзі бекітілді.
Қазақстан Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясының 2014 жылғы 11 желтоқсанындағы отырысында «Гимн» сөзінің қазақ тіліндегі баламасы ретінде «Гимн» және «Әнұран» сөздері, ал 2018 жылғы 6 сәуірдегі отырысында «Гимн» сөзінің қазақ тіліндегі баламасы ретінде «Гимн» сөзі бекітілген болатын.
Гимннің мәтініндегі үшінші жолынан кейін «дефис» белгісі емес, «тире» (сызықша) белгісі қойылады:
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны –
Себебі қазақ тілінде оңашаланған айқындауыш мүше мен айқындап тұрған сөздің арасына сызықша қойылады (Р.Сыздықова Көптомдық шығармалар жинағы. – 12-том. – Алматы: Елшежіре, 2018. – 25-бет).
Бірінші шумақтың сегізінші жолында «Қазағым мықты ғой!» сөйлемінен кейін леп белгісі қойылады.
Қазағым мықты ғой! Себебі әртүрлі көңіл күймен (көтеріңкі, қатты ашу-ыза, бұйрық және т.б.) айтылған ойды білдіретін сөйлемдерден кейін леп белгісі қойылады (Сыздықова Р. Көптомдық шығармалар жинағы. – 12-том. – Алматы: Елшежіре, 2018. – 85-бет).
Терминолог ғалымдардың және жалпы жұршылықтың пікірін ескере келе, қазақ тіліндегі «Гимн» сөзінің орнына «Әнұран» сөзінің қолданылуы мақсатқа сай деп есептейміз, – дейді институт мамандары.
Шынымен, қай қалаға немесе ауылға бармасақ та, жалпы білім ошақтарында педагогтар арасында, сынып оқушылары және ата-аналар еліміздің заң бойынша айтылуы тиіс «Гимн» сөзін «Әнұран» деп айтып келеді.
Ғалымдармен пікір таластыру, әрине оңай шаруа емес. Дегенмен қорытынды мәліметті саралауға алып, Мәжілістің күн тәртібінде «Мемлекеттік рәміздер туралы» №258 Конституциялық заңының үшінші қосымшасындағы Қазақстан Мемлекеттік Гимні мәтінінің тыныс белгілеріне өзгеріс енгізілуін ұсынамын.
Бүгінгі уақытта, әр облыстың Білім беру басқармасының әдістемелік орталықтары жалпы білім беретін ұйымдардың тарих, қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімдерінің арасында Мемлекеттік Гимн атауы мен редакциялық мәтіндегі тыныс белгілеріне ресми түрде өзгеріс енгізу төңірегінде талқылау, талдау жұмыстары жүргізіліп келеді.
Сонымен қатар аталған мәселе Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мен Ғылым комитетінде қаралу үстінде.
Ұлы ақын Абай айтқандай, «Әйтеуір ақсақалдар айтпады деп жүрмесін деп, аз ғана сөз шығарған» едік, ұсынысымыз азды-көпті кәдеге жараса болар еді.
Руслан ХАМЗА,
Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі Ұлттық орталықтың атқарушы директоры