Мархабат Байғұт: Әдебиетке бетбұрыс жасалмаса, ұлттың болашағы бұлдырап, ділі құлдырай бермек

Мархабат Байғұт: Әдебиетке бетбұрыс жасалмаса, ұлттың болашағы бұлдырап, ділі құлдырай бермек

Мархабат Байғұт: Әдебиетке бетбұрыс жасалмаса, ұлттың болашағы бұлдырап, ділі құлдырай бермек
ашық дереккөзі
Карантин басталғалы аймақтарға сапарымыз тоқта­ғаны­мен, республиканың түкпір-түкпірін­дегі ел ағаларымен, халықтың қамын күйттеп жүр­ген азаматтармен, қаламгер­лер­мен байла­ны­сымыз үзіл­ген жоқ. Керісінше, хат-хабар алмасу, қал-жағдай сұрасу жиіле­ді. Көпшілік ортадан оқшаулан­ған карантин кезінде жабығып, жабырқап қалмады ма деп бір-біріне демеу болған­дарды, жылы сөзімен бір-бірінің жанын жадырат­қан­дарды көп көрдік. Сондай тамаша үрдісті жалғамаққа әрі мерейлі жасқа толған туған күні­­мен құттықтамаққа біз де шалғайдағы Таупіс­теліге теле­фон шалып, Мархабат Байғұт ағамызбен тілдестік. Қа­лам­­гермен әңгімеміз әлеуметтің жағдайынан баста­лып, әдебиеттің жайына ұласты. – Атыраудан Алтайға дейін созылып жатқан қазақтың байтақ даласы шет пен шек дегенді білмеуші еді.  Кесірлі кесел аймақтардың арасын шекарамен шектеп, барыс-келісті тоқтатты. Оңтүстіктегі ағайынның жағдайы қалай? Карантин қажытқан жоқ па? – Карантиннен бірер күн бұрын Таупістелі дейтұғын туған ауылымызға келіп едік. Кемпіріміз, бірер немеремізбен. Сол күйі карантин жарияланып, екі жарым айдай уақыттан бері осындамыз. Таупістелі ауылында отызыншы жылдардың басында (өткен ғасырда ғой) екі жүздей түтін болған екен. Ашаршылықта жартысы қырылған. Соғыста жүз отыздай боздақтың жартысынан астамы опат болған. Елуінші жылдардың аяғына таман жеке мен колхоздың жылқылары түгелдей етке айдалып, Хрущевтың кесірінен қылқұйрықсыз қалған. Жүз елудей үйдің жиырмасынан өзгесі көшірілген. Қазір отыз шақты шаңырақ, оған қоса бірер бақуатты тұлғалардың таңғажайып, тамаша саяжайлары бар. Ауылдағылар карантин талаптарын қатаң сақтап отыр. Күні кешегі Ораза айттың өзінде бұрынғыдай топтасып қыдырған жоқ. Алыстағы ауылда отырып, шағындау саяжайымызда жүріп, бүкіл байтағымыздың, қаншама қасіреттерді бастан өткерген, алты миллион екі жүз мыңға жеткенде төрт миллионынан айырылып, қасқа жолдан қайырылып қалған қайран қазақтың тілеуін тілейміз. Мақтааралымызды уайымдаймыз. Сегізінші сыныптан бастап жазда мақта шабыққа, күзде екі ай «ақ алтын» термекке баратын едік. Төрт жыл бойы сөйткенбіз. Кейін қаламгер ретінде ең көп жазғанымыз да сол Мақтааралымыз еді. Мемлекетіміз мақтааралдықтарға мәністі қам­қорлық істеп жатыр. Өмірзақ Шөкеев бастаған аймақ басшылары күні-түні тынымсыз тірлік жасап жүр. Күбір-күпсіңге, сыбыр-сыпсыңға берілмей, қолдан келсе, әл-Фараби бәдіздегендей жәрдем жасамағы­мыз абзал. Індетті де темірдей тәртіппен, мұнтаз­дай тазалықпен, жоға­ры жауапкершілікпен ғана жеңеміз. Абай айтқан ақылға бірлік, іс-әрекетке, әділет­ті­лікке бірлік, қанағат пен рақымға бірлік керек. Жаратқан ие бұзы­лың­қы­раған ниет пен пейілге, тым тойшыл­дық­қа, ысы­рап­­шыл­дыққа, тойым­­­сыз­дық­қа, іш­тар­­лық­қа қарай осын­дай ауыр сы­­­нақ беріп отыр ма деп те уа­­йым­дайты­ны­­мыз рас. Абай: «Ел бұ­зыл­­са құра­ды шай­­тан өрмек; Періште тө­мен­­­­­шік­теп қай­­ғы же­мек», – дейді ғой. «Қа­йы­­­рым­ды қала» қағи­­да­ларын мәніс­теген Әбу Насыр бабамыз  «на­дан қала», «ны­­сапсыз қа­ла», «даң­ғой қала», «па­сық қа­ла», «тойымсыз қала» деп таразылай тал­даған да. Осы әл-Фара­би, Ахмет Ясауи, Абай үшеуі­не үңілің­кі­реп, үйле­сімге ұм­тыл­­мақ қазақ үшін басты па­рыз­ға айнал­са ғой. – Кезінде әдебиетте із қалдырсам деген үзеңгілестеріңіздің көбі Алма­ты­ға, әдеби ортаға жетуге асықты. Сіз руханиятқа сіңірер еңбек адамның жүрген жеріне, отырған орнына байланысты емес екенін дәлелдеген санаулы қаламгердің бірісіз. Десе де, бір сұхбатыңызда «Алматы арманым еді...» деп қалыпсыз.  Жүрек түкпірінде орта­лыққа неге бармадым деген өкініш қалып қоймады ма? – Алматыда, Қазақ университетінде оқып, Зейнолла Қабдоловтайын зергерлерден дәріс тыңдаған соң, әлбетте, арман қалада қалып, қалам айналдырмақты көксейтіндер көптұғын. Солардың бірі – біз пақырыңызбыз. Алайда аурушаң аналарына, жәутеңдеген жетім бауырларына алаңдап, ауылдарына күрсініп қайтқан жалғыз біз емеспіз. Жаратқан иенің жазуымен кешіп келе жатқан өмірімізге, тағдырымызға мың да бір шүкіршілік етеміз, айналайындар. – Әдебиет бір кездері қомақты та­быс көзі болды. Ал бүгінгі жазушылар жазумен жан бағу мүмкін емес екенін айтады. Мұны қоғамның әде­биет­ке деген ықыласының төменде­гені деп түсінсек қателесеміз бе? – Қазақстанның жағдайында жазушылар үшін қаламақы мәселесін нарыққа тұтас тәуелді етпей-ақ, талапшылдық, әді­леттілік жолымен шешпекке мүмкін­діктер әбден-ақ мол еді. Дер кезінде шешілмеді. Нарықтық қарым-қатынасқа көркем әдебиет төтеп бере алуы үшін ұлттың саны ең кемі жиырма бес миллион адам болуы керек деген мәселе – дәлелденген жағдаят. Ал қазақтың, оның ішінде ұлт тілінде оқитын жұрттың саны қай шамада екені белгілі. Бұл туралы терең тебіреніспен ойланатын, толғанатын, түбегейлі шешпекке тырысатын тиісті тұлғалардың қолдары басқа нәрселерге байлаулы сияқты. – Жуырда Президентіміз Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастаған эстафетаны жал­ғап,  карантинде өзі оқып жатқан кітап­тар мен басылымдардың тізімін ұсын­ды. Сізге де сондай қолқа салсақ. Не оқып жүрсіз?  – Тағы да данышпан Абайға жүгінсек, ол кісі: «Жетелеп үйрет, оған көнбесе, желкелеп үйрет», – дейді. Көркем әдебиет­ке бетбұрыс жасалмаса, әлеуметтік желінің әлеуетті жақтарынан гөрі әулекілік әсеріне әсіреңкілене берсек, ұлттың болашағы бұлдырап, ділі құлдырай бермек. Отбасы мен балабақша, мектептен бастап жаппай бетбұрыстың жолын, жөн-жосығын табу керек. Желкелеуге дейін... Біз мына карантин басталғанда да отбасылық оқуға, бірлесе талқылауға, ең болмаса он бес минут бірге оқып, он бес минут бірге талқыламаққа ыңғайлы әулие жанр – әңгімеге бет бұруға бастама көтердік. Әлімізге қарамай. Бірен-саран қолдағандарды Құдай қолдағай. Ал өз басым жапон әдебиетінен біраз нәрсе оқыдым. Абайдың қара сөздерін қайталай қарадым. –  Өткен жылдың соңында 5 мың данамен жеті томдығыңыз жарық көрді. Жинақ еліміздің барлық өңіріне жетті ме? Кітапханаларға тегіс таратылды ма? – Бізге айтуларына қарағанда, жеті томдық бүкіл байтағымыздағы негізгі кітапханаларға жіберілген. –  «Балалар жазушысы деп жазушыларды бөлуге қарсымын» деген екенсіз бір сұхбатыңызда. Бұлай жіктеуге кішкентай оқырмандардың таным-таразысына лайық шығарма жазатын қаламгерлердің тым аздығы себеп болса керек. Шығармашылық жолыңызды о баста балаларға арнап жазудан бастапсыз. Қазір бұл тақырыптан қол үзген жоқсыз ба? – Қол үзіп кеттім деп айта алмаймын. Мә­се­лен, «Қозапая», «Белесебет пен бай­лық», «Қош бол, кітап» дейтін көркем әң­гі­­­мелерім балаларға арналмаған дей ал­м­ай­мын.  Шығармаларым «ересектерге ар­нал­­ғанның» өзінде де, көпшілігінде бала­лар жүреді. Сондықтан сіз меңзеген көз­қа­ра­сымда қала берем-ау. – Түлкібаста құрылған  «Мархабат-Мирас» қоғамдық қорының жас қа­лам­герлерді қолдау бағытындағы та­лай ілкімді істеріне қанықпыз. Індетке байланысты біраз шаруа тұра­лап қалған болар. Жағдай тұрақталған соң қордың игі дәстүрлері жалғасын таба ма?  – Бұл қордың қалтасына қаржы түс­пегелі талай жыл болған сияқты. Дегенмен алған беттен қайтар емес. Жұмыстарына жұртшылық риза. Жас талапкерлер разы. «Таупістелі тағылымы» жобасы бар. Әр үш жыл сайын «Түркі тілдес, түгел бол!» тақы­ры­бында түрлі жиындар, конферен­ция­­лар, сыр-сұхбаттық басқосулар өткі­зеді. Алыстағы ауылда. Түркінің түгел­дігі туралы тек алып қалалар – Анкара, Стамбұл, Баку, Ташкент, Қазан, Нұр-Сұлтан, Түркіс­тан­да ғана емес, Қаратау қойнауындағы Таупістелі ауылында да айтылады. Үнқа­ты­суға Түркия, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Татарстан, Әзірбай­жан, тағы басқа туысқан түркі елдерінің қайраткер­лері, қаламгерлері қатысады. Ара-арасында қор хал-қадерінше әдебиет пен жур­на­лис­­тиканы насихаттайды. Жас қаламгер­лер­ді қанаттандырып, байқаулар, оқулар өткізеді. Алдыңғы жылғы оқулар Тұтқабай Иманбекұлына, былтыр Шерхан Мұрта­заға арналды. Мына індетті шегіндірсек, Түр­кістан облысы мен Шымкенттегі дәс­түрлі әдеби шаралар жаңа тұрпатта жал­ғасар, сағынышпен қауышулар көбейер деген үміттеміз. – Жүріп өткен жолыңызға қазіргі жет­кен биігіңізден қарағанда не көресіз?  – Ғасырлар тоғысында бір прозашы мен бір ақын биік шоқыға шығып, төменде жатқан үлкен елді мекенге қарап тұрыпты. Деседі. Ақын: «Ай, қайран елім-ай, жүз жылдан кейін мына мен сияқты мықты ақыныңның артында қалған ғажап кітаптарын оқымайсың-ау!», – депті. Ал прозашы күрсініп: «Менің кітаптарымды жүдә оқымаса-дағы, жүз жылдан кейін осы елім аман болса, арманым жоқ», – деген екен. Жетпіс бестің биігінен қарап, сол проза­шы­ның жағына шығатындай күйдеміз. – Жазушы бақыты деген не? Бақытты жазушысыз ба? – Жазушы бақыты қайран қалам мен ақ қағазға адалдықтан айнымай, ұлтына қызмет қылмақта шығар. Бір келіншек құттықтау жолдапты. Whatsapp арқылы. «Сіз бақытты жазушысыз, аға!», – депті. «Рақмет, айналайын. Алла разы болсын», – деп жауап жазғам. – Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан

Анар ЛЕПЕСОВА