Америкалықтар асырап алған қазақ баласы: Аға, сені сағындым!

Америкалықтар асырап алған қазақ баласы: Аға, сені сағындым!

Америкалықтар асырап алған қазақ баласы:  Аға, сені сағындым!
ашық дереккөзі
Тағдырдың жазуымен 1 жасында мұхит асып кеткен Марат есімді қазақ баласы қазір 19 жастағы бозбала. Оны америкалық Дональд пен Джинни есімді ерлі-зайыптылар Өскемендегі балалар үйінен асырап алған. АҚШ-та Маратқа Теодор Уолтан деген есім берген. Қазақстанда өмірге келгендегі толық аты-жөні – Марат Тоқтарұлы Оразғалиев екен. Жуықта Марат елде қалған жақындарын іздеп әлеуметтік желіде жазба қалдырған болатын. Ол жазба бүкіл интернетті кезіп, қазақстандықтар жаппай Мараттың туыстарын іздеп кеткен. Қарға тамырлы қазақ емеспіз бе, Мараттың Шығыс Қазақстанда тұратын ағасы да табылды. Біз жақындарын іздеген бозбаланың өзіне хабарласып, бұл оқиға жайлы аз-кем ағылшын тілінде (қазақша білмейді, орысша санаулы ғана сөз біледі – ред.) әңгімелестік.  – Теодор, алдымен өзіңді, сосын отба­сыңды оқырман қауымға таныс­ты­ра отырсаң... – Есімім – Теодор Уолтон. 2001 жылы Қазақстандағы Өскемен қаласында дүниеге келгенмін. Туғанда берілген есім – Марат Тоқтарұлы Оразғалиев. Бір жасқа толға­нымда Өскемендегі жетімдер үйінен аме­рикалық отбасы асырап алған. Отба­сында бес адамбыз. Әкем – америка­лық, есімі – Дональд. Әскери сала қызметкері. Анам – жартылай жапондық, жартылай амери­ка­лық, есімі – Джинни. Әлеуметтік қызметкер болып еңбек етеді. Қателеспесем, екеуі де 53 жаста ғой деймін. Олар менімен қатар, сол жетімдер үйіне тапсырылған тағы бір баланы яғни қазіргі таңда әпкем атанып жүрген Сара есімді қыз баланы да өз қам­қорлығына алған. Сара менен үш жас үлкен. Қазіргі таңда колледж студенті. Отбасымызда Сара екеумізден бөлек, ата-анамның Ханна есімді туған қыздары бар. Ол қазір он алты жаста, орта мектепте оқиды. – Білуімше, өзің АҚШ-тағы Фло­рида штатына қарасты Пенсакола қала­сының жергілікті колледжінде биология саласы бойынша білім алып жатыр екенсің? – Бастапқыда биология ғылымын таңдағанмын. Кейіннен бұл саланы түсіну қиынға түсті, сөйтіп оқуымды ауыстырып, қазір бизнес жүргізу және қытай тілін оқудамын. – Әдетте бала асырап алатын амери­ка­лықтар оның асыранды екенін бала күнінен жасырмай, бүге-шүгесіне дейін айтып, тіпті туған ата-анасын іздес­тіруге бар күш-жігерін салып жата­ды. Сенің де ата-анаң осындай бастама көтерген болар? –Иә, мұнда бала асыранды екенін бала кезінен біледі. Мен де кішкене кезімнен білдім. Анам да, әкем де – өте ашық әрі мейірбан кісілер. Ешқайсымызды бөліп-жармайды, барлығымызға бірдей алаң­дайды. Асыранды екенімді білсем де, бастапқыда онша мән бермедім. Сосын ата-анам 2008 жылы туған әке-шешемді іздес­тіре бастағаны еміс-еміс есімде қа­лыпты. Сол кезде бұған кішкене қызық­қа­ным бар, бірақ бұл істі әрмен қарай жалғастырып әкетпедік. Себебі мен кішкентай болдым. –2008 жылы жасың небәрі жетіде болғандықтан, іздестіру ісіне аса мән бермейтінің түсінікті жайт. Ал есейе келе нақты қай кезде бұл іздестіруді жал­ғастыру керек екенін түсіндің? Біл­гім келіп тұрғаны, ата-анаңның көме­гін­сіз, іздеуді өзің бастап кетуге не түрткі болды? – Нағыз қызығушылығымның оянуына себепкер болған жайт – қазақстандық режиссер Қанат Бейсекеевтің асыранды балалар туралы түсірген деректі фильмі. Бұл фильмді оның Youtube платфор­ма­сын­дағы парақшасынан кездейсоқ көріп қалдым. Оның үстіне, мұндағы кейіп­кер­лер­дің бірнешеуін танимын. Қашан көрге­німді ұмытып отырмын, десек те осы фильм­нен соң, туған отбасым, Қазақстан туралы танып-білуге құштарлығым арта түсті. – Ал бұл деректі фильмді көргенге дейін Қазақстан туралы не білетін едің? – Қазақстан көптеген жыл бойы Кеңес Одағының құрамында болғанын білетін­мін. Сонымен қатар ел тұрғындары қазақ және орыс тілінде сөйлейтінін әрі мұсыл­ман дінін ұстанатын мемлекет екенін білдім. Сондай-ақ аумағы әлем бойынша тоғызыншы орында екенінен хабардармын. Айта кетерлігі, Facebook желісіне қалдырған жазбамнан соң, дос қатарына қосылып жатқан қазақстан­дық­тардың қарасы көп. Біреу «Геннадий Головкинді танисың ба?» деп жазыпты. Шыны керек, ол кісі туралы ештеңе білмейді екенмін. Менің білетінім – Димаш Құдайберген. Себебі оны Аме­ри­када көпшілігі таниды, тыңдайды, айтып жүреді. Алғаш рет оның қазақ екенін есті­генімде қатты қуандым. Қазақ бала­сының күллі әлемді өзіне қаратып, назар аударт­қа­нына мақтанамын! Айтпақ­шы, шыққан тегім мен атажұртқа деген қызығушы­лы­ғымның оянуына жоғарыда айтып өткен деректі фильм бірінші себеп болса, екінші себеп – осы Димаш. Оның өмірін, өнерін тани түскен сайын, Қазақстан туралы көп білгім келді. Әлеуметтік желіден Қазақ­станға қатысы бар парақша тауып алдым да, әлгі жазбамды жарияладым. – Facebook желісіндегі Kazakh American Association тобының парақ­ша­сына қалдырған сол жазбаңа оралсақ. Бұл жазбада өзің туралы қыс­қа­ша мәліметпен қатар, бірнеше суретті қоса жүктепсің. Осы сурет­тердің тарихы туралы айта отыр­саң? Бұл суреттер сенде қайдан жүр? – Жоғарыда айтып өткенімдей, 2008 жылы ата-анам іздестіруді бастаған. Кейін­нен тиесілі мекеме бізге осы суреттерді тапсырды. Сол суреттердің бірінде менің әпкем және ағам деп жазылған. Сөйтіп, ағаммен қоса, әпкем де бар екен деп, екеуі­не бірдей іздеу салдым. Белгілі болған­дай, менің тек бір ғана бауырым бар екен, ал суреттегілердің қалғаны туысқандарым екен. Сөздің шыны керек, сол жазбам осыншалықты резонанс тудырады деп еш ойламадым. Кәдімгі жай хабарлама секілді жүктей салдым. Біреу көмектесер-көмек­тес­пес, десек те көпшілігі менімен шаруасы болмайтын шығар деп ойладым. Жүктеге­нім сол-ақ, пікір білдірушілер мен жеке хабар­лама жіберушілер көбейіп кетті. Ерекше қолдауға ие болдым. Шынымды айтсам, қазақтар  ашық, мейірімді екен. Бала кезде өзге ұлт екеніңді білсең де, байыбына барып түсіне бермейсің ғой. Қазір барлық жайтты ескере отыра, қазақ ұлтынан тарайтынымды ерекше мақтан тұтамын! – Сол жазбаның астына қазақ доста­рың жоқ екенін, алдағы уақытта қазақтармен байланыста болғың келетіні туралы пікір қалдырыпсың. Бай­қағанымдай, соңғы бір аптада қазақ достарыңның қатары көбейген секілді... – Иә, содан кейін достық ниетін біл­діріп жатқандар көп. Әлі де жазуда, қолдау біл­д­іруде, елге шақыруда. Арасында Қазақ­стан және елдің мәдениеті туралы көп ақпарат жіберуде. Америкада тұратын қазақтар да хабарласты. Айтпақшы, қазақ досым жоқ дегенімде Қазақстаннан дегенді мең­зеген едім. Себебі Америкадағы ең жа­қын досым да қазақ. Сәйкестікті қара­ңыз, менімен бір қалада, соның ішінде көршілес ауданда тұратын оны да мені асырап алған жетімдер үйінен осы елге әкеліпті. Сол себепті екеуімізге ортақ дүние баршылық. Айнымас доспыз қазір. Білуімше, ол да мен секілді өзінің бауырын тауып алған секілді. – Ендігі кезекте өз бауырың Рүстем­ді сөз етсек. Сол жазбаңнан кейін ара­да бір күн өтер-өтпес уақытта та­был­ған Рүстем жауап қатқанда қандай күйде болдың? – Бастапқыда қатты таңғалдым. Себебі тез табылды. 18 мамыр күні жазба қал­дыр­дым. Ертесі 19 мамыр таңертең ұйқыдан тұр­сам, ағам байланысқа шығып тұр. Одан бөлек, жан-жақтан хабарлама толассыз келуде. «Бұлай мүмкін бе?» деп лезде табылғанына таңғалып, бастапқыда ағам екеніне сенбегенім бар. Десек те, суреттен байқасаңыз, ағам екенін түріміз-ақ айтып тұр. Ұқсаймыз. Кейіннен мәтіндік хабар­лама арқылы жазысқанда қуаны­шым­да шек болмады. Қатты қуандым. Десек те, бірден емін-еркін сөйлесіп кете қоймадық. Жартылай сөздік арқылы, жартылай орысша сөйлестік. – Орыс тілін қайдан білесің? – Колледжде орыс тілін үйрететін сабақ бар. Содан үйренгенмін. Тұтас сөйлемді толы­ғымен түсіне аламын деп айта алмай­мын. Дегенмен ағамның кейбір қысқартып жазғанын сөздікке жүгінбей-ақ түсініп отырдым. – Тағы да сол жазбаңның астына анаң­ды іздестіріп, анаңмен аты-жөні бір әрі ұқсайды-ау деген кісілердің су­ре­­тін жіберген желі қолданушы­ла­рына «Өкінішке қарай, іздестіру бары­сын­да ол кісінің өмірден қайтқанын білдік. Десек те, көмегіңізге мың алғыс» деп жауап қайтарыпсың. Ал әкең туралы қандай мәлімет білесің? – Анам Жанардың қайтыс болғанын америкалық ата-анам баяғыда айтқан-тын. Ал әкем Тоқтарбектің де қайтыс болғанын жуыр­да, ағам табылған соң білдім. Оған дейін ол кісі туралы еш ақпарат білмей­тін­мін.  width= – Ағаңмен хат-хабар алмасқанда Өске­менде қалған ол өмірінің ары қарай қалай өрбігені туралы айтты ма? – Иә, екеуіміз өміріміз туралы жазыс­тық. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облы­сы Күршім ауданында тұрады екен. Жасы 21-де. Өзін сол жақтағы керемет бір отбасы асырап алғанын айтты. Жетінші сыныпта оқып жүргенінде менің бар екенімді біліпті. Сонымен қатар қазіргі таңда мешітте жұ­мыс істейтінін білемін. Жоғарыда айтып өткендей, Қазақстан мұсылман ел екенін білемін. Десек те, мешіт және ағамның жұмысына қатысты ештеңе білмеймін. Мүмкін ағаммен кездескен кезде бұл турасында кеңінен сұрап алармын. Қазіргі пандемияға байланысты осы жазда оған баруға жол жоқ екенін жақсы түсінемін, десек те алдағы  жылы  саяхаттап баруды жоспарлап отырмын. Аздап қобалжу бар. – Сөзіңе қарасам, мәтіндік хабар­ла­ма арқылы сөйлесіп жүргеніңе онша риза емес секілдісің. Телефон немесе бейнеқоңырау шалғың келіп жүр ме? – Туған ағаңмен дұрыс түсінісе алма­ған­дықтан көңілімнің кішкене түсетіні рас. Сағаттап тұрып сөйлескім келеді, жақын­нан танығым келеді, еш кедергісіз  бір-бірімізді түсініп, жақын тартсақ деймін. Қазір мені алаңдатып тұрғаны осы. Десек те, бір күні қазақша және орысша еркін сөйлейтінімді білемін. Ол да шет тілін үйреніп алар. Айтпақшы, қазақ тілінде  тыңдадым. Түсінгенім, мұны игеру қиынға соғатын секілді. Себебі бір қарағанға күрделі тіл секілді көрінді. Келер жылы Қазақстанға барғанға дейін қанша қиын болса да, біраз сөздер жаттап алармын.  width= – Асырап алған ата-анаң бауы­рың­ды тапқаныңды қалай қабылдады? – Ол кісілермен бірге тұратындықтан, олар бар­лығын естіп, көріп, біліп жүрді. Сосын ағам табылғанда екеуіне: «Ана, әке, қараңыздар, бауырым­ды таптым!» деп суретін көр­сет­тім. Олар да мен секілді қатты қуанды. Оның үстіне бұл істі 2008 жылы өздері бастаған еді. Қуанбауы мүмкін емес. Олар да ағамның өміріне алаңдайды. – Қазақстанға келіп, ағаң­мен қауышудан бө­лек, алға қандай жос­пар құрудасың? – Колледж бітірген соң бизнес саласында, соның ішінде технология бизнесі бойынша жұмыс істегім келеді. Бәлкім, халықа­ралық компанияларда қызмет етермін. Қазіргі таңда Америкада Азия мәдениеті кең тараған, адамды қызықтырмай қоймайды. Алдағы уақытта орыс, қазақ тілімен қатар, қытай, кәріс тілін үйреніп, сол бойынша еңбек етуге қатты қызығамын. Негізі, арманым көп. – Айтпақшы, Facebook-тегі жеке про­филіңде туған қалаң ретінде Нұр-Сұл­тан қаласын белгілеп қойыпсың. Демек, келер жылы Өскеменнен кейін Нұр-Сұлтанға жол тарту ойыңда бар ғой? – Байқап қойдыңыз ба?!(күліп). Негізін­де бастапқыда профиліме Өскеменді белгі­леп қойғанмын. Сосын Нұр-Сұлтанға ауыс­тырдым. Мұндағы мақсат – Қазақ­стан­нан көп дос табу. Жаңылыспаппын, содан кейін көп дос таптым. Әлбетте, жолай Нұр-Сұлтанға соққым келеді. Нұр-Сұлтан туралы соңғы уақытта көп нәрсе білдім. Атап айтсам, былтыр атауы ауысқанын, Нұр-Сұлтан елдің бірінші астанасы емес екенін, қаланың архитектурасы заманауи стильде салынғанын білдім. – Ал туған жерің Өскемен қаласы туралы не білдің? –Интернеттен қала суреттерін арнайы іздегенмін. Байқағаным, Өскемен Нұр-Сұлтан немесе Алматы секілді заманауи емес, өзіндік колориті бар қала секілді. Сосын мұнда қазақтілді ортамен қатар, орысша сөйлейтіндер көп тұратыны туралы оқыдым. Соңғы аптада көптеген кісі әлеуметтік желі арқылы Өскеменнің мен көрмеген суреттерін жіберіп жатыр. Расымен әдемі қала екен! – Сол Өскеменнен сенімен бірге асырап алынған Сара әпкең өз ата-анасын іздеуге қызығушылық танытып жатқан жоқ па? – Сарада мендегідей үлкен қызығу­шы­лық жоқ. Оның үстіне, оның отбасы туралы көп ақпарат та жоқ. Содан кейін де болар, ол онша қызықпайды. Дегенмен менің хикаямды көріп, естіп жүрген ол бір күні қызығатыны анық деп ойлаймын. – Ағаң Рүстемге не айтар едің? – «Аға, сені қатты сағынамын. Бұдан кейін екеуміз ешқашан ажырап, екі жаққа бөлініп кетпесек екен деймін. Мейлі, тілді жөнді білмесек те, мейлі әлем­нің әр бұрышында жүрсек те, ара­қатынасымыз енді үзілмесін! Барлы­ғы керемет болады деп сенемін! Мені күт!» дегім келеді.  

Сұхбаттасқан

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ