1106
Ержанат Байқабай: «Арғы бет» деуге аузым бармайды, ол да біздің атажұрт
Ержанат Байқабай: «Арғы бет» деуге аузым бармайды, ол да біздің атажұрт
Айтыскер ақын Ержанат Байқабай 1983 жылы ҚХР Алтай аймағында дүниеге келген. ҚХР Алтай қаласының, Алтай аймағының және Моңғолияның Баян-Өлгей, Қобда аймақтарының «Құрметті азаматы» төсбелгісімен марапатталған. «Қимаймын» (2008 жыл), «Жүрекке түскен жол» (2017 жыл) жыр жинақтары шыққан. Қытай елінен көшіп келген қандасымыз, белгілі айтыскер ақын Ержанат Байқабайұлымен сұхбаттасудың реті келген еді...
– 2 миллионға жуық қазақ өмір сүретін Шыңжаңға әрідегі Баян-Өлгей мен Қобда аймақтарына кең танылып, «Ел еркесі Ержанат» атанған айтыскерсіз. Енді міне, атажұртқа қоныс аударыпсыз. Қош келіпсіз.
– Өзім үшін емес, Отан, ұрпақ, болашақ және дінім, ділім, тілім, салт-дәстүрім үшін келдім. Қызыл-жасылды дүниеге құнықсаң қыз көзіндей арбап, рухани құндылығыңды құртша кеміреді. Арзан абырой айға ағаш еккізбейді. Алты тонна алтының болғанымен алты минут еркіндігің болмаса бәрі бекер.
Мен туған жерімді кейбіреулерше «арғы бет» деп айта алмаймын. Күллі түркінің түп кіндігі байланған, сары жайлауы сақтардың сары жұрты, ғұндар қыста мекендеген – асқарлы Алтай. Көк бөрілердің көз жасынан құралған кезінде еміреніп ағатын, ал қазір еңіреп ағатын Ертістің ең басы, ХІХ ғасырда «Қазан» баспасынан алғаш кітаптарын шығарған ғұлама ойшыл, дала данышпаны, абыз Ақыт Үлімжіұлы өмір сүрген, аға сұлтан Құнанбай ақтарыла батасын берген Бейсенбі Дөненбайұлының күйлері бебеулеген Ағажай-Алтай-Ертіс деп аталатын киелі мекен.
Өткен жылы атажұртқа көшіп келдім. Қазақстанның толыққанды азаматтығын алдым. Қазір Алматы қаласының тұрғынымын. Қыста Мерекемен (Мереке Мақсатқызы) үйленіп отау құрдым.
Оқыған мамандығым – бұқаралық мәдениетті басқару және қазақ әдебиеті. Кәсіби өнерім – айтыс.
– Айтыстарыңыз жайлы әңгіме өрбітсек.
– Айтыс сахнасына 1996 жылы Алтай аймақтық 11-кезекті ақындар айтысында Торғайты жайлауында тұңғыш қатысып, ШҰАР көлемінде бала ақын атандым. Министр дәрежелі басшылар ырымдап торы тайға мінгізді. Содан бері осы өнермен бірге өніп, өсіп келемін. Ақындық тағдырымның тартуы деп білемін.
– Айтыс арқылы біршама сый-құрметке бөлендіңіз...
– Иә, атақтан, құрметтен, сый-сыяпаттан кенде болғам жоқ. 2008 жылы Үрімжіде «Таудан аққан тас бұлақ», 2011 жылы тағы да Үрімжіде «Сағындым», 2017 жылы Алматыда «Жүрекке түскен жол» жеке өнер кештерімді бердім. 2016 жылы Алтай қаласы парткомының бірінші секретары ұйымдастыруымен айтыс майданындағы 20 жылдығыма арнап арнайы «Ерке ақын, есіл жыр» деп айтыс өткізіп, Шеміршек, Сарғусын екі ауыл әкімдерінің арнайы ұйымдастыруымен екі ауыл және оқыған мектебім арнайы ел-жұртым алдымнан шығып қарсы алды. 50-ге тарта ат мінгізіп, 20-ға жуық қара нар жетектетті халқым.
– Кімдерді ұстаз тұттыңыз?
– Құрманбек Зейтінғазыұлы, Жамалхан Қарабатырқызы, Бердіхан Абайұлы, Қайрат Құлмұхаммед, Еркін Ілиясұлы, Оразалы Досбосынов.
– Сіздіңше, айтыс ақындары неге баса мән беруі керек?
– Шырылдап тұрған шындық деген, пәк сәбидің, періштенің басынан сипамау, айғайлап шақырған ақиқатқа ат басын бұрмау қып-қызыл қылмыс, жүйкемен емес жүрекпен сөйлесе, сахнада ел алдында нағыз адам, ал сахнадан түскен соң дүние қоңыздың құлы, арам албасты болмаса екен. Өйткені адам құны алтынмен өлшенбейді.
– Қазіргі айтысқа сын көп айтылып жүр. Тым арзандап кетті дейді. Бұған ақын кінәлі ме әлде қоғам ба?
– «Ақын болу дегенің азап екен, тіліне тіршілікті тиек еткен» деп айтыскер Еркін Ілиясұлы айтқандай, расында айтыс майданы бұрынғыдан құлдырап бара жатқандай. Сахна – қияметтің қыл көпірі. Ұйқастырғанның бәрі ақын емес, бір майдандағы айтысыңнан ең кем дегенде екі ауыз сөз халық жүрегінде аңыз болып айтылып жүрсе, бақытты ақынсың.
Ақын мен айтысты ұйымдастыратын және қазылардың да, яғни бәріміздің кінәміз бар шығар. Ең бастысы өнерге тазалық қажет екенін білемін. 50 жыл ғұмырын айтысқа арнаған ақын ағамыз Жүрсін Ерман қазақ айтысын жаңа бір белеске көтерді. Енді оны төмен құлдыратпау бүгінгі айтыскер жастарға парыз.
– Әнге мәтін жазасыз ғой?
– Ұсыныс болып жатса, ешкімнің бетін қайтарғам жоқ. «Қара жорға», «Қыз көзінің жасындай», «Ойымдасың», «Ай куә», «Мәңгілік сағыныш» қатарлы әндердің сөзін жаздым. Қазір оларды Тоқтар Серіков, Қажымұрат Шешенқұл, Роза Әлқожа, Шәба Әденқұл, Шахризат, Бибігүл Қилымқан, Аққу Бәйжігіт қатарлы әншілердің ән қоржынында бар.
– Ендігі шығармашылық жоспарларыңыз қандай?
– Қазақ айтыс өнеріне құбылыс әкелген ақын ұстазым Еркін Ілиясұлы туралы роман-эссе жазып жатырмын. Таяп та қалдым. Сонымен бірге «Ертіс қашан тасисың?» жыр жинағым баспаға дайын. Одан бөлек казақтың әйгілі балуаны, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіров атамыз жайлы тағы бір туындым дайын.
Әлі ізденіп, оқып ғұмыры ұзақ, құнды шығармалар жазсам деймін, айтыстан гөрі қазір қаламға сыр айтуға бейімделіп алдым. Осы жағына ден қоятын тәріздімін.
– Өткен жылы Баян-Өлгейде үлкен аста бас жүлдені жеңіп, темір тұлпар мініп қайттыңыз. Ал Қазақстанға келгелі әлі сахнаға шықпадыңыз. Қашан шығасыз, шақырулар болды ма?
– Иә, сол сапарда екі айтысқа қатысып қайттым. Белгілі кәсіпкер Ермұрат Байтемір ата-баба әруағына Баян-Өлгей жерінде бұрын-соңды болмаған ерекше ас берді. Асқа 40 мың адам жиналды. Бәйгеге 8 темір тұлпар тігілді. Алған жүлдені қойшы, Баян-Өлгей халқының ақ батасына, аңқылдақ пейіліне, сақталған қазақы салтына риза болдым. Қазір Баян-Өлгей мен Қобда халқын, кең даласын, асау өзенін, асқар тауларын сағына еске аламын. Бақ пен бап қатар шабатын, бұйырған күні сәтіне қарай айтыс сахнасына шығармын. «Мен айтысқа түсейін» деп жүгіріп ешкімге бармадым, «айтысқа неге қатыспайсың?» деп сұрап, шақырған ешкім болмады әзірге.
Сұхбаттасқан Бақытбек ҚАДЫР