– Жаңа бір сөзіңізде «екінші курстан бастап режиссердің көмекшісі қызметін атқардым» дедіңіз. Демек, Мәскеудегі бүгінде өзіңіз қызмет етіп жүрген Е.Вахтангов атындағы мемлекеттік академиялық театрға сол уақытта жұмысқа орналастыңыз ба?
– Иә, бірінші курс аяқталған соң, Римас Туминас мені жұмысқа шақырды. Жоғарыда айтып өткендей, «Әйелден режиссер шықпайды» деген пікірді теріске шығару үшін бірінші курста тынбай еңбек еттім. Шүйліге қараған өзгеге өзімді дәлелдегім, мойындатқым келді. Оның үстіне бұған дейін түрлі оқу орнын ауыстыра жүріп, бірдеңе үйренуді «сағынып» қалған менің сол уақытта оқуға деген ынтам мен құлшынысым тасып тұрды. Сөйтіп, ұстаздар бір ғана тапсырма берсе, мен мұны екі есе істеп келетінмін. Қосымша тапсырмаларды орындаудың қажеті жоқ болса да, түгелін қалдырмай жасап келетінмін. Мұны байқаған режиссер өзінің көмекшісі ретінде жұмыс істеуге ұсыныс білдірді. Айта кетерлік жайт, режиссердің көмекшісі болуға қазақы менталитетімнің пайдасы көп болды. Әдетте режиссер белгілі бір спектакльді сахналау процесінде көңіл күйі құбылып, өзін еркін ұстайды. Қаласа дауыс көтереді, нұқып жеткізеді. Мұндайда бала кезімізден қанымызға сіңіп кеткен «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген бір ауыз сөз маған қатты көмектесті. Бізде үлкендеріміз ашуланса да, дауыс көтерсе де алдына кесе-көлденең тұрмай, қарсы шықпаймыз ғой. Тіпті, «Барып кел, шауып кел, алып кел, жүгір, отыр» десе де, бас изей жүріп барлығын орындаймыз. Бұл – біз үшін қалыпты жағдай. Ал театрдағы басқа ұлттар осылайша режиссер мені кемсітіп жатыр деп ойласа керек. Оларды жұмсап, бірдеңе талап етсе болғаны «Неге біз істеуіміз қажет? Неге көп жұмсай береді? Неліктен дауыс көтереді? Біз адам емеспіз бе?» дегендей келіспеушілігін білдіріп, ашуға бой алдыратын. Ал мен бұдан ашуланатындай дәнеңе таппай, қиынсынбай орындайтынмын. Сөйтіп жүріп тәжірибе жинап, артынша өзімнің жеке спектакльдерімді қоя бастадым. Қазіргі таңда И.Буниннің
«В Париже», А.Стриндбергтің «Фрекен Жюли», А.Грибоедовтың «Горе от ума», С.Цвейгтің «Цвейг.Новеллы/Лепорелла», Т.Манның Manno Laime («Мое Счастье – Счастье Манна») мен «Дорога», Н. Садурдың «Всё будет» және И.Куприннің «Аллез» атты спектакльдерін сахналадым.
– Режиссерліктен бөлек, Михаил Булгаковтың «Бег» атты спектаклінде ойнайды екенсіз. Режиссер бола тұра, бұл рөлге қалай шақыртылдыңыз?
– Бастапқыда бұл спектакльде әртіс емес, режиссер Юрий Бутусовтың көмекшісі болуым керек болатын. Бірде ол кісі келіп: «Онегин» спектаклінде ассистент болған кім, сол кісі менің спектаклімде ойнауы тиіс» деген талап қойды. Бұл рөлді ойнағым келмей, барынша құтылып кеткім келген. Оған режиссер көнбеді. Мұнда ойдан құрастырылған театр адамының рөлін ойнаймын. Ашығын айтсам, таразының басын әртіс емес, режиссерлік қызметім басып тұр.
– Қоржыныңыздағы өзіңіз атаған сегіз туындының ішінен «Всё будет» спектаклін Венгрияға, «Аллезді» Литваға барып қойсаңыз, «Горе от ума» қойылымын Қазақстанда, соның ішінде Алматыдағы М.Лермонтов атындағы орыс драма театрының шақыртуымен сахналапсыз. Еуропаның театрында қойылым қою бір бөлек, десек те Алматыдағы театрсүйер көрерменнің жөні тіпті бөлек екені айтпаса да түсінікті. Алматыда атқарған жұмысыңыздан қандай әсер алдыңыз?
– Алматыдағы жұмыс барысында қатты қобалжыдым. Туған жердің сахнасына алып шыққалы тұрған алғашқы туындым болған соң, бұл қобалжуым заңдылық. Десек те, басқа театрлармен салыстырғанда кәсіби дайындық өзгеше болды. Оның үстіне менталитет те ықпал етпей қоймады. «Біздің қыз әрі жас, әрі режиссер бола тұра бізге ақыл айтады» дегендей пікірлер айтылды, мұндайда «Онда несіне шақырдыңыздар?» деп айтқым келді. Сөздің ашығы керек, жас мамандардың бағасын кеміту, оларға мұрынын шүйіру, жас деп санаспау бізде әлі де бар екен. Алайда бастапқыда басқаша қараған олар ақырында түсіністік танытып, спектакльдің сәтті шығуына зор үлес қосты.
– Көрерменнің ыстық ықыласына бөленген бұл жұмысыңыздан кейін отандық театрлар тарапынан қойылым қою туралы ұсыныс түсіп те жатқан болар...
– Иә, ұсыныстар бар. Алайда олар заманауи драматургияға сай спектакльдер қойғанымды қалайды. Ал бұл маған жақын емес, мен қазақ тілінде баллада немесе эпостық туынды не болмаса ертегілеріміздің кейбірін сахнаға алып шыққым келеді. Жоғарыда айтып өткенімдей, орыс мектебінде оқығаным бар, соңғы он бес жылда орыстілді ортада жүргенім бар, мұның барлығы ана тілімді білу деңгейімді төмендетіп алуыма септігін тигізді. Қазақ тілінде сөйлеуге қысыламын. Әсіресе, күрделі сөйлемдерді дұрыс құрай алмайтын болыппын. Алдағы уақытта қазақтілді спектакль қою мақсатымды жүзеге асыру үшін қазақ тілін қайта оқып жатырмын. Бүгінде елдегі театрдың бірінде әртіс болып жұмыс істейтін Жанел Серғазинадан қазақ тілін қайта үйреніп жатырмын. Өткенде ол екеуміз С.Қожықовтың «Қыз Жібек» киносын қазақ тілінде тамашаласақ, жуырда А.Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» киносын көрмекшіміз. Сәтін салса, келешекте қазақтілді аудиторияға қазақ тіліндегі спектакльдерді ұсынатын боламын.
– Өнердегі ұстазыңыз әрі сіз еңбек ететін театрдың көркемдік жетекшісі, белгілі режиссер Римас Туминас осыдан үш жыл бұрын берген бір сұхбатында сізді көзінше мақтамайтынын, ал былайынша мақтан тұтатынын, сондай-ақ атқарып жүрген ісіңіздің қандай маңызды екенін қазір түсінбесе де, кейін түсінетініңізді айтыпты. Ал қазір мамандығыңыздың маңызын түсіне алдыңыз ба?
– Бар болғаны өнерді халыққа таратушы, жеткізуші екенімді жақсы түсінемін. Режиссер екенмін деп көкірегімді кермеймін. Мәскеудегі ерекше ортада жұмыс істеп жатқаныма масайып, «жұлдыз ауруына» шалдыққан түгім жоқ, шалдықпаймын да. Сыртта жүрген соң, көпшілігі мені «Еуропаға бет бұрып кетті, бітті, өзгерді. Қазақстанды қайтсін?» дегендей ой түйеді екен. Шындап келгенде, тіпті де олай емес. Маған елде жұмыс істеген қызық. Қазіргі таңда әртүрлі елдің сахнасына барып, спектакль қою мүмкіндігі бар. Сол әр елдің театр мәдениетінен өзіме керегін алып, тәжірибе жинақтап, алдағы уақытта мұны елге көрсеткім келеді. Әрбірден соң, мен қарапайым ауылдан шыққан қызбын ғой. Несіне өзгерейін?!
– Ауыл демекші, шетте жүрсеңіз де, сөз арасында ауылдың тұрмыс-тіршілігіне алаңдайтыныңызды байқап қалдым. Шыңғырлауға қаншалықты жиі барып тұрасыз?
– Жиі барып тұрамын. Оған себеп әкем мен үлкен әжемнің қабіріне барып құлшылық жасаймын. Бес жасымнан бастап үйренген соң, өзім Құран оқимын. Барған сайын жеңілдеп, ерекше тылсым күш-қуатқа толып қайтамын. Алысқа кетсем де, ауылға тартып тұрады, сондықтан да ауыл өміріне немқұрайлы қарамаймын. Былтыр барғанымда ауыл маңында жайылып жүретін қой, ешкі, сиыр санының азайғанын байқадым. Мұнымен қоймай, ауылды қалаландыру үрдісі белең алғанын көрдім. Кішкене дүкендердің орнына үлкен дүкендер желісін салып, «ауылды ауыл» ететін құрылымдарды өзгертіп жатыр екен. Бұған дейін ауылда лимонад, май шығару зауыттары жұмыс істейтін. Сондықтан ауыл тұрғындарының тұрақты жұмыс орындары болатын. Қазір ауылдағылар мұндай мүмкіндіктен де айырылыпты. Десек те, екінің бірі ауылдан қалаға көшкісі, жылы орнын суытқысы келмейтінін ескерсек, ауылды қалаландырмай, қаз-қалпында қалдырған дұрыс әрі жұмыс орнын жандандырған жөн деп ойлаймын. Ауылда тұрғаннан да ләззат алатындар бар. Мал баққанды, бау-бақша еккенді, түрлі шаруашылықпен айналысқанды ерекше жақсы көретіндер де бар. Біз секілді сонау қаладан ауылдың өмірін сағынып баратындар да бар. Сол үшін ауылдың сипаты өзгермей, ауыл болып қалса деймін.
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ