Бюджеттің бүйірін ортайтқан індет үнемдеуге де үйретсе...

Бюджеттің бүйірін ортайтқан індет үнемдеуге де үйретсе...

Бюджеттің бүйірін ортайтқан індет үнемдеуге де үйретсе...
ашық дереккөзі
299
Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік «ТАСС» агенттігіне берген сұхбатында Қазақстанда коронавирус инфекциясымен және пандемия салдарынан туындаған экономикалық қиындықтармен күрес шараларына бөлінген қаржының нақты сомасын жария етті. Президенттің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстарға шамамен 6 трлн теңге жұмсалған. Сұхбаттан соң көпшіліктің көкейінде мұнша қаржы қайда жұмсалды деген сауал туындады. Туындауы заңдылық. Қазына қаржысы туралы сөз болған жерде осы елдің әрбір азаматының сұрақ қоюға, жауап алуға хақысы бар. Жеңістің 75 жылдығына орай «Әлем басшылары Ұлы жеңіс жайында» атты жоба ұйымдастырған Ресейдің «ТАСС» агенттігі өткен аптада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан сұхбат алды. Сұхбат барысында соғыс пен жеңіске қатысты сұрақтардан бөлек, бүгінгі күннің аса өзекті мәселелерінің бірі – коронавируспен күрес жағдайы да талқыланды. Агенттік тілшісі Қазақстан пандемияға қарсы қалай күресіп жатқанын және халықты қауіпті вирустан қорғау үшін билік қандай шараларды қолданғанын сұрады. Мемлекет басшысы кесірлі кеселді ауыз­дықтау бағытында елімізде ерек­ше жұмыстар қолға алынғанын айтты. «Жалпы, біз қабылдаған шараларға мемлекет бес жарым, тіпті шамамен 6 триллион теңге шығындады – бұл 13 миллиард доллар немесе жалпы ішкі өнімнің 8 пайыздан астам көлемі. Яғни, тағы қайталап айтамын, бұл бұрын-соңды болмаған, шұғыл әрекет етуді қажет еткен шаралар. Бұл шараларды мақсатты түрде қолға алдық, әрине ертең сын-ескертпелер болуы мүмкін. Мәселен, ақшаны желге шашты дегендей. Бірақ мен, ең алдымен, бұл жағдайда біздің азаматтарымыздың өмірі мен әл-ауқаты үшін аянбай күресуіміз керек деп санаймын. Себебі халықсыз экономика болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 6 трлн теңге:  Қашан, қайда жұмсалды?

Президенттің айтқаны айдай келді.  Сұхбаттан соң әлеуметтік же­лілерде «Мем­лекет қыруар қар­жы­ны желге ұшырды», «сон­шама ақ­ша қайда жұмсалды?», «бәз­біреу­лер қалтасына басқан шығар» деген са­рындағы сын көбейді. Үкімет бұл мә­селе жөнінде мәлімдеме жасауға асықпаған соң  көптің көкейіндегі сауалдарға әуелі Пре­зиденттің штаттан тыс кеңесшісі, эко­но­мист Олжас Құдайбергенов жауап берді. «Әрине, жұмсаған екен, демек ұрлаған деп ойлайды бәзбіреулер. Бұл соманы жі­лік­теп, шағып түсіндірер алдында, ең ал­ды­мен Президенттің бұл ретте айтқанына тоқ­тала кетейін: «Жалпы, біз қабылдаған ша­ралар мемлекетке 5,5 тіпті шамамен 6 трлн теңгеге түсті, бұл – 13 млрд доллар не­месе жалпы ішкі өнімнің 8 пайыздан ас­тамы». Мұнда «мемлекетке түскен сал­мақ» деген сөз мемлекеттік бюджеттік жос­парлау тұрғысында қолданылып тұр. Де­мек, бұл қаражат нақты шараларға бө­лінді. Әрине, соған сәйкес әр шараның өз мер­зімі бар, ең ұзақ дегенде ол жыл соңына дейін жалғасады», – деп түсіндірді Пре­зи­дент кеңесшісі. Олжас Құдайбергенов осы  ретте әлгі со­ма қандай шараларға жұмсалғанын атап, түс­теп берді.  Ендеше,  соларды жіпке тізіп кө­релік: 1.«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша 1 триллион теңге жоспарланған, оның 700 млрд теңгесін әкімдіктер бағалы қа­ғаздар шығару арқылы, ал қалған 300 млрд теңгесін республикалық бюджеттен ала­ды. Негізінен құрылыс және инф­ра­құры­лымды жаңарту саласы бойынша 7 мың жобаны жүзеге асыру көзделген. Олар сәуірден бастап желтоқсанға дейін иге­рілетін болады, бірақ негізгі төлемдер қыркүйек-желтоқсан айларында жүзеге асы­рылмақ. 2. Тағы 1 триллион теңге шағын және ор­та бизнесті 6 пайыздық жеңілдікпен не­сиелеуге бөлінген. Саясаттаушының ай­туынша, әзірге бұл бағытта шамамен 300-350 миллиард теңге игерілген. Ұлттық банк­тің бұл 1 трлн теңгесінен бөлек биз­неске тағы 75 млрд теңге бюджеттен бө­лініпті. Ол да жоғарыда атап өткен несие кө­лемін 6 пайызға төмендету үшін несие мөлшерлемесін қайта субсидиялауға жұмсалады екен. 3. «Бәйтерек» холдингі арқылы тұрғын үй құрылысына 390 млрд теңге қарас­ты­рыл­ған. Бұл сома маусым-желтоқсан ай­лары аралығында бөлінбек. Бұдан бөлек, суб­сидия 60 млрд теңгеге дейін арт­ты­рыл­ған және форвардты (тауар түріндегі) са­тып алуға 23 млрд теңге бөлінген. «Сондай-ақ «ҚазАгро» АҚ арқылы не­сие­леуге деп 70 млрд теңге берді, бірақ бұл өт­кен жылы мақұлданған есеп, ал 2-тар­мақ­тан бөлек ауылға 100 млрд теңге бө­лінді. Ақшаны бөлу процесі біршама кіді­ріп жатыр, бірақ оның жартысы жазда, тағы бір бөлігі күзде бөлінуі керек», – дейді Олжас Құдайбергенов. 4. Төтенше жағдайға байланысты жұ­мыс­сыз қалғандарға екі айда 42 500 тең­геден 386 млрд теңгенің төлемі жасалмақ. Жәрдемақыны алушылардың жалпы саны шамамен 4,5 млн адамды құрайды. Бұл соманың тең жартысы төленді, ал қалған жартысы осы күндері төленуде. 5. Шағын және орта бизнесті жалақы қоры бойынша төлейтін салықтарын нөлге теңестіру бюджетке 237 млрд теңгеге түс­кен. Бұл – сәуір-қыркүйек айларындағы шы­ғын екен. 6. Медицина саласына арналған қо­сымша шығындар (дәрігерлердің сыйа­қысы, тамақ және тұрмыстық жиынтық­тары, байланыс қызметтері, медициналық қызметтерге ақысы, медициналық модель­дік кешендер салу және т.б.) 125 млрд тең­гені құраған. 7. Зейнетақыларды, жәрдемақыларды, шә­кіртақыларды ұлғайтуға 244 млрд теңге жұмсалмақ. Бұл қосымша шығындар сәуір-желтоқсан аралығында бөлінеді. 8. Сонымен қатар бірқатар мемлекеттік бағ­дарламаларды («Еңбек», «Ауыл бесігі») қаржыландыру көлемі 105 млрд теңгеге артқан. Бұл қаржы да сәуір-желтоқсан ара­лығында бөлінуі тиіс. 9.Төтенше жағдайлар кезінде (мысалы, су тасқыны) кейбір шығындарды шұғыл жабу үшін Үкімет резервтен тағы 150 млрд теңге бөлген. 10. Сондай-ақ бюджет кірістерінің шы­ғынын өтеу үшін Ұлттық қордан қо­сым­ша 1,7 трлн теңге бөлініпті. Мұның бәрінен бөлек, қорғаныс, қауіп­сіздік салалары, теңгенің құнсыздануына бай­ланысты шетел валютасын қаржылан­дыруға бюджеттен кеткен қосымша шы­ғыстар бар – шамамен тағы 200-300 млрд теңге жұмсалған. «Енді осының бәрін қосайық: 1 трлн + 1 трлн + 75 млрд + 390 млрд. + 60 млрд + 23 млрд + 386 млрд + 237 млрд + 125 млрд + 244 млрд + 105 млрд + 150 млрд + 1,7 трлн = шамамен 5,5 трлн теңге, ал басқа да азды-көпті шығындарды қосқанда ша­мамен ол 5,7-5,8 трлн теңге болып қалады», – деп О.Құдайбергенов қазынадан жұмсалған қар­жының жайын бүге-шігесіне дейін тү­сіндіріп берді. Айтпақшы, сол күні сәл кешірек Қаржы ми­нистрлігі де 6 трлн теңгенің есебін жа­риялады. Цифрларда аз-маз өзгешелік бол­ғанымен, тұтастай алғанда екі есептің айыр­машылығы көп емес. Қызу талқыға түскен 6 трлн теңгенің айналасында шу басыла қоймаған   соң дүй­сенбі күні Үкімет үйінде өткен бри­финг­те Премьер-Министрдің бірінші орын­басары-Қаржы министрі Әлихан Смайылов осы мәселеге арнайы тоқталды. «Интернетте кейбір блогерлер Қа­зақ­стан­ның коронавируспен күреске 13 млрд дол­лар жұмсағанын жазып, біршама аз қа­ражат бөлінген көрші елдердің кей­бірі­мен салыстыруда. Бұл мүлдем қате ақпарат екенін айтқым келеді. Коронавируспен күреске немесе індетке қарсы шараларға рес­публикалық бюджеттен шамамен 150 млрд теңге, долларға шаққанда 350 млн дол­лар бөлінді», – деді бірінші вице-пре­мьер. Әлихан Смайылов аталған сома дағ­дарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға бағытталған 5,9 трлн теңгенің ішіне кіре­тінін нақтылады. «Бұл – жұмыспен қамту, әлеуметтік тө­лемдер, бизнесті қолдау, кәсіпкерлерді жеңілдікпен кредиттеу, тұрғын үй құры­лысы және басқалары. Бұл қаражат жыл бойына жоспарланған. Мәселен, бизнесті жеңілдікпен кредиттеуге 1 трлн теңге жұмсалады. Бұл қайтарылатын қаражат, бизнеске төменгі мөлшерлемемен кредит түрінде беріледі», – деп түсіндірді министр.

Тоқтатылған той,  жұмсалмаған қаржы

 Елімізде төтенше жағдай режимінің ен­гізілуіне байланысты мәдени іс-шаралар, бұ­қаралық жиындарды өткізу тоқтатыл­ғаны белгілі. Қазақтың ұлық мерекесі – әз-Нау­рыз, Жеңістің 75 жылдығы секілді маңыз­ды мерекелер тойланған жоқ. Сон­дай-ақ биыл Абайдың 175 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы кең көлемде атап өтілуі тиіс-тін. Алайда пандемияға бай­­­ланысты жоспарланған шаралардың көп­шілігі өткен жоқ, кейбірі онлайн фор­матта өткізілді. Спорттық жарыстардың да жайы белгілі. Осы орайда, өтпей қалған шаралар, жиын-тойларға бөлінген қаржы қайда деген сұрақ туындайды. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, төтенше жағдайға байланысты тоқтатылған шара­лар­ға бөлінген қаражат қазынаға қай­тарыл­ған. «Карантин шараларына байланысты үнемделген қаражат туралы айтар болсақ, бұ­ған дейін айтқанымдай, жоспарланған мә­дени және спорттық іс-шаралар болмай қал­ғанын білесіздер. Тіпті, бүкіл әлем бойын­ша ірі спорттық дода саналатын жаз­­ғы Олимпиада ойындары, Паралим­пиа­да ойындары да кейінге шегерілді. Әлем чемпионаттары да жоспарлы мерзімінде өтпей қалды. Қазіргі таңда біздің спорт­шы­лар үйде жаттығуда. Карантин режимі ен­гізілуіне байланысты спорттық шара­ларға бөлінген қаржы үнемделді. Қазір спортшыларымыз үйде дайындалып жатыр. Мәдени іс-шаралар да онлайн ре­жимге ауысты. Бөлінген қаржы оңтайлан­ды­ры­лып, республикалық бюджетке қай­тарылды», – дейді министр. Ведомство басшысының сөзіне сүйен­сек, карантин режимі енгізілген уақыттан бастап елімізде онлайн форматта 15 мың іс-шара өткізілген.

 «Ақшаны орынсыз жұмсауды тоқтатыңдар!»

Онлайнның озық тұстарын, әсіресе уа­қыт пен қаржы үнемдеуде таптырмас құрал екенін қашықтан жұмыс істеуге көш­кендердің көбі мойындады. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында сөй­леген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та пандемияға байланысты енгізілген жұмыс істеудің жаңа форматы өз тиімділігін көрсеткенін айтты. «Қашықтан жұмыс істеу форматы маңызды мемлекеттік шешімдерді қа­был­дау кезінде заманауи технологияларды қол­дануға сұраныс барын көрсетті. Қалып­тасып қалған жаңашылдық ретінде Үкі­меттің, министрліктер мен әкімдіктердің отырысы мен кеңесін барынша қашықтан жүргізу форматында өткізуді ұсынамын», –  деді Президент. Мемлекет басшысы жұмыс процесін ба­рынша оңтайландырып, керексіз про­цедураларды алып тастау қажетін баса айт­ты. «Қажетсіз шараларды, келісімдер мен жиналыстарды, уақыт пен ақшаны орын­сыз жұмсауды тоқтату керек. Шешімді жыл­дам қабылдап, ең бастысы, оны орын­дау қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент ахуалдың өзгеруіне жауап бере алатын жаңартылған, тиімді әрі ық­шам мемлекеттік аппарат керек екенін айт­ты. Сондай-ақ мемлекеттің даму инсти­тут­тарын реформалау жалғасатынын жет­кізді. «Менің халыққа жолдаған Жолдауымды жүзеге асыру аясында олардың құрылым­дарын реформалау, міндеттері мен мақ­сат­та­рын айқындау жұмысы жалғаса­ды. Функциялардың кейбірінің қосарлануы, жекешелендірудің кейбір сұрақтары, отан­дық кәсіпкерлердің квазимемлекеттік сек­тордағы сатып алуға қолжетімділігі се­кілді мәселелерді соңына дейін шешу ке­рек», – деді. Қасым-Жомарт Тоқаев электронды үкі­мет тұжырымдамасын қайта талдап, кеңес, анықтама алу, өтінім беру опера­ция­ларының бәрін толығымен онлайн ре­жимге көшіру, ал egov тілін халыққа қара­пайым әрі түсінікті болатындай етуді тап­сырды. «Бизнес пен мемлекет арасындағы қа­рым-қатынас толығымен цифрлық фор­матқа, яғни қарым-қатынассыз жүйеге кө­шеді. Осы орайда  экономика мен қоғам­ды цифрландыру процестерінің бәріне жаңа серпін берудің маңызы зор», – деп түйді Президент. Түсіне білгенге Мемлекет басшысы өт­пей қалған шара, тоқтатылған жиын-той­лардан үнемделген қаржыны қай салаға жұмылдыру керегін нұсқап көрсетті. Цифрландырудың қыр-сырын әлі игере алмай жүргенімізге қашықтан білім беру кезінде көз жетті. Әуелде оқушыларды он­лайн оқытамыз деп жар салған Білім және ғылым министрлігі сабақ басталар сәтте бұл бастамасынан бас тартып, интернеттің мүмкіндігін ескермегендерін мойындады. Заманауи ақпараттық жүйеге артылуы тиіс жүк теледидарға, радиоға артылды. Ми­нистр тіпті шалғай елді мекен оқушыларын пошта қызметін пайдалануға шақырды. «Цифрлық Қазақстанның» 3 жылдағы «жетістігі» осындай. Пандемия ел дамуына көп кедергі кел­тірді. Десе де, пайдалы мен парық­сыз­дың, бағалы мен құнсыздың аражігін айырып бергенін, осы күнге дейін көз жұмып кел­ген қателіктерімізді әшкерелегенін мойын­даған жөн. Бүкіл әлем мойындап отыр. Ба­сымдықты анықтап, уақыт пен ақшаны бекер ысырап ететін қажетсіз дүниенің бәрін ысырып тастайтын уақыт келді. Түй­геніміз аз емес. Енді соны іске жұмылдыра білсек болғаны. Оразалы СӘБДЕН,  экономика ғылым­­­дарының докторы, профессор:

Үнемделген қаржы жастардың болашағына жұмсалуы қажет

 width= – Індеттің таралуына байланысты елімізде мәдени, бұқаралық шаралардың барлығы тоқтатылды.  Жиналыстар мен форумдарға бөлінген қыруар қаржы үнемделді. Үнемделген қаражат жастардың болашағына құйылуы тиіс. Өйткені ел келешегінің кемел болуы өскелең буынның білім-білігіне, денсаулығына, тәлім-тәрбиесіне тәуелді. Ең әуелі, балаларға арналған спорттық үйірмелердің барлығы тегін болуы қажет. Ауылдық жерлерде болсын, қалада болсын, ата-аналар балаларын спорттық секцияларға ақысыз қатыстыра алатындай жағдай жасау керек. Қалада спорт үйірмелерінің бағасы қымбат екені ешкімге жасырын емес. Көп адамның қалтасы көтермейді. Егер тегін үйірмелер көбейер болса, балалардың бос уақыты азайып, денсаулығын оңалтуға, шынығуға ден қояр еді. Телефонға, компьютерге телміріп отырмас еді. Екіншіден, қаржыны ауыл спортын дамытуға жұмылдыру керек. Спорт мектептерінің санын көбейтіп, орталықтан кәсіби жаттықтырушыларды жұмысқа тарту қажет. Спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге, жарыстар ұйымдастырып, жастарды бағалы сыйлықтармен ынталандыруға көңіл бөлген жөн. Аудан әкімдіктерінде дене шынықтыру және спорт бөлімдері бар. Солар осы шаруалардың барлығын үйлестіруі қажет. Бұл шаралар көзбояушылық үшін емес, халықаралық додаларда елдің намысын қорғайтын жігерлі жастарды тәрбиелеу үшін жасалуы қажет. Мықты спортшы – елдің бетке ұстар туы. Спортты дамытсақ,  имидждік шараларға қыруар қаржы шығындаудың қажеті де жоқ. Үшіншіден, жетім балаларды оқуға тегін түсіру қажет. Мектепті бітіріп, кәмелеттік жасқа толып, балалар үйінен, интернаттан кеткеннен кейін ата-ана қамқорлығын көрмей өскен көп бала сансырап, өз жолын таба алмай, теріс әдеттерге үйір болып жатады. Соларға қолдау көрсетіп, жоғары білім алуына, кәсіп меңгеруіне жағдай жасау керек. Мұның бәрі адресті түрде әрі жариялы түрде жүзеге асқаны жөн. Әр балаға, әр шараға бөлінген қаржы мақсатты жеріне жеткенін қадағалап, жауапты мекемелер әр тиынның есебін беріп отыруы қажет. Сонда бюджет қаржысы ұста­ған­ның қолында, тістегеннің аузында кет­пейді. Жастарға құйылған капитал ер­теңгі еселеніп ақталып, ел игілігіне ай­на­лады.  

Серіктес жаңалықтары