Ертең Атырауда ХҚО толықтай жұмысқа кіріседі

13 мамырдан бастап Атырауда Халыққа қызмет көрсету орталықтары ​ толықтай жұмысқа кіріседі.

Атырау облысы бас мемлекеттік санитариялық ​ дәрігерінің қаулысына сәйкес, Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысы қайта қалпына келтіріледі, – деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.​

Құжатқа сәйкес, халыққа қызмет көрсету орталықтары заңды тұлғалармен бірге, жеке тұлғалаларға да қызмет көрсетеді. Бастысы, күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режим сақталады.

Ескерерлігі, Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан онлайн режимде алу мүмкіндігі қарастырылмаған қызмет түрлері ғана алынады.

Азаматтар электронды үкіметтің бірегей порталынан немесе 1414 колл-орталығы арқылы алдын ала кезек алуы қажет.​

Бұл жерде орталықтардың жұмысы жаңа форматта жалғасатынын атап өткеніміз жөн. Қазіргі таңда мемлекеттік корпорация 600-ден астам қызмет түрін ұсынып отыр.

«Көрсетілетін қызметтің 80 пайызын клиенттер үйден шықпай ​-ақ, онлайн режимде ала алады. Қалған ​ 20 пайыз, яғни, ​ құжат түріндегі қызмет түрін орталыққа келіп, алу қажет», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Атырау филиалының баспасөз хатшысы Нұрлыбек Бақтығали.

Атап өтерлігі, ​ зейнеткерлер, көп балалы отбасылар және мүмкіндігі шектеулі азаматтар электронды қызмет түрлерін орталықтардан ​кедергісіз ала алады. Бұл санаттағы азаматтар үшін барлық фронт-кеңседе жеңілдік терезелері жұмыс істейтін болады.

Бірақ, бұл санаттағы азаматтар да алдын ала онлайн кезекке тұруы керек.​Десе де, қызмет көрсету тәртібінде өзгерістер бар. Өзгерістер халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы мемлекеттік қызмет түрлерін және қызмет көрсетудің форматын да қамтып отыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін елімізде төтенше жағдай режимі енгізілгелі бері, Халыққа қызмет көрсету орталықтары қашықтықтан қызмет көрсету режиміне көшкен еді.​

4 мамырдан бері Атырау қаласында Халыққа қызмет көрсету орталығының №3 филиалы (Азаттық көшесі, 96 б) ​ шағын және орта бизнес өкілдері үшін қызмет көрсетіп келеді.​

Back to top button