473
Ерлердің ісі бітер ме...
Ерлердің ісі бітер ме...
Коронавирус әлем елдерінің медициналық әлеуетін ғана емес, қорғаныс қуатын да таразыға тартты. Кесірлі кеселді ауыздықтау ісінде алғы шепте жүрген ақ халаттылардың еңбегі ел аузында. Ал көрінбейтін жаумен арпалысқан әскерилердің қам-қарекеті жайлы жиі айтылмайды. Қорғаныс саласының қызметкерлері карантинді аумақтарда блок-бекеттерді күзетуге, еліміздің барлық өңірінде дезинфекция жүргізуге жұмылдырылған. Әскери дәрігерлер де індетпен күреске көмектесу үшін арнайы дайындықтан өтті. Қазақстан ғана емес, қатерлі вируспен алысып жатқан жаһан елдерінің барлығы қарулы күштерінің қуатына жүгінуге мәжбүр.
Қарулы Күштердің қолдауы ерен
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде коронавирус инфекциясымен күресте залалсыздандыру жұмыстарына ерекше мән берілуде. Төтенше жағдай режимі жарияланған уақыттан бастап Қазақстан Қарулы Күштерінің биологиялық қорғау бөлімшелері республиканың барлық аймағында дезинфекция жүргізіп келеді. Соңғы 5 апта ішінде әскери қызметкерлер жалпы ауданы 36 млн шаршы метрден асатын әлеуметтік маңызы бар объектілерді, ұзындығы 2,5 мың шақырымнан астам жол учаскелерін залалсыздандырған. Бұл туралы өткен аптада Қорғаныс министрлігінде өткен кезекті аппарат кеңесінде ведомство басшысы Нұрлан Ермекбаев мәлімдеді. Министрдің айтуынша, індетпен күрес жұмыстарын күшейту үшін химиялық және биологиялық қорғаныс әскерлерін қайта құру қажет болған. Осы мақсатта Қарулы Күштердің Бас штабында радиациялық, химиялық, биологиялық (РХБ) қорғау және экологиялық қауіпсіздік әскерлері департаменті құрылды. Бұған дейін Қарулы Күштерде РХБ қорғау іс-шараларын ұйымдастыру Қазақстан ҚК БШ инженерлік әскерлер департаментінің құрылымдық бөлімшесіне – РХБ қорғау және экологиялық қауіпсіздік әскерлері басқармасына жүктелген болатын. Жаңадан құрылған департаментке қысқа мерзімде қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді, әскерлердің мүмкіндіктерін және әлемнің жетекші елдерінің тәжірибесін ескере отырып, қорғаныс жүйесін дамыту тұжырымдамасын әзірлеу міндеті қойылды. Індетпен күреске әскери дәрігерлер де шама-шарқынша үлес қосуда. Елімізде коронавирус жұқтырған алғашқы науқас тіркелген уақыттан бастап Қорғаныс министрлігіне қарасты дәрігерлер мен медбикелерден құралған бригада арнайы дайындықтан өтті. Еңбек демалысындағы және іс-сапардағы барлық ақ халаттылар шақыртылды. Алматы қаласындағы Қорғаныс министрлігінің әскери клиникалық госпиталі толығымен Денсаулық сақтау министрлігінің қажеттілігі үшін берілді. Онда қазір 200-ден астам науқас ем қабылдауда. Ауруханада білікті инфекционистер мен пульмонологтар, эпидемиологтар мен анестезиологтар жұмыс істейді. Госпиталь соңғы үлгідегі медициналық жабдықтармен қамтылған. Сондықтан науқастардың жақындары алаңдайтындай еш себеп жоқ дейді ондағы дәрігерлер. Бұдан бөлек, қаладан 30 шақырым жерде 900 орындық әскери-далалық госпиталь бой көтерді. Әскери қызметшілер 3 күн ішінде тұрғызған медициналық кешенде қауіпті вирус жұқтырған науқастарды емдеу және диагностика жасауға арналған рентген қондырғылары мен зертханалар, өкпені жасанды желдету аппараттарымен жабдықталған жансақтау, тіпті операция бөлімдеріне дейін бар. Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасы басшысының және аймақ әкімдерінің өтініші бойынша коронавирус індетін жұқтырған науқастарды қабылдау үшін жұқпалы және провизорлық стационарлар ретінде Талдықорған қаласының 90 орынды әскери госпиталі, карантиндік стационар ретінде Үшарал қаласының 120 орынды әскери лазареті дайындалған. Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, нысанда жөндеу жұмыстары толық аяқталыпты. Қазақстандық қорғаныс саласының кәсіпорындары да кесірлі кеселдің таралуын тоқтатуға атсалысуда. Мәселен, түнге арналған әскери аспаптар шығаратын «Қазақстан Аселсан инжиниринг» АҚ Қазақстан-Түркия бірлескен кәсіпорны адамның дене қызуын өлшеуге арналған дистанциялық электрооптикалық құрылғылар өндірісін игеруде. Ал әскери кемелер мен катерлер өндіретін батысқазақстандық «Гидроаспап» және «Зенит» кәсіпорындары түрлі аймақтарға өту кезінде дезактивацияны қамтамасыз ету үшін инженерлік қоршаулар мен арнайы тоннельдер өндірісін қолға алды. Көкшетаудағы «Тыныс» зауыты медициналық бетперделермен қоса, жедел жәрдем машиналарына орнату үшін өкпені жасанды желдетудің мобильді аппараттарын шығаруды бастады. Таяудағы екі ай ішінде ӨЖЖ аппараттары Қазақстанның барлық өңірлеріндегі жедел жәрдем қызметтерінің қажеттілігін жабады. Осыған байланысты зауыт тәулік бойы үш ауысымды жұмысқа ауыстырылды. Солтүстік Қазақстандағы «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ, «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ және «Мұнаймаш» АҚ кәсіпорындары облысты автокөлікке арналған дезинфекциялық тосқауылдармен қамтамасыз етті. Ал Алматы қаласында орналасқан ұшпайтын қарулар мен практикалық оқ-дәрілер шығаратын Алма-ДК және Қалқан-7 зауыттары арнайы дезинфекциялау құралдары мен қорғау костюмдерін өндіруді ұйымдастырды. Десе де, қорғаныс саласының кәсіпорындары бекітілген кестеге сәйкес күш құрылымдары мүддесінде 2020 жылғы мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындауды жалғастыруда. Әскери мақсаттағы өнімдер өндірісі тұралаған жоқ.Батыс елдері армиясына арқа сүйеуде
COVID-19 індеті таралған елдердің көпшілігінде вируспен күреске азаматтық мекемелерден бөлек, қарулы күштердің қуаты пайдаланылуда. Әсіресе, індетке шалдыққандар саны жөнінен әлемде алдыңғы орында тұрған мемлекеттерде ауруды ауыздықтау жұмыстарына әскери қызметшілер көптеп тартылған. Мәселен, АҚШ-та 15 сәуірге дейін 14 мыңнан астам әскери қызметкер коронавируспен күрес шараларына қатысқан. 4 мыңнан аса әскери дәрігер өздерінің азаматтық әріптестеріне көмекке келген. Атап айтқанда, 2 100 медицина маманы Нью-Йорктың 11 ауруханасына науқастарды емдеуге жіберіліпті. Сондай-ақ АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі жасақтаған 14 медициналық топ індет өршіп тұрған штаттар – Нью-Джерси, Массачусетс, Коннектикут, Мичиган мен Пенсильванияға аттанған. АҚШ әскерінің инженерлер корпусы Чикаго, Детройт және Нью-Йорк қалаларында 15,5 мыңға жуық науқасты қабылдауға қауқарлы 25 госпиталь құрылысына кіріскен. Сондай-ақ ұлттық гвардияның 30 мың қызметкері 83 мың адамға шақталған 150 модульді аурухананың құрылысына көмектесті. Бұдан бөлек, АҚШ-тың Әскери-теңіз күштері Mercy және Comfort деп аталатын екі әскери-теңіз госпиталін құрды. Коронавирустың таралу көрсеткіші жөнінен әлемде екінші орында тұрған Испания да өз армиясының көмегіне жүгінді. Испан қарулы күштерінің індетпен күрес шараларына «Балмис» операциясы» (Operacion Balmis) деген атау берілді. Ел әскері 1 207 елді мекенде 19 960 медициналық іс-шара өткізген. Аталған шараларға 90 мыңға жуық әскери қызметші қатысып, мыңнан астам науқасқа, 667 медициналық орталыққа, 558 әлеуметтік қорғау орталығына көмек көрсеткен. Әскерилер елдегі қарттар үйлерін дезинфекциялау жұмыстарына да тартылған. Испанияда індетпен күреске жұмылдырылған әскери дәрігерлер саны да еселеп артып келеді. Мәселен, наурыздың ортасына дейін 2 500 маман тартылса, сәуірде олардың қатары 3 200-ге жетті. Вирусты ауыздықтау жұмыстарына резервтегі әскери дәрігерлер де шақырылғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ Испанияның Әскери-әуе күштері A400M Atlas әскери ұшағын науқастарды тасымалдау мақсатында қайта жабдықтап, ұшатын госпитальға айналдырды. Қазіргі таңда әуе көлігі өте ауыр халдегі 5 науқасты және орташа ауыр жағдайдағы 14 адамды тасуға қауқарлы. Еуропада кесірлі кеселдің зардабын ең көп тартқан мемлекеттердің бірі – Италияның әскерилері қаңтар айынан бері азаматтық мекемелерге қолдау көрсетіп, күш-қуатын ел қорғанысынан бөлек, індетпен күрес жұмыстарына да жұмылдырып келеді. Әскери бөлімшелерге аулалар мен көшелерді, қоғамдық көліктерді дезинфекциялау міндеті жүктелген. Сонымен қатар 24 ақпаннан бері Италияның Әскери-әуе күштері науқастар мен медициналық құрал-жабдықтарды тасымалдаумен айналысуда. Сәуір айының есебі бойынша, әскери ұшақтар осы мақсатта 28 мәрте ұшқан. Коронавируспен күреске тартылған UH-205, RH-206C, CH-47F Chinook, UH-90A және HH-412 әскери-көлік тікұшақтары және P-180, Do-228 және C-130 әскери-көлік ұшақтарының жалпы ұшу ұзақтығы 116 сағатқа созылған. Әуе көліктері жалпы салмағы 142 мың тоннаны құрайтын медициналық құрал-жабдықтарды діттеген жерге жеткізіпті. Ал Францияда қарулы күштердің коронавируспен күресі «Тұрақтылық операциясы» (Opération Resilience) деген атауға ие болды. 25 наурыздан бері жүргізіліп келе жатқан операцияның мақсаты – денсаулық сақтау мекемелеріне көмек көрсету. Бүгінде француз әскери дәрігерлері елдегі індет ең көп тараған өңірлерге бағытталып, науқастарды емдеуде. Наурыз айында Францияның Мюлуз қаласында әскери-далалық госпиталь тұрғызылып, науқастарды қабылдай бастады. Онда 121 әскери дәрігер және 15 профильді маман (анестезиологтар, физиотерапевтер, реаниматологтар) жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек, COVID-19 инфекциясымен күресті күшейту мақсатында әскери госпитальдар мен денсаулық сақтау министрлігіне қарасты емдеу мекемелерін интеграциялау ісі қолға алынған. Атап айтқанда, Бегин (Париж), Перси (Париж), Сен-Энн (Тулон), Лаверан (Марсель) және Клермон-Тоннер әскери ауруханаларында коронавирус жұқтырғандар емделіп жатыр. Ауыр жағдайдағы науқастарды тасымалдау және жедел медициналық жәрдем көрсету үшін Францияның Әскери-әуе күштері соңғы үлгідегі Morphee реанимациялық модулін қолдануда. C-135 әскери-көлік ұшақтарына және A330 Phoenix көпмақсатты ұшақтарына орнатылған заманауи модуль 12 науқасты 10 мың шақырымға дейін жеткізуге қауқарлы. «Тұрақтылық операциясы» Франция тарихында A330 ұшағын медициналық мақсатта пайдаланудың алғашқы оқиғасы ретінде тіркеліп отыр.Қорғаныс шығындары: Қай ел қанша жұмсайды?
Халықаралық сарапшылардың пікірінше, пандемия әлем елдерінің экономикалық әлеуетін ғана емес, қорғаныс қуатын да әлсіретеді. Өйткені мемлекеттер бұдан былай қаражаттың басым бөлігін медицинаны қаржыландыруға және тұралаған экономикасын қайта тірілтуге жұмсайды дейді мамандар. Армиясының қуатын арттыруға, қауіпсіздігін күшейтуге жыл сайын қомақты қаржы жұмсайтын елдер биыл қорғаныс шығындарын азайтуы мүмкін деп болжануда. Болжамның қаншалықты расталары жыл соңындағы есеп-қисаптан соң белгілі болады. Ал 2019 жылдың есебіне сүйенсек, былтыр әлем алпауыттары әскери бюджетін айтарлықтай арттырған. Стокгольмның әлем проблемаларын зерттеу жөніндегі институтының (SIPRI) баяндамасына сүйенсек, Ресей қорғаныс саласына көп қаражат жұмсайтын алғашқы бес елдің сапына қайта қосылды. Өткен жылы солтүстіктегі көршіміз әскери саланы дамытуға 65 млрд доллар жұмсаған. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 4,5 пайызға көп. Осылайша Ресей алтыншы орыннан төртінші орынға шыққан. Ал Сауд Арабиясы керісінше, қорғаныс саласына шығынды 16 пайызға азайтып, үшінші орыннан бесінші орынға түскен. SIPRI есебінше, АҚШ, Қытай, Үндістан, Ресей және Сауд Арабиясы елдерінің әскери шығыны әлем бойынша қорғаныс саласына жұмсалатын қаржының 62 пайызын құрайды екен. Әскерінің күш-қуатын арттыруға өткен жылы 732 млрд доллар шығындаған АҚШ (әлемдік шығынның 38 пайызы) бірінші орында болса, екінші орында – Қытай. Аспанасты елінің әскери бюджеті 261 млрд долларды құрайды. Соңғы он жылда Қытайдың бұл салаға шығыны 85 пайызға артқан. Үшінші орында – Үндістан. Бұл мемлекет 2019 жылы қорғаныс саласына 71 млрд доллар бөлген. Жалпы алғанда, 2019 жылы әлем бойынша қорғаныс саласына 1,9 триллион доллар жұмсалған. Бұл 2008 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Алайда Стокгольм әлем проблемаларын зерттеу жөніндегі институты сарапшыларының пікірінше, коронавирус пандемиясы қорғаныс саласына қыруар қаржы шығындап келген мемлекеттерді өз бюджетін қайта қарауға мәжбүрлейді. Келесі жылы көптеген елдер қаржыны білім, денсаулық сақтау саласына көбірек бөлуі ықтимал. Десе де, мамандар бұл өзгеріс ұзаққа созылмауы мүмкін екенін жоққа шығармайды.Пентагон дағдарысты пысқырмайды
Бүгінде АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар саны 1,2 миллионға жетіп жығылды. Әлемде індетке шалдыққан әрбір үшінші адам Құрама штаттарда тіркелген. Елде кесірлі кеселдің өршіп тұрғанына және экономикалық құлдырауға қарамастан, Пентагон жаңа ауқымды және қымбат жоба – АҚШ-тың зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі үшін жаңа зымыранның құрылатыны туралы хабарлады. Мемлекеттің зымыранға қарсы агенттігі ел үкіметінің келісімшарт сайтында тендер жариялап үлгерген. Бағдарлама Next-Generation Interceptor (NGI) деп аталады. Defensenews әскери интернет-басылымының хабарлауынша, Пентагон 2021 жылы NGI бағдарламасын жүзеге асыру үшін 664,1 миллион доллар сұраған және бес жылдың ішінде 4,9 миллиард доллар жұмсауды көздеп отыр. Құрылысы қолға алынғалы отырған тосқауылшы зымыран ұзақ уақыт бойы АҚШ-тың зымырандық қорғаныс жүйесінің негізіне айналмақ. Бұл – ғарышта ұшып бара жатқан зымыранға траекториясының орта бөлігінде тосқауыл жасау жүйесі. Бұл жүйе, мәселен, ядролық державалардың бірімен қақтығыс болған жағдайда, зымырандардың жаппай ұшырылуын көрсете алмайды. Ол КХДР немесе Иран сияқты елдерден бір рет ұшырылатын ракеталарды ұстауға кепілдік беру үшін жасалмақ. Жаңа тосқауылшылар Аляска мен Калифорниядағы зымыранға қарсы қондырғылары бар екі базадан тұратын жер үстіндегі Midcourse қорғаныс жүйесінің құрамына кірмек. Онда қазір 44 тосқауылшы зымыран орналасқан, Пентагон 2019 жылы тағы 20 данасына тапсырыс берген. Зымыранға қарсы агенттік тендерді 31 шілдеге дейін жариялады. Алайда ведомство пандемияға байланысты мерзімдер өзгеруі мүмкін екенін ескертіп отыр. Бір таңғаларлығы, дағдарыс жағдайында бизнесті және денсаулық сақтау саласын дамытуға бөлінетін қаржыны қайта бөлу қажеттілігі туындаған кезде АҚШ әскери бюджетін қысқартуға асығар емес. Соған қарамастан, әскери техника өндіретін америкалық өндірушілер күрделі жағдайға тап болып отыр. Жуырда АҚШ-тың Ұлттық қорғаныс өнеркәсібі қауымдастығы осы салада жұмыс істейтін 770 шағын кәсіпкерлерге сауалнама жүргізіп, зерттеу жасаған. Респонденттердің 67 пайызы қаржылық қиындықтарға тап болғанын айтса, 60 пайызы бұл қиындықтар ұзаққа созылады деген пікір білдірген.Ресей қару-жарақ бағдарламасын қысқартпайды
Ресейдің қорғаныс саласы пандемиядан қаншалықты зардап шеккені туралы ресми дерек жоқ. 22 сәуірде «Біріккен авиақұрылыс корпорациясы» төрағасы Юрий Слюсарь корпорацияға қарасты барлық кәсіпорындар жұмысқа қайта оралғанын хабарлады. Алайда оған дейін холдинг өндірісті айтарлықтай төмендеткен болатын. Америкалық өндіріс орындары секілді Ресейдің қорғаныс кәсіпорындары да қаржылық қиындықтармен күресуде. Сәуір айының басында әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі комиссия отырысында Ростов облысының губернаторы Василий Голубев «Роствертолдың» 122 қосалқы мердігерлік ұйымының 25-і ғана жұмыс істеп тұрғанын, сонымен қатар жұмыстың тоқтатылуына байланысты айналым қаражатының жетіспеушілігі туралы айтқан. Ресейдің сыртқы істер жөніндегі әскери сарапшысы Илья Крамниктің пікірінше, Ресей қорғаныс өнеркәсібі түйткілдерінің ерекшелігі – олар тікелей карантиндік шаралардан (өндірістің тоқтап қалуы, қаржының болмауы және технологиялық тізбектегі үзілістер) емес, пандемиядан туындаған экономикалық дағдарыстың салдарынан пайда болып отыр. Оның айтуынша, үкімет дағдарыстан шығудың тетігі ретінде әскери шығындарды пайдалана алады. Қорғаныс өнеркәсібіне ақша құю, ең алдымен, жұмыспен қамтуды және ақша айналымын қамтамасыз ету үшін құрал-жабдықтарды өндіруге бағытталады. Сәйкесінше, қолдауға, ең алдымен, жұмыспен қамтуды және ынтымақтастықты жоғары деңгейде қамтамасыз ете алатын өндірушілер ие болуы тиіс. Ресейдегі Гайдар институтының әскери-экономикалық зертханасының жетекшісі Василий Зацепиннің пайымдауынша, ақшаны үнемдеуге тура келсе де, Ресейдегі мемлекеттік қару-жарақ бағдарламасын азайтуға болмайды. Оның сөзіне сүйенсек, қорғаныс шығындарын қаржылай қолдау үшін алдымен ресейлік резервтер сақталған Ұлттық әл-ауқат қорының қаражаты пайдаланылады. Бұл мүмкін болмай қалған жағдайда ғана Қорғаныс министрлігінің бюджеті қысқартылады. «Біз ешқашан мемлекеттік қару-жарақ бағдарламасын қысқартқан емеспіз. Ағымдағы шығындардың барлығы қысқартылды. Мүмкін тіпті жанар-жағармай материалдары, әскери қызметшілерге төленетін ақшалай жәрдемақылар, Қорғаныс министрлігінің мемлекеттік қызметкерлерінің жалақысы, сондай-ақ олардың мөлшері, бірақ қару-жарақ бағдарламасына шығындар азайтылған жоқ», – дейді В.Зацепин.Қазақстанның әскери бюджеті қанша?
«2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес, еліміздің қорғаныс шығындары 2020 жылы – 681,8 млрд теңге, 2021 жылы – 761,6 млрд, 2022 жылы – 789,7 млрд теңге. Ал өткен жылы республикалық бюджеттен бұл салаға бөлінетін қаржы 36,3 пайызға өсіп, 738,7 млрд теңгеге жетті. Бұл – соңғы бес жылда қорғанысқа бөлінген ең көп қаржы. Оның 136 млрд теңгесі 2019 жылдың алғашқы екі айында-ақ игерілген. Бұл соманы 59 күнге бөлсек, әскери сала тәулігіне 2,3 млрд теңге шығындайды деген сөз. Бюджетті бекіткен халық қалаулыларының пікірінше, қорғанысқа бөлінген қаржының артуы заңдылық. «Әскери салада шығынның өсуіне негіз бар деп санаймын. Біз өз қорғанысымызды нығайтуымыз керек. Жаңа техника мен технологиялар сатып алып жатырмыз. Ол қосымша қаржыны талап етеді. Сондықтан бұл салаға кететін шығынның көбеюін қолдаймын», – дейді Мәжіліс депутаты Серік Құсайынов. Әскери әлеуетімізді арттыруға бөлінген қаржы еселене түскенімен, өзге елдермен салыстырғанда қорғаныс шығынымыз көп емес. Ресми дерек бойынша, әскерге жұмсалған қаржы жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына да жетпейтін көрінеді. Осы тұрғыдан есептесек, көршілеріміз Өзбекстан бізден 4 есе, Әзірбайжан екі есе көп шығындалған. Оның үстіне, Қазақстанның қорғаныс саласы бюджет шығыны жөнінен 5-орында тұр. Алғашқы үштікте – әлеуметтік салалар: өткен жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамту бағытына 522,7 млрд теңге, білім беруге 338,5 млрд теңге, денсаулық сақтау бағытына 276,5 млрд теңге жұмсалған. «Бейбітшілікті қаласаң, соғысқа әзірлен» деген көне латын пәлсапасы. Қазіргі ұғымға салсақ, қорғаныстан ақшаны аяма дегенді меңзейді. Қазақстанның Қарулы Күштері – қауіпсіздігіміздің қалқаны, тұтастығымыздың кепілі. Сондықтан әскеріміздің әлеуетін, қорғанысымыздың қуатын арттыру түптеп келгенде бейбітшілігімізді бекемдей түсуге талпыныс екенін ұққан жөн. Жаһанның жігерін сынаған пандемия бұл талпыныс уақыт талабынан туғанын дәлелдеп отыр.