ЕАЭО болашақта қуатты экономикалық одаққа айналады – Президент

ЕАЭО болашақта қуатты экономикалық одаққа айналады – Президент

ЕАЭО болашақта қуатты экономикалық одаққа айналады  – Президент
ашық дереккөзі
303
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық интеграцияның келешегі туралы пікір білдірді.  «Мир» телеарнасына берген сұхбатында Президентке Нұрсұлтан Назарбаевтың бірыңғай Еуразия идеясына 25 жыл толғаны айтылып, ЕАЭО келешегі туралы сұрақ қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазіргі әлемдегі ең тәжірибелі саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық интеграция бастамасы халықаралық қатынастардағы жаһандық сын-қатерлерге жауап берді. Еуразиялық интеграция тарихи өлшем бойынша қалыптасу мен дамудың қарқынды жолынан өтті. Еуразиялық экономикалық одақ аясында ынтымақтастығымыздың көптеген бағыты бойынша оң нәтижелерге қол жеткіздік. Аздаған жылда тауарлар мен қызметтердің, капитал мен еңбек ресурсының бірыңғай нарығы қалыптасты. Кәсіпорындардың іскерлік белсенділігі артты. Өндірістік және сауда бірлестіктері, біріккен кәсіпорындар құрылып жатыр», - деді Мемлекет басшысы. Президент интеграцияның классикалық үлгісі бойынша құрылған Еуразиялық экономикалық одақтың өзге мемлекеттер үшін де тартымды болып келе жатқанын айтты. «Вьетнам, Иран, Сербиямен сауда келісімдері бекітілді. Мысырмен және Үндістанмен дәл осындай келісім орнату мәселелері шешіліп жатыр. Жақында ғана ЕАЭО құрамына бақылаушы ретінде Сингапур енді. Біздің Тұңғыш Президентімізге тиесілі осынау еңбекті ескере келе, Владимир Владимирович Путин Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті төрағасы атағын берді. Мұны кеңестің барлық мүшесі мақұлдады», - деп атап өтті Президент. Оның айтуынша, еуразиялық мемлекеттердің интеграциясы бастамасының басты мақсаты - экономикалық жаңғыру арқылы азаматтардың өмір сүру сапасын көтеру. «Біздің экономикаларымыздың өңірлік және жаһандық экономикалық жүйелерге бірігуі - әлемнің дамыған елдері қатарына енудің басты механизмі. Біздің бірлестік қатысушылары экономикалық прагматизмге, теңдік пен өзара табысқа негізделген интеграциялық процеске жақын тәсілдерді ұстанады. Менің түсінігімдегі Еуразиялық экономикалық одақ болашақта инновациялық экономикасы, дамыған өнеркәсібі, адами капиталдың жоғары деңгейі бар қуатты экономикалық одаққа айналуы тиіс. Әрине, бұл - өте үлкен мақсат және осындай үлкен мақсаттарға ұмтылуымыз қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Серіктес жаңалықтары