1254
Ақылбек Шаяхмет. Мағауин шыңы
Ақылбек Шаяхмет. Мағауин шыңы
Әлем әдебиетінде Толстой адамгершілік пен Құдайды іздеу тақырыбын жазды, Достоевский адам жанына терең үңілді. Чехов cұңғыла, Акутагава сиқырлы. Камю хакім, Фолкнер қисагер, Хемингуэй сыршыл, Кнут лирика, Маркес магия, Кафка мен Джойс «бір түрлі». Ал әлем әдебиетінің шыңынан қарасаң да, қазақ әдебиетінің биігімен бағамдасаң да Мұхтар Мағауин рухтың жазушысы. Адам рухын жазды. Оның өзге жазушылардан ерекшелігі де осы.
Мұхтар Мағауин ғасырлық ғұмырын түгел қазақ руханиятына арнады. Мағауиннің сөз құдіреті бүтін бір ұрпақты жаңа сапаға көтерді. Қолына қалам ұстаған әр қаламгер мейлі жазушы яки журналист болсын, Мағауин қалыптаған құрылымнан айналып өткен жоқ.
Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Түркияның халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері, аса көрнекті жазушы, айтулы ғалым қазір Америкада тұрып жатқан Мұхтар Мағауин биыл 80 жасқа келіп отыр. Бұл – қазақ әдебиетінің және қазақ елінің тойы.
Осы ретте Қостанай өңіріне арнайы іссапармен барып қайтқан тілшіміз ақын, жазушы, А.Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ-дың профессоры, Махмұд Қашқари атындағы және «Алаш» халықаралық әдеби сыйлықтарының иегері Ақылбек Шаяхметтің жазушы Мұхтар Мағауиннің шығармашылық өмірі жайлы пікірін білген еді.
Маған Мағауин шығармашылығы рух береді
Орыс жазушылары Гогольдің шинелінен шықтық десе, қазақ жазушылары Би-ағаңның (Б.Майлиннің) шапанынан шықтық дейді. Ал біз Мұхтар Мағауиннің костюмінен шықтық. Бұдан бес-алты жыл бұрын жолым түсіп Чехияға (емделуге) бардым. Ол кезде Мұхаң Прага қаласында тұрады екен. Мұхаңа арнайы барып, сәлем бердім. Дәмдес болудың, сұхбаттасудың сәті түсті. Біраз ақыл-кеңесін тыңдап, марқайып қайтқан едім. Ал енді Мағауиннің жалпы шығармашылығы жайлы айтатын болсақ, әңгіме ұзақ. Бір ғана «Мен» романын алайық. «Мен» адамның өзінің көзқарасын білдіретін философиялық трактат қана емес, бұл – өзін өзгеге таныту, ұлтты таныту, ұлттық танымды таныту. «Мен» ғұмырбаяндық хамса деп аталса да, бұл автордың ғана «мені» емес, қазақтың «мені» деп түсінемін. «Мен» – қаламгердің өткенге деген естелігі мен келешекке деген сенімі. «Мен» – оның автопортреті ғана емес, қоғамның рухани болмысы. Демек, «Меннің» ішінде мен де, сен де, ол да барлығымыз бармыз. Яғни, «Мен» дегеніміз – мына біз. Жеткен жеріміз қайсы, жоғалтқан жоғымыз қайсы соның барлығын көрсететін баян. «Мен дегенім – өзім, Мұхтар Мағауин. Осылай деп сендім. Қазақ деген – мына Мен дедім. Сол сенімнің күшімен бар шырғалаңнан өтіп, бүгінгі күнге жеттім. Қазір бұл сөзді бұрынғыдан кеңірек мағынада ұғамын. Мен – ұлттық мұрат. Мен – Алаштың жолы» деген жолдарынан оның авторлық кредосын, мақсат-мүддесін көреміз. Бұл роман жазушының жан азабы ғана емес, тұтас бір дәуірдің келбеті. Осы тұрғыдан келгенде, Мағауин қазақ қоғамындағы кез келген құбылыстарға лайықты бағасын берді. Біз де ол кісіге еліктедік. Маған ықпалы қатты болды. Мына менің үстімдегі костюмді сол жолғы барған сапарда Мұхаңның үйіндегі Бақытжамал жеңгеміз «саған жұғысты болсын» деп иығыма жауып еді. Міне, жаға-жеңі қырқылса да, әлі үстімнен тастағым жоқ. Мен бұл костюмнің жылуын әлі күнге дейін сезініп келемін. Мұқаңның шыншылдығы, өмірдегі ұстанымы маған да жұғысты болса екен деймін. Ол кісі әлі өзінің бұрынғы машинкасымен жазу жазады екен. Соған қолы әбден дағдыланған. Сол кезде «Шыңғысхан» атты тарихи романын жазып жатыр екен. Мұхаң үйінің ауласындағы бақшасын көрсетті. Ішінде неше алуан жеміс-жидек. Былайша айтқанда, бағбандық қасиеті бар екен. Уақыт тығыз болды да, жалпы әдебиет жайлы ұзақ сөйлесуге мүмкіндік болмады. Бірақ қазіргі саясат туралы, елімізде болып жатқан жағдайлар, мәдени өзгерістер, реформалар туралы азды-көпті пікір алысып үлгердік. Қазір Мұхаңның өзінің арнайы веб сайты бар. Сондағы барлық шығармаларын оқып отырамын. Шығармаларының барлығы дерлік сонда жинақталған. Маған сол шығармалар рух береді. Әсіресе, кейінгі кездегі Әбіш Кекілбаев, Оразбек Сәрсенбаев, Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев және Ілияс Есенберлин жайлы жазған естеліктері қандай ғажап. Бұған дейін қазақ прозасының мықтысы деп Мұхтар Әуезовті айтып келдік, қазіргі прозаның алдыңғы легінде тұрған Мұхтар Мағауин. Керек десеңіз, Нобель сыйлығына лайықты жазушы кім десеңіз Мұхтар Мағауин дер едім.Мұхаңның публицистикасы да алда келеді
«Жармақ» романындағы адамның екі жарылуында философиялық мән бар. Адамның екіге жарылуы – өмірде бар құбылыс. Мұны жазушы айдан алып отырған жоқ. «Жармақ» романының «публицистика болып кетті» дейтіні – мұндай шығарма қазақ әдебиетінде әлі кездеспеген туынды. Сондықтан жаңа дүниеге деген тосырқау, қалыптасқан қасаң түсініктен шықпау деп есептеймін оны. Публицистика – Ахмет Байтұрсынұлының анықтауынша, көсемсөз. Бұл да жауынгер жанр. Әдебиет пен журналистиканың синтезінен шыққан. Мұхаңның публицистикасы да әрдайым алғы шепте, алдыңғы лекте, ылғи авангардта келе жатыр. «Мен» роман-эссесі осымен аяқталды деп ойлайсыз ба? Жоқ! «Мен»-нің заңды жалғасы тарихи танымы жоғары, дәйекті және дәлелді жазылған «Ұлтсыздану ұраны», «Ғаламат апат шындығы», «Қазақсыз Қазақстан», «Қан төгілді!», «Жер қазақтікі!» тағы басқа публицистикалық туындыларға ұласқан. Осы шығармалардың барлығында автордың «мені» менмұндалап тұр. Тіпті, оның кезінде әртүрлі басылымдарда жарық көрген «Қол қоя салып едім» секілді мақаласын немесе «Подонок», «Бесінші түлік» секілді әңгімелерін оқысаңыз да ойыңызға «Мен» келеді. Қаламгердің «Естеліктер» кітабында да барлық образдар «Мен» арқылы ашылады. Жазушының әрбір шығармасы өмірдің айнасы тәрізді. «Жармақтағы» Мұрат пен Марат, «Оңғағындағы» Иман мен Жиған, «Наладағы» арыдағы Шорман, берідегі Зорман, «Подоноктағы» сілімтік Подонок, айта берсек, осындай толып жатқан кейіпкерлер қазір де арамызда жүргені өтірік емес қой. Одан бөлек «Ешкі жетектеген екеу» деген «жауынгер» шығармасы жарық көрді. Ол біреуі – Шыңғыс Айтматов, екіншісі – Мұхтар Шаханов. Екеуі де мүйізі қарағайдай белгілі қаламгер. Мәселе олардың атын атап, түсін түстеу де емес. Бұл жерде ұлы қаған Шыңғысханды ақтаңдақтардан аршып алу деп түсіну керек. Шыңғысханды қаралау – қазақ тарихын қаралау. Қазақ халқы ғана емес күллі түркі халқының басын біріктірген ұлы тұлға, заманының озық қайраткері Шыңғысханды күстаналау деген ақылға сыймайды. Шыңғысханды мақтан етуіміз керек. Сол тұрғыдан келгенде Мағауин ақиқат сөзін айтты. Шыңғырған шындықты шыңыраудан шығарды. Сондықтан да біздің Мұхаңа ренжитін жөніміз жоқ.Заман шындығын дөп басатын тамыршы
Мағауин шығармасында ең бірінші «Аласапыран» дилогиясын айтар едім. «Қыпшақ аруы», «Подонок» және қысқа әңгімелері. «Құмырсқа қырғын» деген әңгімесі тіптен ғажап. Құмырсқаның илеуіндей өмір секілді. Мағауин кей шығармаларында жан-жануар мен жәндіктердің тіршілігі арқылы адамдардың ішкі жан дүниесін суреттейді. Мағауин заман шындығын дөп басатын тамыршыдай. Замана шындығын ашық айтқан ақиқатшыл жазушы. Ал стилдік ерекшелігі не дегенде, айталық «Аласапыран» мен «Жармақ» романының жазу стилі екі бөлек. Сондықтан мен оны бір стильдің аумағынан қарастырмаймын. Бір жанрдың да ауқымына сыймайды. Мұхтар Мағауин әмбебап жазушы. Басқа қазақ жазушыларының көңіліне келмесін, мен олардың ешқайсысын да Мұхаңмен теңестіре алмаймын. Мұхаңның Абай мерейтойы қарсаңында керемет мақаласы шықты. Одан кейін іле-шала Жамбыл Жабаев туралы мақаласы жарық көрді. Жамбылдың сол кезде Ежовқа арнап поэма жазғанын бәріміз білеміз. Жамбылдың өзін төмендетпейді, керісінше Жамбылдың сол Кеңес Одағы кезіндегі қазақ халқын дәріптеудегі, рухын көтерудегі рөлін ешбір кемсітпей көрсетеді. Кейбір жазғыштар Жамбылды Абайдың алдына шығарып жатады. Ал Мұхаң Абайды аспандатып отырып, Жамбылдың да мерейін көтере білді. Мағауинтануда біз, әрине кенжелеп қалдық. Енді-енді қолға алына бастады. Мен қазір газет-журналдарды үнемі қарап отырмын. «Жұлдыз», «Жас Алаш» басылымдары болмаса басқалары Мұхаңның мерейтойы қарсаңында пәлендей ықылас таныта қоймаған секілді. «Қазақ әдебиеті» газетінің өзінде Тоқтарәлі Таңжарықтың бір мақаласы жарық көрді. «Нөмір сайын «Мағауинтану мүйісі» деген Мұхаңның 80 жылдығына арнайы айдар ашқан еді. Бірақ мен сол айдарды нөмір сайын көргем жоқ. Биылғы әдеби жылымыз Мұхтар Мағауинге арналып, шығармалары туралы пікірлер көбірек айтылуы керек еді. Бір жағы алыста жатқаны себеп болған шығар. Екінші, Мағауиннің тісі батқан қаламгерлер әлі арамызда көзі тірі. Олар әлі күнге дейін Мұхаңның шалғайына жармасқысы келетін әдетін қоймайды. Өйткені олардың көңіліне келетін, жанына бататын сөзді айтты. Ол жағынан Мағауин мәймөңкелеген жоқ. Атын атап, түсін түстеп айтты. Олардың жолдастары бар, жерлестері бар деген секілді. Жалпы, бізде әдеби сынды бар деп те ойламаймын. Әдеби сын кешегі Кеңес Одағы тұсында бар еді. Сол кезде бір-бірін қатал сынайтын. Қазір сын тек сол мерейтойы қарсаңына ғана айтылатын болды.Оның сөзінің құдіреті ерекше
Кезінде жазушы Рахымжан Отарбаевтың бір сұхбаты шықты. Ол да сөз жоқ, мықты жазушы. Прозасы бар, драмасы бар. Бірақ ол жерде Рахымжанның басқа бір ойы болған шығар. Ол Қырғыз Республикасында Мұхтар Шахановпен бірге қызмет атқарды. Елші болғанда жанында жүрді. Сол Шахановқа айтылған сөздерге шамданған шығар. Қаламгер ретінде, азамат ретінде де Рахымжанның Мағауинге қатысты айтқан қиғаш пікірін қабылдай алмадым. Мұхтар Мағауин шығармалары мектеп оқулығына енді. Бірақ аз. Мектеп оқулықтарында балалар әдебиетіне мүлде жатпайтын авторлар көп. Ол шығармалар балаларға келе ме, келмей ме қарамаймыз. Сұрыптау жоқ. Әлі күнге дейін Кеңес кезіндегі әдебиетті оқытып отырмыз. Есесіне, одан озық шығармаларды сұрыптап алуымыз қажет еді. Мұхаң Конфуцийді ғажап аударды. Оқып отырсаң, Қытайдың ұлы ойшылы кәдімгі қазақ болған секілді. Мазмұнын сақтай отырып, қазаққа тән керемет баламалар арқылы ашып жеткізген. Ал одан кейін Мұхаң аударған Құранның бір-екі сүресі аспаннан түскен кәдімгі Алланың кәләміндей әсер етеді. Бір сөзінде айтты, «ғұмырым жетсе, Құранды қазақшаға аударам» деп. Орыс тілінде Валерия Порохова жақсы аударды. Ал бізде қазақшаға аударылған біраз нұсқасы бар. Халифа Алтай, Рәтбек қажы секілді біраз адам аударды. Бірақ бұл аудармалар түпнұсқадағыдай жетпеді. Өйткені әдеби шұрайлы тілмен аударылмағаны білініп тұрады. Себебі олар дін маманы болғанымен, сөз маманы емес. Міне, осы тұрғыдан келгенде де Мағауин сөзінің құдіреті ерекше.Жазып алған
Бақытбек ҚАДЫР