498
Әнұран авторына қандай құрмет көрсетсек те көптік етпейді
Әнұран авторына қандай құрмет көрсетсек те көптік етпейді
Биыл егемен елімізде «Қазақ вальсінің падишасы» атанған көрнекті композитор, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік Әнұран авторларының бірі Шәмші Қалдаяқовтың тоқсан жылдық мерейтойы кеңінен атап өтіледі. Шәмші (азан шақырып қойған аты – Жәмшид) 1930 жылы 15 тамызда Шымкент облысының Құзылқұм ауданындағы «Темір» кеңшарында дүниеге келген. Қазір бұл жер Түркістан облысының Отырар ауданындағы Шәмші Қалдаяқов ауылы деп аталады. Бір ғажабы, Әмір Темір қаза тапқан жерде, атақты қолбасшының құрметіне қойылған Темір деп аталған ауылда араға талай жылдар салып қазақтың тағы бір танымал тұлғасы, атақты композиторы туған екен. Оның әкесі Домбы (аяғындағы қалына байланысты Қалдаяқ атанып кеткен) темірден түйін түйген шебер ұста екен. Қолы бос кезде домбыра тартумен қатар өлең, ән де жазған. Анасы да әуелетіп ән салатын. Осындай отбасында өскен Шәмші де кішкентайынан музыкаға айрықша құмар болған.
Шымкент шаһарында «Шәмші әлемі» деп аталатын керемет кешен ашылған. Еңселі ескерткіші орнатылған. Музыка жұлдыздарының аллеясына 48 әнші-сазгердің есімі айшықталып жазылған.
Шәмші шығарған 300-ден астам әннің әрқайсысының өзіндік тарихы бар. Мәселен, сөзін Ғафу Қайырбеков жазған «Ана туралы ән» – аналарға арналған әнұран іспеттес. «Ақмаңдайлым» әнін Мұхтар Әуезов ұнатқан. «Қыз сағынышы» Шәкен Аймановтың қызы, Асанәлі Әшімовтің алғашқы әйелі Майра Аймановаға арнап жазылған. Қадыр Мырза Әли сөзін жазған «Тамды аруы» өзбекстандық қандастарымызға бағышталған. «Ақ ерке – Ақ Жайық», «Сыр сұлуы», «Арыс жағасында», «Арайлым ақ Келесім» – кең-байтақ елімізді аралаған кезде дүниеге келген әсем әндер.
Әрине, композитор әндерінің арасынан «Менің Қазақстаным» әнінің шоқтығы биік екені даусыз. Оны білмейтін қандастарымыздың өзі некен-саяқ шығар. Той-жиындар, тағы басқа да салтанатты шаралар бұл әнсіз өтпейтін. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде Алматының Орталық алаңына шыққан студент жастар да осы әнді хормен шырқағаны жадымызда.
Шымкент қаласы мен Түркістан, Ақтөбе облыстарындағы филармония, мәдениет үйлері, саябақтар, мектептер, көшелер мен ауылдарға дейін Шәмші Қалдаяқовтың есімі берілген. Үлкенді-кішілі ескерткіштері орнатылған. 1991 жылы режиссер Талғат Ахметов алғаш рет композитор жайлы деректі фильм түсірген. 2017 жылы төрт сериялы «Ән – аға» фильмі экранға шыққан. Сценарий авторлары – Жайық Сыздықов пен Мұхамед Мамырбеков. Режиссері – Жасұлан Пошанов. Шәмшінің рөлін Мейірбек Қауымбаев сомдаған.
Әке жолын қуған Мұхтар Қалдаяқов Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын опералық симфония дирижері мамандығы бойынша бітірген. Бүгінде Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының дирижері болып қызмет істейді. Шәкеңнің үш немересі арнайы музыкалық мектептің скрипка сыныбында тәлім алып жүр.
Көрнекті композитордың биылғы тоқсан жылдық тойына орай бірқатар мәдени-көпшілік шараларын өткізу жоспарланған. Шымкент қалалық ардагерлер кеңесі өздерінің кезекті бір басқосуында Еңбекші ауданына оның есімін беру жөнінде бастама көтерген. Несі бар, Қаратауды айтпағанда, Абай, әл-Фараби аудандарының қатарына Қалдаяқов ауданы қосылса, несі айып?! Қайта керемет емес пе?! Басқа жетістігін айтпағанның өзінде, ұлы композитор, Мемлекеттік Әнұран авторларының бірі екенінің өзі не тұрады?! Ардақты аталарымыздың, қазыналы қарияларымыздың, зиялы қауым өкілдерінің игі бастамасы қалалық мәслихат, ономастика комиссияларынан қолдау тапса, қанекей! Бұл жалғыз Шәмші Қалдаяқовқа ғана емес, бүкіл қазақ руханиятына, мәдениеті мен өнеріне деген зор құрмет болар еді.
Әбдісаттар ӘЛІП,
Шымкент қаласы