1444
Ламбриан Топузидис: АҚШ-та нарық тоқырауға ұшырады
Ламбриан Топузидис: АҚШ-та нарық тоқырауға ұшырады
Көрерменге мемлекеттік тілді жетік меңгергендігімен танымал тележурналист Ламбриан Топузидис бүгінде АҚШ-та білім алуда. Бұған дейін Qazaqstan ұлттық арнасында жаңалықтар бөлімінде қызмет еткен ол телеарна саласына да кездейсоқ келмеген. Ламбриан өзінің туып- өскен өлкесі – Павлодарда С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің Қазақ-ағылшын филологиялық факультетін бітірген. Өзінің ана тілінен (грек тілі) басқа қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін жазып, еркін сөйлей алатын қазақстандық азамат кейін білімін жетілдіру мақсатымен АҚШ-қа аттанады. Қазір шетелдік университетте Корпоративтік коммуникациялар мамандығы бойынша магистрлік білімін шыңдауда. Өскен ортасы қазақы, өзі қазақша мектеп, университет бітіргендіктен де болар, көп достары оны қазақ санап кеткені рас. Онысын ол да жасырмай, айтып жүреді. Сырт жерде білім алып жатқан отандасымыз әлеуметтік желіде әрбір күн сайын маңызды жазбалар қалдырып, өз пікірімен бөлісіп отырады. Әсіресе, қазіргі сын шақтағы туған елі Қазақстанның жағдайын біліп, пандемияға байланысты аса алаңдаушылықта екенін оның жеке парақшаларынан аңғару қиын емес. Отандық тележүргізушіні арнайы әңгімеге тартқан едік.
– Елден сәлем, Ламбриан! Сырт жерде жүрсің, қал-жағдайың қалай?
– Жақсы, рақмет! Елдегі жағдайды күнде біліп отырамын. Қазақстандағыдай АҚШ-та да карантин уақыты мамыр айының 15-не дейін ұзартылды. Бәрі жақсы болса, ұшақтардың ұшу кестесін тамыз айында жаңартуды қолға алатынға ұқсайды. Елге де қашан жетеміз деп сағынып жүргенім рас. Үш жыл бойына онсыз да елге келе алмаған едім, енді мына карантин тіпті жағдайды күрделендіріп жібергенін өздеріңіз де біліп жатырсыздар ғой...
– Иә, оны өзіңнің әлеуметтік желіде жазған жазбаларыңнан да оқып жүреміз... Карантин режимі ең ірі дамыған, алпауыт елдердің экономикасын күйретіп, тіпті өмір сүру талаптарының жаңа бір қырын үйретіп жатқандай. АҚШ-тағы бұған дейінгі жағдаймен әбден таныссың, бүгінгі таңдағы хал-ахуал қалай?
– Карантинде қарап отыра алмайды екенсің, соны түсіндім. Жалғыз Қазақстан мен АҚШ-та ғана емес, әлем елдерінде болып жатқан дағдарыс жайлы ойлар шынымен де мазалайды. Жуырда ғана барлық елдегі карантинге байланысты хал-ахуалды жазып жатқан бірнеше басылымдарды оқып шығып едім. Түйген ойымды сіздермен бөлісе кетудің де орайы келіп тұрған сияқты. Әлемдегі бүгінгі ахуал біріншіден, шағын бизнеске нұқсан келтірді. Ал шағын бизнестің экономиканы алға жылжытатын күштердің бірі екені белгілі. Кішігірім сервистердің сан алуан түрлері қазір не істерін білмей дал. Кәсібін дөңгелетемін дегендерге шынымен де ауыртпалық түсіп отыр. Біреулер жұмысын мүлдем тоқтатуға мәжбүр, енді біреулері онлайн форматқа көшкен. Тағы біреулер қызмет түрлерін қысқартқан. Мысалы, шаштараз да, пицца дайындайтын орындар мен кофеханалар да шағын бизнес өкілдері. Бірақ тамақ өнімдеріне онлайн түрде тапсырыс келетіндіктен, олар жұмысын ақырындап істеп жатса, шаштараздар мүлде тоқтатып отыр.
– Бүгінде АҚШ коронавирусты жұқтырғандар саны бойынша әлемде алдыңғы орындарда тұр. Қазір сен тұрып, ауасымен тыныстап жатқан Нью-Йорк штатында сақтану, індеттің жаппай таралмауы бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Иә, өкінішке қарай солай болып тұр. Бұл мәселеге байланысты Нью-Йорк штатының губернаторы Эндрю Куомо БАҚ өкілдеріне апта сайын екі-үш рет брифинг өткізеді. Оны кез келген адам Facebook-тегі Reuters news платформасы арқылы тамашалай алады. АҚШ-та жұмыссыздарға Үкімет тарапынан қаржылай көмек тиді. Әр жан басына аптасына 600 доллар аударылып тұр. Бір қарағанда, аспаннан тегін келгендей айтарлықтай көмек, бірақ ол елдегі жұмыссыздықты азайтпай, алдағы уақытта керісінше көбейтіп жіберетін сияқты. Көп адамдар жан қинамай-ақ, жоғары жақтан көмек алғандықтан, жұмыстан мүлде шығып кеткенді де қалайтындай. Бұл дегеніміз, өз кезегінде бизнестің ілгері жүруін тежейтіні рас.
– Дүкендерде азық-түлік тапшылығы байқалмай ма?
– Өз басым, нарық күйзеліске ұшырағаннан бері мұндағы фермерлер де қатты шығынға батып жатқанының куәсімін. Карантинге дейін үзіліссіз жүріп-тұрған азық-түлік тасымалдау жүйесінің қызметі қатты нашарлады. 350 млн халқы бар мемлекетті азық-түлікпен қамтамасыз етуге ет, сүт, жұмыртқа күнделікті тонналап келіп жататын. Енді олай емес. Қаншама бүлінген сүт жерге төгіліп, жұмыртқалар да тез бұзылып рәсуа болып жатыр. Білуімше, Канададан үзілмей импортталып келетін жергілікті халықтың негізгі асы – доңыз етіне де сұраныс төмендеген. Осыған орай, штат басшылығы Квебекте өсіп қалған торайлар үшін орынды босату мақсатында 20 мың доңыз эвтаназия жолымен өлтіріледі деп те шешім қабылдаған. Жалпы, елдегі жағдай осы...
Әңгімелескен Әсел ЖАҚСЫБАЙ