Мал шаруашылығының үлесі арта ма?
Мал шаруашылығы – қазақ халқының ата кәсібі. Қазақстандағы мал шаруашылығының жетекші салалары – қой-ешкі, сиыр, жылқы, түйе шаруашылығы. Құс, марал, ара, доңыз және жібек құртын өсіру – мал шаруашылығының қосымша салалары. Қазақстанның мал шаруашылығының өркендеуіне табиғи жайылым мен мол шабындық жердің үлесі зор.
Еліміздің барлық табиғи зоналары мал өсіруге қолайлы. Тарихтан бір ғана мысал келтірсек, 1984 жыл Қазақстанда 36 567,8 мың қой болды. Қой саны жағынан Қазақстан КСРО бойынша 2-орын (Ресейден кейін), қаракөл елтірісін дайындау жағынан 1-орында тұрған. Сол кезде Қазақстан мал шаруашылығы одақтас республикалардың барлығын ет өнімімен қамтамасыз етіп отырғаны белгілі. – Қазақстанның үлкен аумағы бар. Ауыл шаруашылығын көтеру үшін мықты бағдарлама жасау керек. Бұрын Қазақстанда 26 млн қой басы болған, қазір осының 50 пайызынан аспай тұр. Ауыл шаруашылығы деген – қазақ халқының өмір тынысы. Қазір мыңдаған елді мекендер иен қалды. Міне, бұл экономикалық саясаттың бірден-бір кемістігі. Сондықтан ауыл шаруашылығына бөлінетін қаражат жағын дұрыстауымыз керек, – дейді белгілі экономист Ғалым Байназаров.
Мал шаруашылығының даму қарқыны
Ауыл шаруашылығы министрлігінің жарты жылдық қорытындысында сиыр етін өндіру 477 мың тоннаны құраған, бұл ішкі тұтынуды 98 пайыз қамтамасыз етеді. Ал қой еті 150 мың тонна болған. Осынау көрсеткіштерге қарағанда соңғы жылдары мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде оң өсім байқалады. Ал экономист мамандардың айтуына қарағанда, мал шаруашылығының экономикадағы үлесі артып келеді. Бұл сала бойынша Алматы облысы мен ШҚО ішкі нарыққа, Ақмола мен БҚО экспортқа бейімделген. 2018 жылдың қорытындысы бойынша, мал шаруашылығының жылдық жалпы өнімі 13,2 пайызға өсіп, 2 трлн теңгеге жеткен. Мал шаруашылығының ең қарқынды өсімі Алматы облысында байқалады. Облыстағы өсім алдыңғы жылмен салыстырғанда 17,8 пайыз ұлғайып, 355,8 млрд теңгеге жетсе, екінші орындағы Шығыс Қазақстан облысында 11 пайызға өсіп, 291,8 млрд теңге болса, Түркістан облысында мал шаруашылығының жалпы өнімі 255,7 млрд теңгені құраған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазір ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің 45 пайызы мал шаруашылығына тиесілі екен. 2017-2021 жылдарға арналған ауылшаруашылық кешенін дамыту аясында салаға салынған қаражаттың 30 пайызы, яғни 35,9 млрд теңге мал шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларға бағытталған. Мал шаруашылығының ішінде ұзақмерзімді басты секторының бірі – ет өндірісі.
«Сыбаға» кімдерге беріліп жатыр?
Ауыл шаруашылығы министрлігі ет өндірісі секторын дамыту үшін «ҚазАгро» холдингпен бірлесіп «Сыбаға» бағдарламасын жүзеге асырып келеді. 2019 жылдың қаңтар айының ғана қорытындысы бойынша, бағдарлама аясында 1,2 мың бас ірі қара мен 3,2 мың қой-ешкі сатып алу үшін жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын 42 өтініш қанағаттандырылған. Жалпы құны 15,6 млрд теңгеге 23,8 мың асылтұқымды ірі қара мен 75,4 мың ұсақ мал сатып алынған. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 70 млн теңгеге дейін кредит рәсімдеуге мүмкіндік бар. Кредиттеудің мерзімі – 15 жыл. Кредиттің жылдық өсімі субсидияны қосқанда 4 пайыз. Бағдарламаға қатысқан шаруалар дән риза. Атап айтсақ, «Құтты орда» шаруа қожалығының өкілі Нарбек Қожагелдин үйі мен көлігін кепілдікке қойып, несие алған. «Бағдарламаға алғыстан басқа айтарым жоқ. Соның арқасында 4 миллион 800 мың теңге несие алып, 25 сиыр, 2 бұқа сатып алдым. Бұрын өзімде 23 сиыр бар еді. Оның сүтін көлігіммен тасып, аудандағы ірімшік зауытына өткізіп жүрдім. Бірақ бұл кәсібім жол шығынын әзер ақтайтын. «Сыбағамен» мал басы көбейген соң, ақ та молайды. Енді пайдасын көремін деген үміт бар», – дейді кәсіпкер.
Жылқы етінің тапшылығы
Мал шаруашылығына байланысты тағы бір түйткілді мәселе – жылқы шаруашылығының даму көрсеткіші соңғы жылдарда баяулаған. Өндірілген жылқы еті ішкі сұранысты қанағаттандыра алмай отырғаны жиі айтылып жүр. 2018 жылы 60 тоннадан астам жылқы еті шетелге сатылса, екі жарым мың тоннаға жуық ет сырттан сатып алынған. Жылқы шаруашылығы – қазақ халқының ең жанды тұсы. Тарихи деректер бойынша жылқының ең алғашқы қолға үйретілген негізгі отаны Шығыс Еуропаның далалық аймағы, Орталық Азия және Қазақстан деп саналады. Кеңес өкіметі жылдарында Қазақстанда 1,3 млн жылқы болса, қазір оның саны 950 мыңдай ғана. Қазіргі кезде Қазақстанның арнайы жылқы өсіретін зауыттары мен шаруашылықтарында жылқының қолға үйретілген 17 тұқымы өсіріледі. Қазақстанда ерте кезден бастап өсіріліп келе жатқан тұқымның бірі – қазақы жылқы. Жылқы өсірудің маңызы – қымыз өндіруге, спорттық жарыстарға қосуға және ет өнімін пайдалануға қолайлы шаруашылық.
Экспорт пен импорт
Мал санының артуы еттің экспортына да оң әсерін тигізіп отыр. Соңғы екі жылда ет экспорты 2,5 есеге дейін көбейіп, соның ішінде «қызыл» еттің сыртқа сатылымы 3,3 есеге, «ақ» еттің экспорты 45,1 пайызға көбейген. Нақты мәліметтерге сүйенсек 2019 жылдың алғашқы үш айында 5,4 мың тоннадан астам сиыр еті экспортқа кетсе, 2 мың тоннадан артық ет шеттен сатып алынған. Сол сияқты, екі мың тоннаға жуық құс етін экспортқа шығарып, 33 мың тоннаға жуық етті өзге елдерден сатып алған. Осы мерзім ішінде шетелге небәрі бір тонна жылқы еті сатылып, 169 тоннаға жуық жылқы еті Қазақстанға сырттан әкелінген. Сонымен бірге, 604 тонна қой еті шетелге сатылып, 6 тоннадан аса қой еті сатып алынған. Қазақстаннан ет алатын елдер: Ресей, Армения, Өзбекстан, Иран, Бахрейн, Украина және Қырғыз Республикасы. Ал Қазақстанға ет сататын мемлекеттер арасында Ресей, Украина, Беларусь, АҚШ және Уругвай бар. Алайда ет өнімі бойынша Өзбекстанмен алыс-берістің жиілігі байқалады. 2019 жылы елден 156 мың бас ірі қара мал әкетілсе, олардың 121,6 мың басы Өзбекстанға экспортталған. Сондай-ақ өткен жылы экспортталған 264 мың бастан астам қойдың да 200 мыңнан астамы Өзбекстанға жөнелтілген. Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы:
Ауыл шаруашылығын дамытуға жер жетеді
– Мал өсіру – ата-баба кәсібі, мен жалғастырушымын. Өзім Семейде зоотехник мамандығын бітірдім. Ауылда кішкентайымнан мал бағып өстім. Сондықтан да әуелі бұл сала менің сүйікті ісім және ел экономикасына қосқан тамшыдай үлесім. Құдайға шүкір, елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға жер жетеді. Жеріміз бай, даламыз құнарлы, мал өсіруге қолайлы. Менен кейін де қаншама спортшылар осы кәсіппен айналысқысы келеді. Біз жастарға үлгі болуымыз, ата кәсіпті ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуіміз керек. Бұл кең жерімізді бабаларымыз ұрпақ үшін қалдырды. Сондықтан да біз сол жерді игеріп, ауыл шаруашылығын көтеруіміз қажет. Қазір мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндіктер мол. Мен қазір Алматы облысының Балқаш ауданы және Жамбыл аудандарында және басқа да жерлерде ірі қарамен, қой шаруашылығымен және жабы жылқылармен айналысамын. Көптеген азамат біздің шаруашылықтарда жұмыс істейді. Былтыр үш жарым мың бас малды Өзбекстанға экспорттадық. Солай экспорттау бізге ыңғайлы болды. Себебі менде үлкен мал сою алаңы жоқ еді. Қалайда біз шетелден қаржы тартып, экономикамызды өсіруіміз қажет. Ардагер спортшы ретінде, кейінгі жас азаматтар осындай маңызды саланы дамытады деп сенемін. Көк туымызды биіктен желбірететін спортшыларымыз мен секілді Олимпиада чемпионы болуын тілеймін. Мал шаруашылығын қолға алған азаматтарымыз да еліміздің байлығын асыра түссе екен деймін. Қазір бәріміз үйде отырмыз. Дүниежүзіне тегеурінін батырған коронавирустан бір ананың баласындай, бір қолдың саласындай бірлікте болып, дәрігерлерімізге сенім артып, мемлекеттің айтқан тәртібін берік орындап шықсақ, бұл қиындықты да еңсереміз. Сол кезде тоқырап тұрған бұрынғы тірлігімізді ары қарай жалғастыра берер едік.