Жаңа заң: "Оралман" атауы қолданыстан алынатын болды

Жаңа заң: "Оралман" атауы қолданыстан алынатын болды

Жаңа заң: "Оралман" атауы қолданыстан алынатын болды
ашық дереккөзі
414
Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының көшi-қон процестерiн реттеу мәселелерi бойынша кейбiр заңнамалық актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды. Заң жобасы Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасын және оны Іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында әзірленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Заң жобасын қабылдаудың міндеттері көші-қон заңнамасын келесі бағыттар бойынша жетілдіруге негізделген: Қазақстанға келетін этникалық репатрианттар мен қоныс аударушылар үшін қолайлы жағдайлар жасау; ел экономикасының қажеттілігін қамтитын жағымды инвестициялық климат құруға бағытталған сыртқы еңбек көші-қонының тиімді жүйесін жетілдіру; озық халықаралық тәжірибені ескере отырып, көші-қон процестерін реттеу саласындағы нормативтік құқықтық базаны кеңейту және заңсыз көші-қонның жолын кесу, алдын-алу. «Этникалық көші-қон саласына қандай өзгерістер енгізіледі? Біріншіден, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, этникалық қазақтар «оралман» мәртебесін алу үшін Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғанға дейін шет мемлекеттің аумағында тұру фактісін растау қажет. Іс жүзінде, 1991 жылдан кейін туған этникалық қазақтар мұндай құжаттарды бере алмайды. Осыған байланысты, «оралман» мәртебесін алу үшін бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмауы негізгі критерийі ретінде енгізіледі», - деді Б. Нұрымбетов. Екіншіден, қандас бауырларымызға қолайлы жағдай жасау үшін, сондай-ақ өткізілетін құжаттардың тізбесі қайталануына байланысты, өзі ниет білдірген өтініш берушінің тұрақты тұруға рұқсатты және Қазақстан азаматтығын алу үшін құжаттарды бір мезгілде беру мүмкіндігі көзделген. «Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында заң жобасында «оралман» сөзін «қандас» сөзіне ауыстыру бөлігінде түзетулер енгізілді», - деп нақтылады Біржан Нұрымбетов. Көші-қон процестерінің құқықтық базасын кеңейту және заңсыз көші-қонға жол бермеу мақсатында тиісті қадамдар ескерілген. «Біріншіден, шетелдіктерге тұрақты тұруға рұқсат беру үшін 4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік баж салығын енгізу. Екіншіден, ұлттық заңнамада реадмиссияға арналған құқықтық негіздердің жоқтығынан ұлттық заңнамаға реадмиссия туралы халықаралық ережелерді енгізу ұсынылады. Үшіншіден, атқарушылық іс жүргізу бойынша берешегі бар адамдардың кетуіне шектеулер көзделген толықтырулар енгізу қарастырылған», - деді министр.  

Серіктес жаңалықтары