329
Ардагерлердің мәртебесін айқындайтын заң жобасы қабылданды
Ардагерлердің мәртебесін айқындайтын заң жобасы қабылданды
Сенат отырысында «Ардагерлер туралы» заң жобасы қабылданды. Жаңа заң аясында Отан үшін ерлік жасаған ардагерлерге жағдай жасаудың ауқымы кеңейеді. Әскери іс-қимылдарға қатысқан жауыгерлер мен қатар соғыс ардагерлеріне көрсетілетін жеңілдіктер қоса қамтылған.
Заң аясында Ауғанстан және басқа елдердегі ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшілерді басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрысқа қатысқан ардагерлердің санатын кеңейту, интернационалист-жауынгерлер, Чернобыльдағы апат салдарын жоюға қатысушылардың мәртебесі айшықталды.
Сонымен қатар Ұлы Отан соғысының ардагерлері, басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлер, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, еңбек ардагерлеріне әлеуметтік жеңілдіктер жасау шеңбері айқындалды.
Жаңадан енгізілетін санат үшін 4,8 АЕК мөлшерінде арнайы мемлекеттік жәрдемақы белгіленеді. Жәрдемақыдан басқа, аталған адамдарға Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшілер үшін, оның ішінде тұрғын үйге кезекке қою, салық төлеу, тегін медициналық қызмет көрсету, санаториялық-курорттық емдеумен қамтамасыз ету және т.б. бойынша қолданыстағы барлық құқықтар мен кепілдіктер берілмек.
Сондай-ақ 1988-1989 жылдары Чернобыль АЭС-індегі апаттың зардаптарын жоюға қатысқан адамдарға төленетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 2,13 АЕК-тен 4,8 АЕК-ке дейін артатын болды.
Бұдан бөлек «Қазақстанның Еңбек Ері», «Халық Қаһарманы» атағына ие болған адамдарға төленетін мемлекеттік жәрдемақы көлемі ұлғайды.