«Biz birgemiz»: Алматыда материалдық көмек көрсетудің екінші толқыны басталды

«Biz birgemiz»: Алматыда материалдық көмек көрсетудің екінші толқыны басталды

«Biz birgemiz»: Алматыда материалдық көмек көрсетудің екінші толқыны басталды
ашық дереккөзі
273
Коронавирус пандемиясына байланысты Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Назарбаевтың бастамасымен партияның Алматы қалалық филиалы тарапынан халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдау мақсатында кешенді шаралар қабылданды. Өздеріңізге белгілі, халыққа атаулы әлеуметтік көмек көрсету мақсатында «Birgemiz» республикалық қоры тарапынан қаржыландырылатын «Almaty Birgemiz» Қоры құрылды. Өткенде «Almaty Birgemiz» қорынан қаламыздың мұқтаж тұрғындарына 50 мың теңгеден бөлінді. 23 472 адамға 5 санат бойынша материалдық көмек көрсетілген болатын. «Nur Otan» партиясы Көшбасшысының бастамасымен 27 сәуірден бастап 50 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетудің екінші ағымы басталды. Бұл жолы көмекті басқа санаттағылар алады. Бұдан былай келесі санаттарға жататын 28592 адам көмек алады, олар: 1) аз қамтылған көп балалы отбасылар (2019 ж. АӘК алатындар); 2) зейнеткерлер – 1 және 2 топ мүгедектері; 3) ҰОС қатысушылары, мүгедектері және оларға теңестірілгендер; 4) тыл еңбеккерлері; 5) ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар. Тұрғындар тізімі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің деректері негізінде дайындалды. Егер көмек алушы аталған санаттарға кіретін болса, оған көмек автоматты түрде тағайындалады. Тіркелу, құжаттар жинаудың, ешқайда барудың қажеті жоқ, ақша «Nur Otan» партиясы және «Almaty Birgemiz» Қоры атынан смс-хабарлама арқылы карточкаңызға түседі. Көмек бір рет қана беріледі. Бүгінге материалдық көмекті 25 мыңнан астам адам алып, жұмыстың 90% аяқталды. Қалған көмек алушыларға ақша жақын арада түседі. Аударылған қаражат айыппұл, несие және басқа да төлемдер есебіне ұсталмайды. Сондай-ақ, «Birgemiz» республикалық қорынан Алматы қаласына 2 млн медициналық бетперде жіберілді. Бетперделермен 40 мың. қалалық тұрғын қамтылатын болады. Бетперделерді тарату бойынша акция 16 сәуірде қаланың барлық ауданында басталып, бүгінгі күнге 25 мыңнан астам адам қамтылды. Акцияға 200 ерікті мен 120 автокөлік жұмылдырылған. Сонымен қатар, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Жаңа Алатау» қорында арнайы есеп-шот ашылып, оған Елбасы – Тұңғыш Президент қорынан, «Nur Otan» партиясының депутаттары, кәсіпкерлер, кәсіпорындар, қарапайым партия мүшелері мен азаматтар қаражат аударды. Ол қаражат халықтың аз қамтылған 14 мыңнан астам мұқтаж азаматтарына азық-түлік себеттерін сатып алуға және басқа да қажеттіліктерге жұмсалуда. Осыған қосымша партияның қолдауымен демеушілердің қаражаты есебінен 17 784 мұқтаж азаматқа азық-түлік себеттері және 80 жастан асқан жалғыз басты 800-ден астам қарт адамдарға күнделікті тегін ыстық тамақ жеткізіледі. Бүгінге жалпы саны 26 мыңнан астам ыстық тамақ жеткізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Серіктес жаңалықтары