20458
«Birgemiz»: СҚО-да 8 мыңға жуық азаматқа қаржылай көмек көрсетіледі
«Birgemiz»: СҚО-да 8 мыңға жуық азаматқа қаржылай көмек көрсетіледі

Nur Otan партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әсем Рахметова әлеуметтік желілердегі тікелей эфирде өңір тұрғындарына ТЖ кезіндегі нұротандықтардың жұмысы туралы айтып берді.
Мыңнан астам адам қатысқан тікелей эфирде тұрғындардан 200-ге жуық сауал түсті, басым бөлігі 42500 теңге мөлшеріндегі төлемдерге, «Birgemiz» қорынан материалдық көмекке, сондай-ақ азық-түлік себеттерін алуға қатысты болды.
Әсем Рахметова мұқтаждарға көмек көрсету бойынша партия филиалы жұмысының негізгі бағыттарын түсіндірді, ескертулерде жазылған пайдаланушылардың сұрақтарына жауап берді.
«Наурыз айының соңынан бастап Jas Otan жастар қанаты еріктілерінің күшімен облыс бойынша 1900-ден аса мұқтаж адамға атаулы көмек көрсетілді, олар антисептикалық, гигиеналық құралдармен және бірінші қажеттілік өнімдерімен қамтамасыз етілді. Петропавл қаласы бойынша 875 адам қамтылды. Бұл жұмысты партия мүшелері әлі күнге дейін жалғастыруда. Аймақтың 3669 мұқтаж тұрғыны 50 мың теңге көлеміндегі қаржылай көмек алды. Төлемдерді ұйымдастыруды, үйлестіруді және бақылауды Nur Otan партиясының өңірлік филиалы жүзеге асырды», – деді Әсем Рахметова.
Елбасының тапсырмасы бойынша жақын арада қаржылық көмектің екінші толқыны басталады. Ә.Рахметованың айтуынша, бұл ретте 7844 адамды қамту жоспарланып отыр.
«Қордан 7 санаттағы азаматтар материалдық көмек ала алады. Олар – аз қамтылған көп балалы отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, ең төменгі зейнетақы алатын және халықтың әлеуметтік осал топтарының тізіміне кіретін зейнеткерлер, жетім балалар мен асыраушысының бірінен айырылған балалар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген мүгедектер, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайда жүрген тыл еңбеккерлері. Төлем алушылардың тізімін жергілікті атқарушы органдар жасайды. «Сіз төлем алушы санатына жатасыз ба?» деген сауалға жауап алу үшін 50-14-19 және 36-91-67 телефонына хабарласу қажет», – деп атап өтті филиал төрағасының бірінші орынбасары.
Сонымен қатар, карантин жарияланған сәттен бастап аймақтық қоғамдық қабылдау жұмысы онлайн форматқа ауыстырылғаны айтылды. 1 сәуірден бастап өтініштердің өсуі байқалады: былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда азаматтардың өтінішінің саны 57 пайызға өсті.
«Nur Otan» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының Facebook және Instagram-дағы ресми парақшаларында, WhatsApp 8-700-688-70-03 нөмірі бойынша және 36-94-52 телефоны арқылы кез келген адам өз үндеуін қалдыра алады. Біз барлығына барынша жауап беруге тырысамыз», – деп қосты Әсем Рахметова.
Мұндай тікелей эфирді солтүстікқазақстандық нұротандықтар тұрақты негізде өткізуді жоспарлауда. Тікелей эфирдің көптеген қатысушысы төтенше жағдай кезінде ұйымдастырылған көмек көрсету ісі мен өзекті мәселелерді айту мүмкіндігі үшін «Nur Otan» партиясына алғысын білдірді.