384
Карантин қашан аяқталады?
Карантин қашан аяқталады?
Елімізде төтенше жағдай режимі енгізілгеніне бүгін 40 күн болды. Карантин қанша қажытса да, жұрттың оған еті үйрене бастағандай. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев індет әлі шарықтау шегіне жетпегенін айтты. Демек, карантин тағы ұзаруы мүмкін. Мұны халық түсініп отыр. Өйткені өзін-өзі оқшаулау өзге үшін емес, әркімнің өз денсаулығы үшін қажет. Жақындарының амандығы үшін қам жеген қауымның көкейінде бір-ақ сұрақ: «Індет қашан басылады?». Төрт қабырғадан мезі болып, қалыпты тіршілікке көшуге асыққан жұрт кесірлі кеселдің қаупі қашан сейілетінін білгісі келеді. Алайда нақты жауабын ешкім бере алмайды. Тек болжамдар ғана...
ДДСҰ: Карантинді алып тастауға асықпаңдар!
Дүйсенбіден бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы бірқатар нысандар жұмыс істей бастады. Олар санитарлық талаптарды қатаң сақтап, қызметкерлерін қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуі тиіс. Үкімет өзге нысандарды кезең-кезеңімен іске қоспақ. Өзге елдер де экономикалық сектордың жұмысын ақырындап қалыпқа келтірмек. Коронавирустың шарықтау шегін еңсерген бірқатар мемлекет карантин режимін жеңілдетті. 20 сәуірден бастап Испанияда зауыттар іске қосылды. 21 сәуірден бастап Италияда бірқатар дүкендердің жұмысы қалпына келтірілді. Данияда мектептер ашылып, тұрғындардың жүріп-тұруына қатысты бірқатар шектеулер алынды. Израиль билігі де карантин режимін жеңілдету туралы шешім қабылдады. Ел үкіметінің шешімі бойынша мемлекетте кәсіпорындар жұмысын қайта бастап, ашық алаңқайдағы дүкендер ашылды. Сондай-ақ кір жуу орындары, киім тігу және аяқ киім жөндеу шеберханаларының жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Аталған орындарға бір мезетте кірушілер санына шектеу қойылады. Сонымен қатар көшелерде дұға оқуға рұқсат етілді. Алайда жиналушылар қатары 19 адамнан аспауы тиіс деген талап қойылған. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың айтуынша, жаңа ережелер 3 мамырға дейін күшінде болады. Егер осы уақыт аралығында індет қайта өршісе, карантин режимі қатаңдатылмақ. Дүниежүзілік денсаулық ұйымы әлем елдеріне шектеу шараларын алып тастауға асықпау керегін ескертті. Ұйым сарапшыларының айтуынша, карантин режимін жеңілдетуге бағытталған кез келген шара әбден таразылануы шарт. Егер шектеулер кезең-кезеңімен алынбаса, індеттің таралуы қайта өршіп, карантинді бұрынғыдан бетер қатаңдатуға тура келеді дейді ДДСҰ мамандары. «Қалыпты тіршілікке көшудің әр қадамының арасында кем дегенде 2 апта уақыт болуы қажет. Сонда қауіп-қатерді бағалап, тиісті шешім шығаруға мүмкіндік болады», – делінген ұйымның ресми хабарламасында.Министрліктің болжамы қандай?
Отандық, жаһандық ақпараттарды әбден сіміріп, шақшадай басы шарадай болған жұрт алдағы тіршіліктің қалай бағыт аларын білуге асық. Елордаға қарап елеңдеп отыратыны сондықтан. Бір жақсы жаңалық айтып қалар ма екен деп дәмелі. Алайда еліміздің бас санитары Айжан Есмағамбетова соңғы мәлімдемесінде эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануы биліктің емес, халықтың әрекетіне тәуелді екенін түсіндірді. «Қазақстан Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік комиссия ТЖ режимін 30 сәуірге дейін ұзартқанын білесіздер. Карантин ары қарай созыла ма – ол өзімізге байланысты болмақ. Карантин шараларын қаншалықты сақтаймыз, өз-өзімізді қаншалықты оқшаулауға қауқарлымыз, қаншалықты қозғалысты азайтамыз? Бәрі осы мәселеге келіп тіреледі», – деді Айжан Есмағамбетова. Бас санитар індетті ауыздықтауда карантин тәртібін сақтаудың маңызын түсіндіру үшін статистиканы сөйлетті. «Инфекцияның таралу өрісіне талдау жүргізе отырып, коронавирус жұқтырған бір адамның 80 адамға дейін жұқтыруы мүмкін екенін біліп отырмыз. Карантин кезінде де көршілер бір-бірімен әңгіме-дүкен құруды доғарар емес. Артынша бір-біріне вирус жұқтырады. Мұндай жағдайлар да бізде кездесті. Бізде коронавирус жұқтырған 1 адам орта есеппен 30 адаммен байланыста болады. Қазіргі таңда жұқтырған адамдардың 70 пайызы ауру белгісін байқамай өтіп кететінін көріп отырмыз. Демек, аурудың қылдай белгісі жоқ сап-сау адамның өзі басқа адамдар үшін инфекция таратуы мүмкін», – деді Айжан Есмағамбетова. Жуырда Қытай ғалымдары жүргізген зерттеу нәтижесі де індетпен күресте өзін-өзі оқшаулаудың тиімділігін көрсетті. Бұған дейін зерттеушілер коронавирус 1,5 метр қашықтықтан жұғады десе, жаңа зерттеу науқастардың COVID-19 инфекциясын 4 метр қашықтыққа дейін тарата алатынын дәлелдеді. Демек, кеселге шалдыққан адаммен жақын байланыста болмасаңыз да сізге вирустың жұқпасына кепілдік жоқ. Қытайлық мамандар вирустың аэрозольді таралуын зерттеген. Коронавирустың ауа құрамында және заттардың бетінде сақталуын бақылау үшін ғалымдар Уханьдағы Хуошеншань ауруханасының коронавирус жұқтырған науқастарды емдейтін бөлімі мен жедел жәрдем бөлімінде тәжірибе жүргізген. Зерттеу нәтижесінде вирустың көптеген аэрозольді бөлшектері аурухана еденіне жинақталатыны анықталған. Сондай-ақ кереуеттердің үсті, есік тұтқалары, қоқыс жәшіктері және медицина қызметкерлерінің аяқ киімінің табанында көп мөлшерде жиналатыны белгілі болды. Десе де, Хуошеншань ауруханасы қызметкерлерінің бірде-біреуі індет жұқтырмаған. «Бұл қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаудың тиімділігін айғақтайды» дейді зерттеушілер. Коронавирус пандемиясының жақын арада аяқталатынына күмәнді арттырған тағы бір зерттеудің қорытындысын өткен аптада Франциядағы Экс-Марсель университетінің ғалымдары жариялады. Бұған дейін күн ысыса, COVID-19 инфекциясының қаупі бәсеңдейді деген болжамдарға сенсек, француз зерттеушілері вирустың күші 90 градус ыстықта ғана жойылатынын анықтады. Ғалымдар жасаған тәжірибе барысында коронавирус штаммы стерильденген және биоматериалы бар түтікке орналастырылған. Екі сынама бір сағат ішінде 60 градусқа дейін қыздырылған. Тәжірибеден кейін 60 градуста қыздырса да, залалсыздандырылмаған түтіктегі вирустың көбейе алатыны белгілі болған. Тек түтікті 15 минут бойы 92 градусқа дейін қыздырғаннан кейін вирус толығымен жойылған. Ақпан айының соңында Германиядағы Роберт Кох атындағы институт мамандары коронавирустың жылуға төзімсіздігін мәлімдеп, көктемнің келуі вирустың таралуын азайтады деп сендірген еді. Алайда кесірлі кесел жыл он екі ай жаз болып тұратын мемлекеттерді де тығырыққа тірегенін көріп, бұл болжамның шындықтан алыс екеніне көзіміз жете бастаған-ды. Франция мамандарының зерттеуінен соң ауа райының өзгерісі ауруды ауыздықтай алады дегенге сенудің бос әурешілік екенін анық ұқтық. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та жыл мезгілдері коронавирустың таралуына тоқтау бола алмайтынын айтқан. «Қазіргі болжам бойынша, жаз айында, мүмкін күзде де коронавирус індеті жалғасуы мүмкін. Осыған байланысты тиісті шаралар қолға алынды. Коронавирус күзде қайталанса, біз дайын болуымыз керек», – деді министр. Ведомство басшысының айтуынша, әлемдік тәжірибе әрбір мемлекеттің азаматтары коронавируспен үш ай ауыратынын көрсетіп отыр. «Біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен байланыстамыз. Сондай-ақ басқа да мемлекеттердің денсаулық сақтау министрліктерімен, ғылыми-зерттеу ұйымдарымен тікелей байланыстамыз. Жалпы айтқанда, түрлі болжам көп. Қазіргі болжам бойынша әрбір мемлекет үш айдың ішінде ауырып шығатын түрі бар. Сосын инфекцияның таралуы төмендеп, осы үш айдың аяғында ең төмен деңгейге жетеді. Бірақ өкінішке қарай, қазір көріп отырғанымыздай, Қытай, Корея эпидемиядан өтсе де, әлі де жаңа науқастар тіркеліп жатыр», – деді Елжан Біртанов.Шетелдік сарапшылар не дейді?
Бүкіл әлем коронавирусты жеңуге мүдделі. Әр мемлекет өзінше ізденіс жасап, шама-шарқы жеткенше күресіп бағуда. Медицинасының қуаты, халқының демографиялық құрылымы, өмір салтына қарай әр елде індеттің таралу қарқыны әрқилы екенін аңғаруға болады. Коронавирустан көп жапа шеккен елдердің статистикалық деректеріне талдау жасаған АҚШ-тың Boston Consulting Group (BSG) атты танымал консалтинг компаниясы карантиннің қай елде қай уақытта аяқталуы мүмкін екеніне болжам жасап көрген екен. Зерттеушілер ел үкіметінің ұйымдастырып жатқан сақтық шараларына, медицинасы, инфрақұрылымы, ауырған, көз жұмған адамдардың статистикасына мән берген. Зерттеу тобының есебінше, АҚШ-тағы коронавирус індетінің шарықтау шегі мамыр айының аяғында болмақ. Ал карантиннің өзі маусым айының аяғы мен шілде айының басында аяқталуы мүмкін. Бұл – оптимистік болжам. Ал пессимистік нұсқасы – шілде айының соңы. АҚШ-тағы карантин тәртібі әр штатта әртүрлі болғандықтан, зерттеушілердің ойынша, елде індеттің тарауы жуық арада тоқтай қоймайды. Алайда Дональд Трамптың пікірі сарапшылардың пікіріне қайшы. Оның ойынша, АҚШ коронавирус инфекциясының шарықтау шегінен өтіп қойды. Өткен аптада Ақ үй басшысы карантин режимін алып тастаудың үш кезеңнен тұратын жоспарын таныстырды. Ал түпкілікті шешім қабылдауды губернаторлар құзырына қалдырды. Эпидемиологиялық ахуалы тұрақтанған штаттар қалыпты тіршілікке көшпек. BSG мамандарының болжамынша, Италияда коронавирустың шарықтау шегі сәуір айының соңғы ширегіне тап келеді. Ал карантин шілде айының басы мен аяғына таман аяқталуы мүмкін. Коронавирустан ең көп жапа шеккен 5 мемлекеттің бірі – Германия. Елде індет әлдеқайда ерте таралғанына қарамастан, ресми Берлин жалпыұлттық карантин режимін наурыз айының аяғына қарай енгізді. Аурудың шарықтау шегі мамыр айының алғашқы апталарына сәйкес келеді. Сарапшылардың пікірінше, Германиядағы карантин маусым айының ортасы мен шілде айының басына қарай аяқталуы мүмкін. Ал Францияда жалпыұлттық карантин 17 наурыз күні енгізілді. Мамандардың болжамына сүйенсек, бұл елде коронавирустың шарықтау шегі мамыр айының алғашқы апталарына түсіп, карантин режимі маусым айының ортасы мен шілде айының басында аяқталуы мүмкін. Ресейде шектеу шаралары кеш енгізілді. Владимир Путин жариялаған бір апталық демалысқа дейін, яғни 30 наурызға дейін ресейліктердің ел ішіндегі қозғалысы шектелген жоқ. Америкалық BSG компаниясы сарапшыларының пікірінше, Ресейде коронавирустың шарықтау шегі мамыр айының алғашқы аптасына дөп келеді. Ал карантин маусымның аяғы, шілденің басында аяқталуы мүмкін. Ресей ғылым академиясының академигі Виктор Малеевтің пікірі де америкалық мамандардың болжамымен үндес. Оның айтуынша, Ресейде індеттің тарауы маусым айының басында тоқтауы ықтимал. Алайда бұл ең оптимистік болжам дейді ғалым. Егер ел тұрғындары карантин тәртібін сақтамай, бір-бірімен байланысуды жалғастырса, коронавирусты жақын арада жеңу мүмкін емес деген пікірде. Виктор Малеев эпидемиологиялық ахуалы күрделі мемлекеттерден коронавирустың екінші толқыны таралуы мүмкін деген күдігін де жасырмайды. «Африкада, Үндістанда қандай жағдай болып жатқаны белгісіз. Бұл елдерде тұрғындарды жаппай тестілеу жүргізіліп жатқан жоқ. Сондықтан аталған аймақтарда індеттің жаңа толқыны басталуы ғажап емес», – дейді ғалым. Әлемдегі ең үздік хирург-трансплантологтардың бірі, Франциядағы Страсбург университетінің профессоры Жильбер Массардың пікірінше, коронавирустың таралуын тоқтатудың екі жолы бар. «Біріншісі – бүкіл адамзаттың иммунитетін қалыптастыру, екіншісі – екпе ойлап табу. Алғашқысы ұзақ жол, 2-3 жыл уақыт кетеді. Ал екпе жасау оңай болғанымен, оны сынақтан өткізу күрделі іс, біраз уақытты алады. Вакцина сынақтан өтті дегеннің өзінде, оны бүкіл адамзатқа салып шығу да ұзақ процесс», – дейді дәрігер. АҚШ-тың Atlantic басылымының жазуынша, адамзаттың басым бөлігінің иммунитеті қалыптасқанын күткенше өлім-жітім саны көбейіп кетуі мүмкін. Сондықтан ең дұрыс жол – екпе ойлап табылғанша күресу қажет.Екпе қашан дайын болады?
АҚШ-тың Ирвайн қаласындағы Калифорния университеті Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің профессоры Эндрю Ноймердің айтуынша, коронавирусқа қарсы екпе пайда болуының болжалды мерзімі – 2021 жылдың көктемі. «Бұл мерзімнен ерте пайда болғанның бәрі әлемдік рекордқа айналары анық», – дейді Ноймер. Екпе дайындаудың көп уақыт алуының себебі – оны сынақтан өткізу бірнеше кезеңнен тұрады. Дайын вакцинаның адам денсаулығына залал келтірмейтіні, ағзаны вирустан қорғайтын антиденелердің пайда болуына ықпал ететіні тәжірибе жүзінде дәлелденуі қажет. Бұл шектен тыс бюрократиялық сақтық емес. Екпе жүздеген миллион, тіпті миллиардтаған адамға салынатын болғандықтан, оны жасаушылар қате жібермегендеріне көз жеткізгісі келеді. Эндрю Ноймердің сөзіне сүйенсек, екпе жасаушылардың ешбірінің жұмысы оң нәтиже бермеуі де мүмкін. «Әлем мұндай сценарийге де дайын болуы қажет. Індеттің емі табылмаған жағдайдың өзінде 2021 жылдың күзінде иммунитет қалыптастырудың арқасында пандемияны толық жеңе аламыз. Алайда бұл бір жылдан астам уақыт карантинде отыру қажет деген сөз емес. Вирусқа қарсы иммунитет пайда болса, індеттің келесі толқыны қазіргіден анағұрлым жеңілірек болмақ. Десе де, COVID-19 ешқайда жоғалып кетпейтінін есте ұстау қажет. Уақыт өткен сайын ол тұмау секілді жұқпаға айналып, адамдарға қауіп төндіруін жалғастыра береді», – дейді америкалық ғалым. ДДСҰ мәліметінше, бүгінде COVID-19 инфекциясына қарсы үш екпе сынақтан өткізілуде. Ұйым басшысы Тедрос Аданом Гебреисустың айтуынша, тағы 70-тен астам екпе дайындалып жатыр. Сынақтан өту кезеңіндегі екпенің бірі – Оксфорд университеті ғалымдарының жұмысы. Олар қыркүйекке дейін бүкіл әлемнің игілігіне айналар нәтиже шығаруға ниетті. Вакцинология профессоры Сара Гилберт бастаған жұмыс тобы сынақ жүргізу үшін 18 бен 55 жас аралығындағы 500 еріктіні жалдаған. Bloomberg-тің хабарлауынша, олар екпе сынағының алғашқы кезеңіне қатысады. Одан кейін топқа егде жастағы азаматтар қосылады. Сынақтың ақтық кезеңіне 5 мыңнан астам адамды қатыстыру көзделген. Екпе жасаушылар бастапқыда сынаққа қатысушы 510 адамды бес топқа бөліп, оларды 6 ай бойы бақыламақ. Топтардың біріне екінші бұлшықетішілік инъекция бірінші екпеден соң төрт аптадан кейін егілмек. Зерттеудің мақсаты – ChAdOx1 nCoV-19 \ деп аталатын вакцинаның тиімдігі мен қауіпсіздігін тексеру. «Біз қолдануға жарамды екпеге қыркүйекте қол жеткіземіз деген үміттеміз. Әрине, ол уақытта вакцинаның мөлшері аз болуы мүмкін. Бірақ біз барынша көп адамды қамту үшін қазірден бастап өндірісті күшейтіп жатырмыз», – дейді С.Гилберт. 1994 жылдан бері Оксфорд университетінде екпелерді зерттеумен айналысып келе жатқан ғалым Сара Гилберт Ұлыбританияның Ұлттық медициналық зерттеу институтынан наурыз айында 2,8 млн доллар алған. Бұл қаржы оның жұмыс тобын ұлғайтып, екпе өндірісін жеделдетуге мүмкіндік бермек. Гилберттің де, кесірлі кеселдің шипасын табу жолында ізденіп жатқан өзге мамандардың да жұмысына уақыт төреші. Біздің қолымыздан келері – күту және сақтану. Сақтансақ қана сақтайды.