289
Қызылорда облысында жоғалып кеткен балалар табылды
Қызылорда облысында жоғалып кеткен балалар табылды

Қызылорда облысы Жалағаш ауданына қарасты Таң ауылында полицейлер жоғалып кеткен 7-8 жастағы екі баланы ата-аналарына тауып берді.
ҚазАқпараттың жазуынша, екі бала есік алдына түскі уақытта ойнауға шыққан. Содан кейін ата-аналары олардан хабарсыз қалған. Бұл жөнінде полицияға хабарланады.
Аудандық полиция бөлімі тарапынан арнайы топ құрылды. Алғашқыда балаларды ата-аналар өздері іздеген. Полицияға жергілікті уақытпен сағат 23:00 шамасында хабарласқан.
Учаскелік полиция инспекторы Нұрбек Сариев, арнайы топ мүшелерінің қатысуымен балаларды іздестіру жүргізілгендігін айтты.
«Аудандық полиция бөлімі тарапынан құрылған топ мүшелері балаларды түнгі сағат 03:00 шамасында Шіркейлі каналының тұсындағы шабындық ішінде ұйықтап жатқан жерінен тауып алды. Оларды ата-аналарына аман-есен табыс етті. Екі баланың ата-аналарына төтенше жағдай кезіндегі карантин режимінің талаптарын сақтамағаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 476-бабының 6-бөлігімен әкімшілік хаттамалар толтырылып, жинақталған құжаттар аудандық сотқа жолданды. Мұндай келеңсіз жағдай орын алмас үшін олармен профилактикалық түсіндіру жұмыстар жүргізілді», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.