218
COVID-19: Ресей індет жұқтырғандар ең көп тіркелген елдер ондығына енді
COVID-19: Ресей індет жұқтырғандар ең көп тіркелген елдер ондығына енді
Соңғы тәулікте Ресейде коронавирус жұқтырудың 6060 жаңа дерегі тіркелді. Осылайша елде індетке шалдыққандардың саны 42 853-ке жетті. Бұл туралы Ресейдегі эпидемиологиялық ахуалды бақылау жөніндегі жедел штаб хабарлады.
Індет жұқтыру деректерінің көбі Мәскеуде тіркелген. Кеше ел астанасында 3570 адамнан вирус анықталды. Сондай-ақ, Мәскеу облысы, Санкт-Петербург қаласы мен Архангельск облысында індет өршіп тұр.
Соңғы тәулікте коронавирустан 48 адам көз жұмған. Олардың 29-ы Мәскеуде, 9-ы Мәскеу облысында қайтыс болды.
Ресей коронавирус жұқтырғандар саны жөнінен әлемде алдыңғы орында тұрған он мемлекеттің қатарына енді. Десе де, ресейлік мамандар елде өлім-жітім көрсеткіші төмен екенін алға тартуда. Дәрігерлердің айтуынша, бұл медициналық мекемелерді дер кезінде дайындаудың және азаматтарды жаппай тестілеуден өткізудің арқасы.
Айта кетейік, Қазақстанда коронавирус 1661 адамнан анықталды. Елімізде індеттен айыққандар саны 389-ға жетті. Дерті асқынған 17 адам көз жұмды.