230
Коронавирусты жеңген 107 жастағы түркиялық қария дәрігерлерді таңғалдырды
Коронавирусты жеңген 107 жастағы түркиялық қария дәрігерлерді таңғалдырды
Түркияда коронавирус жұқтырғандар саны 82 мыңнан асып жығылды. Соңғы тәулікте елде 3783 адам індетке шалдыққан.
Вирус жұқтырған 10453 адам дертінен айықты. Солардың бірі – Түркияның 107 жастағы тұрғыны Хавахан Карадениз. Ол СOVID-19 коронавирусынан айыққан әлемдегі ең қарт әйелдердің бірі болды, деп хабарлайды Анадолы.
7 сәуірде ауруханаға Ыстанбұл ғылыми-зерттеу клиникасына жатқызылған қария бір аптадан соң індеттен емделіп шықты. Енді Хавахан Карадениз 2 апта үй карантинінде болады.
Дәрігерлердің айтуынша, жасының егде тартқанына қарамастан кейуананың иммундық жүйесі өте мықты. Қария күн сайын таңертең ерте тұрып, намаз оқиды екен. Ол тамақтануға аса мән беріп, таңғы асқа сары май, қаймақ, бал, сүт пайдаланады. Әжейдің холестерин және қант деңгейі қалыпты нормада, ол тәттілер мен жемістерді жақсы көреді. Кейуанаға ешқашан ота жасалмаған, оның есте сақтау қабілеті жақсы. Төрт бала өсірген ананың 11 немересі және 15 шөбересі бар.
Айта кетейік, соңғы дерек бойынша әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 2 331 892 адамға жетті. Індеттен 160 763 адам көз жұмды, 597 194 адам емделіп шықты.
Ал Қазақстанда 1654 адамнан коронавирус анықталды. Науқастардың 17-сі көз жұмса, 378-і дертінен айықты.