292
Bek Аir қандасымызға бекер шүйліккен
Bek Аir қандасымызға бекер шүйліккен
Естеріңізде болса, Алматы облысы Талғар аудандық сотына Bek Аir әуекомпаниясының басшылығы ұшақ соғылған құрылысты заңсыз деп тану бойынша шағым бергені туралы жазған болатынбыз. Сот 21 ақпанда істі қарауға отырғанымен, кейбір тараптардың дайындықсыз келуіне байланысты 20 наурызға шегерілген еді. Алайда жер иесі Решет Қалибек адвокат жалдап, әуе мекемесіне қарсы талап-арыз берген соң, сот 7 сәуірде онлайн түрде қаралды.
Талғар аудандық соты Bek Аir әуекомпаниясына тиесілі ұшақ соғылған ғимарат иесі қандасымыз Решет Қалибектің талап -арызын қанағаттандырды. Екі тараптың қатысуымен онлайн өткен сот барысында аудандық сот судьясы Қарлығаш Есәлинова азаматтық істі тоқтату туралы шешім қабылдаған.
Карантин жағдайында қашықтан, онлайн өткен сот отырысы жайлы қандасымыз Решет Қалибекке хабарласып, өзінен сұрап білдік.
«Онлайн өткен сот отырысына мен, заңгерім Жәнібек Башанов және Bek Air компаниясының заңгері қатысты. Карантин болғандықтан сот WhatsApp желісі арқылы өтті. Сонымен азаматтық тәртіптегі сот тоқтатылды. Былтыр 27 желтоқсандағы ұшақ құлау дерегі бойынша қозғалған қылмыстық істер қаралып біткенше, Талғар аудандық соты азаматтық процессуалдық істерді қарауды тоқтатуға шешім қабылдады. Алда өтемақы талап ету жайын карантин біткеннен соң заңгеріммен ақылдасып көре жатармыз», – дейді Р.Қалибек.