1265
Қандастардың баспана мәселесі қалай шешілмек?
Қандастардың баспана мәселесі қалай шешілмек?
Баспана Қазақстандағы әлеуметтік жағдайдың басты индикаторы болып отыр. Қазіргі қоғамдағы көзге көрінбейтін таптық жіктелім бойынша баспанасы барлар және баспанасыздар деп қарасақ, әлеуметтік жағдай түсініктірек болар еді.
Public Policy Research мекемесі жасаған зерттеулерге қарағанда, Алматыда тұратын жасы 30-ға толмаған азаматтардың 54,3 пайызы жекеменшік пәтер жалдап тұрса, 18,6 пайызы жатақханада тұрады екен. Яғни, жастардың төрттен бірі ата-анасының немесе туыстарының үйін жағалап күн көруде. Елордадағы жағдайда осы көрсеткішке сәйкес. Мұндай зерттеулер мен көрсеткіштерден республика бойынша басқа да ірі қалалардағы баспана мәселесінің күрделі екенін байқауға болады.
Баспана мәселесін зерттеп жүрген мамандардың мәліметіне сүйенсек, Қазақстандағы тұрғын үй тапшылығы 28 миллион шаршы метрді құрайды. Шамамен 400 мың отбасының жеке баспанасы жоқ. Елдегі еңбекке қабілетті азаматтардың 25 пайызының ғана өз күшімен баспаналы болуға шамасы жетеді.
Бұдан басқа көптеген көрсеткішті тізбелеудің тіптен мәнісі жоқ секілді. Қысқасы, Қазақстанда бұрыннан өмір сүріп келе жатқан жергілікті халықтың өзінде баспана мәселесі әлі шешілген жоқ. Осы ретте шетелден көшіп келіп жатқан қандастардың жағдайы тіптен қиын.
Мемлекет қандастарды бейімдеу және баспаналы болғызу мақсатында біраз шараларды жүзеге асырды. Көштің алғашқы жылдарында елге оралған әр қазақ отбасына көші-қон квотасымен баспана берілді. Квотасы келіп, баспананы өздері салғандарға Миграция және демография басқармасы комиссиясы арқылы мүмкіндігінше қаржылай көмек көрсетті. Мемлекет өзін және отбасын қамтамасыз ете алмайтын, тиісті құжаттары түгел қандастарға қамқорлық жасады. Алайда мұнымен де қандастардың баспана мәселесі шешілген жоқ. Себебі жыл сайын әр елден келіп жатыр.
Шетелден келген қандастардың біразы өз күшімен баспаналы болғанымен, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар әлі күнге пәтер жалдап жүр. Тіптен көбінің бұл жағдайға еті үйреніп кетті.
Елдегі демографиялық ахуалды одан әрі жақсарту үшін әрі көші-қонды реттеу үшін Үкімет 2014 жылы «2017-2021 жылдарға арналған Миграциялық саясат» тұжырымдамасын қабылдаған болатын. Жаңа миграциялық тұжырымдама қандастардың тарихи Отанына оралуы мен сапалы кадрлардың сыртқа ағылу мәселелерінің шешімін табуды көздеген. Бұл құжатта: «Қазақстан Республикасы шетелдік жұмыс күшін тарту арқылы уақытша миграция, сонымен қатар Қазақстанға оралған этникалық репатрианттарға қатысты ұзақмерзімді тұрақты миграциялық стратегия ұстанады» деп жазылған. Миграция классификациясына сәйкес, ерікті түрде ұзақ мерзімге жасалатын саяси және экономикалық миграция басқа елдерден көшіп келетін қандастар санын арттыруды көздейді.
«Нұрлы көш» бағдарламасы аясында баспаналы болу
Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған «Нұрлы көш» бағдарламасына 60 млрд теңге бөлініп, көптеген өңірде арнайы ауылдар бой көтерді. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысында 700, Солтүстік Қазақстан облысында 400, Ақтөбе облысы Хромтау қаласында 230 отбасына арнап тұрғын үй салынса, Шымкент қаласы маңындағы «Асар» ауылында 27 мың қандасымыз тұрақтаған. Алайда қазір мұндай ауылдық құрылыстар тоқтады. Тек қана қандастарды қабылдауға арналған Үкімет белгілеген бес облысқа барып, квота немесе баспана алуға болады. Бірақ қазір белгіленген өңірлерге қоныстанған көптеген қандастар да әлі күнге тиісті әлеуметтік көмекті ала алмай отырғандарын айтады. 2019 жылғы қараша айында «Отандастар қоры» ұйымдастырған этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында бас қосқан жиында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев: «Қандастарымызды баспанамен және жұмыспен қамту мәселесі 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында өзінің шешімін тауып отыр. Сонымен бірге, қазіргі уақытта шетелден келген ағайындарға құжатты рәсімдеуде көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру, шетелдегі отандастарды мемлекеттік тұрғыда қолдау туралы заңнамалық тетіктерді енгізу жөнінде де маңызды шаралар да қолға алынады», – деген болатын.Тұрғын үй заңымен қандастар баспаналы болады
Қазірде қандастардың баспаналы болу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Бір айдың ішінде «Отандастар қоры» ақпаратпен қамту орталығына баспана мәселесі бойынша 13 рет хабарласқан. Қазақстан Тұрғын үй заңында Халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарының жетіншісі «оралмандар» деп анық жазылған. Бұл заңды қандастарымыздың көбі түсінбейді. Себебі тұрғын үйге кезекке тұру үшін «оралман куәлігіңді» алып барса ғана қабылдайды деп түсінеміз көбіміз. «Оралман мәртебесімен» тұрғын үйге кезекке тұра алмайтын жағдай бар, себебі кезекке тұру үшін тұрақты тіркеу талап етіледі. Ал тұрақты тіркеуге тұрып, ықтиярхат яки азаматтық алған соң тұрғын үйге кезекке тұра алмай қалады. (Құжат қабылдайтындар да мұны ескермей жатады.) Азаматтық алғанға дейін мемлекеттен жер, үй, квота алмаған болса, азаматтық алғаннан кейін де қандастар тұрғын үйге құжат тапсыра алады. Себебі заң жүзінде қандастар азаматтық алғаннан кейін де репатриант ретінде есептеледі. Сонымен бірге «атаулы әлеуметтік көмек туралы», «арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы», және Жер кодексіне сәйкес, қандастарға қосымша жеңілдіктер, көтерме төлемақы, сондай-ақ жеке тұрғын үйлер салу үшін жер учаскесін бөлу көзделген. Алайда Қазақстанда қандастарды қабылдаудың биылға арналған өңірлік квотасы Үкіметтің қаулысына сәйкес, 2020 жылы 1 378 адамға бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 653 адамға аз. 2019 жылы 2 031 адамға квота бөлінген болатын.Ауқатты азаматтарға құлаққағыс...
Белгілі жазушы, драматург Дулат Исбеков көші-қон мәселесі жайлы үнемі айтып келе жатқан зиялының бірі. Кезінде Елбасының алдында көші-қондағы кейбір түйткілді мән-жайды бүркемесіз айтқан. Жазушы тек айтып қана қоймай, мүмкіндігінше қандастарға көмегін де тигізіп жүретінін көп естиміз. Жазушының «Қазақ әдебиеті» газетіне берген бір сұхбаты барысында шетелден көшіп келген көпбалалы отбасыға үй сыйлаған оқиғасын айтып берді. «Бір күні біздің үйге екі әйел келді де, «үйіңізді әрең таптық, сіздің демалыс үйіңіздің қасында пәтер жалдап тұрамыз. Монғолиядан көшіп келгенбіз, жеті баламыз бар, қолымызда үлкен-кісілер бар. Сіздің үйді сатып алсақ деп едік», – деп мені сол жаққа бастап барды. Әлгі екі әйелдің бірінің күйеуі Сарыөзекте жол құрылысында жұмыс істейді екен. «Күйеуің айына қанша жалақы алады?» деп сұрап едім, «500 доллар» деді. «Мына үйімді қаншаға алмақсыңдар?» дегенімде, «айына 500 доллардан беріп тұрайық, бізге беріңіз» деп жауап қатты. Балалары қуанып, «біз осы үйді алатын болдық, қандай бақыттымыз!» десіп үйді айналып, бірін-бірі қуалап жүгіре жөнелгені. Әлгі сәтті көріп, жетім өскен менің көзімнен жас төгіліп кетті. «Япыр-ай, егер ана балалардың бақыты осы үй болса, онда неге тегін бере салмаймын» деп ойлап, «ендеше мына баламның қолына 500 доллар салыңыз, ырымы болсын, осы 7 балаға қосқаным болсын, осылар аман болса, бір жөні болар, сосын үйді тегін алыңыздар» дедім. Олар сенбей тұрып қалды. Кейін бір айдан кейін әлгі бауырларым тағы 500 долларын алып үйге келіпті. Ол кез тамыздың аяғы еді. «Биыл балаларың мектепке барады екен, бұл ақшаға осыларға киім алып беріңдер» деп қайтардым. Осы күнге дейін жеті баланың үйді айнала жүгіргені көз алдымда. Оларды қуантқан сәтімді ойласам, өзіме іштей разы боламын. Содан кейін екі отбасы жақын араласып кеттік» деп ағынан жарылған еді жазушы Дулат Исабеков. Жазушының бұл жомарттығы басқа да ауқатты азаматтарға үлгі боларлық іс. Шетелден ел деп келген көпбалалы, жағдайы төмен қандастарға мұндай да көмек керек-ақ.