483
"Сыры" ашылған "Цифрлық Қазақстан"
"Сыры" ашылған "Цифрлық Қазақстан"
Елімізде «Цифрлық Қазақстан» деген мұраты ізгі мемлекеттік бағдарлама бар. Аты айтып тұрғандай мұқым елді, тұтас Қазақстанды цифрландыруға мақсаттанған жобаның нәтижесін тиісті сала мамандарының үкіметтік жиындағы баяндамаларынан естіп қалып жатамыз. Мәселен, осы бағдарлама аясында 2022 жылға дейін электрондық сауда-саттықты жалпы сауда көлемінің 2,6 пайызына дейін өсіру, цифрландыру арқасында 300 000 жаңа жұмыс орнын ашу, интернет желісін пайдаланушылар үлесін 82 пайызға дейін, ал халықтың цифрлық білімділігін 83 пайызға арттыру жоспарланған. Бәрекелді! Десе де, бұл бағдарламаның шарапатын қазір ел үйінде оқшауланып отырғанда көретін, дәл керек кезі еді. Қағазда бәрі қатып тұр, әдеттегідей, ал іс жүзіне келгенде Қазақстан әлі де цифрланып үлгермегенін байқап отырмыз. Төтенше жағдай байқатты, дәлірек айтқанда.
Өткен аптада Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева «Қалыптасқан жағдайда мемлекеттік ақпараттық ресурстардың және электрондық қызметтердің жұмыс істеуінде бірқатар проблемалардың бар екені белгілі болды. Нағыз сын кезінде мемлекеттік ақпараттық ресурстар мен электронды қызметтерде проблемалар қордаланып тұрғаны көрінді. Бұл дегеніңіз дағдарыс бетін ашып тастаған проблемаларды ескере отырып, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шұғыл түрде қайта қарауды талап ететінін білдіреді», – деп цифрландыру жұмысының біраз кемшіліктерін сынға алған болатын.
Елімізде бес мыңдай ауылда интернет жоқ екені айтылып жүр. Бұл туралы былтыр Мәжіліс депутаттары мәселе көтеріп, Цифрлық даму министрлігінің жұмысына көңілі толмағанын білдірген еді. Депутат Мұхтар Ерман Үкіметтен қыруар ақша бөлініп, бірақ қолданысқа берілмеген E-learning бағдарламасы туралы: «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын талқылау кезінде «Ақпараттық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезіндегі проблемаларды есте ұстаған жөн. Есеп комитетінің мәліметінше, аталған бағдарламаның бірқатар іс-шаралары толық көлемде орындалмаған. Мәселен, Білім және ғылым министрлігі әзірлеген 35 миллиард теңгенің
E-learning – электрондық оқыту жүйесі сол күйі іске қосылмады. Мемлекеттік органдар бұл бағдарламаға 217 млрд теңге бөлінді деп елге жар салды, ал іс жүзінде республикалық және жергілікті бюджеттерді, сондай-ақ ұйымдардың бөлген өз қаражатының бәрін есептегенде ол 371 млрд теңгені құраған», – деді.
Америкалық Website Tool Tester компаниясы 2019 жылы интернеттің жүктелу жылдамдығы бойынша әлем елдерінің рейтингісін жасапты. Рейтинг нәтижесі 5 Гб болатын фильмді интернеттен жүктеу жылдамдығы бойынша анықталған. Сонымен қатар соңғы екі жыл ішінде интернет жылдамдығының пайыздық өзгеруі мен мемлекеттердің желі жылдамдығын дамытуға қаншалықты қаржы бөлетінін есепке алған.
Қазақтан 207 мемлекет ішінде 113-орында. Есепке назар аударсақ, көлемі 5 Гб болатын фильмді жүктеуге орташа есеппен 2 сағат 26 минут және 25 секунд қажет екен. Ал 2018 жылы Қазақстан бұл тізімде 95-орында болған. Жалпы, мұндай зерттеулер өте көп жасалады. Біз бір ғана мысалды ұсындық.
Төтенше жағдай режимінде тіршілік кешіп жатқан еліміз үшін қазір үйден шықпай, қашықтан жұмыс істеу маңызды болып тұр. Яғни, интернет дейтін игіліктің ауадай қажет кезі. Қашықтан оқыту мен онлайн жүйеге көшкен студенттер мен оқушылар ауылдық жерлерде интернеттің дұрыс жұмыс істемеуінен біраз зардап шекті. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Сынақ-сабақ өткізу арқылы бірнеше олқылықты көрдік. Онлайн бір мезетте мыңдаған баланың қосылуын көтермейді. Көп ыңғайсыздықтар болды. Оны сынып сағаты өткенде көрдік. Техникалық ақаулар жеткілікті. Сондықтан онлайн оқытудың орнына, бірнеше платформа арқылы қашықтан оқытуды жүргізуіміз қажет», – деп мәлімдеді.
Сіз не дейсіз?
Túrkistan халықаралық газеті осы тақырып турасындағы сұрақтарға IT саласының мамандарынан жауап алған еді.- Халық жаңа технологияларды меңгеруге дайын ба?
- «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының мүмкіндігі және жетілдіретін тұсы қандай?
- Онлайн оқытудың олқылықтары қандай?
«Цифрлық Қазақстан» деп айта бергеннен цифрланып кетпейміз
Көп жағдайда жаңа технологияны меңгеруге келгенде халықтың қызығушылығы жоғары деуге келмейді. Ең алдымен біз жаңа технологияны жасап шығаруды, ойлап табуды қойып, шетелдік технологиялардың қалай шыққаны, оның қандай қызмет атқаратыны туралы халыққа толыққанды ақпарат беріп отырған жоқпыз. Ол туралы мәліметтерді қазақ тіліне аударып, халықтың назарына ұсынбаймыз. Біздің халыққа жеткізетініміз не? Ана әншінің тамақ жегені, мына әншінің таяқ жегені мен ажырасқаны. Ал заманауи терең өзгерістерге бірінші болып бейімделген мемлекеттер ғана өз халқының өмір сүру деңгейін жоғары дәрежеде сақтап қала алады және де мұндай мемлекеттердің бәсекеге қабілеті аса жоғары болады. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты – қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру. Бұл бағдарлама жүйелі түрде іске асатын болса, бізде көптеген жұмысқа уақыт, қаржы, өнімділік жағынан пайдасын берер еді. Сондай-ақ ірі ІТ жобаларды жасау және оларды қоғам өмірі мен бизнестің түрлі салаларына енгізу арқылы экономиканың жаңа салаларын дамытуға да мүмкіндік болар еді. Алайда 2 жыл бұрын қолға алынып, қомақты қаржы бөлінген бағдарлама биыл коронавирус пайда болғанда, өзінің оң нәтижесін берді деп айта алмаймын. Күні бүгінге дейін үйде отырған көпшілік мемлекеттік сайттардың өзінен қажетті дүниесін ала алмай отыр. Сервер мәселесі болсын, ішкі мүмкіндіктер болсын әлі ақсап тұр. «Цифрлық Қазақстан» деп айта бергеннен цифрланып кетпейміз. Алдымен бәрін жан-жақты екшеп, отандық мамандарды бір арнаға тоғыстырып, ұлттық қауіпсіздік пен экономиканың бәсекеге қабілеттігін қамтамасыз етудің маңызды факторына айналу бағытын жасау мен іске асыру керек деп ойлаймын. Сонда ғана сапалы өнімдер шығарына сенімдімін. Карантинге байланысты білім ордалары онлайн оқуға көшті. Бұл хабарды естігенде жоғарыда айтылған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясында белгілі платформалар мен жүйелі бағдарламалар дайындалған шығар деп қуанған едік. Алайда қуанышымыз су сепкендей басылды. Неге дейсіз ғой? Біз қаладан тыс жерде жатқан аудандық, ауылдық жерлердің интернет мәселесін қоспағанның өзінде, қалалық жерлердегі мектеп пен университеттегі студенттерге қашықтан сабақ беруді WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы жүргізеді деп үш ұйықтасақ түске кірмеген еді. Айтқанымыздай, министрлік бұл жағдайға әлі дайын болмай шықты. Негізінде, қашықтан оқыту сияқты онлайн білім беру әлемінде сыныптар асинхронды немесе синхронды болуы мүмкін. Синхронды қашықтан оқыту мұғалім мен оқушылар әр түрлі жерлерде, бірақ сол уақытта өзара кері байланыста жұмыс істейді. Асинхронды қашықтан оқыту мұғалім мен оқушылар түрлі жерлерде және әртүрлі уақытта көре алады. Яғни, асинхронды оқытуда мұғалім сабақты алдын ала дайындап салып қояды. Біз бұл екеуіне де дайын болмай шықтық. Айтайын дегенім мұғалімдер де, ата-аналар да бұл жүйе туралы көп біле бермейді. Сондықтан біз дәл қазіргідей қиын жағдайда әлемнің озық платформалары арқылы экожүйе қалыптастыруымыз керек деп ойлаймын. Тимур БЕКТҰР, Timur Academy офлайн-онлайн оқыту орталығының негізін қалаушы, ІТ маманы:Біздің дағдымыз офлайн өмірге бағытталған
Жалпы, халық деп аталатын адамдардың бірлестігі немесе қауымдастық өзі әу бастан бір нәрсені өз еркімен істемейді. Оған ішкі фактордан гөрі көп жағдайда сыртқы фактор көп әсер етеді. Айталық, халық әлеуметтік желіні өзі меңгеріп алды. Ал сабақ оқуға немесе қашықтан білім алуға, жалпы технологияны қолдануға келген кезде адам психологиялық тұрғыдан өзі қалайтын нәрсені ғана жасағысы келеді. Ал қаламайтын және қорқатын, үрейленетін нәрседен барынша қашқақтайды. Бұл жағдай бір мезетте барлығы онлайн сабақ оқу деген осыған дейін біздің басымызда болған жоқ. Сондықтан бұл таңсық нәрсе. Ал екіншіден, дағдарыс кезін былай қойғанның өзінде қалыпты күнде халқымыздың жалпы технологияны меңгеруі төмен деңгейде болып тұр. Себебі біздің барлық жұмыс істеу әдісіміз мейлі ол мемлекеттік қызмет болсын, ол мейлі жеке компаниялардың қызметі болсын, білім ордаларының сабақ беру әдістерінің барлығы ескі әдіске арқа сүйеген, офлайнға көбірек бағытталған еді. Сондықтан да жалпы халық ақша алатын болса да тікелей банкоматқа барып немесе жеткізіп беру қызметін қолданудың орнына өзі аяқпен баруды немесе сайт арқылы қызмет алу мүмкіндігі бола тұрса да, ХҚКО-ға өзі баруды құп көреді. Яғни ең басты мәселе бұл жерде дағдыға келіп тіреледі. Ал оған әсер ететін сыртқы фактор мемлекеттік қызмет көрсету және білім беру жүйесі. Яғни мәжбүрлі түрде барлығымыз дағдарысқа, коронавирусқа байланысты үйде отырған кезде білім беру жүйесі нақты бір экожүйеде онлайн құралдарды нұсқаулықтар бойынша қолдану қажет еді. Сол кезде ешқандай да дүрбелең немесе ашу-ыза орын алмас еді деп ойлаймын. Себебі адам өзі түсінбеген және білмеген нәрсеге қарсы болады. Бұл, біріншіден. Екіншіден, жалпы қазіргі таңда орта болсын, жоғары білім беру әдістерінің ішінде онлайн оқытуды таңдаған кезде, тікелей эфирде барлығы бірдей мектептегідей немесе университеттегідей мұғалімнің бетіне қарап отырып сабақ өту деген ең ескі, артта қалған және дұрыс емес әдіс. Оның қашықтықтан оқыту болсын, онлайн оқыту болсын өзге де әдістері бар. Zoom, өзге де конференциялар арқылы мұғалім мен оқушының бір-біріне қарап отырып тікелей эфирде сабақ өтуін синхронды білім беру деп айтады. Қазіргі таңда ол кері байланыс үшін, емтихан үшін, сұхбат үшін немесе адамның бір-біріне қарап отыруына аса мұқтаждық болмаса немесе аптасына, айына 1-2 рет жасағанға болмаса, үнемі кәдімгідей мектепке барғандағыдай таңертеңнен түске дейін апайдың бетіне 25 оқушы немесе 20 студент қарап отырып сабақ өту деген түбегейлі дұрыс емес. Онлайн, қашықтықтан оқытудың асинхронды әдісін қолдану керекпіз. Яғни сабақ алдын ала жазылып, тапсырмалар беріліп, оқушы немесе студент өзіне ыңғайлы уақытта жұмыс істеуі керек. Енді мұғалімдеріміздің контенті, видеосабақтары дайын емес. Оны түсініп жатырмыз, одан да тікелей эфирге күнделікті сабақ өткендей қосылғаны ыңғайлы. Дегенмен бұл біздің интернет-каналдарға, байланыс жүйелеріне, жалпы азаматтардың жүйкесіне де, олардың техникалық мүмкіндіктеріне де әсер етіп жатыр. Сондықтан бұл жолдан қашу керек. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының іске асып жатқан барысына немесе нәтижесіне көңілім толмайды. Оны анық айта аламын. Осы бағдарлама үшін 2018-2019 жылдарға 35 млрд теңге жұмсалады деп есептелген екен. Осы 35 млрд теңгенің қаншасы халықты ақпараттық технологияларды сауаттандыру жөнінде немесе елге интернет тартуға немесе серверлік қуатты арттыруға жұмсалғанын өз басым көрген жоқпын, нақтысын да білмеймін. Бірақ осы дағдарыс жағдайында барлығымыз да байқадық, біріншіден онлайн сабақ өткізетін болсақ шалғайдағы елді мекендер одан құр қалатынын, екіншіден елдің барлығы бір мезетте интернетке кіретін болса, интернеттің қуаты шыдас бермейтінін байқадық. Жәрдемақы тапсыратын кезде халық бір мезетте электронды үкіметке кірсе, сайттың көтере алмай құлап қалатын байқадық. Мұның өзі әлі де біздің жетілдіретін тұсымыздың көп екенін анық көрсетті. Негізі елдегі интернеттің байланысы, серверлер қуатының нашарлығы, электронды үкімет сайтындағы қызмет көрсетудегі ақауларды, техникалық мәселелерді, шикіліктердің бар екенін IT мамандары бұған дейін де айтып жүрген еді. Бірақ ешкім оған мән бермеді. Себебі халық электронды үкіметті толық деңгейде қолданған жоқ еді. Себебі олар ХҚКО-на өздері баратын, көптеген сауда-саттық қолма-қол жүретін. Яғни жалпы халық онлайн технологияны, интернетті басым бағытта қолданбайтын. Ал енді жұрттың барлығы интернетке кіріптар, мәжбүр болып қалған кезде амалсыздан сол технологияны қолдану керек кезде, бұл мәселенің жалаңаш жатқаны айқын көрініп қалды. Сондықтан да барлығының назары осыған ауып отыр. Бұл жерде басты мәселе фокуста болып тұр. Яғни фокус түсіп, бүкіл елдің назары ауған кезде және оған дағдарыс келіп қосылған кезде көптеген шикіліктер бірден көзге ұрып көрінді. Онлайн, қашықтан оқытуға келетін болсақ, тұтастай мемлекетіміз, халық, министр, білім беру ұйымдары бар, барлығымыз бір деңгейде дайын емес екенімізді байқадық. Министр дағдарыс кезінде қандай амал қолдану керек, қандай онлайн құралдарды пайдалану керек, қандай білім беретін экожүйені қолданған дұрыс деген мәселеде әдістемелік, нұсқаулық жағынан осалдық танытты. Яғни әркім өзі біледі, тікелей эфирде сабақ өткіземіз деген секілді қарабайырлау әдістерді қолданып кетті. Бұл министрлік тарапынан кеткен олқылық. Екіншіден, осыған дейін Білім және ғылым министрлігінің Е-learning деген жобасы болатын. Соның аясында видеосабақтар, жалпы білім контенті дайындалуы қажет еді. Екіншіден ауылдық жерлерге интернет тартылуы қажет еді. Осының шикі тұстарын байқап қалдық. Екіншіден білім басқармалары тарапынан автономды түрде өзінің аймағындағы мектептерді, ата-аналар мен оқушыларды ұйымдастыру қабілеті шикі екенін, яғни қол қусырып отырғанын анық көрдік. Мектеп директорларында нақты инструкция болмағаны байқалады. Үшіншіден, мектеп директорлары. Біз енді ішінде жүрмеген соң білмейміз. Бірақ маған жеткен мәліметтерге қарасақ, кейбір мектеп директорлары мұғалімдерге 42 500 теңге алатын отбасылардың тізімін жасауды тапсырған. Кейбіреулері Zoom арқылы тікелей эфирде отырғанын дәлелдейтін скриншот, фотосурет секілді есеп талап еткен. Яғни басты мақсат білім беру болатын болса, бұл жерде Білім министрлігі, Білім басқармалары тарапынан механизмге, есепке, жалпы менеджментке, қадағалауға көбірек мән беріліп кетті деп есептеймін. Мектеп директорлары мұғалімдерге онлайн оқытуды қалай ұйымдастыру керек деген нұсқаулықтарды әлі толық дайындамаған. Ал мұғалімдер сабақты онлайн беруге дағдыланбаған. Өйткені біз осы уақытқа дейін онлайн сабақты ешқашан қолға алмадық.