20251
Азық-түлік өнімдерін таситын жүк көліктері блокпосттан кедергісіз өтеді
Азық-түлік өнімдерін таситын жүк көліктері блокпосттан кедергісіз өтеді
Ауыл шаруашылығы министрлігі төтенше жағдайға байланысты енгізілгеннен тәртіп бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін таситын жүк көліктері блокпосттардан кедергісіз өтетінін мәлімдеді.
Көктемгі егіс, жиын-терім жұмысы кезінде ешқандай кедергі болмайды. Техникалардың облыстық, респбликалық маңызы бар жолда жүріп-тұруына да кедергі жоқ.
Бұл мәселе Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл облысы және тағы басқа әкімдіктермен шешілді.
Көктемгі дала жұмысын істеу үшін, оның ішінде алқаптардан жиналған өнімдерді жаппай өткізу кезінде барлық бағытта импорт, экспорт кедергісіз жүзеге асады.
Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруалардың төтенше жағдай кезінде жиналған өнімін сақтау және сату барысында қиындық болмайтынын айтты.
«Министрлік фермерлерге көмек ретінде дүйсенбі күні облыс әкімдіктерімен кеңес өткізіп, облыстарды өзара азық-түлік қоры туралы ақпаратпен алмасып, тапшылық байқалған аймақтарға өнімнің мол қоры бар өңірлермен тауар алмасуға шақырды. Нәтижесінде республиканың барлық өңірінің жергілікті атқарушы органдары жақын арада Қазақстанның оңтүстігінен 50 мың тонна ерте шығатын орамжапырақты сатып алуға дайын екенін хабарлады. Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігі өнімді экспорттау үшін қажетті фитосанитариялық сертификаттарды жедел түрде беруде. Енді фермерлер қалған 250 мың тонна өнімді Ресей Федерациясына еш кедергісіз сата алады», – делінген министрліктің хабарламасында.
Шымкент және Түркістан облыстары бойынша 14 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 4 мың тоннаға жуық орамжапырақты экспорттауға 204 фитосанитариялық сертификат алды.
«Тез бұзылатын өнімдерді кедергісіз тасымалдау үшін фермерлердің автокөліктеріне «#BizBirgemiz Түркістан облысының азық-түлік өнімдері» деген жазбамен логотип жабыстырылады. Мұндай жапсырмалар фитосанитариялық және карантиндік сертификаттармен бірге берілетін болады», – деді министрлік өкілі.