Коронавирус жұқтырған науқасқа қатысты қылмыстық іс қозғалуы мүмкін

Коронавирус жұқтырған науқасқа қатысты қылмыстық іс қозғалуы мүмкін

Коронавирус жұқтырған науқасқа қатысты қылмыстық іс қозғалуы мүмкін
ашық дереккөзі
20156
Ақтөбе облысында кеше 1 адамнан, бүгін таңертең тағы 1 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Қазір барлығы 13 адамның індет жұқтырған. «Бүгін сағат 8:35-де тағы бір адамнан індет анықталды. Ол бұрын коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болған. Қазір барлығы 13 адам тізімге ілінді. Кеше және бүгін тіркелген дерекке тоқталсам, олар 2 сәуір күні ауырып, жеке емханаға барған ер адаммен байланыста болған. Сол ер адам туысының үйіне барғанын, оған зат қалдырғанын бізден жасырып қалды. Қылмыстық кодекстің «Адамдардың өмiрiне немесе денсаулығына қауiп төндiретін мән-жайлар туралы ақпаратты жасыру» бабы бойынша материал жинақталып, құқық қорғау органдарына жіберіледі. Егер оның кінәсі дәлелденсе, жауапқа тартылады. Сонымен бірге жұқтырған адамы көз жұмса, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – деді облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева. Қазіргі кезде соңғы тіркелген науқас тұрған үйдің подъезі карантинге жабылды. Дезинфекциялау жұмысы жүргізілді. Барлығы 28 адам бақылауға алынып, қарым-қатынаста болған 6 адам оқшауланды. Айта кетейік, вирус жұқтырған ақтөбелік бірнеше рет азық-түлік супермаркетіне барған. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті оны карантинге жабуға шешім қабылдады. Сонымен бірге сауда орнының жұмысшылары да үйдегі карантинде болады. «Ақтөбе қаласында карантин режимі жалғасады. Барлық шектеулер өз күшінде. Қандай да бір қажеттілік болмаса, далаға шығуға болмайды. Үйден жұмысқа, жұмыстан тура үйге бару қажет. Дәріханаға барса да бірден үйіне оралғаны дұрыс», – дейді Нұрсұлу Беркімбаева.

Серіктес жаңалықтары