235
АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын қаржыландыруды тоқтатты
АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын қаржыландыруды тоқтатты
Америка Құрама Штаттар президенті Дональд Трамп Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) коронавирус пандемиясымен күресте дәрменсіз болуына байланысты аталмыш ұйымның бюджетіне жарна төлеуді тоқтата тұруға бұйрық бергенін мәлімдеді.
ҚазАқпараттың ВВС агенттігіне сілтеме жасай отырып жариялаған ақпарында Д.Трамп Ақ үйдегі баспасөз мәслихатында: «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ақпаратты жеткілікті дәрежеде алып отырмады, тексермеді және оны уақытылы және ашық түрде жарияламады. Әлем елдері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы денсаулыққа төнетін халықаралық қауіп туралы нақты ақпаратты уақытылы таратып отыратынына үміттенеді. Ал егер олай болмаса орын алып жатқан жағдай туралы өз бетімен жеткізеді. ДДҰ аталған негізгі міндетін орындамады және жауапкершілікке тартылуы керек. Ондаған жылдардан кейін уақыт жетті», – деп атап өтті.
Президенттің айтуынша, БҰҰ агенттігі қытайлық жалған ақпаратты таратқан. Бұл, эпидемияның анағұрлым ауқымды салдарына алып келген. Осылайша, Д.Трамп Қытайда пайда болған вирустың ғаламшар бойынша таралып кету оқиғасында ДДҰ-ның рөлі анықталғанға дейін қаржыландыруды тоқтата тұруға нұсқау берді.
Айта кетейік, АҚШ – ДДҰ-ның ең ірі қаржыландыру көзі. Тек былтырдың өзінде АҚШ жарнасы 400 млн доллар, яғни ұйым бюджетінің 15 пайызын құраған. Ал БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерреш қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының немесе вируспен күресетін басқа да гуманитарлық ұйымдардың қызметі үшін ресурстарды қысқартатын уақыт емес екенін мәлімдеді.
«Қазір – бұл вирусты және оның эпидемиялық салдарын жою үшін халықаралық қауымдастықтың бірлесіп жұмыс жасайтын уақыты», – деді БҰҰ Бас хатшысы.