Көкшетаулық дәрігер: Еңбегіміздің еленгеніне қуандық

Көкшетаулық дәрігер: Еңбегіміздің еленгеніне қуандық

Көкшетаулық дәрігер: Еңбегіміздің еленгеніне қуандық
ашық дереккөзі
Айнұр КАЛИДОЛЛА, Көкшетау қаласының көпбейімді облыстық ауруханасының Эпидемиология бөлімінің басшысы: – Мен «Қауіптілігі жоғары» саналатын екінші санатта жұмыс істеймін, мамандығым эпидемиолог. Түсінікті болу үшін айта кетсек, «Қауіптілігі аса жоғары» саналатын бірінші санатқа: реанимация бөлімшелерін қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері кіреді. Олар от пен оқтың арасында күн кешіп жатыр десек болады. «Қауіптілігі жоғары» саналатын екінші санатта: провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, ал «Қауіптілігі орташа» санатында: карантиндік стационарлардағы дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер, жедел жәрдем жүргізушілері жұмыс істеп жатыр. Әр санаттың жұмысының өзіндік ерекшелігі мен қиындығы бар. Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Мемлекеттік комиссия эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің еңбекақысына ай сайынғы бекітілген үстемеақы белгілеу туралы шешімді естігенде қатты қуандық. Үкімет басшысының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне медицина қызметкерлерінің денсаулығы мен өмірін сақтандыруды қамтамасыз етуді тапсырғаны да көңілге көп үміт сыйлады. Өзім індет басталғалы «Қауіптілігі жоғары» саналатын екінші провизорлық санатта жұмыс істеп жатырмын. Бұл санаттағы провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері 425 мың теңге көлемінде Үстемақы алдық. Төтенше жағдайда медицина қызметкерлері отбасынан жырақта, індетке шалдыққан науқастарға тиісті ем шараларын жүргізіп келеді. Әріптестерімнің арасында көпбалалы, жалғызбасты аналар да бар. Бұл Үстемақы осындай көмекке мұқтаж медицина қызметкерлеріне үлкен қолдау, материалдық көмек болды. Қоғамның медицина қызметкерлеріне деген оң көзқарасының қалыптасып келе жатқанын да байқаймыз. Байбаламға салынбай, тиісті ережелерді сақтап, өзіне және өзгеге індет жұқтырудан сақтанып жүрген жандарға біз де алғысымызды айтамыз.

Дайындаған

Арайлым БИМЕНДИЕВА