307
Аласапыран басылып, алаңсыз отбасыммен қауышуды армандаймын – еңбекшіқазақтық дәрігер
Аласапыран басылып, алаңсыз отбасыммен қауышуды армандаймын – еңбекшіқазақтық дәрігер
Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасының оқшаулану бөлімшесінің дәрігері Әсем Омарова өзі қызмет ететін мекемеде коронавируспен күрес жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын айтып берді. Ақ халатты абзал жан күрделі кезеңде дәрігерлерге мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға ризашылығын білдірді.
– Әлемді әбігерге салған бұл індет дәрігер мамандардың иығына бұрынғыдан он есе ауыр жүк артты десем, артық болмас. Себебі, әлемдік сараптамалар мен дүниежүзілік күрес шараларына қарап отырып, біз науқас жандардың осы бір дертті жеңіп шығуына бірден-бір көмекке келе алатын маман – дәрігер екендігін түсінген сайын, оған аса бір жауапкершілікпен қараймыз. Дәрігер статусының өзі осы пандемия жайлағалы күрт өзгергені де ақиқат. Мемлекет тарапынан ақ халаттыларды қолдау аясында арнайы сыйақы бөлінгендігін біз естіп, көзіміз көріп жатқанымызбен, бұл күндерде тіпті ақша, еңбекақы жайлы ойламай да қалдық. Өз басым, бір айға жуық оқшаулану бөлімшесінде қызмет атқарғандықтан, туғандарыммен жүздеспегелі де сонша уақыт өте шығыпты. Қызметте жүргенімде ұялы телефоныма банктік картамның 300 мың теңгеге толыққандығы туралы смс хабарлама келгенінде өзім де таң қалғаным рас. Бақсам, бұл мемлекет тарапынан дәрігерлерге арнайы бөлінген сыйақы екен. Қуандым, әрине. Бастысы, еңбегіміздің бағаланғаны ғой деп түсінемін. Ол үшін осындай қаулы енгізіп отырған ел билігіне де разымын.
Дәл қазір мен оқшаулану ауруханасында 80-нен астам науқастармен тікелей байланыста болған адамдармен жұмыс атқарудамын. Ол адамдар науқасқа жатпайды, бірақ, алдын-алу шараларына байланысты тиісті анализдерін тапсырып, 14 күн бойына жағдайлары тұрақты түрде тексеріледі, демалады. Осылайша адам саны күніне толықпаса, кемімейді. Қазіргі таңда өздеріңіз білесіздер, Қазақстанда бұл індетті жұқтырғандар саны да өкінішке қарай, күн сайын артпаса, кемімей тұр. Осының бәрін жан-тәніңмен сезінгенде адам баласын ешбір ақша да, атақ-құрмет те бақытты ете алмайтынын түсінеді екенсіз. Басты байлық – денсаулық екендігіне шүбә жоқ! Бір ғана арманмен, тілекпен таңды атырып, кешті батыратынымыз рас. Ол – бүгін науқастар қатары жаңа науқаспен толықпаса екен деген тілек. Неғұрлым індет жұқтырушылар саны азайса, уақытымен жасалған ем-домнан науқастар тезірек айықса, соғұрлым дәрігер мамандар да өз туғандарымен тезірек қауышатынын ескеріп, жедел қызметке кірісіп кетеміз. Жасыратыны жоқ, мен бұған дейін «жедел жәрдем» қызметінде фельдшер маманы болып қызмет атқарғанымда 90 мың теңге көлемінде ғана болған айлықты да қанағат тұтыппын. Бастысы, деніміз сау. Ал қазір ше? Қанша жерден сыйақы алып жатсақ та отбасыңмен алаңсыз қауышуға ешнәрсе жетпейді екен. Ондай бақытты күндерге тезірек жету үшін жан аямай еңбек етіп жатқан әріптестеріме сабырлылық пен төзімділік тілеймін!
Жазып алған Әсел ЖАҚСЫБАЙ