304
Арыз-шағымнан кейін Жамбыл облысындағы аурухана басшылары қызметінен кетті
Арыз-шағымнан кейін Жамбыл облысындағы аурухана басшылары қызметінен кетті
Жамбыл облысында дәрігер-инфекционистің шағымынан кейін аурухана басшылары жұмыстан босатылды.
Әлеуметтік желіні шулатқан ақ халаттылардың арыз-шағымынан кейін арнайы комиссия құрылып, Меркі аудандық ауруханасында тексеру жүргізілді. Қызметкерлерден анонимді түрде сауаланама алынған. Нәтижесінде індетті жұқтырып алған дәрігердің айтқандары расталып, біраз былықтың беті ашылды, деп хабарлайды "Хабар 24".
Сондай-ақ бұған дейін «Nur Otan» партиясының партиялық бақылау комиссиясы да жағдайды зерттеп көрген еді. Тексеріс кезінде аурухана әкімшілігі өз қызметкерлерін медициналық маска тігуге мәжбүрлеп, жұмыс барысында жұқпадан қорғану құралдарымен қамтамасыз етпегендігі мәлім болды.
Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, ұжымда жағымсыз моральдық-психологиялық жағдай қалыптасқан. Бұған бірінші кезекте емдеу мекемесі басшылығының өз кәсіби міндеттеріне жауапсыз қарағандығы себеп болған көрінеді. Енді тексеру барысында белгілі болған материалдар құқық қорғау органдарына тапсырылмақ.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жол берілген бұзушылықтар үшін аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушысы, және де бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары және бас есепші қызметтерінен босатылды. Сонымен қатар облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасы басшысының және аудан әкімін жауапқа тарту бойынша да мәселе қарастырылмақ.