1061
Нұркен Өтеуіл: Саф өнер тасада тұр
Нұркен Өтеуіл: Саф өнер тасада тұр
– Сұхбатымызды «Қазақ театрлары көрерменнің сұранысына қаншалықты жауап беріп отыр?» деген сауалдан бастасақ.
– Әңгімемді Гогольдің сөзімен бастағым келіп отыр. «Театр деген еріккеннің ермегі емес, әрбірден соң қажеті жоқ бос әурешілік те емес. Егер оның шаңырағының астына бір-біріне ұқсамайтын мыңдаған адам сыйып, сол мыңдаған адам бір сәтте күліп, бір сәтте күңіреніп, бір сәтте көзіне жас алып күрсінетін болса, оны қалайша қасиет тұтпауға болады? Ол деген барша әлемнің алдында асқақ үніңді білдіре алатын алып кафедра ғой» дейді. Осы сөзбен-ақ ол театрдың шынайы болмысын, бейнесін ашып тұр. Театр – өте биік, шынайы, саф, таза, бекзат өнер, тірі организм.
Елімізде 50-ден аса мемлекеттік театр бар, кейінгі жылдары жекеменшік театрлардың да саны артып келеді. Шама жеткенше театрлардың тыныс-тіршілігін біліп отыруға тырысамын, әріптестермен фестивальдерде кездесіп жатамыз. Аймақтардағы кейбір театрлардың хәлдерінің мүшкіл екенін көріп, қарның ашатын кездер болады. Әрине, ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Жоғары деңгейде, орташа, ортадан төмен деңгейде өнер көрсететін театрлар бар. Әсіресе, облыстық театрларға жергілікті әкімдер үлкен көңіл бөлу керек. Жоғары оқу орнын бітірген қаншама өнертанушы, театртанушы мамандар бар. Театр осындай мамандармен тығыз байланыста болуы керек. Театр жайлы мамандар сыни мақалалар, зерттеулер жазып, өзекті мәселелерді талқылауға салу керек. Сонда ғана біз еліміздегі театрлардың тыныс-тіршілігін жақсы біле аламыз.
– Актер ретінде өзіңізге еліміздегі қандай театрлардағы қойылымдар ұнайды?
– Қазір театрларда шетел классиктерінің аудармалары жиі сахналанады. Әрине, әлем классиктерінің шығармалары қай заманда да өзінің өзектілігін жоймайды. Десе де, біздің театрларымызға қазір заманауи драматургиялық қойылымдар керек. Драматургия ақсап тұр, өзімізде бар төл туындыларымызды сахналай алмай отырмыз.
Көрші Ресей өткен жылды театр жылы деп жариялап, театрдың жүгін көтерді. Биыл Нұр-Сұлтан қаласында Театр жылы деп жарияланды. Бұл да көңілге үлкен медеу. Театрлардың тыныс-тіршілігі, көрермендерге қандай қойылымдар керек, олардың сұранысы қандай деген мәселелер көтеріліп жатыр, шешімін табатын жұмыс деп ойлаймын.
Еліміздегі театрлардағы өзіме ұнайтын қойылымдар көп. Ерекше атап өтер болсам, Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрында қойылған Ә.Кекілбаевтың «Шыңырауы», Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрындағы «Ләйлі-Мәжнүн» және «Шие бағы»; Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театрында қойылған режиссер Ф.Молдағалиевтің «Қарагөзі», М.Әуезов атындағы академиялық драма театрындағы «Дядя Ваня» және Бекжан Тұрыстың «Ұлым, саған айтам» қойылымы.
– Сіздің ойыңызша, біздің қоғамда өнердің бәсі биік пе?
– Арзан шоулардың қасында саф өнер тасада қалып қойғандай. Халыққа не көрсетсең, соны қабылдайды. Қазір Алдар көсенің шапанын киген жұлдыздар, босбелбеу әзілдер, өтірік, жеңіл күлкі біздің өмірімізге дендеп еніп жатыр. Біздің менталитетімізге сай келмейтін неше түрлі бағдарламалармен халық «сусындап» отыр.
Одан бөлек, өз өнерпаздарымызды бағаламайтынымыз және бар. Қыруар ақшаны шетелден жұлдыз шақыруға жұмсаймыз. Шетел әншілерінің 1-2 сағаттық өнерін тамашалағаннан халық рухани байымайды, тек бір сәттік көңілін көтереді. Ештеңе алмайды.
– Бүгінгі актердің көтерер жүгі қандай?
– Өнер мен мәдениетте театрдың, ал театрда актердің орны ерекше. Театр – ойланатын, ой салатын жер. Театрдың ерекшелігі сол, актер көрерменмен жанды байланысқа түседі, ой бөліседі. Шын талантты актердің алатын орны да, жүгі де ауыр. Өйткені драматургтің, режиссердің ойын сахнада көрерменге жеткізетін – актер. Ол шын таланттарға ғана тән қасиет. Сондықтан мен актерлердің жүгі жеңіл деп айта алмаймын.
– Актер үшін қиынға соғатын рөл бола ма?
– «Актер болу – ешқашан ақталмайтын, күндіз-түні ұйықтамайтын оқу-тоқуды таңдап алу» деп Оралхан ағамыз айтқан. Әлемдік драматургтердің қаламынан туған шығармаларды сахнада тірілту үшін актерге кейіпкерді зерттеуге тура келеді. Өз кейіпкерін сахнаға алып шығу үшін актер кей кезде депрессияға ұшырауы мүмкін. Мен театрға алғаш келген жылдары қиналған кезімде «Өнерді таңдағаным дұрыс болды ма әлде адасып келдім бе?», «Осы рөлді алып шығуға шынымен талантым жетпей ме?» деп өзіме көп сұрақ қоятынмын. Тіпті, театрдан кеткім келген кездер де болды.
Актер үшін рөлге дайындық дегеніміз – ғылыми зерттеу, докторлық диссертация жазумен тең. Мейлі сен Гамлетті, Абайды ойна, кейіпкерді ашу үшін күндіз-түні көз майын тауысып кітап оқисың. Кейіпкерді терең зерттегенде барып толыққанды, «дені сау» кейіпкер сахнаға шығады. Осылай ғана өз кейіпкеріңді көрермен жүрегіне жеткізе аласың.
– Актерлік шеберлігіңізді ылғи да бабында ұстау үшін өзіңізді іштей қалай тәрбиелейсіз?
– Өзімді сұрақ қою арқылы жетілдіріп, қамшылаймын. Өз ішімде қандай кемшіліктерім бар, қаншалықты жалқаумын, алға қойған жоспарды қалай тез орындау керек екенін саралаймын. Кейде мойның жар бермей, жалқаулық тартып тұратын кездер болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Ең үлкен соғыс – өзіңнің нәпсіңмен күресу» деген. Адам ішкі нәпсісін жеңген кезде көп нәрсеге қол жеткізеді.
– Актердің жеке театр ашуына деген көзқарасыңыз қандай?
– Кез келген мамандық иесі ұстаздық ету үшін өз-өзін дамытуы керек. Қазір университетте сабақ беремін, шәкірт тәрбиелеп жатырмын. Ал жеке театр ашу – әр актердің арманы. Бұл – менің де ішімде жатқан үлкен армандарымның бірі. Бірақ жеке театр ашу үшін білімің, біліктілігің, халыққа айтарың, көрерменге берерің болуы керек. Осы орайда өзіңмен көп жұмыс істеп, дамытып, үйреніп, дайындалып, әбден піскен кезде іске кірісу керек. Бұл ретте маған әлі дайындық керек. Ал тек ақшаның соңынан қуып, театр ашу – болмайтын дүние.
– Ал киноға түсуге ұсыныстар болып жатыр ма?
– Кино саласына қызығамын, бұл – үлкен өнер. Менің ұғымымда театр мен кино егіз ұғым. Киноға түсуге ұсыныстар болды, бірақ сценарийі арзандау болғандықтан, бас тартамын. Экраннан жылт-жылт етіп шыға бергеннен салмақты дүниемен айналысқан дұрыс деп ойлаймын. Қазір әртүрлі жанрлардағы фильмдер түсіріліп жатыр. Саны көп болғанымен, сапалысы аз болып тұр. Жақсы фильмдер түсіріліп жатқан жоқ деп те айта алмаймыз. Бұл да бір өтпелі уақыт шығар. Көш жүре түзеледі дейді. Уақыты келгенде мен де кино әлеміне аяқ басамын.
– Сіз оқыған поэзиялар әлеуметтік желіде үлкен қызығушылық тудырады. Поэзияны жүрекке жеткізіп оқу үшін не қажет?
– «Егер поэзия біріккен дыбыстардың үндеуі ғана болмаса да, ол адам ойын жеткізетін құралдың ең ұлы түрі» деген Лермонтовтың сөзі бар. Адам жанын тебірентетін, адамзатқа ортақ ой айтатын поэзияның құдіреті шексіз. Поэзия оқыған өзіме ұнайды, жақсы көремін. Мен үшін ақынның айтар ойы мен сезімін ішімде әбден пісіп, жетілдіріп, астарын ашып оқыған маңызды.
Әлеуметтік желіде поэзияға ғашық іні-қарындастарым өз лебіздерін білдіріп жатады. Менің парақшам арқылы поэзияға сұраныс артып жатса, жастар поэзиядан нәр алып жатса қуануға болады.
Өзім Жарас Сәрсек, Бақыт Беделхан, Ақберен Елгезек, Қалқаман Сарин, Ерлан Жүніс, Мақпал Жұмабай, Бақытгүл Бабаш, Тоқтарәлі Таңжарық, Назира Бердалы, Мирас Асан, Мақпал Мыса сынды ақындардың өлеңін кезек-кезек оқып тұрамын.
– Жақында жарыңыз Айнұр шығармашылық есеп беру кешін өткізді. Балаларыңыз да өнерлі, отбасылық шығармашылық кеш жасау туралы жоспарыңыз бар ма?
– Шығармашылық кеш өткізу жан-жақты дайындықты талап етеді. Өнер адамы сахнада жан-жағын әбден қамтыған, толықсыған кезде халықтың алдына шығып ішінде жинаған дүниесімен бөліскісі келеді. Оқып жүрген поэзияны, орындап жүрген әндерді жинақтап, халыққа бір шығармашылық есеп беру кешін өткізу ойда бар.
– Ерлан Малаев, Сайлау Қамиев және сіз құрған «Бәйтерек» тобының әндерін халық әлі күнге дейін сүйіп тыңдайды. Топтың болашақтағы тағдыры қандай болмақ?
– «Бәйтерек» тобының жұмысы тоқтады, әрқайсымыз өз шығармашылығымызбен айналысып жатқан жайымыз бар. Үшеуіміз де театрда қызмет етеміз, шәкірт тәрбиелеп жатырмыз. «Бәйтерек» тобын келесі буынға берсек пе деген ойымыз бар. Ол үшін топ мүшелерін таңдап, әндердің бәрін қайтадан өңдеуден өткізу қажет. Бұл – болашақтағы жоспарлардың бірі.
– Карантин режимінде немен айналысып жатырсыз?
– Әлемді жаулаған індеттің «арқасында» әрбіріміз өз ішімізге үңіліп, өзімізді танып, отбасымызға көңіл бөліп, өзімізге берілген нығметтердің қадірін түсініп жатырмыз. Ауылдағы ағайынның жағдайын онлайн біліп, сағынышымызды басушы едік. Ал қазір жүзбе-жүз көріп, бетінен сүйіп, құшаққа алып жақсы көргеннің орны бір бөлек екенін тағы да түсіндік.
Қазір Абайдың поэзиясы мен қара сөздерін, Тұрсынжан Шапайдың «Шын жүрек – бір жүрек» деген Абай туралы жазған сын мақалаларын, Мекемтас Мырзахмет, Тұрсын Жұртбайдың шығармаларын оқып жатырмын.
Сұхбаттасқан
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ